Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?

Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?
Уақытысында аумағы жөнінен Жердегі ішкі сулар қатарында төртінші орында болған Арал теңізі үшін 2014 жылдың жазы тағы бір кері кеткен маусым ретінде тарихта жазылды. NASA-ның жер серіктерінен түсірілген фотосуреттерге қарағанда Оңтүстік Аралдың шығыс жартысы алғаш рет толықтай дерлік кеуіп қалды. Фотосуреттер Earth Observatory сайтында жарияланды.

Кіші Арал және Үлкен Арал; 19-маусым, 2014 жыл
Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?

Кіші Арал және Үлкен Арал; 25-маусым, 2000 жыл
Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?
Батыс Мичиган университетінің география профессоры Филип Миклиннің айтуынша, бұл жағдай соңғы 600 жылда, яғни, Әмудария өзені өзінің арнасын кілт өзгертіп, Каспий теңізіне құюын доғарғаннан кейін бірінші рет болып отыр (Арал теңізінің тартылуы циклді сипатқа ие). Алайда, бүгінде Әмударияның арнасы қаз-қалпында. Арал теңізіне жалғанып жатыр. Бірақ, өзен суы ұзақ жылдардан бері Арал теңізіне жетпейді.

Бес жыл бұрын Оңтүстік аралдың шығыс бөлігі толықтай жойылған еді. Әйткенмен, мол жауын-шашынның есебінен ондағы су деңгейі күрт көтерілді. Миклиннің ойынша, шығыс бөлігінің толықтай дерлік құрғап қалуына Арал теңізі алабында жауын-шашынның аз түсуі себеп. Сонау Памир тауларында қар аз түсіп, еріген қар суларының аздығынан онсыз да Аралға тамшыдай болып жететін өзендегі су қоры анағұрлым төмендеген. Одан бөлек, Орта Азия елдерінің өзен суын ауылшаруашылығы қажеттеліктері үшін тынымсыз пайдалануы аз су мөлшерін тіпті тауысты. Ал, Арал теңізінің құрып бітуі адами факторлардың салдарынан басталғаны әуелден белгілі.

Біреу еді, үшеу болды

Теңіздің тартылуы XX ғасырдың орта тұсында басталды. Дегенмен, Аралдың «жоқ» болатыны жөнінде қауіп сөздері одан бұрын, 30-жылдары айтыла бастаған-ды. Сол кезде КСРО аумағында Орта Азия жерлерін мелиорациялау жөнінде ғаламат бағдарлама қолға алынды. Әмудария мен Сырдария өзендері бойынан суландыру жүйесінің құрылыстары басталды. Бір ғана Қарақұм су арнасының ұзындығы 1445 шақырымға созылып,Әмудария суының 45 пайызын өзіне алып қойды. Кеңестік инженер-мелиораторлардың суды шығындамай сақтап қалу үшін қолдан қазылған су арналарын бетондауға бастары жетпегені таң қалдырады.

Арал, шіркін, 60-жылдарға дейін өзінің тірі қалуы үшін күресіп-ақ бақты. Ондағы су деңгейі бұрнағы қалпын сақтады. Ауданы 68 мың шаршы шақырымға, ұзындығы 426 шақырымға, ені 284 шақырымға жетсе, ең терең жері 69 метр болды. Жылына 40 тонна балық ауланып, теңіздің қазақстандық бөлігінде — бес балық зауыты, балық консервілеу комбинаты, 45 балық қабылдау бекеті; өзбекстандық бөлігінде — бес балық зауыты, балық консервілеу зауыты мен 20-дан астам балық қабылдау бекеті жұмыс істеді.

Бірақ, 60-жылдардан бастап теңіз деңгейі 0,7 метрге қайтымсыз түрде төмендеді. Аралға келіп құятын өзен суларының мөлшері — 4,5 есе, теңіздегі су айдынының ауданы – 8 есе, су көлемі – 13 есе азайды. Тұздану деңгейі 13-25 есе өсіп, Әлемдік мұхиттың минерализациялану бойынша орта деңгейінен 7-11 есе артып кетті. 1989 жылы Арал теңізі бір-бірінен оқшауланған Солтүстік (Кіші) Арал және Оңтүстік (Үлкен) Арал деп екіге бөлінді. 2003 жылы Оңтүстік Аралдың өзі тағы екіге: шығыс және батыс бөлікке айырылды (Шығыс Арал және Батыс Арал).

Оңтүстік Аралдағы судың тұздылық деңгейі артқаны соншалық, ондағы балық біткен қырылып қалды. Судағы тіршілік тоқтап, «Артемия салина» шаяндары ғана бұл тұзды суларды мекендеді. Теңіз табаны жаңа бір шөл дала – Аралқұмға айналды. Егістікке пайдаланылған тыңайтқыштар құрамындағы пестицидтер мен тағы да басқа улы заттар Әмударияға қайта қосылып, өзен суымен бірге Арал теңізіне құйылып келгендіктен, ешқайда кетпей, теңіз түбінде шөгіп қалған-ды. Сол улы заттар теңіз тартылғанда, шаң-тозаңмен бірге ауаға көтеріліп, Арал маңын, Қарақалпақстан мен Қазақстанға жататын аумақтарды экологиялық апат аймағына айналдырып жіберді. Жергілікті жұрт тыныс жолдарының созылмалы аураларына, анемия, қылтамақ, бауыр-бүйрек және көз аураларына шалдықты.
Ал сол кезде...: Үлкен Аралдың шығыс бөлігі неліктен кеуіп қалды?

Қазақы Арал

Сырдария өзені келіп құятын Солтүстік Аралдың жағдайы Оңтүстік көршісімен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Қазақстан билігі қалып қойған теңізді қалпына келтіруге шындап кірісті. 2005 жылы ұзындығы 14 шақырымдық Көкарал бөгеті салынғаннан кейін Кіші Арал суының Үлкен Аралға жылыстауы тоқтатылды. Осылайша, Солтүстік Аралда тіршілік жанданды. 2010 жылы Солтүстік Аралдағы су деңгейі мұхит деңгейінен 42 метрге көтерілді. Бұл дегеніңіз, Оңтүстік Аралдағы су деңгейінен 14 метрге жоғары, өткен ғасырдың 70-жылдарындағы су деңгейінен 11 метрге төмен. Су айдынының ауданы үш мың шаршы шақырымнан асады. Орташа тереңдігі — 8 метр.

Қазір Солтүстік Аралда жылына 6 тоннаға дейін балық ауланады. Мұндағы суларда сазан, көксерке, ақ амур, лақа, табан, торта, камбала балықтары бар. Таяу жылдарда су деңгейі Арал қаласына жақындауы мүмкін деп күтіліп отыр. 2012 жылы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Кіші Арал теңізі мен Сырдарияның сағасын әлемдік маңызы бар сулы-батпақты жер-сулардың тізіміне қосты. Осы тізімге енген жер-сулар Рамсар конвенциясымен қорғалады.

Теңіздің оңтүстік бөлігі болса, өзінің ақырғы күндерін кешіп жатқанға ұқсайды. Осыдан бес жыл бұрын ресейлік ғалымдар ондағы су деңгейінің жылына бір метрге тартылатынын, ақырында «жер асты және қалдық өзен суларымен қоректенетін ащылы-тұщылы су айдынына» айналады деп болжам жасаған. NASA-ның фотосуреттеріне қарағанда, Үлкен Аралдың шығыс бөлігі бұл стадияны өткерді. Ендігі кезек, батыс бөлігінде. Әмударияның суы бұл бөлікке жетпейді. Су айдыны жер асты су көздерінің есебінен «бар» болып отыр. Түрлі бағалауларға сенсек, жер асты су көздерінен жылына екі текше шақырым су беріледі.
Сөйте тұра, Аралдың суын «тартып алып қойған» Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттері суармалы жерлерінің жартысын қысқартып, Әмударияның айдынын толтыруға ешбір құлық танытар емес. Керісінше, халқын асырау үшін суармалы жер көлемін үздіксіз арттырып келеді. Экспортқа шығарылатын ылғалсүйгіш мақта өсімдігі де осы Әмударияның есебінен суғарылады. Аралдың ажалына кезінде осы мақта өсіру шаруашылығы тікелей себеп болған-ды.

Ғалымдар теңіз деңгейін толықтай бастапқы қалпына келтіру үшін Әмудария және Сырдариядан жылына құйылатын су мөлшерін төрт есе арттыру керектігін есептеп шығарды. Бүгінде, бұл қос өзеннен жылына 13 текше шақырым су құйылады. Арал теңізінің тартылуына үлкен зардап шеккен Өзбекстан үкіметінің ұйытқысымен ұйымдастырылатын конференциялардан келіп жатырған пайда аз. Бұған қоса, Аралқұм аумағында көмірсутектердің ірі қоры ашылған. Кейбір есептеулерге сәйкес Аралқұмдағы көмірсутек қоры Орта Азиядағы барлық мұнай қорының 31 пайызын, газ қорының 40 пайызын құрайды. Мұнда қазір ресейлік «Лукойл» компаниясы белсенді жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да теңізді тірілту мәселесі көзделген пайданың ығында қалып, әзірге екінші орынға ысырылған сияқты.

Теңізді толтыру үшін ойластырылған қияли бір нұсқа бар. Ол — Памир тауларының тәжік жеріндегі аумағында орналасқан Сарез көлінің суы есебінен теңізді толтыру. Сарез көлінің су деңгейін 70-100 метрге төмендету арқылы Арал теңізінің айдынын 6-8 миллиард текше метр сумен толтыруға болатыны есептелген. Бірақ, Аралды қалпына келтіруге қатысты қандай әрекет болмасын, осыған мүдделі мемлекеттердің күші біріктірілу керек. Ал, бұған мүдделі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас әзірге жақсартуды қажет етеді. Арал теңізінің келешегі де осы жақсартуларға байлаулы.

Арал теңізі туралы әр кез түсірілген видеолар:

1958 жыл. Рыбаки Арала, Өзбекфильм


1963 жыл. Аральское море (Қазақфильм)


2014 жыл. Видео про Аральское море


slon.ru сайтындағы мақаладан қазақ тіліне аударған

Жәнібек Нұрыш

Әрі қарай

Автомобильдің медициналық қобдишасы. Өз қолыңмен жина!

Автоәуесқойлар клубы: Автомобильдің медициналық қобдишасы. Өз қолыңмен жина!
Қандай дәрі-дәрмек болуы керек?
2015 жылғы 11 қаңтардан бастап елімізде автомобильдегі алғашқы медициналық көмек қобдишасы жаңадан жасақталуы тиіс. Бір жақсысы, «зеленка», «йод», «кеторолак» секілді алғашқы көмекке еш қатысы жоқ препараттар алынып тасталды. Енді жаңа тізім бойынша мына дәрілік заттар болуы керек:
  • сутегі тотығының 3% ерітіндісі (1 флакон),
  • зарарсыздандырылған дәке бинті 5м *10 см (1 дана),
  • зарарсыздандырылмаған дәке бинті 5м *10 см (1 дана),
  • зарарсыздандырылмаған дәке бинті 7м *14 см (1 дана),
  • зарарсыздандырылған медициналық дәке салфеткалар (1 дана),
  • зарарсыздандырылған таңу пакеті (1 дана),
  • зарарсыздандырылған медициналық гигроскопиялық мақта 50 г. (1 дана),
  • қан тоқтатқыш жгут (1 дана),
  • бактерицидті лейкопластырь (5 дана),
  • медициналық лейкопластырь (1 дана),
  • эластикалық түтікшелі бинт № 1, 3, 6 (бір бірден),
  • зарарсыздандырылмаған медициналық қолғаптар (1 жұп),
  • доғал ұшты қайшылар (1 дана).
(Тізім Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің сайтынан алынды)

Қобдишаға шығындалма
Бұған дейін менде аптечка болып көрмеген еді. Жаңа бұйрық шыққаннан кейін, жасақтап алайын деп шештім. Қобдишаға шығындалмадым, үйде Жаңа жылда біреулер сыйлаған, ішіне тәттілер салынған фанера қорап бар еді. Ішіндегілерді жеп тауысқан соң, соны медициналық қобдишаға бейімдеп алдым:
Автоәуесқойлар клубы: Автомобильдің медициналық қобдишасы. Өз қолыңмен жина!
Қобдишаға қатысты нақты талап жоқ. Бастысы дәрі-дәрмектерді сыртқы факторлардан қорғайтындай болса жеткілікті.

Міндетті дәрі-дәрмектерді іздеу
Ең басты мәселе — қажетті дәрі-дәрмекті табу болды. Үйдің жанындағы шағын дәріханадан бәрін тауып аламын десеңіз — қатты қателесесіз. Өз басым талай дәріханаларды аралап, әрең жинақтағандай болдым. Дәлірек айтқанда — толық жинақтауға аз-ақ қалдым. №6 эластикалық түтікшелі бинтті 1 апта бойы іздеп әрең тапсам, ал зарарсыздандырылған таңу пакеті ешбір жерде жоқ болып шықты. Бір фармацевт қала бойынша ешбір жерден таба алмайсың деп қорқытып қойды. 1-2 аптадан кейін тағы сұрастырып көру керек, мүмкін жаңалары түсіп қалар.

Ал бұның бәрі аптечка туралы бұйрықтың шалалығынан ба деп ойлаймын. Олар осы препараттарды жарияламас бұрын нарықты зерттеп алуы керек еді: дәрі-дәрмек қажетті мөлшерде бар ма, жоқ болса дәріханаларға алдын-ала тапсырыс беріп қойыңдар деп ескертілсе — жаңағы мәселе туындамас еді. Таңу бинті деген негізі хирургтардың ғана арнайы тапсырысымен келетін нәрсе екен. Дәріханаларда бола бермейтіні де сондықтан, ол тек операция үшін бірден ауруханаға жеткізіледі. Сөйтіп, 13 міндетті заттың 12-сімен әзірге жүре тұрамыз. Айтпақшы, сатып алуға барғанда қажетті дәрілердің аты-жөндерін орысша апарып көрсетіңіз, бұл заттардың қазақ тіліндегі аттары барлық жерде бірдей емес және жалпы дәрілік атаулардың қазақшасы кең қолданыста емес екенін түсінетін шығарсыз.

Дайын аптечка бар емес пе?
Дайын аптечка туралы армандамай тұра тұрыңыз. Жаңа тізім бойынша жасақталған қобдишалар 2-3 айдан кейін ғана сатылымға шығады екен.

Аптечканы қайда қоямын?
Автоәуесқойлар клубы: Автомобильдің медициналық қобдишасы. Өз қолыңмен жина!
Қобдишаның машина ішінде орналасуына қатысты да бекітілген талап жоқ. Ең бастысы күннің көзінен аулақ, қажет кезінде тез табылатын жерде болуы керек. Форумдарда автомобильдің білгірлері ең қолайлы жер — жүргізуші орындығының асты деп есептейді. Күн түспейді, ауа температурасы бір қалыпты, қол жететін жерде.

Барлығы (әрине таңу бинтін есептемегенде) 2100 теңгеге шықты. Негізі бұдан да арзанға шығуы керек деп есептеймін. Ажиотаж кезінде фармацевттер пайда көрудің амалымен бағаны сәл өсірген шығар деген күдіктемін. Ең қымбаты басы доғал қайшы болды — 1400 теңге.
Әрі қарай

Интернеттің орыс тіліндегі сегментінде есімдері жиі аталған тұлғалардың рейтингі шықты

Оcылай екен...: Интернеттің орыс тіліндегі сегментінде есімдері жиі аталған тұлғалардың рейтингі шықты
Brand Analytics сараптама орталығы 2014 жылдың желтоқсан айында Интернеттің орыс тіліндегі сегментінде есімдері аталған тұлғалардың рейтингісін жариялады. Зерттеу қорытындысы Brand Analytics сараптама орталығының ресми сайтында 2015 жылдың 16-қаңтары күні жарияланды.
Жалпы Brand Analytics сараптама орталығы мұндай рейтингті жасауды қыркүйек айында бастады. Қыркүйек, қазан, қараша және желтоқсан айлары бойынша төрт рейтинг түзілді.
Әр айда екі рейтинг, яғни әлеуметтік медиа мен БАҚ-тағы посттарда медиатұлғалардың есімдерінің аталуы саны есепке алынған.
Төрт айдың рейтингінде де Нұрсұлтан Назарбаев бар.
Елбасының есімі 2014 жылдың қыркүйек айындағы әлеуметтік медиа бойынша рейтингінде үздік жүздікке кірмеген. БАҚ бойынша 40-орынға тұрақтап, 7 845 рет аталған.
Қазан айындағы әлеуметтік медиа бойынша рейтингте үздік қырыққа енбеген. Бірақ, БАҚ бойынша үш орынға жоғарылап, 37-орынға тұрақтаған. 5961 рет аталған.
Қараша айындағы әлеуметтік медиа бойынша рейтингте үздік қырыққа енбеген. Ал, БАҚ бойынша тағы екі орынға жоғарылап, 35-орынға шыққан. 7941 рет аталған.
Ал, 2014 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі орыс тіліндегі интернет сегментінде аталу көрсеткіші күрт өскен.
Желтоқсан айындағы әлеуметтік медиа рейтингінде үздік отыздыққа еніп, 27-орында болған. 146 444 рет аталған.
БАҚ бойынша рейтингте 23 орынға көтеріліп, 12-орынға шыққан. 14 287 рет аталған.

Төрт айдағы қос рейтингтте де бірінші және екінші орындарды сәйкесінше Владимир Путин мен Петр Порошенко иемденді. Үшінші орынға қазан айындағы әлеуметтік медиа рейтингінде Виктор Янукович болса, ал сол айдағы БАҚ рейтингінде Арсений Яценюк үштікті қорытындылады. Қалған үш айдағы қос рейтинтерді Барак Обама ешкімге бермеген.
Ал, басқа тағы кімдердің рейтинг соңында қалып, кімнің тізімге ілініп, кімнің тізімнен шығып қалғанын, төмендегі сәйкес сілтемелерден көруге болады:
Желтоқсан; Қараша; Қазан; Қыркүйек;

Айтпақшы, әлеуметтік медиа мен БАҚ-тағы рейтинг көрсеткіштерінің әркелкі болуы назар аудартады. Әлеуметтік медиа бойынша рейтингке енген есімдердің БАҚ рейтингіне енбей қалуы, немесе керісінше кездеседі. Қазан айындағы қос рейтингтен басқа үш айдағы қос рейтингтердің де 1-, 2-, 3-орындарын тұрақты түрде үш есім иемденген. Жалпы қазан айындағы қос рейтингте де орын жоғалтулар мен орын иемденулер қарқынды жүріпті.
Бұған қоса желтоқсан айынан өзге үш айдағы қос рейтингте де Иосиф Сталин бар. Тек бар болып ғана қоймай, 20-орыннан төмен түспеген. Тіпті, қараша айында ондыққа көтерілген. Бірақ, желтоқсанда отыздықтан шет қалған.
Әрі қарай

Айхай дәурен, аңғал досым-ай...

Түні бойы ұйықтай алмай шықтым. Түсіме қайтыс болған кластасым кіре берді. Құран оқытамын-ау деймін…Марқұмға құран бағыштайтын да ешкім жоқ шығар…
10-11ді Балқашта оқыдым. Класта есімі бірдей екі бала болды. Бірін “Ұзын Алмас”, екіншісін “Карибаев Алмас” дейтінбіз. “Біздің атымыз бірдей емес. Мен Алмазбын, анау Карибаевтарың Алмас” деп ұзыны дауласушы еді. Ұзынымен қатты араласып кеткенім шамалы. Кәрібаев екеуміз Балқаштың бір шетіндегі жер үйлер жағында бір маңайда тұрдық. Екеуміздің қызығушылығымыз, біраз ұқсастығымыз бартын. Алмас футбол десе жанын беретін. Көшеде футбол ойнағанда бір-бірімізбен ойынымыз үйлесіп жататын. Алма қайтыс болғаннан кейін ешкіммен де футболды сәтті ойнай алмадым. Келе-келе ойнауды мүлде қойып кеттім. Осы футболқұмарлығымыз арамызды ашып жібере жаздады. Бірақ, қалай екенін білмеймін, қайта достасып кеттік. Бала кезде адам кекті қатты көп сақтамайды екен ғой қазір қарап отырсам… Бір күні Сәкен Сейфуллин атындағы қалалық кітапханадан Несіп Жүнісбайұлының “Мексикадағы футбол тойы” деген кітабын алдым. Жата-жастана оқыдым. Алмас екеуміз атақты футболшылардың суретіне қарап, ағамыздың әдемілеп жеткізген әңгімесінен олардың ойынын көргендей әсер алдық.
Әрі қарай

Өктем Заурбековпен сұхбат

Қазіргі таңда сәләфилік, мадхалилік (Өктем өзін олай атамаймын дейді) бағытта уағыз-насихат айтып жүрген Қазақ-Кувейт университеті, Мединадағы Ислам универститетінің түлегі Өктем Заурбековпен сұхбат.
Әрі қарай

Палшыға аһидың агрессиясы

Бақсы-балгерлік, көзбояушылыққа ислам діні қатаң тыйым салып, харам еткен. Бұл видеода әсіремұсылмандық кейпіндегі жігіттің бал аштырып отырған қызға оның харам іс екенін жеткізбек болып, өзінің анасындай жанға дөрекілік көрсетуі түсірілген.
Әрі қарай

Түркиялық қазақ актер Бахадыр Хәкім: Жазда өз фильмімді түсіремін

Бахадыр Хәкім — Түркия қазақтарының арасынан шыққан актер. 2002 жылдан бері бірнеше фильм және сериалдарға түскен, ТРТ-Аваз телеарнасында 8 жыл бойы шыққан «Түркияның қазақтары» атты бағдарламаның продюсері.
Қаңтардың 1-інде 36 жасқа толатын сүрбойдақ актермен сұхбаттасқан едім.


— Бахадыр, жалпы кино өнеріне қалай келдің?
— Кездейсоқ оқиға арқылы. Ол кезде актерлік білімім жоқ еді, ешқандай кастингке де қатыспадым. Бір жерде танымал түрік режиссері Осман Сынавпен кездесіп қалдық. Өзі түсіріп жатқан сериалға шақырды. Осылайша кино өнеріне адым аттық.

— Киноға дейін немен айналысатын едің?
— Тері илеу — Ыстанбұл қазақтарының кәсібі. Тағдыры деуге де болады. Терімен айналыстық біз де.

— Отбасыңда бар ма еді өнер саласындағылар?
— Жоқ, анам зейнеткер. Актерлікке қызығушы едім, інім екеуіміз бала кезімізде өзімізше көрген фильмдерімізді салатынбыз. Ал Түркия қазақтарынан марқұм Мұстафа Өзтүрік және әкесінің бірнеше фильмге түскенін білемін.

— Сені алғаш рет 2003 жылы студент кезімнің танымал фильмі G.O.R.A-да көрдім. Сол кезден бері әлі қытай, жапон рольдерін ойнаудасың. Қашан қазақ боласың?
— Иә, бірнеше фильм және сериалдарда шығыс азиялық типтегі рольдерді сомдаудамын. Қазақстанда «Жау жүрек мың бала» фильмінде де жоңғар ролінде ойнадым. Өзім фильм түсіріп, өзіме өзім қазақ ролін беретін шығармын.

— Ондай жоспар бар ма?
— Алдағы жазға сондай ой бар. Қазір сценарийін жазудамыз. Экшн-комедия фильм болмақ.

— Жалпы комедиялық фильмдерде ойнайтын сияқтысың?
— Көбіне солай. Бірақ, Кенан Имирзалыоғлымен бірге түскен Alacakaranlık шытырман, экшн еді.

— Сені Түркияда танымал қылған қай фильм?
— G.O.R.A. Осы фильмнен кейін толығымен кино өнеріне бет бұрдым. Жолымды ашқан осы фильм деуге болады.

— Arash-тың Donya әнінің клибіне қалай түстің?
— Ол клипте жапон мафиясын ойнадым. Клип Түркияда түсірілді. Бұрын бірге жұмыс істеген топ түсірген еді, сол жігіттер шақырды.

— Қазақстанға жиі келіп тұрасың ба?
— Кино саласында Қазақстанда да достарым бар. Жиі болмаса да барып тұрамын. Түркияда қолымнан келгенше Қазақстанды және қазақтарды жарнамалап жүрмін деп ойлаймын.

— Жақында еңбектерің үшін Түркияның бір университетінде арнайы сыйлық алыпсың. Сол туралы айта кетсең?
— Кыршехир қаласындағы Ахи Эвран Университетінде Түркі әлемі қауымдастығының «Түркі Әлеміне Қызмет» сыйлығын Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаевтың қолынан алдым.

— Сұхбатыңа рахмет, жобаларыңда сәттілік тілеймін.
— Рахмет!



Біз білмейтін қазақтар: Түркиялық қазақ актер Бахадыр Хәкім: Жазда өз фильмімді түсіремін

Біз білмейтін қазақтар: Түркиялық қазақ актер Бахадыр Хәкім: Жазда өз фильмімді түсіремін

Біз білмейтін қазақтар: Түркиялық қазақ актер Бахадыр Хәкім: Жазда өз фильмімді түсіремін

Біз білмейтін қазақтар: Түркиялық қазақ актер Бахадыр Хәкім: Жазда өз фильмімді түсіремін

Біз білмейтін қазақтар: Түркиялық қазақ актер Бахадыр Хәкім: Жазда өз фильмімді түсіремін

Біз білмейтін қазақтар: Түркиялық қазақ актер Бахадыр Хәкім: Жазда өз фильмімді түсіремін

Жаңа жыл: Кім қалай тойлайды?

«Атаңа нәлет! Мә саған, шал! Жаңа жыл біздің мейрам емес!» деген жазуы бар суретке лайк басқан соң Ақкүләнда шешесінің шырылдап жатқан телефонын алды: — Сізді де құттықтаймын. Жаңа жыл құтты болсын! Үйге келмедіңіз бе? Дастархан жасап қойдық. Мәсной салат...
Қазақта Жаңа жыл мерекесінің қалай тойланатыны, қанша бөтелке ішілетіні, қанша ішіп-жемі ысырап қалатыны белгілі нәрсе. Орысың қалай тойлайды екен? Бұл да түсінікті. Ендеше, глобусты шыр айналдыра отырып, басқа елде бұл мерекенің қалай тойланатынын оқып көрейік.
Оcылай екен...: Жаңа жыл: Кім қалай тойлайды?Финдықтар жаңа жыл кешінде балауыз арқылы болашақты болжайды. Әуелі сұрақ қояды. Ерітілген тамшысын суға тамызып, пайда болған су бетіндегі бейне арқылы болжам жасайды. Ал дәстүр бойынша дастарханда алхоры киселі мен тәтті күріш ботқасы болуы керек. Біз де ет аспай жаңа жылдық дастарханға жайғаса алмаймыз ғой. «Айй ааазз ааа тааа!» деп шулайтын біз ғой. Ал финдықтар Аяз атасын «Йоулупукки!» деп шақырады екен. «Рождестволық ешкі» деген мағынаны мыңқ еткізеді. Йоулупуккидің сыйлық толы арбасын ешкі сүйрейді екен. Финдықтар бұл атаны мейірімді, барлық тілектерді орындаушы деп түсінеді. Тіпті, сыбырды да естиді-міс. Айқайлап айтатын болса, жындар естіп қойып, тілектер орындалмай қалуы мүмкін екен.
Оcылай екен...: Жаңа жыл: Кім қалай тойлайды?Жоқ, бұл соғысқа аттану емес. Бұл — шотландықтар. Олар Жаңа жыл мерекесін Хогмани деп атайды. Біздің халық аспанға салют атып жатса, бұлар бөшкелерді қарамаймен жағып, көше бойымен дөңгелетіп жібереді. Бұл дәстүр Жаңа жылды шақыру екен. Наным-сенім бойынша жанып жатқан бөшкелерді күн деп түсінеді екен. Теңізге тастаған соң оны мекендеушілерге жарық пен жылу сыйлайды-мыс. Сонымен қатар су апатынан аман боламыз деп сенеді. Ал екінші ырым бойынша от жын-періден қорғайды. Шотландықтардың ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі тағамдары бар. Мәселен, жаңа жылдық таңғы асқа сұлы шелпегін, пудинг пен ірімшіктің ерекше сорты — кеббенді дайындайды. Ал түскі және кешкі асқа пісірілген қаз немесе бифштекс, алма қосылған бәліштерді әзірлейді.
Оcылай екен...: Жаңа жыл: Кім қалай тойлайды?Испанияда ескі дәстүр бойынша жаңа жыл кешінде әр адам 12 жүзім жеуі керек. 12 жүзім болатын себебі жылдың он екі айын білдіртсе керек. Негізі, жүзімнің дәстүрге енуі тегін емес. 1908 жылы жергілікті фермерлер жүзім арқылы пайда табуды бастады. Бүгінде дүкендерде неше түрлі құтыда түр-түрі сатылады екен. Сонымен қатар тағы бір жаңа жылдық дәстүр бар. Киім кию. Бізде түн аяз болатындықтан сыртқа күрте киіп шығамыз ғой. Ал бұлар қызыл түсті іш киім киюі керек екен, жаңа жылың құтты болғыр. Қызыл түс істің сәтті болуына, финанстың «тәтті» болуына көмектеседі-міс. Айтпақшы, жүзімнің суретін енгіздім. Өзіңізде бар дамбалдың суретін қайтесіз!?
Оcылай екен...: Жаңа жыл: Кім қалай тойлайды?Вьетнамда жаңа жылды 21 қаңтар мен 19 ақпан арасында тойлайды. Жаңа жылды тет деп атайды. Мұнда шырша, әппақ қар болмайтындықтан, ерекшелік тырманы безендіреуде болады екен. Ырымы өте жақсы безендірсе, бақыт пен байлықты тырмалауға болады деген түсінікке жақын. Аяз атасы Тао Куэн деген кейіпкер. Оны үй ішінің періштесі дейді. Ол айдаһарға айналып шығатын тұқымен көкке ұшады екен. Аспан әміршісіне адамдардың жасаған жақсы амалдарын жеткізеді-міс. Вьеатнамдықтар жақын маңда орналасқан өзен-көлге тірі тұқыны тілектерін сыбырлап айтқан соң жібереді екен.
Жаңа жылда шыршаны безендіру дәстүрі Германияда сонау орта ғасырда пайда болған. Немістер Санта Клаусты есек мініп келеді деп түсінеді. Сондықтан кебісіне шөп салады. Ал Берлинде Бранденбург қақпасының алдында жүз мыңдаған адам Шығыс пен Батыс Германияның қосылуы үшін тілек тілейді.

Біздің жастарды Англияға жіберетін. Себебі ол жақта қоңыраулар түнгі сағат он екіні соққанда ләйлі-мәжнүндер омела бұтағының астында сүйіседі екен. Жыл бойы сүйісуге уақыт таппағандай. Жалпы, қоңыраулар түнгі он екіге дейін соғыла береді. Тек оларды жай естілуі үшін көрпемен орап қояды. Өз уақытында ғана ағылшындар көрпелерді алып тастайды. Ал Британ аралдарында тұрғындар үйінің артқы есігін ашып қояды екен. Жаңа жыл келді деп сағат он екіні соққанда үйдің кіреберіс есігін ашады.

Швеция ХІХ ғасырда бірінші болып әлемге шыныдан жасалған шырша ойыншықтарын сыйлаған еді. Олар Жаңа жыл мерекесінде үйдің жарығын өшірмейді екен. Сонымен қатар барлық көшені жарықтандырады.

Француздар бұл мерекеде бәліш пісіреді. Бәліштің ішіне бір түйір ірі бұршақты (боб) салады екен. Кімнің жеген бәлішінен шықса, жаңа жыл кешінде сол адамның бұйрығына бәрі де бағынады екен.

Жапондықтар Жаңа жыл мерекесінде жаңа киім кию дәстүрін енгізген болатын. Олар мерекенің алдында тырма сатып алады екен. Вьетнамдықтар секілді бақыт пен байлықты «тырмалайтын» көрінеді. Бұлар Жаңа жылды 1 қаңтарда тойлайды. Есіктің алдына бақыт әкеледі деп бір байлам сабанды іліп қояды. Бұл ырым жын-сайтанның үйге кіруінен сақтайды екен. Жаңа жыл басталысымен-ақ жапондықтар шулықтар секілді күле бастайды. Күлкі жаңа жылда бақыт әкеледі деп түсінеді.

Еврейлер жаңа жылды Rosh Hashanah деп атайды. Бұл күн олар үшін қасиетті. Олар ең бірінші кезекте күнәларын еске алып, осы жаңа жылда жақсы амалдармен жоямын деп уәде береді. Балаларға жаңа киімдер сыйлайды. Нан пісіріп, неше түрлі жемістерді жейді.

Италияда жаңа жыл 6 қаңтарда басталады. Наным бойынша бұл түнде сиқырлы сыпырғышпен мейірімді Фея Бефана ұшып келеді екен. Ол «келіншек» үйге есіктерді алтын кілтімен ашып кіреді екен. Камин қасында ілініп тұрған балалардың шұлықтарын сыйлыққа толтырады екен. Сабағын нашар оқып, бұзықтық жасаған балаларға Бефана бір шымшым күл мен көмір салып кетеді екен. Ал Аяз атасы Баббо Натале екен. Итальяндықтар жаңа жыл кешінде терезеден ескі заттарды лақтырады екен. Неғұрлым көбірек лақтырса, жаңа жыл сондай байлыққа кенелтеді деп түсінеді. Ал ауыл жастары жеребе тартады екен. Нәтижесінде қыздары байсыз, жігіттері қатынсыз қалмайды.

Ал Австрияда жаңа жылдық сыйлық пен құттықтаудың қарапайым дәстүрі сонау XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында тарала бастаған екен. Қазіргі таңда бір-біріне неше түрлі шағын мүсіндерді сыйлайды. Пошталық ашық хат арқылы бақыттың символы болатын мұржа тазалаушы, төрт жапырақты бедені немесе шошқаның мүсінін сыйлайды. Жаңа жыл берекелі болуы үшін 31 желтоқсанда мол дастархан жаяды екен.

Брабант пен Батыс Фландрияда… Иә, мұнда бұл мерекеде патша сайлау дәстүрі бар. Арнайы 16 корольдық ашық хат (Koningsbriefs) жасалынады. Бұл ашық хаттарға сарай адамдары мен қызметшілерінің суреттері бейнеленеді. Ал ауылдық жерде мұндайды қолдан жасайды екен. Қатысушылар тәуекел деп бір-біреуден таңдап алады. Сөйтіп, таңдалған патша мен ханым кешті басқарады. Екеуінің іс-әрекеттерін қалғандары қайталайды.

Ұлыбританияда қызық дәстүр бар екен. Түн жарымда үйге ер адам кірсе, демек, сәттілік әкеледі екен. Бірақ кірген еркек сыйлық ретінде ақша, нан немесе көмір беруі керек. Құдай сақтасын дейді екен. Ашық түсті шашы бар адамның, жирен шашты адамның үйге кіруінен сақтасын дейді. Мүлдем әйел адам кірмеуі керек. Бақытсыздық әкеледі. Сонымен қатар адамдар Трафальгар алаңына Биг Беннің дыңылын есту үшін жиналады екен.
Жаңа 2015 жыл құтты болсын, оқырман! Жаңа идеялар мен жазбаларға, жаңа жобаларға толы жыл болсын! Мінеки, мен де жаңа 2015 жылдың алғашқы жазбасына нүктемді қойдым. Көп нүктемді…
Әрі қарай