Елбасы кітапханасында сирек кездесетін экспонаттар ұсынылды

Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Әлем халықтарының музыка аспаптары», «Қазақстанның спорттық даңқы» атты тұрақты тың экспозициялардың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Музыка аспаптарының жинағы Елбасы Н. Ә. Назарбаевқа шет мемлекет пен үкімет басшыларының, халықаралық ұйымдар мен қорлардың, шетелдік делегациялардың, ел тұрғындарының тарту еткен сыйлықтарынан тұрады. Музей жинағындағы музыка аспаптарының коллекциясына қарапайым аспаптардан бастап, құрылымы мен музыкалық орындау мүмкіндіктері бойынша аса күрделі құралдар да кіреді. Олардың арасында үрмелі, шертпелі, ысқылы, ұрмалы және механикалық сынды музыка аспаптардың барлық түрлері кездеседі.

Олардың арасында дан бау – бір пернелі цитра — вьетнам ұлттық музыкалық аспабы (Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангтың сыйы), 1940-1950 жылдардағы «Граммофон» артели өндірісінің патефоны және Күләш Байсейітованың, Федор Шаляпин, Петр Чайковскийдің орындауындағы орыс романстарының 1940-1960 жылдардағы сирек пластинка коллекциясы бар. Сирек құнды сый арасында — сондай-ақ, қолдан жасалған шарманка бар.

Экспозицияға жалпы есеппен 35 жәдігер қойылған.

«Қазақстанның спорттық даңқы» экспозициясында Мемлекет басшысына отандық, шетелдік спортшылардың тарту еткен сыйлықтары, Елбасының жеке архивіндегі құжаттар, ҚР Ұлттық олимпиада комитеті ұсынған материалдар мен спортшылардың жеке заттары ұсынылған. Жәдігерлердің қатарынан келушілер В.Жиров пен М.Мәзімбаевтың белбеуін, А.Винокуровтың велосипеді мен киімін, саяхатшы-байкер Д.И.Петрухиннің сыйлықтарын көре алады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше