«Notre Dame de Paris» мюзиклі қазақ тілінде қойылды

Астанада атақты «Notre Dame de Paris» француздық-канадалық мюзиклдің қазақ тіліндегі премьерасы өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы музыкалық жобасын жас та болса танылып үлгерген ұжым — «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Астана Мюзикл» театры ұсынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жерар Пресгурвиктің даңқын өрлеткен «Ромео мен Джульетта» мюзиклін сәтті сахналаған «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Астана Мюзикл» театры, композиторы Р.Коччанте, либретто авторы Л.Пламондонмен бірлесіп, әлемге әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклін тұңғыш рет қазақ тілінде көрерменге ұсынды.

«Менің әуенім өте ауыр, кең диапазондағы әншілер керек болды. Әртістерде таңдауда біз олар барлық ноталы анық айта алама соған басты назар аудардық. Екіншіден — олар кейіпкерердің ішкі және сыртқы күйін бере алама деген ой болды. Үшіншіден – физикалық тұрғыда кейіпкерлеріне сай болуы тиіс. Мысалы, Феб және Эсмеральда сияқты сұлу болуы тиіс, Фрол – көрнекті болуы керек болды. Біз кезең-кезеңмен келдік. Алғашқыда үміт білдірген актерлар өте көп болды. Таңдау арқылы іріктеп отырдық. Бірақ кейбіріне сіз осы рольге келмейсіз деу қиын болды», — дейді композитор Р.Коччанте.

Әлемдік деңгейде танымалдыққа ие туынды көрерменді бейжай қалдырмасы анық. Алғашқы қойылымынан-ақ үлкен табысқа қол жеткізген мюзикл Гиннестің Рекордтар кітабына енген. Дүниежүзі бойынша 11 миллионнан астам көрермен тамашалап үлгерген үздік шедевр әлемнің тоғыз тіліне аударылған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан атақты мюзиклді өзінің мемлекеттік тіліне аударған оныншы ел болып отыр. Астана тойына тарту ретінде сахналанған мюзикл – француздық шансон мен сыған мотивіне құрылған әр көріністегі әуен «Belle», «Danse mon esmeralda», «Le Temps des Cathedrales» секілді елуге жуық әннің әуені тыңдарманды бірден баурап алды.

Туындыны сахналауға 70-тен аса өнерпаз атсалысты. Әртістер, бишілер мен акробаттар және солистер бар өнерін ортаға салып, көрерменді тәнті етті. Солистерді мюзикл композиторы Риккардо Коччантенің өзі іріктеген.

«Спектаклдегі барлық актерлар кәсіби шебер, өзіңіз сахнадан көресіз. Олар дайындықта қойылымды басынан аяғына дейін толық ойнап шықты. Мен кез келген жанрда ойнауға әзір тұрған актерларды көрдім, олар жас, талантты, тәжірибесін шыңдағысы келеді. Мұның бәрі де олардың қолынан келеді»,- деді қоюшы-режиссер Роберт Мариен.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елорданың 20 жылдық мерейтойы аясында тәуелсіз Қазақстанның мәдени тарихында тұңғыш рет әлемге әйгілі «Notre Dame de Paris» мюзиклінің қазақ тілінде сахналануы еліміз үшін үлкен мәртебе. Бұл мюзикл әлемді тамсандырып, оны 11 млн астам көрермен тамашалаған.

Атақты француздық-канадалық мюзикл 2018 жылғы 18-24 желтоқсан аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында қойылады.

Астанада Аяз атаның поштасы өз жұмысын бастады

Есіл өзені жағасында «Атырау» көпірінің маңында Аяз атаның ертегідегідей резиденциясы ашылды. Оның ашылуына балалар үйінің 6-11 жас аралығындағы тәрбиеленушілері келді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.



Резиденция алдында оларды қарсы алған аниматорлар квест ойынын ойнайтып, пошта бөлімшесіне әкелді. Ол жерде олар өздерінің хаттарын жәшікке салды, барлығы отырып ортақ хат жазды. Ортақ хатта Жаңа жылдың жақсылық, қуаныш, бақыт әкелуін тіледі.



Бұл үлкен хатты эльф алып иттер жегілген шанамен Аяз атаға алып кетті.


«Жастар» сарайы директорының орынбасары Юлия Амирова айтып өткендей, балалардың қалауы жазылған сыйлықтар тізімі әкімдікке табыс етілген.



«Осы жерде бірінші — алтыншы сыныптарда оқитын оқушылар келді, бірақ балалар үйінің барлық тәрбиеленушілері Аяз атаға хат жазды.


Өткен жылы да осылай жасадық, әркім өзі қалаған сыйлығын алды. Біреуі коньки, қуыршақ үйшігін сұрайды, ересек балалардың тілегі күрделі. Мысалы, велосипед сұрайды. Негізінен, қыста балалар коньки, шана, шаңғы алғысы келеді. Бізде Ақкөл кентінің ар жағында өзіміздің мұз айдынымыз бар, оны ересек балалар құяды», — деді балалар үйінің аға тәрбиешісі Татьяна Фенина.


Балаларды Жаңа жылмен және алдағы демалыспен Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина, «Жастар» сарайының директоры Сергей Солодовников құттықтады.



Хаттарын табыстаған соң балалар ас ішіп, алып алаңда сырғанақ тепті, суретке түсті.



Аяз Атаның ертегідегідей резиденциясы 30 желтоқсанға дейін жұмыс істейді, кіру тегін. Ал «Аяз Атаның поштасы», «Қысқы дала ойын-сауықтары», «Аяз Атаның қонақ бөлмесіне» билетпен кіруге болады.


Елорда жастарына консультациялық көмек көрсетіледі

Қаланың тұрғындары қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, халықты жұмыспен қамту орталығы және өзге де ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, кеңес ала алады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

20 желтоқсанда «NEET жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамтудың жол картасы» мен «Астана жастары» ресурстық орталығы консультативтік кеңес өткізеді.

Іс-шара «Азия Парк» СОСО-да өтеді. Кез келген қала тұрғыны Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы, Астана қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы, Медиацияны дамыту орталығы және көптеген басқа ұйымдардың өкілдеріне өздерін қызықтыратын мәселелерге қатысты сұрақтарын қоя алады. Консультацияларды сондай-ақ заңгер мен психолог жүзеге асырады.

Бұл іс-шараның мақсаты – жастарға қолдау көрсету, оларға нақты мәселелер бойынша кеңес беру арқылы мемлекеттік бағдарламалардан хабардар ету, жекелей сұрақтар бойынша қала тұрғындарына көмектесу.

Тұрғындар консультацияларды 20 желтоқсанда сағат 15.00-ден 17.00-ге дейін Қабанбай батыр даңғылы, 21 мекен-жайы бойынша орналасқан «Азия парк» СОСО-да ала алады.

«Есіл» ауданында жарықдиодты шамдар орнатылуда

Астана қаласында жарықдиодтық шамдарды орнату жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Қазіргі кезде «Есіл» ауданы әкімдігі электр энергиясын үнемдеу мақсатында, энергияны көп қажет ететін шамдарды жарықдиодтық шамдарға ауыстыру жұмыстарын жүргізуде. Сол мақсатта аудан әкімдігі «Нұр жол» желекжолында 250 жарықдиодты шам орнатқан.

«Бүгінгі таңда «Астана Калалык Жарық» ЖШС мердігерлік ұйымы «Нұр жол» желекжолында энергияны көп қажет ететін 250 прожекторды энергия сақтаушы жарықдиодты шамдарға ауыстырды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда», — деп мәлімдеді «Есіл» ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінде.

Астанада жастардың қатысуымен қайырымдылық Гранд-бал өтті

Жастар балының дебютанттары «Ардагерлерді ардайық», «Жүректен жүрекке», «Ақжарқын Астана» сияқты ірі қайырымдылық шараларға қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қоғамдық даму істері басқармасы өз алдына «Астананың Қайырымдылық Гранд-балын» — жылдың қорытынды іс-шарасы ретінде ұйымдастыру міндетін қойды. Бұл – жастар үшін ең жарқын шара.

Барлық қатысушыларға көйлектерді, костюмдерді, шаштараздар мен визжистердің қызметін ұйымдастырушылар ұсынды.

«Бірінші кезекте, бұл біздің астаналық белсенді жастардың бал кеші. Бал кешіне қатысушы дебютанттар тек қана балдың дайындығына ғана емес, қайырымды істерге де қатысты. Олар қарттар үйіне, балалар үйіне барып, концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Аталған қорытынды шара біздің жастарымызды қайырымды істерді жасауға, волонтерлік қызметке, қайырымдылық іс-шараларға белсене араласуға шақырады», — деді Астана қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин.

«The Ritz-Carlton Astana» отелінің банкет залында 150 дебютант бал кешін дәстүрлі полонез биімен салтанатты түрде ашты. Сондай-ақ, бағдарламада вена вальсі, неміс, фин полькасы, кадриль және қазақ вальсі де бар.

«Аталған жоба бір ай бұрын басталған болатын. Басты мақсат – талантты, шығармашыл жастарды қолдау. Жастар балы – шығармашылық әлеуетті дамытуға қоғамның назарын аударту, волонтерлік қозғалысты ілгерілету мақсатында біріккен түрлі санаттағы жастардың жұмысының көрсеткіші.

Елорданың жас азаматтары қайырымдылық шарасына бастама болып, Тәуелсіздік күні қарсаңында Астананың аз қамтылған 150 жанұясына сыйлық түрінде материалдық көмек көрсетті», — деп мәлімдеді қалалық қоғамдық даму істері басқармасы жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Бақытжан Жүнісбеков.

Бал кешіне дайындық тыңғылықты жүргізілді. 20 күн ішінде дебютанттар күрделі би қимылдарын меңгеріп шықты. Ұйымдастырушылар айтуынша, үміткерлердің саны көп болған. Алайда кастингтен елорда жастарының әлеуметтік тұрғыда белсенділік танытқан өкілдері өтті. Олардың қатарында студенттер, құлағы нашар еститін курсант жастар, стоматолог, фармацевт, дәнекерлеушілер сияқты түрлі мамандықтың иелері бар.

«Мен жастар балы болатынын Инстаграм арқылы білдім. Бұрын ешқашан балға қатысқан емеспін.Қызықтым да өзімді осында сынап көрмек болдым. Жұмыспен қатар алып жүре алар ма екенмін деп те ойладым. Бал кешіне дайындық өте қызықты өтті. Бастысы, мен 149 дебютантпен танысып, достастым», — деді Марат Әлібек.

Құрметті қонақтардың арасында эстрада жұлдыздары, спорт шеберлері, жастар ұйымының басшылары, жастар шығармашылығының өкілдері, сондай-ақ көптеген адамдардың өміріне араша болған донорлар да қатысты.

Астанада еліміздің бас шыршасы жағылды

Астанада жаңа жылдық бас шыршаның шамдарын жағу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордадағы ЭКСПО көрмесі төрінен орын алған еліміздің бас шыршасының биіктігі 25 метр. Оны безендіруге 1200 түрлі-түсті шар мен 4 мыңнан астам жылтырақ ойыншықтар жұмсалды.

Салтанатты шараға қала әкімі Б.Сұлтанов қатысып, шыршаның шамдарын жақты.

«Жаңа жыл — әлемдегі кең көлемде аталып өтетін мерекелердің бірі. Бүгін Сіздермен бірге жылдағы дәстүр бойынша бас шырша шамдарының жағылуына куә болудамыз. Жаңа жыл отбасылық мейрам болғандықтан Астанада оған дайындықты жоғары қарқынмен жүргізудеміз. Биылғы жыл еліміз үшін де, елорда үшін де табысты болды. Алдағы жылы атқарылатын игі істер өз жалғасын табады», — деді елорда әкімі.

Шара барысында жиналған қауым еліміздің өнер жұлдыздарының концертін тыңдап, сондай-ақ отшашу рәсімін тамашалады.

Сонымен қатар, мерекелік қызықтан кішкентай көрермендер де құр қалмады, олар үшін арнайы аниматорлар мен алып қуыршақтар түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырды.

Қала бойынша шырша шамдарын жағу рәсімі ЭКСПО-дан бөлек тағы 11 жерде өтті. Атап айтқанда «Қазақ елі» монументі, «Ханшатыр» СОСО, «Ботаникалық бақ», «Президенттік саябақ», Қалалық алаң, «Столичный» саябағы, «Алатау» СК, «Жастар сарайы», «Есіл жағалауы», «Ататүрік» саябағы және «Жастар» театры алаңында.

Айта кетсек, биыл қыста қала тұрғындары мен қонақтары үшін 12 тақырыптық алаң, 32 мұз айдыны, 36 мұз төбешік және түрлі 400-ден аса жаңа жылдық шара қарастырылған.

«Тілге қолдау» кеңесші жұмыс тобының мүшелері марапатталды

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жолында аянбай еңбек етіп жүрген қоғам қайраткерлеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласы Тілдерді дамыту және арxив ісі басқармасы «Тілге қолдау» кеңесші жұмыс тобының жұмысын қорытындылады.

«Ұлы дала елінің ұлық мерекесі — Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана қаласы Тілдерді дамыту және арxив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев басқарманың жанынан құрылған «Тілге қолдау» кеңесші жұмыс тобының мүшелерін мерекемен құттықтады», деп хабарлады басқарма.

Сонымен қатар, «Үздік мекеме» байқауының қорытындысы шығарылып, «Байқоңыр» ауданында орналасқан үздік деп танылған мейрамхана иелерін марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Мүгедектігі бар барлық астаналықтар үшін тегін спорт қолжетімді бола түспек

Бұл туралы меморандумды елорда әкімдігі пен Астананың паралимпиадалық жаттықтыру орталығының «Каспий» спортты дамыту қоры бекітті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы елордада өз жұмысын осы жылы бастады. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол тек паралимпия спортшылары үшін ғана емес, дене шынықтырумен, спортпен айналысқысы келетін барлық мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де ашық болады.

Тиісті меморандумға мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында «Каспий» спортты дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Қазбек Қапанов пен Астананың қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы Ғали Исқалиев қол қойды.

«Астана әкімдігінің қолдауының арқасында бұл орталықтың 2019 жылдың 1 қаңтарында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін паралимпиадалық жаттықтыру орталығы мен «Тарлан» мұз аренасының қызметін ұйымдастыру» жобасының шеңберінде қаланың барлық мүгедек жандарын қарсы алуға бүгін толықтай дайын екендігін ауыз толтырып айта аламыз», — деді ҚР Ұлттық паралимпия комитетінің атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов.

«Анықтама үшін: Астанада 24 мыңға жуық мүгедек адам бар. Олардың жартысына жуығы – 1, 2 топтағы мүгедектер. Соның ішінде тек 300-ге жуық мүгедектігі бар спортшы «Жігер» орталығында жаттығады.

Бұл, әрине өте аз. Дегенмен бұдан былай аталмыш көрсеткіш арта түспек. 2019 жылдан бастап қаладағы барлық мүгедектер тәжірибелі және оқытылған жаттықтырушылардың жетекшілігімен спорттың оннан астам түрімен айналыса алатын болады», — деді ол.

Жүргізілген зерттеулерге сәйкес, жоба ұйымдастырушылары спорттық жаттығулардың астаналық мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың жартысынан көбінің арасында сұранысқа ие болады деп күтеді. Паралимпиадалық жаттықтыру орталығының күніне 780 адамды қабылдайтын қауқары бар.

«Тарлан» мұз аренасы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін келесі жылдың шілдесіне қарай бейімдендіріледі деп жоспарланып отыр.

Елбасы кітапханасында сирек кездесетін экспонаттар ұсынылды

Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Әлем халықтарының музыка аспаптары», «Қазақстанның спорттық даңқы» атты тұрақты тың экспозициялардың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Музыка аспаптарының жинағы Елбасы Н. Ә. Назарбаевқа шет мемлекет пен үкімет басшыларының, халықаралық ұйымдар мен қорлардың, шетелдік делегациялардың, ел тұрғындарының тарту еткен сыйлықтарынан тұрады. Музей жинағындағы музыка аспаптарының коллекциясына қарапайым аспаптардан бастап, құрылымы мен музыкалық орындау мүмкіндіктері бойынша аса күрделі құралдар да кіреді. Олардың арасында үрмелі, шертпелі, ысқылы, ұрмалы және механикалық сынды музыка аспаптардың барлық түрлері кездеседі.

Олардың арасында дан бау – бір пернелі цитра — вьетнам ұлттық музыкалық аспабы (Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангтың сыйы), 1940-1950 жылдардағы «Граммофон» артели өндірісінің патефоны және Күләш Байсейітованың, Федор Шаляпин, Петр Чайковскийдің орындауындағы орыс романстарының 1940-1960 жылдардағы сирек пластинка коллекциясы бар. Сирек құнды сый арасында — сондай-ақ, қолдан жасалған шарманка бар.

Экспозицияға жалпы есеппен 35 жәдігер қойылған.

«Қазақстанның спорттық даңқы» экспозициясында Мемлекет басшысына отандық, шетелдік спортшылардың тарту еткен сыйлықтары, Елбасының жеке архивіндегі құжаттар, ҚР Ұлттық олимпиада комитеті ұсынған материалдар мен спортшылардың жеке заттары ұсынылған. Жәдігерлердің қатарынан келушілер В.Жиров пен М.Мәзімбаевтың белбеуін, А.Винокуровтың велосипеді мен киімін, саяхатшы-байкер Д.И.Петрухиннің сыйлықтарын көре алады.

Мүмкіндігі шектеулі жандар IT мамандықтарын тегін меңгереді

Тыңдаушылар интернет-маркетинг, бағдарламалау және дизайн сияқты ІТ саласының үш бағыты бойынша білім алады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Интернет-технология» инновациялық мектебінің негізін салушы Әмір Сүлейменов мүгедектерді IT саласының 3 бағыты бойынша тегін оқытатынын хабарлады.

Оқу қашықтықтан жүргізіледі, сондықтан курсқа Қазақстанның кез келген өңірінің азаматы өтініш бере алады. Қазіргі таңда мектепке 50 адам жазылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарды үш негізгі бағыт бойынша оқытады: интернет-маркетинг, бағдарламалау және дизайн.

«Қазір сұранысқа ие мамандықтарға СММ-менеджмент, сайт жасау, интернет-магазин, андройд-қосымшалар әзірлеу, веб-дизайн жатады. Кезінде мен де халықаралық олимпиадаға барар жолда көлік апатына ұшырап қалдым. Арбаға таңылған соң, мен қиындықтарға соқтықтым. Біздің білім беретін орындарда лифтілер, пандустар жоқ. Менің алдымда осылай жатып қалу, не тіршілік жасау таңдауы тұрды. Мен программист мамандығын таңдадым. Себебі ол әлемнің кез келген нүктесінен қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді», — дейді Ә.Сүлейменов.

Бүгін «Интернет-технология» мектебінен Астана, Қарағанды, Петропавл қаларынан мүмкіндігі шектеулі 40 жуық адам оқудан өткен.

Әмір Сүлейменов адамдарды оқытуды оңалту орталықтарынан бастаған, онда білімі жоғары, тәжірибесі бар адамдар тек зейнетақымен жүргенін көрген. Қазіргі күнде Әмірдің курсынан өткен көптеген адам өз ісін бастаған немесе ірі корпорацияларда жұмыс істейді.

«Курстан өткендердің 80 % жұмысқа тұрды. Біз оларды СММ менеджментке оқыттық: әлеуметтік желілерде мақсатты аудиторияны қалай табуға және инстаграмда тауарды және қызмет көрсетуді қалай көрсету керектігін үйреттік» — дейді ол.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарды тегін оқыту туралы толық ақпаратты isit.kz сайтынан біле аласыз.