Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?

Әдетте кино өнерін екіге жіктеп жатамыз – бұқаралық және авторлық. Бұқаралық фильмдер өндірісі бизнес жоба ретінде қарастырылады, сәйкесінше, бұндай өнімдердің басты мақсаттарының бірі – табыс табу. Авторлық киномен әуестенетіндер үшін жағдай сәл басқашалау – олар жұмыстарына қаржыны өз қалтасынан, не болмаса, тынымсыз шапқылап, қалталы азаматтардың табалдырығын тоздырып жүріп жинаған демеушілік көмектен табады. Әдетте авторлық кино табыс әкелмейді, түрлі фестивальдар аралап, конкурстық ғұмырмен шектеледі.

Бірақ фестивальдарға да белсене қатысып, жалпы қауымға да кеңінен тарай алатын фильмдер бар, сондай өнімдерді жасай алатын әмбебап, интеллектуал шеберлер кездеседі. Көп емес, әрине. Бірақ бар.

Киностан: Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?
«The Hollywood Reporter: Russian Edition» (THR) басылымы ағайынды Коэндердің және солар түсірген «Цезарь жасасын!» фильмінің мысалында тәуелсіз және авторлық киноның коммерциялық қырлары туралы баяндапты. Мақала авторы Владимир Захаров, жазбасында артхаус тек жүлделер жинап қоймай, кассалық жетістіктерге де жете алатыны жайында айтыпты. Сол материалдың еркін тәржімәсін назарларыңызға ұсынамыз.

Ағайынды Коэндер бизнес-тәртіпке және жауапкершілікке өздерінің алғашқы жобалары — «Жай ғана қан» («Blood Simple») фильмін түсіру кезінде-ақ үйренген. Картинаны қаржыландыру үшін олар «Зұлым өліктерді» («Evil Dead») түсірген Сэм Рэймидің жолын таңдапты: Джоэл мен Итан оператор Барри Зонненфельдпен бірге екі минуттық трейлер түсіріп, оны болашақ инвесторларға көрсетеді.

Жас Джоэл Коэн қолына трейлер мен 16 мм-лік проекторды ұстап алып, дантистердің, архитекторлардың, сұлулық салон басшыларының, Миннесотаның басқа да белгілі кәсіпкерлерінің табалдырығын тоздырады. Жиырма шақты кездесудің ішінен біреуі қаржы бөлуге келіскен, сөйтіп ол 750 мың долларды жинауға бір жылға жуық уақытын жұмсапты.

Киностан: Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?
«Жай ғана қан» жобасында 60 шақты инвестор болған, олардың басым бөлігі өндіріске 5-10 мың доллар көлемінде қаржы салғандар. Бір қызығы – ағайындылар осы алғашқы фильмдерінен кейін өз өнімдеріне ешқашан қаржы іздемеген екен. «Жай ғана қан» «Санденс» фестивалінің бас жүлдесін иемденеді және кинотеатрлардан көрсетіледі. Осыдан кейін режиссерлерге ақша ұсынатын ниеттілер өздері табылатын болған.

Тәуелсіз кино әдетте алдын-ала сатылым арқылы қаржыландырылады. Дайын сценариймен және қатысуға келісім берген жұлдыздармен продюсер немесе режиссер болашақ прокатшысын іздейді. Өз өніміңе серіктестер іздеуге Канн кинофестивалі секілді ірі форумдар аясында өтетін кинонарықтар арқылы қол жеткізуге болады. Сатушы бұндайда бірден ақша алмайды, тек жобаның дамуына ықпал ететін уәде-келісімдерге қол жеткізеді. Осындай уәделердің арқасында инвестиция мен кредит тартуға мүмкіндік туады.

Қазір ағайынды Коэндерге инвесторлардың өздері кезекке тұратын көрінеді. Бұған «Бартон Финктің» («Barton Fink») Канндағы жетістіктері, екеуінің алғашқы «Оскарлары» көп септігін тигізіпті. «Цезарь жасасын!» және тағы бірқатар фильмдерді олар британдық Working Title киностудиясымен бірге істеді, «Льюин Дэвистің ішкі әлемін» француздардың Studio Canal компаниясы қаржыландырды, ал «Нағыз мәрттік» («True Grit») әдетте боевиктер түсіретін Skydance есебінен қаржыландырылды.

Киностан: Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?
Кім қаржы құйса да, ағайынды Коэндер шығармашылық еркіндікті және ақырғы монтаж құқығын қашан да өздеріне қалдырады. Сөйте тұра олар ақшалай табысқа да қол жеткізіп жүр. Джоэл мен Итанның карьерасында бір ғана күйреу болды: олардың алғашқы голливудтық тәжірибесі — «Хадсакердің өкілі» («The Hudsucker Proxy»). Warner Bros. студиясы өндірген жоба 40 млн долларлық бюджетпен 3 миллиондай ғана тапты.

Осыдан кейін ағайындылар шағын бюджетті жобаларға қайтып оралып, 7 миллионға «Фаргоны» түсірді. Олардың қаржылық стратегиясы да осылай қалыптасты: күмәнді жобалар шағын бюджетке түсіріліп, шектеулі прокатпен шығады, ал елеп-екшелген, бұқараға түсінікті фильмдер ірі өндірістік шығындармен, атақты жұлдыздармен жасалады және барынша көп кинотеатрларды қамтуға тырысады.

Жобаның ауқымына қарамастан, киножүлделер мен фестивальдар жарнама мен маркетинг үшін маңызды болып қала береді. Коэндер өнімдерін Каннға да, Венецияға да әкелуге тырысады, сондай-ақ марапаттар маусымы – қыркүйек-желтоқсан аралығында оларды прокатқа да жіберуге ұмтылады. Мысалы «Нағыз мәрттік» 2010 жылы Рождество қарсаңында жарық көрді және келесі жылдың сәуір айының соңына да дейін Америкада экраннан түскен жоқ. Бұндай жетістікке марапаттар маусымы әсер еткені анық, фильмнің марапатталғаны туралы әрбір жаңалық оның кинотеатрдағы көрсетілім кезеңін ұзарта түсті.

Бірақ олардың соңғы туындылары «Цезарь жасасынның» жағдайы сәл басқашалау. Фильм «Оскар» номинанттары жарияланғаннан кейін көрсетіле бастады. Марапаттар маусымына сәйкес келмеуі оның кассалық түсіміне кері әсерін тигізуі де мүмкін еді. Алайда, фильм Берлин фестивалінде таныстырылғанын да ұмытпау керек. Түрлі қатерге қарамастан картина шығынын екі есе ақтап алды.

АҒАЙЫНДЫ КОЭНДЕРДІҢ ЕҢ КАССАЛЫ ФИЛЬМДЕРІ
Киностан: Авторлық кинодан табыс табуға бола ма?
Бөлісу:

3 пікір

Rafaello
Табыс не арқылы келіп тұр сонда? Кинофестивальдер арқылы жақсы PR-мен бе?
patick
Алдымен фестивальдар маусымы басталғанда қатысып-қатысып, фильмді жақсылап жарнамалап алады да, кейін прокатқа жібереді.
MickThatsMyNick
бопшым, түсіріп түсіріп пестивальдерден қалмау керекқо.)