Ерекше көрме: ғарышта болған заттар астаналық ОСО қойылды

Астана тұрғындары мен қонақтары MEGA Silk Way ОСО ғимаратындағы ерекше «Қазақстандық ғарыш жолы» шағын көрмесіне барып, өздері үшін ғарыш әлемінің алып та тылсым сырын аша алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Көрме Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың бастамасымен қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және  «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.


Шара мақсаты – Қазақстанның ғарыш қызметін танымал ету, отандық ғарыштың жетістіктері мен болашақтағы жоспарларын, сондай-ақ заманауи ғарыш технологиясының қызметіне халықтың қызығушылығын арттыру. 


Шағын көрмеге ерекше қолданбалы құнды заттар қойылды. Оның ішінде ғарыш парашютімен жерге түскен капсула бар, онымен Қазақстанның үшінші ғарышкері, Халық Қаһарманы, ҚҚК генерал-майоры Айдын Айымбетов «Союз ТМА – 16М» ғарыш кемесімен жерге қонған болатын. Мұнда оның скафандры және KazEOSat-1 және KazEOSat-2 қашықтықтан зондпен тексеру спутнигінің макеті бар.


Сонымен қатар, көрмеге Қазақстан ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпараттық тақтайша бұрышы орнатылды.


 «Біз аталған көрменің сауда-ойын сауық орталығында кең көлемді әрі қызықты алаңға айналарына сенеміз. Көрмені дәл осы сауда-ойын сауық орталығына орналастыру идеясын біздің әкім ұсынды. Бұл келушілердің өздеріне ғарыш әлемі туралы қызықты да ғаламат әлемді ашуын, ғарышты бағындырудың қандай екенін көздерімен көруі үшін жасалып жатқан дүние», — деді Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.


Оның сөзін Қазақстан Республикасының қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі Марат Нұрғужин де қолдады.


«Бұл көрме Қазақстанның ғарыш саласындағы қызметін насихаттауға арналған. Біле білсеңіздер, Қазақстанда ғарыш саласы – ең жас сала. Бірақ соңғы он жылда жеткен жетістігіміз өте зор. Бізде екі ғарыш жүйесі жұмыс істейді. Қарашада біз үшіншісін босатамыз. Жерүсті инфрақұрылымы құрылды. Біз 2 ғарыш бағдарламасын орындадық. Елімізде үш ғарышкер барын  мақтан тұтамыз», — деді ол.


Көрмеге келген балалармен ғарышкерлердің өздері де өмірлік тәжірибесі туралы бөлісті. Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров көрмеге алғаш келушілерге үш адамның көмегімен 6 сағат ішінде жерге оралатын жерге қонушы аппаратпен таныстырды.


«Көрме қатты ұнады, өзім үшін көптеген жаңалықтар аштым. Бұл балалар үшін де өте пайдалы. Осында алған ғарыш туралы ақпараттар балалардың мектептегі ғарыш туралы сабағына,  жеке дамуына көмегі тиюі мүмкін», — дейді № 70 мектептің 8 сынып оқушысы Биназ Асаинова.


Көрмені 1 қарашадан 2019 жылдың 31 наурызына дейін тамашалауға болады.


Елордада кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндер саны артты

ҚР Ұлттық банкінің мәліметіне сәйкес, 2018 жылдың қаңтар-қазан айларында Астана қаласының экономикасына 662 972 млн. теңге несие берілді, оның ішінде шағын кәсіпкерлік нысандары 105 293 млн теңгеге несиелендірілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің сайты.

«2018 жылдың екі тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндердің саны 335 832-ні құрады, ол 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6% артық», — делінген Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ақпаратында.

Бұған қоса, елордада ШОК нысандарымен тауар шығару көлемі (жұмыс, қызмет көрсету) артып, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 2 167 715 млн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,9 % көп. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында жасаған ЖӨӨ-дегі жалпы қосылған құнының үлесі 58,5% құрап, 2017 жылдың салыстырмалы кезеңіндегі көрсеткіштен 11,0 %-ға артты.

Астанада үш аула клубы ашылды

Алматы ауданында балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған жаңа орталықтар ашылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.


Balausa клубында басқа балалармен қатар мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, бокс, қазақша күрес және домбыра үйірмелері ұйымдастырылған.


Ал «Сандық» орталығы қолданбалы өнер саласына баса назар аударады. Өнер және қолөнер дағдыларымен қоса, мұнда тігін, модельдеу және киім дизайны бойынша сабақтар жүргізіледі.


23 style аула клубында брейк-данс үйірмесі ашылды.


«Барлық жаңа орталықтар балалар үшін тегін қызмет көрсетеді. Жаңа клубтардан өзге, қазіргі уақытта қалада 24 аула клубы бар. «Астана Жастары» тұрғындарға спорт және өнермен тегін шұғылдануға мүмкіндік беретін ұйымдардың санын 30-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр», – деді «Астана жастары» орталығының ди⁠ректоры Үкібай Нұрпейісов.


Аула клубтартарына үстел теннисінен чемпион тәрбиелеген, бокс пен қазақша күрестен халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, сондай-ақ екінші санаттағы мұғалімдер, логопедтер мен білікті жаттықтырушылар шақырылды.


Бүгінгі таңда елордада балалардың дамуына тегін көмек көрсететін 27 аула клубы жұмыс істеп тұр. Жаңа орталықтар Кенен Әзірбаев көшесі 8 және 4/1 мекен-жайы бойынша орналасқан.


Республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауы басталды

Республикалық «Қайырымдылық керуені» байқау-акциясының басталғандығы жарияланды деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Байқауды «Хабар» және «КТК» телеарналарының қолдауымен ҚР Тұңғыш Президенті Қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер Ассоциациясы ұйымдастырып отыр. Конкурстың мақсаты – қайырымдылық идеяларын дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту.

«Бұл акция-конкурсты ұйымдастыра отырып, бір жағынан біз алдымызға мұқтаж жандарға көмектесетін, қайырымдылық іс жасайтын адамдарды танымал ету міндетін қоямыз. Екінші жағынан жас ұрпақты қайырымдылық пен ізгіліктің жарқын үлгісі арқылы жоғары адамгершілік нормалар мен ұстанымдарға тәрбиелеу міндетін алға қойып отырмыз», – дейді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге үлес қосып, өзінің қайырымдылықтары арқылы басқаларды ынталандырып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

Елордалық журналистердің материалдары кітап болып басылып шығады

Елорданың 20 жылдығын мерекелеудің аясында жергілікті газеттер «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» беттерінде жарияланған материалдардың негізінде екі тілде елорданың күнделікті тіршілігі мен әр жылы өткен маңызды да қызықты шаралар туралы кітаптар баспадан шығады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Жоба жетекшісі Қайсар Жұмабайұлы материалдар баспаға берілмес бұрын көптеген жұмыстардың атқарылғанын айтады.


«Мұндай кітаптарды шығару идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болды. «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің бұрынғы номерлеріндегі материалдарды оқи отырып, мен қаланың қалай өскендігі, ондағы құрылыстың қалай жүргізілгені, оның даму қарқындылығы, түрлі кең-ауқымды саяси, мәдени іс-шаралар туралы қызықты материалдармен таныстым, құнды фотосуреттерді көрдім. Астана тұрғындары үшін 20 жыл ішінде елордамыздың қалай өзгергендігін көру қызық болады деп ойлаймын. Ең алдымен бұл материалдарды газеттеріміздің беттерінде арнайы айдармен жариялауды жөн санадық. Жыл басынан газеттеріміздің 20 нөмірін белгілі бір жылы жазылған материалдарға арнадық. Енді міне кітаптарымыздың баспадан шыққанын күтіп отырмыз», — дейді «Elorda Aqparat» ЖШС-нің директоры Қайсар Жұмабайұлы.


Ол, сондай-ақ, әр кітаптың бірегей екендігін алға тартты.


«Қазақ тілінде шығатын кітап «Астана ақшамы» газетіндегі материалдарға, орыс тіліндегі кітап «Вечерняя Астана» газетіндегі материалдарға негізделген. Бір қаладағы шаралар болған соң, екі кітаптағы материалдар ұқсас болуы мүмкін, әрине. Десек те, бұл аударма емес. Бұл – әр түрлі журналистердің жазған мақалалары. Кітаптың атаулары әлі бекітілген жоқ. Олар «Елорда шежіресі» және «Сердце мое – Астана» деген атаумен шығады деп жоспарлап отырмыз», — деп бөлісті Қайсар Жұмабайұлы.


Айта кетейік, жоспар бойынша Астананың 20 жылдығына орай басып шығарылатын кітаптар осы жылдың қараша айында таныстырылмақ.

Астананың ақпараттық саясаты: ашықтық және жылдамдық

2016-2020 жылдарға арналған Астана қаласының даму бағдарламасы мен  басқа да мемлкеттік бағдарламалардың іске асуын ақпараттық сүйемелдеу, жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың жұмысы туралы халықты ақпараттандыру үшін қаланың барлық басқарма басшыларының бірінші орынбасарларынан құралған жұмыс комиссиясы құрылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Қалалық мәслихатта мемлекеттің ақпарат саясатын іске асыру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау болып өтті. 


Астана Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есиннің мәліметінше, қазіргі таңда қаладағы барлық басқарма басшыларының бірінші орынбасарларынан құралған жұмыс тобы мемлекеттік ақпарат саясатын үйлестіру және оны тиімді іске асыру жұмыстарын жүргізеді.


 «Аталған салада бізге жергілікті мемлекеттік органдардың қызметін жариялы түрде ұйымдастыру қадамдарын жетілдіру мен оның регламентін бекітті. Мемлекеттік ақпарат саясатын үйлестіру және оны тиімді түрде іске асыру үшін қаладағы барлық басқарма басшыларының бірінші орынбасарларынан құралған жұмыс тобы құрылды. Қалалық басқармаларда БАҚ-пен жұмыс істейтін жауапты қызметкерлер бекітілді, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын насихаттау бойынша 18 бөлек медиа-жоспар әзірленді», — деді Данияр Есин. 


Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелеріне сүйенсек, астаналық тұрғындар жалпыұлттық даму бағдарламасы туралы жоғары деңгейде ақпараттандырылғанын көруге болады. Атап айтқанда, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша ақпараттандырылу деңгейі 78,4 %, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша 72,8 %, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  бойынша 71 %, «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы бойынша 70,9 % құрайды.


Астана қалалық мәслихаты депутаттарының отырысында ақпараттандыру жұмыстарын әлеуметтік желілерде де күшейте түсу керектігін, әсіресе жастар арасында кеңірек тарату керектігін атап өтті.


Астананы газдандыру: көгілдір отын қай мерзімде пайда болады

Астана әкімдігінде 2018-2020 жылдарға арналған Астана қаласының қоршаған ортасын сауықтыру, газдандыру және қала халқын көмірмен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар жоспарын іске асыру мәселесі бойынша брифинг өтті. Осы жылы қалалық әкімдік 8 негізгі компания-іске асырушылармен көмірдің әр түріне бағаны бекіту шеңберінде меморандумға қол қойды. Айталық, «Шұбаркөл» көмір маркасының бағасы – 13 600 теңге, «Қаражыра» көмір маркасы – 14 000 теңге, «Майкөбе» — 12 500 теңге, «Богатырь көмір» — 9500 теңге, «Кузнецкий» — 12500 теңгені құрайды. Қалада көмірдің жалпы қоры 10 255 тоннаны құрайды.  


«Биыл көмір жеткізу өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейген. Көмір жеткізу мәселесі тұрақты, өткен жылмен салыстырғанда айқай-шу жоқ. Қатты отынның бары және қандай орындарда қанша мөлшерде сатылып жатқаны жөнінде қоңырау шалып білуге болатын 109 сенім телефоны бар», — деді отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының отын-энергетика ресурстары бөлімінің жетекшісі Мақсат Есмағұлов. 


Оның айтуынша тамыздан бүгінге дейін Астанаға 180 мың тонна көмір жеткізілді. Жалпы, энергия көздерін қоспағанда барлық жылу маусымы кезеңіне 400 мың тонна көмір қажет.  


Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасын іске асыру бойынша астанада мемлекеттік тәжірибе жүргізуге арналған «Астана қаласын газдандыру» техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) дайындалғанын айтты. Ол әзірленіп, «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілді. ТЭН болжалды мерзімі – 2018 жылдың қарашасы. Сонымен қатар бір мезетте тарату желі құрылысын да жобалау басталды.


«ТЭН-ге сәйкес Астана қаласындағы газтарату желісінің құрылысы үш кезекке бөлінді. Бірінші кезектегі жобалау аяқталды. ТЭН-нің қорытындысын алсақ алдымен сараптамаға кірісеміз. Іске қосу кешенін біз ЖЭО-мен бірге жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ең бірінші кезекте Көктал 1 және Көктал 2 аудандарын газдандырамыз», — деді спикер. 


2021 жылдан кейін құрылыстың екінші кезегін іске асыру басталады және Мичурин, Интернациональный, Тельман, Garden Village және Family Village кенттеріне газ кіргізу жоспарланып отыр. Ал үшінші кезектің шеңберінде Ильинка, Шұбар мөлтекауданы мен Өндіріс тұрғын алабын газдандыру жоспарлануда.


Астана қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Әбдіманап Жұмәділдаев газ енгізу қала экологиясын айтарлықтай жақсартып, көк түтіннен сақтайтынын айта кетті.


2019 жылы Астанада Халықаралық инновациялық альянстың отырысы өтеді

Сеулде Global Digital Innovation Alliance Халықаралық инновациялық альянстың ашылуы өтті. Іс-шараға АҚШ, Бельгия, Бразилия, Қытай, Малайзия, Сингапур, Португалия, Корея, Румыния сынды елдердің жетекші қалалары қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты Астана Innovations АҚ сілтеме жасап.

Аталған шараға Қазақстаннан Астана Innovations АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев қатысты.

«Жаңа альянс – уақыт талабы. Америка, Сингапур, Қытай, Бельгия сынды елдердің жетекші қалаларының тізімінде Астананың да болуы мені қуантты. Меніңше, форумға қатысуымыз екі бағытта қарастырылуы керек. Біріншісі – тәжірибе алмасу. Сондай-ақ біздің талаптарымызға қолайлы инновациялық көңіл-күйдің барометрі іспетті», – деді Олжас Сартаев.

Astana Innovaitions басшысы альянстың келесі отырысы Астанада өтетінін ерекше атап өтті.

Digital Bridge» инновациялық форумында халықаралық Astana Hub IT-технопаркінің тұсаукесері өтеді

5 қарашада Астанада ЭКСПО павильондарының бірінде IT-индустриясының басты оқиғаларының бірі — «Digital Bridge» Халықаралық инновациялық форумы барысында халықаралық Astana Hub IT-технопаркінің тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. 


Форумның басты жаңалығы Astana Hub IT-технопаркінің тұсаукесері өтуі. Шара кезінде Astana Hub-тың негізгі өнімдері таныстырылып, бағдарламаның алғашқы түлектерінің жетістіктері және ЭКСПО павильондарының бірінде орналасқан технопарк инфрақұрылымы көрсетіледі», деді ҚР Байланыс және ақпарат вице-министрі Динара Щеглова.


Оның айтуынша, сандық көпір форумы Қазақстанның инновациялық және цифрлық әлеуетін халықаралық аудиторияға ұсынып, осылайша біздің нарыққа шетелдік сарапшылар, стартаптар, компаниялар, инвесторлар мен АТ-ның басқа да өкілдерін тарта алатын тұғырнама болады деп есептейді.


Digital Bridge форумына 600-ден астам қатысушы тіркелген, 50-дан астам спикер өздерінің қатысатынын растаған.


«Біз 23 елден қонақ күтіп отырмыз, олар Сингапур, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Эстония, Франция, Германия. Форумда 9 панельдік сессия жұмыс істейтін болады, онда қатысушылар жаңа стартап жобаларды ілгерілету, мемлекеттік секторда блокчейн-технологияны қолдану, электронды мемлекеттік қызметті дамыту, киберспорт, «ақылды» қала жобаларын талқылайтын болады», деп атап өтті Динара Щеглова.


Ұйымдастырушылардың айтуынша Digital Bridge жыл сайын өткізу көзделген.


Онлайн-форум: Астана әкімі құрылыс, транспорт, жергілікті бюджетті толықтыру мәселесін талқылайды

«Электронды үкімет» e.gov.kz порталында Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен интернет-конференция өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Онлайн-форум қатысушыларының кездесу шеңберінде «Жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша қабылданған шаралар. Мемлекеттік қызметшілердің жалпыға тән моральдық-этикалық нормаларды сақтауы», "Құрылыс саласын дамыту және Астана қаласының сәулеттік келбеті мәселесі туралы", «Жолаушыларды тасымалдау бойынша қаладағы көлік кәсіпорындарының проблемалы мәселесін шешу және автомобиль жолдарының жағдайы», сондай-ақ «Жергілікті бюджетті толықтыру және астанадағы коммуналдық меншіктің халі» мәселесі бойынша тақырыптарды талқылайды.

Форумға қатысқысы келгендер e.gov.kz сайты арқылы («Ашық диалог» — Интернет-конференция парақшасына электронды цифрлық қолтаңба арқылы кіре алады). Басталу уақыты: 2 қараша 2018 жыл, сағат 09:00-15.00.