ҰБТ-ның жаңа форматы - «Алтын белгі» иегерлері өз білімін бөлек емтиxанмен дәлелдейді

Білім және ғылым министрлігі ұлттық бірыңғай тестілеуді екіге бөлді. Енді, мектепті бітіру емтиxаны оқушының орта білімді тәмамдағанын дәлелдесе, ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен мектеп түлектеріне мемлекеттік гранттар тағайындалады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Білім және ғылым саласында бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Оршубековтің айтуынша, ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілген соңғы 13 жылдың ішінде оған оқушылардың барлығы бірдей қатысқан жоқ. Мәселен, соңғы тестілеуге мектеп оқушыларының 70 пайызы қатысты.
Енді, жаңа форматқа сәйкес, «Алтын белгі» тағайындауды мектептердің өздері жүргізеді. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде аталған атақты растау қажет емес. Тестілеу тек грант иегерлерін ғана анықтап, жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін береді.
«Сонымен, 2017 жылы түлектер үшін қорытынды аттестациялау өздері оқыған мектепте өткізіледі, яғни келесі жылдың 1-10 маусым аралығында өткізу жоспарланып отыр. Ал ұлттық бірыңғай тестілеу, яғни жоғары оқу орнына түсу емтиxаны 20-шы маусым мен 1-ші шілде аралығында республика бойынша 165 тестілеу бекеттерінде өткізіледі», — деп атап көрсетті Н.Оршубеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында.






Парламент Мәжілісіне ұсынылған 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы аясында өз пәндерін ағылшын тілінде өткізетін мұғалімдерге жалақыны көтеру мәселесі қарастырылған. Қосымша жалақы екі базалық еңбекақыны құрайтын болады, яғни өз пәнін ағылшын тілінде өткізген мұғалімдерге 35 мың теңге үстемақы қосылады. Айта кетейік, мектеп мұғалімдеріне арналған ағылшын тілінің курстары осы жылдың қазан айынан басталады. Бүгінгі таңда министрлік пен жергілікті білім департменттері ағылшын тілін үйренуге құлықты мұғалімдердің тізімін дайындады. Бюджеттен бұл шараға 4 млрд теңгеге жуық ақша бөлінген. Курс ұзақтығы білім алушының тіл игеру деңгейіне байланысты болмақ. Жалпы курс келесі жылдың мамыр-маусым айларына дейін жалғасады деп күтілуде. Оған қоса, курсқа қатысушылардың Алматы, Астана қалаларына жол жүруі міндетті емес, бұндай курстар барлық облыс және аудан орталықтарында ұйымдастырылатын болады. Курс игеру барысында мұғалімдердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталатын болады, оған қоса, оларға стипендия мен үй жалдауға кеткен шығын төленетін болады. Жоспар бойынша, 2017 жылы 6,5 мың мұғалім курстан өтсе, осы жоба аясында барлығы 38 мың мұғалім ағылшын тілін меңгереді деп күтілуде.
«Балапан» бағдарламасы 2010 жылы басталған болатын. Оның бастапқы кезеңі 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі балалардың 55%-ын қамтыса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 83% құрайды. Егер 2010 жылы осы бағдарламаға бөлінген ақша көлемі 9 млрд теңге шамасында болса, 2017 жылы бюджетте бұл жобаға 97 млрд теңге, яғни 9 есе көп ақша қарастырылып отыр. Ал 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі балаларды оқумен 100% қамтамасыз ету 2019 жылы жүзеге асады деп жоспарлануда. Айта кетейік, 300 орындық бір балабақшаға үкімет 800 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін ақша жұмсаса, «Балапан» бағдарламасы бойынша тәрбие мен оқуға бір балаға кететін шығын орта есеппен 190 мың теңгеден 2012 мың теңгеге дейінгі соманы құрайды. Егер жеке кәсіпкерлерді тартатын болса, 1 млрд теңге көлеміндегі қаражатқа балаларға арнап 5 мыңдық орын ашуға болады екен.
Алдымыздағы үш жыл ішінде (2017-2019) мектеп құрылысына 112 млрд тенге жұмсау көзделіп отыр. Оның ішінде, 16 мектеп құрылысына 25 млрд теңге республикалық бюджет қорынан болса, ( 2017 жылы – 15 млрд теңге 16 мектепке, 2018 жылы – 10 млрд теңге 2017 жылы басталған 11 мектеп құрылысының аяқталуына жұмсалмақ), 87 млрд теңге Ұлттық қордан бөлінеді (2017 жылы – 80 млрд теңге, оның ішінде 2016 жылы салына бастаған мектептердің құрылысын аяқтау үшін 31 млрд теңге, 8 млрд теңге Алматы қаласының 17 мектебін сейсмикалық күшейтуге, 42 млрд теңге жаңа мектептердің құрылысЫн бастау үшін, 2018 жылы – 7 млрд теңге 2017 жылы басталған мектеп құрылысын аяқтау үшін жұмсалынады)
«Kundelik.kz» жүйесін жасау және енгізу. «Kundelik.kz» білім беру жүйесін ақпараттандыру аясында мемлекеттік-жеке серіктестік шеңберінде жасалған Қазақстандағы бірегей жоба. Бұл жобаның ерекшелігі — жүйені жасау, енгізу және қолдап отыру үшін Қазақстан Республикасының бюджетінен бірде бір қаражатты қажет етпейді: еліміздің мектептері мен БҒМ аталмыш жобаны тегін алады. «Kundelik.kz» жүйесі мұғалімдерге қағазбастылықтан құтылып, оқушылардың статистикалық-аналитикалық мәліметтерін өңдеуге, сонымен қатар білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының арасында жаңа сапалы деңгейдегі қарым-қатынастың орнауына негіз болмақ. Ақпараттық жүйенің көмегімен оқушылардың ата-аналары тегін түрде еліміздің кез-келген жерінен балаларының сабақ үлгерімін, мектептегі сабақ кестесін, үй тапсырмасы туралы ақпаратты, баласының сабаққа қатысуын оңай қадағалай алады. Сонымен қатар, білім беретін электронды ресурстарға қол жеткізе алады.



