Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған тегін курстар

Астанада мүмкіндігі шектеулі жандарды, соның ішінде есту қабілеті нашарлаған жандарға әшекейлер, түрлі бұйымдар жасауды үйрететін курстар ашылды.

– Алғаш рет курстар 2010 жылы өткен. Өткен жылы елорда әкімдігінің қолдауымен, «Көмек» әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. Онда сұлулық салоны бар, мүгедектігі бар астаналықтарды оқытып жүргенімізге бір жыл болды. Үш айлық оқу аяқталған соң тәжірибе басталады. Былтыр курсты тәмамдаған қыздардың жартысы осы салонда, кейбір басқа жерлерде жұмыс істеп жүр, — дейді «ЖасНұр» саңыраулар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қызылгүл Сембина.

Астана жаңалықтары: Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған тегін курстар

Биыл сабақтар мамыр айында басталды. Шаштараздың, маникюр шеберлерінің курстары бар, жобаны іске асырған уақыттың ішінде 50 астам мүмкіндігі шектеулі тұлға оқытылды, енді олар қызмет көрсетіп, ақша таба алады, жұмыссыздар санатынан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына өтеді. Бұл жолы мүгедектігі бар 15 адам оқып жатыр. Салондағы курстардан басқа, табиғи тастардан әшекейлер жасау бойынша сабақтар өткізіліп, тігін шеберханалары жұмыс істейді. Күзге қарай кілем тоқу үйірмесін, жиһаз цехын ашу жоспарланған.

– Топқа көп адамды қабылдауға болмайды, бір топта 5-6 адам ғана оқиды, сонда тиімді болады, сонымен қатар, бізбен бірге ым тілінің мамандары да жұмыс істейді,- деді Қ. Сембина.

Бұдан басқа, Орталықта халықтың мұқтаж топтарына, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, мүгедектерге, көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға киім-кешек, ойыншықтар, кітаптар, аяқ киім, азық-түлік түрінде қайырымдылық гуманитарлық көмек көрсетіледі.

Мүдделі азаматтар 39-00-63, 39-00-61 телефондары бойынша хабарласа алады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Астанада заңсыз қоқыс орындары анықталды

Астана жаңалықтары: Астанада заңсыз қоқыс орындары анықталды

Елордада қала аумағын абаттандыру мен жақсартуға ерекше назар аударылады. Күн сайын Астанада 1000 тоннадан астам қоқыс жиналады. Елорданы абаттандыру ережелеріне сәйкес ол көму үшін заңды полигонға шығарылады.

Арнайы құрылған жұмыс топтары Астанада тазалықтың сақталуын бақылайды. Бүгін қала аумағын тексеру аясында абаттандыру ережелерін бұзудың бірнеше фактісі анықталды.

Жұмыс тобының өкілдері «Құлагер» ЖШС құрылыс объектісі аумағында көмілген қалдықтарды тапты. «Есіл» аудандық табиғат қорғау полициясының инспекторы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес, «Құлагер» ЖШС басшылығын әкімшілік жауапкершілікке тартып, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу туралы хаттама берді.

Экология департаменті ҚР экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес компания басшылығын әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шараларды қабылдайды.

Сонымен қатар, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін «Арман құрылыс» ЖШС 30 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі керек. Жұмыс тобының өкілдері жұмыстар жүргізіліп жатқан аумақтардың қоршалмағанын, бірақ белгілер қойылып, ленталар тартылғанын, құрылыс қалдықтары уақытылы шығарылмайтындықтан қоқыс орындары пайда болғанын анықтады.

Елорданы абаттандыру ережелерін сақтау бойынша рейдтер тұрақты түрде өткізіледі. 18 сәуір мен 18 мамыр аралығында өткен экологиялық айлық барысында заңсыз қоқыс орындарынан 10 мыңнан астам қоқыс шығарылды.

Еске салайық, өткен аппарат отырысында қала әкімі қалалық қызметтерге екі аптаның ішінде құрылыс және тұрмыстық қоқыс тастау орындарын тазалап, елорданы абаттандыру мен санитарлық нормаларды бұзуды жоюды тапсырған болатын.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10678
Әрі қарай

Ертең «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары марапатталады

Астана жаңалықтары: Ертең «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары марапатталады

3 маусымда Бейбітшілік және келісім сарайында сағат 15:00 «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.

Конкурсқа қатысушылар үш кезеңнен өтеді – аудандық, облыстық және республикалық.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу Ережелеріне сәйкес, үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап Астана қаласының тұрғындарынан құжаттар қабылдана бастады. Аталған кезеңде қала әкімдігіне елордалық отбасылардан 94 өтініш келіп түсті. Кандидаттардың ішінде әр түрлі тарихы бар және отбасылық бақытқа қол жеткізудің ерекше жолдарын білетін әулеттер бар.

Конкурс қорытындысы бойынша үздік отбасыларды марапаттау салтанатында қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10677
Әрі қарай

Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?

Әдетте кино өнерін екіге жіктеп жатамыз – бұқаралық және авторлық. Бұқаралық фильмдер өндірісі бизнес жоба ретінде қарастырылады, сәйкесінше, бұндай өнімдердің басты мақсаттарының бірі – табыс табу. Авторлық киномен әуестенетіндер үшін жағдай сәл басқашалау – олар жұмыстарына қаржыны өз қалтасынан, не болмаса, тынымсыз шапқылап, қалталы азаматтардың табалдырығын тоздырып жүріп жинаған демеушілік көмектен табады. Әдетте авторлық кино табыс әкелмейді, түрлі фестивальдар аралап, конкурстық ғұмырмен шектеледі.

Бірақ фестивальдарға да белсене қатысып, жалпы қауымға да кеңінен тарай алатын фильмдер бар, сондай өнімдерді жасай алатын әмбебап, интеллектуал шеберлер кездеседі. Көп емес, әрине. Бірақ бар.

Киностан: Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?
«The Hollywood Reporter: Russian Edition» (THR) басылымы ағайынды Коэндердің және солар түсірген «Цезарь жасасын!» фильмінің мысалында тәуелсіз және авторлық киноның коммерциялық қырлары туралы баяндапты. Мақала авторы Владимир Захаров, жазбасында артхаус тек жүлделер жинап қоймай, кассалық жетістіктерге де жете алатыны жайында айтыпты. Сол материалдың еркін тәржімәсін назарларыңызға ұсынамыз.

Ағайынды Коэндер бизнес-тәртіпке және жауапкершілікке өздерінің алғашқы жобалары — «Жай ғана қан» («Blood Simple») фильмін түсіру кезінде-ақ үйренген. Картинаны қаржыландыру үшін олар «Зұлым өліктерді» («Evil Dead») түсірген Сэм Рэймидің жолын таңдапты: Джоэл мен Итан оператор Барри Зонненфельдпен бірге екі минуттық трейлер түсіріп, оны болашақ инвесторларға көрсетеді.

Жас Джоэл Коэн қолына трейлер мен 16 мм-лік проекторды ұстап алып, дантистердің, архитекторлардың, сұлулық салон басшыларының, Миннесотаның басқа да белгілі кәсіпкерлерінің табалдырығын тоздырады. Жиырма шақты кездесудің ішінен біреуі қаржы бөлуге келіскен, сөйтіп ол 750 мың долларды жинауға бір жылға жуық уақытын жұмсапты.

Киностан: Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?
«Жай ғана қан» жобасында 60 шақты инвестор болған, олардың басым бөлігі өндіріске 5-10 мың доллар көлемінде қаржы салғандар. Бір қызығы – ағайындылар осы алғашқы фильмдерінен кейін өз өнімдеріне ешқашан қаржы іздемеген екен. «Жай ғана қан» «Санденс» фестивалінің бас жүлдесін иемденеді және кинотеатрлардан көрсетіледі. Осыдан кейін режиссерлерге ақша ұсынатын ниеттілер өздері табылатын болған.

Тәуелсіз кино әдетте алдын-ала сатылым арқылы қаржыландырылады. Дайын сценариймен және қатысуға келісім берген жұлдыздармен продюсер немесе режиссер болашақ прокатшысын іздейді. Өз өніміңе серіктестер іздеуге Канн кинофестивалі секілді ірі форумдар аясында өтетін кинонарықтар арқылы қол жеткізуге болады. Сатушы бұндайда бірден ақша алмайды, тек жобаның дамуына ықпал ететін уәде-келісімдерге қол жеткізеді. Осындай уәделердің арқасында инвестиция мен кредит тартуға мүмкіндік туады.

Қазір ағайынды Коэндерге инвесторлардың өздері кезекке тұратын көрінеді. Бұған «Бартон Финктің» («Barton Fink») Канндағы жетістіктері, екеуінің алғашқы «Оскарлары» көп септігін тигізіпті. «Цезарь жасасын!» және тағы бірқатар фильмдерді олар британдық Working Title киностудиясымен бірге істеді, «Льюин Дэвистің ішкі әлемін» француздардың Studio Canal компаниясы қаржыландырды, ал «Нағыз мәрттік» («True Grit») әдетте боевиктер түсіретін Skydance есебінен қаржыландырылды.

Киностан: Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?
Кім қаржы құйса да, ағайынды Коэндер шығармашылық еркіндікті және ақырғы монтаж құқығын қашан да өздеріне қалдырады. Сөйте тұра олар ақшалай табысқа да қол жеткізіп жүр. Джоэл мен Итанның карьерасында бір ғана күйреу болды: олардың алғашқы голливудтық тәжірибесі — «Хадсакердің өкілі» («The Hudsucker Proxy»). Warner Bros. студиясы өндірген жоба 40 млн долларлық бюджетпен 3 миллиондай ғана тапты.

Осыдан кейін ағайындылар шағын бюджетті жобаларға қайтып оралып, 7 миллионға «Фаргоны» түсірді. Олардың қаржылық стратегиясы да осылай қалыптасты: күмәнді жобалар шағын бюджетке түсіріліп, шектеулі прокатпен шығады, ал елеп-екшелген, бұқараға түсінікті фильмдер ірі өндірістік шығындармен, атақты жұлдыздармен жасалады және барынша көп кинотеатрларды қамтуға тырысады.

Жобаның ауқымына қарамастан, киножүлделер мен фестивальдар жарнама мен маркетинг үшін маңызды болып қала береді. Коэндер өнімдерін Каннға да, Венецияға да әкелуге тырысады, сондай-ақ марапаттар маусымы – қыркүйек-желтоқсан аралығында оларды прокатқа да жіберуге ұмтылады. Мысалы «Нағыз мәрттік» 2010 жылы Рождество қарсаңында жарық көрді және келесі жылдың сәуір айының соңына да дейін Америкада экраннан түскен жоқ. Бұндай жетістікке марапаттар маусымы әсер еткені анық, фильмнің марапатталғаны туралы әрбір жаңалық оның кинотеатрдағы көрсетілім кезеңін ұзарта түсті.

Бірақ олардың соңғы туындылары «Цезарь жасасынның» жағдайы сәл басқашалау. Фильм «Оскар» номинанттары жарияланғаннан кейін көрсетіле бастады. Марапаттар маусымына сәйкес келмеуі оның кассалық түсіміне кері әсерін тигізуі де мүмкін еді. Алайда, фильм Берлин фестивалінде таныстырылғанын да ұмытпау керек. Түрлі қатерге қарамастан картина шығынын екі есе ақтап алды.

АҒАЙЫНДЫ КОЭНДЕРДІҢ ЕҢ КАССАЛЫ ФИЛЬМДЕРІ
Киностан: Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?
Әрі қарай

Астана мен Сеул дәрігерлері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Астана жаңалықтары: Астана мен Сеул дәрігерлері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Медициналық туризмді дамыту аясында Астана мен Сеул дәрігерлері денсаулық сақтау саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық орнату туралы меморандум жасасты. Кореялық дәрігерлер елордалық медицина қызметкерлеріне мемдициналық мекемелерді тиімді басқару әдістерін үйретеді. Сонымен қатар, биыл елордалық дәрігерлер Сеулдегі Корея денсаулық сақтау индустриясын дамыту институтында тағылымдамадан өтеді.

Өзара іс-әрекеттің бірінші кезеңінде корейлік тарап Астананың денсаулық сақтау саласындағы ағымдағы жағдайды зерттеп, талдау жасайды. Атап айтқанда, менеджмент, медициналық және ақпараттық технологиялар, ауруханалардың, емханалардың және перинаталдық орталықтардың жабдықталуы қаралады.

Кореялық менеджерлер мен докторлардан жұмыс тобы құрылады, олар елордалық медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерін оқытатын болады.

Астаналық дәрігерлермен бірлесіп жұмыс істей және пациенттерді емдеу үшін №1 қалалық аурухана базасында кореялық медициналық орталық құру жоспарланған. Сонымен қатар кореялық дәрігерлер қазақстандық әріптестеріне ауыр аурулардың салдарымен күреспеу үшін профилактикалық медицинаны дамытуды ұсынды. Кореялық сарапшылардың айтуынша, денсаулық сақтауды дамыту үшін Астананың әлеуеті зор, медициналық ұйымдар жоғары деңгейде жабдықталған, тек кадрлық саясатты және менеджментті ғана жақсарту керек.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10662
Әрі қарай

Елордалық алаңдарда мерекелік концерттер өтіп жатыр

Астана жаңалықтары: Елордалық алаңдарда мерекелік концерттер өтіп жатыр

Бүгін Астанада Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтуде.

«Жастар» сарайының алдындағы алаңда кішкентай елордалықтар үшін түрлі конкурстар мен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. «Жастар» сарайындағы үйірмелер мен секциялардың тәрбиеленушілері сахнада өздерінің спорттық және музыкалық таланттарын паш етті. Сонымен қатар, қаланың басқа да мекемелерінен де балалар шақырылды.

Концертті ересектер де тамашалады. Елорда тұрғыны Дирия Аманбаева – зейнеткер, ол бүгінгі мерекеге немересімен бірге келген екен.

– Бүгін атаулы күн – немерем Ақмаржанның алғашқы Балаларды қорғау күні мерекесі. Ол бір жасқа толды, бұл ол үшін жаңа нәрсе, балалар көп, өте қуанышты. Менің жеті немерем бар, бәрі де талантты: бірі әнші, бірі биші. Балаларға қарап тұрып, болашақта немерем немен шұғылданады екен деп ойланып қалдым. Нақты айта алмаймын, бірақ меніңше, әнші болатын сияқты, — дейді Дирия Аманбаева.

Shami-NS білім беру және спорт орталығы шәкірттерінің өнері мереке қонақтарын тәнті етті. Олар каратэден өз машықтарын ортаға салды.

– Менің ұлым Никита 11 жаста. Ол 2015 жылдың тамыз айынан бастап жаттығады, осы уақыттың ішінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Оның каратэге бар деп ешкім де мәжбүрлеген жоқ. Ол осы спорт түрін ұнатады, қазір көк белбеуі бар, қалалық жарыстарға қатысып, тәжірибе жинайды, – дейді қала тұрғыны Дмитрий Горбачев.

Мерекелік бағдарлама қанық болды, балалар концерт те тамашалады, интерактивті конкурстарға да қатысты.

– Бүгінгі концерттік бағдарламаға сарайдағы үйірмелерге келіп жүрген балалардан басқа, Астана қаласындағы вокалдық студиялардан, білім беру және спорт орталықтарынан, шығармаылық ұжымдардан да балалар атсалысуда. Қазіргі кезде «Жастар» сарайында 7 үйірме жұмыс істейді. Бүгін концерттік бағдарламадан басқа, көпшілікпен интерактив, асфальтқа сурет салудан конкурс өтеді, – деді «Жастар» сарайының директоры Сергей Солодовников.

Еске салайық, «Жастар» сарайы Балаларды қорғау күні қарсаңында балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мерекелік шара ұйымдастырған болатын. 30 мамырда Есіл балалар үйінің тәрбиеленушілері және мүмкіндігі шектеулі 12 бала орталық парктегі аттракциондарға барды.

Бүгін қала бойынша концерттер мен ойын*сауық бағдарламалары ұйымдастырылып жатыр. Қаржы министрлігінің алдындағы алаңда кішкентай елордалықтар үшін қызықты ойындар, асфальтқа сурет салудан «Граффити» конкурсы мен флешмоб өткізілді.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10661
Әрі қарай

Астанада стритболдан Әлем чемпионаты басталды

Астана жаңалықтары: Астанада стритболдан Әлем чемпионаты басталды

Астанада көше баскетболынан ерлер мен әйелдер командаларының арасында әлем біріншілігі өтіп жатыр. Стритболдан «Астана Опера» театрының алдындағы ашық алаңдағы 3x3 форматындағы кездесулер 5 маусымға дейін жалғасады.

Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) басқарушы директоры Алекс Санчестің атап өтуінше, Әлем біріншілігін өткізу үшін Қазақстанның таңдалуы кездейсоқ емес. Стритболды барша әлемде, соның ішінде біздің де елімізде дамыту көзделген. Оның айтуынша, арнайы турнир үшін доптың жаңа түрі жасалды, ол жабынымен және өлшемімен ерекшеленеді.

— 2015 жылы Қазақстан турнирді өткізу мәртебесіне ие болды. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам ойыншыны көріп отырмыз. Балалар үшін арнайы ойын алаңдарын салдық, 8-10 жастағы балалар стритболға әуес болады, біз үшін осындай көше мәдениетінің ұйымдасқан және белгілі бір бағытта дамығаны, салауатты өмір салтын ұстану маңызды, — деді Қазақстанның стритбол лигасының вице-президенті Асхат Ағыбаев.

Елордада ерлер мен әйелдер құрамалары бас жүлдені сарапқа салуда. Жарыс төрт топта өткізіледі. Бүгін ерлер командасы Румыния құрамасымен алғашқы ойынын өткізеді. Ал әйелдер Нидерланды командасымен шеберлік байқасады.

Астанада өтіп жатқан әлемдік додаға Жаңа Зеландиядан өткен жылғы үздік ойыншы Тай Виньярд та келді.

— Осында қайтып келу мен үшін үлкен құрмет, айналадағының бәрі керемет, қала жақсы дамып келеді. Шын мәнінде, барлық командалар да мықты, бірақ Австрия, испан командаларын ерекше атап өтпекпін, олар күшті, бір топты бөліп айту қиын. Осында болғаныма қуаныштымын, меніңше, бұл тамаша бірлескен жұмыс болады, — деп спортшы өз ойымен бөлісті.

Чемпионатқа келушілер қызықты ойын-сауық бағдарламасын тамашалайды. Үлкен аумақта баскетболдан және стритворкауттан шеберлік сыныптары өткізіледі, алғаш рет фристайлерлер мен ұшатын баскетболшы-акробаттар өнер көрсетеді.

Айта кетейік, осы күндері жаппай көше турнирлері, соның ішінде Астана кубогы да ұйымдастырылады, оған 10 жастан асқандар қатыса алады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10660
Әрі қарай

Елордада Балаларды қорғау күні мерекеленуде

Таңертеңнен бері қалалық парктерде балалардың сыңғырлаған күлкісі естіліп жатыр. Қала бойынша Балаларды қорғау күніне орайластырылған түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Мерекеге орай бүгін автобустарда 15 жасқа дейінгі балаларға жол жүру тегін. Мерекені атап өту үшін Студенттік және Астаналық парктерге жүздеген бала келді.

Астана жаңалықтары: Елордада Балаларды қорғау күні мерекеленуде

Студенттік паркте мереке таңғы жаттығудан басталды. Содан кейін кішкентай көрермендердің назарына мерекелік концерт ұсынылды. Түрлі көлемдегі батуттар, тәтті-дәмділер, аттракциондар балаларға жақсы көңіл күй сыйлады.

Астана жаңалықтары: Елордада Балаларды қорғау күні мерекеленуде

Мерекеге орай безендірілген бесік арбалар шеруі өткізілді. Парктен жедел жәрдем көлігі сияқты немесе ұлттық нақышта безендірілген арбаларды кездестіруге болады. Енді біреулері ертегідегі перінің қанатындай арбаға қанат бітірген. Алты айдан бір жасқа дейінгі балалар еңбектеп жарысты, одан үлкендеу балалардың арасында велосипедшілер чемпионаты ұйымдастырылды.

Астана жаңалықтары: Елордада Балаларды қорғау күні мерекеленуде

– Барлық кішкентай астаналықтарды, олардың ата-аналарын мерекемен құттықтаймын! Балаларға оқуда озат болуды, бақыт пен қуанышқа толы балалық шақ тілеймін! Ал біз, ересектер олардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеуге тырысамыз. Меніңше, бүгінгі шара отбасылық қарым-қатынасқа өз пайдасын әкелуі керек, – деді «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары Қасымхан Сенғазыев.

Студенттік паркте балалар мерекесі қуыршақ театрының спектаклімен аяқталды.

Кішкентай елордалықтарға арналған мерекелік шара Астаналық паркте де ұйымдастырылды. Балалар мен ата-аналарды ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова құттықтады. Паркте өнер көрмесі мен сурет байқауы өткізіліп, балаларға арналған шеберханалар, зияткерлік және спорттық ойындар ұйымдастырылды.
Әрі қарай

КарЛаг (фоторепортаж)

31 мамыр — Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде көптен жоспарлап жүрген КарЛаг мұражайына жолым түсті. "Қаралы күн" деп айта салғанмен, бұл қайғы-қасіретті қазақ ұмытпауы керек. Ұмытпау деген бір бөлек, бұл кешірілмейтін зұлымдық! Шіркін, сол солақай саясат болмағанда қазақтың саны әжептәуір болатын еді-ау! Ашаршылықты қолдан жасау үшін қандай қатыгез адам болу керектігін елестете алмаймын.
1. Сталинизм
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
2. Шаш ал десе бас алар
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
3. КарЛаг басшысының кабинеті
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
4. Хатшының орны
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
Мұражайда камераның «вспышкасын» қолдануға тыйым болғаннан кейін барлық фотоларды ұялы телефонға түсірдім.
5.
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
6. Абақты
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
7. Зындан
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
8. Жазалау камерасы
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
9.
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
10.
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
11. Зертхана
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
12. Айдаудағы адам
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
13. Ажалын күткен әйел
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
14. Ленинизм
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
15.
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
16.
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
17. Тәркілеу
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
18. Сананы сыммен торлаған кезең
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)
19.
Блог - ErzhanKhamitov: КарЛаг (фоторепортаж)

1 сағат жүріп көргенімді суретпен жеткізуге тырыстым. Бірақ, көзбен көргендегідей әсер алу қиын. Қайғылы әуенмен сүйемелдеп тұратын абақтыға кіргеннен-ақ бойыңыз шымырлап қоя береді. Мұражайда муляждардан бөлек құнды құжаттар да бар. Қазағым деп еңіреген зиялы қауымның суретін осы мұражайдан көргенде Голощекинді тірілтіп алып қайта өлтіргің келеді.
Бұндай қорқынышты жағдай ендігәрі адамзаттың тарихында болмаса екен!

КарЛаг мұражайын көрмегендер болса келіп көруге кеңес беремін! Мекен-жайы: Қарағанды облысы, Долинка кенті, Школьная көщесі 39. Дүйсенбі күні демалыс.

Күнделікті түсіріп жүрген суреттерімді @erzhan_khamitov инстаграмға салып отырамын. Қызықтырып жатса тіркеліңіз)

«АЛЖИР» мұражайы бірегей экспонаттармен толықты

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында «АЛЖИР» мұражайында тұтқындардың жеке заттары мен бірегей материалдарының көрмесі ашылды. Көрмеде ақтау туралы анықтамалар, тұтқындардың хаттары, олардың киімдері мен тұрмыстық заттары көпшілік назарына ұсынылған. Мұражай қызметкерлері үлкен зерттеу жұмысын жүргізіп, экспонаттарды Ақтөбе, Атырау, Екатеринбург және басқа да қалаларға іс сапарлары барысында жинаған.

Астана жаңалықтары: «АЛЖИР» мұражайы бірегей экспонаттармен толықты

– «АЛЖИР» мұражайының қызметінің негізгі бағыты – экспонаттар жинау, қызметкерлер Қазақстанның, таяу шетелдердің қалаларын аралайды. Сапар барысында қуғын-сүргінге ұшырағандардың, жер аударылғандардың ұрпақтарымен байланысты үзбеуге тырысамыз, ал олар өз кезегінде, бізге материалдар – туған-туыстарының құжаттарын, суреттерін, жеке заттарын береді. Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай мұражайда іс сапарлар барысында жиналған жаңа экспонаттардың негізінде көрмелер ұйымдастырылады. Көп жағдайда тұтқындардың ұрпақтарының өздері бізді интернет, сайт арқылы тауып, осында келіп жатады, – дейді «АЛЖИР» мұражайының жоғары санаттағы маманы Евгения Зеер.

Көрме залынан 30-шы жылдары атылып кеткен Мырзағұл Атаниязовтың, лагерь тұтқындарының бірі Ғайсина Ғайнижамалдың, Роза Цыпкинаның және т.б. фотосуреттері мен жеке заттарын көруге болады.

Астана жаңалықтары: «АЛЖИР» мұражайы бірегей экспонаттармен толықты

Келушілер инсталляцияларды тамашалап, өткен жылдарда орнаған атмосфераны сезінеді. Зал экспозициясы «Кісен» инсталляциясымен ашылады – бұл түрме камерасының имитациясы, одан кейінгі «АЛЖИР» диорамасында қыс және жылы кездердегі лагерьдегі өмір көрсетілген. Мұнда тігін фобрикасының, бесігі бар барактың фрагменттері мен көптеген тұтқындардан жауаптар алынған тергеушінің кабинеті жасалған.

Мұражай кешенінде терезелер жоқ. Жарық төбедегі атриумнан түседі.

«АЛЖИР» мұражайы 2007 жылы ашылды. Ол лагерь тұтқындары отырғызған алма бағының орнында орналасқан. Лагерьдің өзі, барактар, тігін фабрикасы және аурухана қазіргі Ақмол ауылының аумағында болған.

Лагерьде 18 мыңға жуық адам қамалған. Бүгінгі таңда бізге белгілі мәліметтер бойынша 7 мыңнан астамы өз мерзімдерін толық өтеген, олардың есімдері Еске алу қабырғасында жазылған. Кейбір мемлекеттердің елшіліктері түрлі ұлт өкілдерін есте сақтаудың құрметіне естелік плиталар орнатты. Лагерьде барша КСРО-дан 62 ұлт өкілдері жазасын өтеген.

Мұражайдың жанындағы кішкентай барактың көшірмесі келушілер мен туристердің үлкен қызығушылығын тудырады.

– Баракта «АЛЖИР» тұтқындарының балалаларын тартып алу» диорамасы жасалған, яғни әйелдерді қамауға алып, кішкентай балаларымен бірге лагерьге әкелген, ал үш жасқа толғанда оларды балалар үйіне берген. Әрине, бұл процедура аналар үшін өте ауыр болады. Өйткені, әуелде олар балалардың қайда жіберілетінін білмеген, хаттар, сұраулар жазып, оларды іздеп-табуға тырысқан, – дейді Евгения Зеер.

Сонымен қатар, мұражай аумағында «Қайғы қақпасы» монументі, шолу мұнарасы, «Күрес пен үміт» және «Ашыну мен дәрменсіздік» секілді екі мүсіндік композиция, сондай-ақ «Еске алу қабырғасы», ГУЛАГ картасы салынған «Жас» стелласы бар.

Ертең, 31 мамырда мұражайда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған салтанатты митинг өтеді, бір минут үнсіздік жарияланып, жазаланғандардың ұрпақтарының қатысуымен гүл шоқтары қойылады.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай