Елордалық журналистердің материалдары кітап болып басылып шығады
Елорданың 20 жылдығын мерекелеудің аясында жергілікті газеттер «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» беттерінде жарияланған материалдардың негізінде екі тілде елорданың күнделікті тіршілігі мен әр жылы өткен маңызды да қызықты шаралар туралы кітаптар баспадан шығады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Жоба жетекшісі Қайсар Жұмабайұлы материалдар баспаға берілмес бұрын көптеген жұмыстардың атқарылғанын айтады.
«Мұндай кітаптарды шығару идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болды. «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің бұрынғы номерлеріндегі материалдарды оқи отырып, мен қаланың қалай өскендігі, ондағы құрылыстың қалай жүргізілгені, оның даму қарқындылығы, түрлі кең-ауқымды саяси, мәдени іс-шаралар туралы қызықты материалдармен таныстым, құнды фотосуреттерді көрдім. Астана тұрғындары үшін 20 жыл ішінде елордамыздың қалай өзгергендігін көру қызық болады деп ойлаймын. Ең алдымен бұл материалдарды газеттеріміздің беттерінде арнайы айдармен жариялауды жөн санадық. Жыл басынан газеттеріміздің 20 нөмірін белгілі бір жылы жазылған материалдарға арнадық. Енді міне кітаптарымыздың баспадан шыққанын күтіп отырмыз», — дейді «Elorda Aqparat» ЖШС-нің директоры Қайсар Жұмабайұлы.
Ол, сондай-ақ, әр кітаптың бірегей екендігін алға тартты.
«Қазақ тілінде шығатын кітап «Астана ақшамы» газетіндегі материалдарға, орыс тіліндегі кітап «Вечерняя Астана» газетіндегі материалдарға негізделген. Бір қаладағы шаралар болған соң, екі кітаптағы материалдар ұқсас болуы мүмкін, әрине. Десек те, бұл аударма емес. Бұл – әр түрлі журналистердің жазған мақалалары. Кітаптың атаулары әлі бекітілген жоқ. Олар «Елорда шежіресі» және «Сердце мое – Астана» деген атаумен шығады деп жоспарлап отырмыз», — деп бөлісті Қайсар Жұмабайұлы.
Айта кетейік, жоспар бойынша Астананың 20 жылдығына орай басып шығарылатын кітаптар осы жылдың қараша айында таныстырылмақ.
Пікір жоқ әзірше