Ғалымдар «Мәңгілік Ел» идеясының тарихы мен болашағы туралы ой қозғады

Бүгін Назарбаев орталығында  «Мәңгілік ел идеясы: тарихы мен болашағы» атты республикалық ғылыми конференциясы өтті. Қазақстанның үшінші жаңғыруы – қоғамның рухани жаңаруы міндеттері мәтінінде өткізілген конференцияны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының кітапханасы ұйымдастырды, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.


Іс-шараны конференцияның модераторы, Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.


– Құрметті ғылыми конференцияға қатысушылар! Сіздерді «Мәңгілік Ел: тарихы және болашағы» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференциясының ашылуымен құттықтаймын! Біз небір тар жол, тайғақ кешуден де, неше түрлі сыннан да бірлік пен ынтымақтың арқасында аман өткен елміз. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларын асыға күтіп, стратегиялық бағдарламалары мен жаһандық бастамаларының іске асырылуына әр ұжым, әр азамат өзінің хал-қадірінше атсалысуға тырысады. Себебі, біздің еліміз жеткен табыстар мен болашақ жоспарлар – Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланысты. Біз Президентіміздің «Мәңгілік ел» жолындағы дана саясатының арқасында бүгінде дамыған елдер қатарына жеттік. Халықаралық және әлемдік деңгейде абыройлы, беделді мемлекет атандық. Ендеше Мәңгілік Ел болу жолындағы асқақ мұратымыз орындалсын!


Конференцияда сөз алған Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор  Төлеуғали Бүрбаев баяндамасында  ұлттық идеяға қойылатын талаптарға тоқталды. 


«Мәңгілік Ел» идеясы негізінде қоғамда көптеген жұмыстар жүргізілуде. «Мәңгілік  Ел» идеясын қалай ұлттық идеяға айналдырамыз? «Мәңгілік Ел» идеясы – алауыздық пен әлеуметтік жүктемеге жол бермейді. Ұлттық идеяның ішкі және сыртқы өлшемдері бар. Ішкі өлшемдер елдің даму бағыты, деңгейі, әлеуметтік ахуалы, құндылықтар жүйесіне байланысты болса, сыртқы өлшемде оның басқа елдермен ынтымақтастық негізде қарым-қатынасы көрініс табады. Ұлттық идеяның ішкі мәні – даму, өзгеру, жаңғыру. Мемлекет пен қоғам үнемі өзгеріп, жаңғырып, дамыса, онда ұлттық идея да  жасампаз болады, — деді Т. Бүрбаев


– Қоғамдық идеал – ұлттық құндылық. Мәңгілік ел идеясы алдымен ұлттық  мемлекеттілікпен, оның ажырамас рәміздері ретіндегі қазақтың  ұлттық қалпы мен жалпыхалықтық құндылықтарымен астасуы қажет.  «Мәңгілік Ел» қоғамдық идеалын қалыптастыруда қай-қайсымыз қолдан келер қайраткерліктен қапы қалмайық!, — деді өз баяндамасында М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Алтайы Оразбекова. 


Конференцияға танымал отандық ғалымдар, академиктер, профессорлар, доценттер, сонымен қатар докторанттар мен магистранттар қатысты.


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы Сот төрелігі академиясы, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты, ҚР Ұлттық қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі академиясы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, ҚР Ұлттық музейі, «Өрлеу» АҚ Павлодар облысы филиалы мұражай бөлімі, ЦИОМ (Қоғамдық пікір зерттеу орталығы), «Тұран» білім корпорациясы, «Тұран-Астана» университетінің қызметкерлері мен өкілдері конференцияда Мәңгілік ел идеясына байланысты жұмыстардың тарихи, экономикалық, саяси, философиялық, мәдени, әлеуметтік, құқықтық және басқа  да қырларын талқылады.


Конференция жұмысының қорытындысы бойынша «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» монографиясын шығару  жоспарланды.


Астанада «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Елордада Еңбек күні мен Әлеуметтік қорғау қызметкерлері күніне орай «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай» республикалық форумы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Биыл «Үздік еңбек әулеті» аталымында Құрманғалиевтер отбасы жеңімпаз атанды. Барлық отбасы мүшелерін жекелеп есептегенде орман шаруашылығындағы еңбек өтілі 458 жыл. Бұл отбасының 25 мүшесі төрт ұрпақ сабақтастығымен осы салада еңбек етіп келеді.


«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында Әбілқайыр Сотқаров озып шықты. Ол Ақтөбе облысындағы «Казхром ТНК» акционерлік қоғамында металлург болып жұмыс істейді.


Ал «Өндірістегі үздік жас жұмыскер» аталымында Атырау облысындағы «Доссормұнайгаз» кәсіпорнының жұмыскері Айбек Тұрсынбек жеңіске жетті.


«Біз мұндай марапатты алғаш рет алып тұрмыз. Әулетіміздің еңбегі бағаланғанына қуаныштымыз. Орман шаруашылығында 1981 жылдан бері жұмыс істеймін. Біздің әулеттің жалпы еңбек өтілі – 458 жыл. Әулеттің басында біздің әкеміз тұр. Отбасымызда 8 бала, оның 5-і ұл, 3-і қыз. Барлығымыз әкейдің жолымен жүрдік», — дейді «Үздік еңбек әулеті» аталымының жеңімпазы Тоқтар Құрманғалиев.


Әр түрлі өндіріс салаларының сегізге жуық ардагерлері «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.


Салтанатты іс-шарада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, бизнес-қауымдастықтардың, кәсіподақтардың өкілдері қатысты.


Мектеп оқушыларын қоқысты бөлек жинауға үйретеді

Астанада қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау бойынша жобаның екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 


27 қазаннан бастап қалдықтарды екінші рет жинақтау үшін қаланың барлық мектептеріне сары контейнерлер орнатылмақ. Бүгін қаланың 30 мектебінде «Vпереработку» акциясы бойынша оқыту басталды. № 14 мектеп-гимназияда оқушылар мен ата-аналар үшін ҚТҚ бөлек жинауға арналған тақырыптық сабақ өтті.
«Бұл шара балаларды үлгілі болуға, қоқысты бөлек жинаудың мәдениеті мен қоршаған ортаны сыйлауды үйретеді. Бұл ауламыздың, қаламыздың қала берді әлемнің тазалығын сақтау үшін маңызды», — деді Қоғамдық бастамаларды дамыту қоры төрағасының орынбасары Әсел Мұқанова.


Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасының бас маманы Айнұр Солтанғұлова балаларға жобаның мәнін түсіндірді.


«Екінші шикізатты қайтадан өңдеуге болады, яғни металл, шыны, қағаздан жаңа өнім дайындалады. Мысалы 7 пластикалық бөтелкеден бір футбол формасын дайындауға болады, Nike компаниясы осындай акция ұйымдастырды. Мұндай бастама әлемде көп, сіздер жастар қоршаған ортаны жақсартуға үлес қосыңыздар», — деді ол.


Қалдықты бөлек жинау бойынша конкурста жеңімпазға бір себет алма беріледі. № 14 мектеп-гимназияның директоры Олег Надеин қоқыстың «екінші шикізат» екенін, оның қайта өңдеуге болатынын айтты.


«Біз бұрын тастай салатын қоқыстардан өзге материал өндіруге болады. Бүгінде біздің алдымызда қоқысты тастай салмай сұрыптап, өңдеу міндеті тұр. Оқушылар қалдықты бөлек жинауға әдеттенсе қоғамда бұл кеңірек тарайды. Шараның арқасында ауданымыз тазара түсті», — деді ол.
Оның сөзі балаларды тебіренте түсті.


«Егер барлық адам табиғатқа жаны ашыса қоқыс тастамайды, жер ана жақсара түседі. Бұл жобаға белсенді түрде қатысамын. Бүгіннен бастап қоқысты сұрыптап жинаймын. Бізге қандай қоқысты қайсы контейнерге тастау керектігін түсіндірді», — деді 4 сынып оқушысы Полина Жикова.


Smart Service хакатонына 300-ге жуық адам тіркелді

Астанада кезекті Smart Service хакатон-марафоны басталды. Қатысушылар Астананы инновациялық тартымды әрі өмір сүруге жайлы ету үшін жаңа шешімдер әзірлейді, деп хабарлайды астана әкімдігінің реми сайты «Astana Innovations» АҚ сілтеме жасап.


Хакатонның негізгі идеясы қаланың өміріне талантты адамдарды инновациялық идеялар арқылы тарту.


«Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейрам Дюсюков Астананың инновациялар қаласы екенін және осындай шаралар дамуға мүмкіндік беріп, стартап-қауымдастықты қолдайтын мегаполис екенін айта кетті.


«Бүгінде кез келген қалада кішігірім болсын «ақылды» элементтер бар, мысалы бейнебақылау жүйесі. Ақылды қала – бұл қала мен оның тұрғындарының пайдасына жұмыс жасайтын объектілер мен субъектілер. Сол себепті мемлекет пен бизнес шешім қабылдауда тек экономикалық қана емес әлеуметтік мәселелерді де шешуде толыққанды серіктес болуы тиіс. Кедергілерді алып тастау, барлық кәсіпкерлер құрылымымен белсенді жұмыс істеу үшін енді басталып келе жатқан стартаптарды қолдау керек – бұл біздің негізгі міндетіміздің бірі», — деді Мейрам Дюсюков.


Жобаны Астана әкімдігі мен «Astana Innovations» АҚ ұйымдастырды. «Smart Service» хакатонына 300-ге жуық адам тіркелді.


«Біз инновациялық жобалардың басынан соңына дейін қолдау көрсетеміз. Инновациялық экомәдениеттің дамуы, оның жетілдірілуі — «Астана Innovaitions» АҚ негізгі міндеттері», — деді М. Дюсюков.


Жексенбі күні қаржылай қолдауға үміттеніп отырған жеңімпаз командалар анықталады.

Қаланың тағы 6 негізгі көшелерінде «BusLane» пайда болады

2019 жылы Қонаев, Достық, Ақмешіт, Түркістан және Абай мен Кенесары көшелерінің жалғасына арнайы жолдар енгізу жоспарлануда. Күтілетін тиімділік – 14 %, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

«BusLane» жобасы қала көшелерінде қоғамдық көліктердің кедергісіз жүруіне арналған арнайы жол жолағы. Қазіргі күні қалада жалпы ұзындығы 77 шақырымды құрайтын 24 жол бөлігі бар. Қоғамдық көліктерге арнайы жол жолағы жасалған соң автобустардың жүруі кестеге сай келетін болған және таңғы, кешкі мезгілде аялдамаларда автобусты күту уақыты 24 %-ға төмендеген. Мысалы, № 10 қоғамдық көліктің жол бағытының 40 % «BusLane» жолағымен қамтылған, ал Қабанбай батыр даңғылына шыққанда 100 %. Осы бағытқа арнайы автобус жолағын енгізгелі бері бағытты жүріп өтті және аялдамаларда автобусты күту 26% төмендеген.

«Red bus» экскурсиясы 50% арзандады

Астанада күзгі және қысқы уақытта екі қабатты «Red Bus» автобусымен экскурсия жасау сапарына 50% жеңілдік жүріп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қызыл автобуспен» сапарлаудың бір реттік бағасы ересектер үшін 1,5 мың теңге, ал жеңілдіктегілер үшін (балалар, студенттер, зейнеткерлер) – 1 мың теңге. Акция тек Қазақстан азаматтарына арналған.

«Red Bus» қозғалысы туралы ақпаратты мына телефондар арқылы білуге болады: +7(7172) 779 099; +7 777 555 75 75.

Елордада көлік картасын толтыратын тағы 100 пункт орнатылады

Елордада көлік картасын толтыратын RTVM автоматтарына балама ретінде тағы 100 бірдей пункт орнатылатын болады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


«Бізге RTVM автоматтарын көбірек орнату туралы өтініш жиі келеді. Алдағы уақытта қаламызда карталарды бірден толтыратын жаңа 100 баламалы пункт ашылады. Толтыру пункттерін қала бойынша жайғастыру процесіне қатысуға шақырамыз», — делінген «Astana LRT» компаниясының фейсбуктегі ресми парақшасында.


Жаңадан ашылатын орындарда картаны бірден толтыруға болады, яғни активацияны қажет етпейді.


«Агенттік жаңадан ашылатын орындар желісін бірге құрастыруға шақырады. Толтыратын орындар Қараөткел (Ильинка), Лесная Поляна, Лесозавод, 7 емхана, Көктал тұрғын алабының тұрғындарына, Мастер-2, Қошқарбаев көшесіне, Иманов көшесіне, Экспоның айналасына жетіспейді. Тағы да елордамыздың қай аумақтарына аталмыш автоматтар қажет деп есептейсіз? Ой-пікіріңіз бен ұсынысыңызды осы жазбаның астына міндетті түрде қалдырыңызБарлық жолаушылардың ұсынысы ескерілетін болады», — делінген хабарламада.


Компания көлік карталарын толтыру орындарының орналасуы ең алдымен халық үшін барынша ыңғайлы болуы керектігін айтады.


Бұдан бұрын да жол ақысын төлеудің басқа да тәсілдері айтылған болатын.  Еске салайық, SMS хабарлама арқылы төлеу үшін арнаулы қысқа нөмір жұмыс істейді, ол еліміз бойынша барлық ұялы операторларының клиенттеріне қолжетімді.


Смартфон иелері жол ақысын арнайы қосымша арқылы SMS көмегімен мына тәсілдер арқылы төлей алады:


-        Автобус деректерін енгізу;


-        Көлік құралын геолокация бойынша анықтау;


-        Автобустағы жапсырмадан QR-кодты сканерлеу;


Android операциялық жүйесіндегі телефондардың иелері жол ақысын қосымша NFC арнайы белгімен төлей алады.


SMS арқылы және мобильді қосымша арқылы төлеу кезінде жолаушы телефонына электронды билет алады.

Елорда мектептерінде TEDx клубтар ашылуда

Есіл ауданы әкімі Төлеген Закарьяновтың бастамасымен № 84 мектеп-лицейде TEDx клуб ашылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


№ 84 мектеп-лицейде TEDx клубтың ашылуына Елбасы Жолдауында айтылған Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс деп деген тапсырмасы ынталандырған. Қазақстандағы алғашқы TEDx клубтар Назарбаев зияткерлік мектептерінде ашылған.


№ 84 мектеп-лицей ди⁠ректоры Зәуре Жүсіпованың айтуынша, атылмыш мектеп-лицей басшылығы қашанда Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін зерделеп мүмкіндігінше қолданысқа енгізеді.


«Бұл шара TED клубтың ашылуына арналып отыр. TED ойын-сауық, технология және дизайн дегенді білдіреді. Бұл клубта бізде жаратылыстану, экология, көптілділік, техника бағыттары болады. Біздің клубтың басты мақсаты оқушылардың ғылыми-зерттеу қабілетін дамыту. Біз балалардың көпшілік алдында сөйлеу дағдылары жақсарып, шешендік өнер, зерттеу қабілеті дамиды деген ойдамыз», — дейді З. Жүсіпова.


TEDx клуб Есіл ауданы әкімі аппаратының және № 84 мектеп-лицей басшылығының бастамасы бойынша ашылды.  


«Біздің бұл бастамамыз Елбасы Жолдауын қолдауға арналған. Осы жылғы Жолдау ерекше. Онда ел өмірінің барлық саласы атап өтілді. Бірақ Елбасы білім саласына ерекше статус берді. Білім жүйесінде жаңаша көзқарас қалыптастыру айтылды және оның ішінде білім алушыларды мектеп қабырғасынан бастап бір мамандыққа бейімдеу, оның ішінде сұранысқа ие мамандықтарға баса назар беру.TEDx клубтар тура сол бағытқа ықпал етеді», — деді А. Садықова.


Ашылған TEDx клубта № 84 мектеп-лицейінің барлық оқушылары оқи алады. Ал оқушыларды тиісті бағдарламалармен мектеп ұстаздары қамтамасыз етеді, сондай-ақ тартылатын болады және оқушылардың танымдық қызығушылықтарын ояту мақсатында жоғары оқу орындары оқытушылары мен әр түрлі салалардың өкілдері тартылатын болады.


Астанада жаңадан біржақты қозғалыс жолдары пайда болады

Өзгеріс қаланың оң жағалауындағы үш көшеге енгізіледі, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты Сарыарқа ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Біржақты қозғалыс Бұқарбай батыр көшесі бойынша Жеңіс даңғылынан Мәмбетов көшесіне дейін, Желтоқсан көшесі мен Кенесары көшесінен Ирченко көшесіне дейін, Ирченко көшесі мен Желтоқсан көшесінен Бұқарбай батыр көшесіне дейін болмақ. 


«Осы аталған көшелердегі жол-көлік оқиғаларының санын азайту, қауіпсіздік пен өткізу қабілетін ұлғайту үшін ЛРТ мамандары көше-жол желісіндегі жүктемені төмендету мақсатында жол қозғалысын оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізуді ұсынуда. Мұндай өзгерістер біздің ауданның үш учаскесіне тиесілі: Бұқарбай батыр көшесі бойынша Жеңіс даңғылынан Мәмбетов көшесіне дейін, Желтоқсан мен Кенесары көшесінен жағалауға дейін және сол жағалаудың бойындағы Желтоқсан көшесінен Бұқарбай батыр көшесіне дейін, Жеңіс-Бұқарбай батыр қиылысына бағдаршам орнатылмақ. Осы көшелердің жүктемесін азайтып, жаяу жүргіншілер жолында қауіпсіз бағдар құру үшін әсіресе балалардың амандығы үшін аталған учаскелерде біржақты қозғалыс енгізуді ұсынуда», — деп жазды Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек өзінің фейсбуктегі парақшасында.


Аталған өзгеріс көлік қозғалысын оңтайландыру бойынша жұмыстардың бір бөлігі және ол көше-жол желісіндегі жүктемені төмендету үшін енгізіледі, жаяу жүргіншілер жолын қауіпсіз ету, қарама қарсы ағындағы соқтығысып қалатын нүктелерді азайтудың арқасында ЖКО саны төмендейді, — деді ол.


Аудан әкімі көтерген осы мәселеге қатысу үшін қала тұрғындарын сенбі, 27 қазан күні сағат 10:00-де № 1 мектеп-лицейде өтетін қоғамдық тыңдауға шақырады.


Астана мен Сингапур әріптестікті кеңейтуде

Бейсенбі күні Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Сингапурдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Зулкифли бин Бахарудинмен кездесті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Кездесу барысында тараптар екі мемлекет басшыларының қолдауының арқасында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты дамыту үшін барлық жағдай жасалғанына тоқтала кетті.   


Б. Сұлтановтың айтуынша, Астана әкімдігі Сингапурмен іскерлік әріптестікті кеңейтуге үлкен мән беріп отыр. Екі ел арасында менеджмент саласында тәжірибе алмасу орнатылды. 2016  жылы қаңтарда № 2 индустриалдық паркте сингапурлық «Jurong Consultants» компаниясы әзірлеген мастер-жоспардың таныстырылымы өткен болатын. 


 «Қазір біз ірі қалалардың даму тәжірибесін зерттей отырып, «Қазақстан – 2050» стратегиясымен жұмыс жасап жатырмыз. Сингапурдың тәжірибесі бізге өте пайдалы әрі үлгі боларына сенімдімін. Егер сіздің осы салада сарапшылармен әріптестік бойынша идеяларыңыз бен ұсынысыңыз бар болса, біз олармен кездесіп, әріптес болу мүмкіндігін талқылаймыз», — деді Бақыт Сұлтанов.


Сондай-ақ Б. Сұлтанов Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысы басталғанын, оның Қазақстанда қаржы инфрақұрылымының ядросына айналатынын мәлімдеді. Астана әкімі Сингапурдың қаржы және инвестициялық институты АХҚО жұмысына қатысады деп үміттенетінін айтты.


2019 жылы 9-13 қыркүйекте Астанада қалалық туризм бойынша VIII ЮНВТО саммиті және ІІ Жібек жолы елдеріндегі қала мэрлерінің форумы болып өтеді. Осыған байланысты Бақыт Сұлтанов Сингапурды жоғары деңгейде өтетін аталмыш шараға қатысуды шақырды.