Қазақстанда туберкулезді рентгенсіз анықтаудың жаңа әдісі енгізіліп жатыр

Астана жаңалықтары: Қазақстанда туберкулезді рентгенсіз анықтаудың жаңа әдісі енгізіліп жатырЕлорда денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік Байжүнісов флюорографияға түспестен туберкулезді анықтауға бағытталған қанатқақты жоба туралы айтып берді.

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның Астана қаласының медицина қызметкерлерімен кездесуі барысында Е. Байжүнісов бұл технология Оңтүстік Кореядан жеткізілгенін атап өтті.

«Биылдан бастап туберкулезді қан арқылы анықтау әдісіне алғаш рет көшкенімізді атап өткім келеді. Оңтүстік Корея тарапымен тиісті келісімге қол қойып, олар жабдықтарды жеткізіп, орнатты. Қазіргі кезде біз екі емханада қанатқақты режімде зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Егер де бұл бағыттағы жұмыстар нәтиже көрсетсе, онда скринингтік зерттеулер жүргіземіз. Яғни туберкулезді қан арқылы анықтайтын боламыз», — деді басқарма басшысы.

Осы ретте ол бұл әдіс науқастардан туберкулезді нақты анықтауға, сондай-ақ емделушілердің антибиотиктерге сезімталдығын байқауға мүмкіндік беретіндігін жеткізді.

«Биыл біз тубдиспансердің жаңа ғимаратын салатын боламыз. Менің ойымша, онда ем-дом жасаудың барлық циклі қамтылады. Осы ретте туберкулезді түбегейлі жеңуге болады», — деді Е. Байжүнісов.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Астанада Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған гала-концерт өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған гала-концерт өтеді

Ертең, 1 сәуірде Конгресс-холлда қазақ елінің біртуар перзенті, халқымыздың мәдениеті, музыка өнерінде композитор, дирижер ретінде өшпес із қалдырған, күйші, Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған «Нұр аға» гала-концерті өтеді.

Нұрғиса Тілендиев көзінің тірісінде-ақ қазақ музыкасының сайыпқыраны атанған еді. Оның талай сазы тыңдарманның жүрегінен орын тауып, қазақ киносын әсем әуенмен әрлеген болатын. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындының авторы. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Көш керуен», «Махамбет», «Саржайлау» сияқты әндері мен күйлері халқының сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған.

Нұрғиса Тілендиевке арналған концерттің ерекшелігі – автордың халық ұжымдарына арнап жазған шығармаларын Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрінің орындайтынында. Дирижері — Ернар Нұртазин және Берік Батырхан.

Ән-жыр кешіне КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, ҚР халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов пен Майра Мұхамедқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Үлкенбаева, Алтынай Жорабаева, Айгүл Қосанова, Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Қазақстанның жастар сыйлығының иегері Нұрғали Тұрлыбеков, сондай-ақ, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Айзада Капонова, Нұрбол Балапанов, Шахризада Тыныштық қатысады.

Гала-концерттің басталуы сағат 19.00.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10231
Әрі қарай

Астанада «Жастар жалыны - 2016» шығармашылық фестивалі өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада «Жастар жалыны - 2016» шығармашылық фестивалі өтеді
Астанада жыл сайын көктемде студенттер арасындағы «Жастар жалыны — 2016» фестивалі өтеді, биыл төртінші рет өткізілетін шара елордалық жігерлі әрі шығармашыл жастардың басын қоспақ.

Алғашқы «Жастар жалыны» фестивалі 2013 жылы ұйымдастырылған болатын. Оған Астанадағы барлық оқу орындарынан жүздеген дарынды студент қатысты. Сол сәттен бастап көктем мен достық мерекесін өткізу дәстүрге айналды.

Бүгінде қалалық ЖОО-лар мен колледждерде шығармашылық атмосфера орнады, креативті идеялар ұсынылып, номерлер мен қойылымдар әзірленуде, костюмдер тігіліп жатыр. «Жастар жалыны» фестивалінің ашылуы 8 сәуірде өтеді. Биыл шығармашылық фестиваль ерекше салтанатты форматта өтеді және ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады.

«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының жастар жобалары бөлімінің сарапшысы Зүлфира Арықбаеваның айтуынша, биыл шараға біраз жаңашылдықтар енгізілген. Бұрынғы алты номинацияға «Үздік волонтерлық жоба», «Авторлық оқу», «Что? Где? Когда?» интеллектуалды ойыны, сондай-ақ, «Квест» шытырман ойыны қосылды.

– Бұл жолы фестиваль кеңейді, жастар шығармашылық және зияткерлік бағыттардағы сайыстарға қатысады. Биыл шараға қатысушылар саны артады деп ойлаймыз, – деді З. Арықбаева.

«Жастар жалыны-2016» жастар фестивалі 8-12 сәуір аралығында қаланың түрлі алаңдарында өтеді.

13 сәуірде сағат 18.00 Конгресс-холлда өтетін гала-концертте 10 номинация бойынша жеңімпаздардың есімдері белгілі болады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10230
Әрі қарай

Елордада «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсы өтеді

Астана жаңалықтары: Елордада «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсы өтеді

Биыл «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсы үшінші рет өткізіледі, оған еңбек, спорт, шығармашылық, интеллектуалдық және ғылым салаларында жоғары жетістіктерге қол жеткізген отбасылар қатыса алады. Ертеңнен бастап ұлттық конкурсты дайындау және өткізу бойынша ұйымдастыру комиссиясы қатысушылардан өтінімдерді қабылдай бастайды.

«Мерейлі отбасы» конкурс 3 кезеңмен өткізіледі: бірінші кезең – аудандық (қалалық); екінші кезең – облыстық; үшінші кезең – республикалық.

Конкурсқа қатысуға өтінімдер тиісті құжаттар қоса тіркелген арнайы нысан бойынша аудандық әкімдіктердің ішкі саясат бөлімдері мен Астана қаласының Ішкі саясат басқармасында 2016 жылғы сәуірдің 1-нен 30-на дейін қабылданады.

Айта кетейік, өтінімдерді қарау барысында комиссия өкілдері отбасы мүшелерінің жетістіктерінің маңыздылығы мен санына, отбасылық дәстүрлер мен жәдігерлерге, рухани-адамгершілік құндылақтарға, арғы тектерін білуіне және т.б. назар аударатын болады.

Өткен жылы шығармашыл Жүгінісовтар мен спортшы Елеусіновтер әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының елордалық кезеңінің жеңімпаздары атанған болатын.

Еске салайық, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін жоғарылатуға бағытталған.

Конкурстың мақсаты отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты, отбасыларды, ата-аналардың балаларға күтім жасауын дәріптеу және кеңінен насихаттау болып табылады.

Толық ақпаратты 556708, 556701 телефондары арқылы алуға болады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10229
Әрі қарай

Астанада бүгін «Әлихан Бөкейханов және ұлт руханияты» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада бүгін «Әлихан Бөкейханов және ұлт руханияты» тақырыбында дөңгелек үстел өтедіБүгін 31 наурызда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы әрі көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жасқа толған мерейтойына байланысты «Әлихан Бөкейханов және ұлт руханияты» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.

ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясының шешіміне сәйкес, Әлихан Бөкейхановтың мерейтойы 2016 жылғы ЮНЕСКО-ның Атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.

Дөңгелек үстел барысында Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институты (директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы). тарапынан қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде дайындалған «Әлихан Бөкейхан. Alikhan Bukeikhan. Алихан Букейхан» атты зерттеулер, публицистикалық мақалалар, сұхбаттар және дөңгелек үстел материалдарының жинағы кітапханаға сыйға тартылады. Биыл бұл институт Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қызметі туралы 2 томдық монографиясының бірінші томын, оның 16-18 томдық шығармалар жинағының толық жинағын, «Алаштың Әлиханы», «Әлихан тағылымы» жинақтарын, сондай-ақ басқа да кітаптар мен жинақтарын жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Дөңгелек үстел жұмысына «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, Мемлекеттік тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессорлары Зиябек Қабылдинов, Данагүл Махат қатысады.

«Алаш қозғалысының көсемі» атты кітап көрмесі Әлихан Бөкейхановтың қоғамдық-саяси, мемлекеттік, ғылыми, публицистикалық және журналистік қызметі және оның бай мұрасына арналады. Көрмеде автордың кітаптары, жинақтары, сондай-ақ мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары ұсынылады. Сондай-ақ «Алаш ардақтыларына тағзым» тақырыбымен Алаш қайраткерлері суреттерінің көрмесі өтеді.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Жапонияның бес танымал суретшісі ҚР Ұлттық музейіне туындыларын сыйға тартты

Астана жаңалықтары: Жапонияның бес танымал суретшісі ҚР Ұлттық музейіне туындыларын сыйға тартты
ҚР Ұлттық музейіне жапондық бес суретші өздерінің тоғыз картинасын сыйға тартты.

Бұл сый-сияпат 3-31 наурыз аралығында «Бес суретші — бес құбылыс: дәстүрлер мен жаңашылдық» көрмесі ұйымдастырылуына орай жапондық тараптың ризашылығымен табысталды.

Мията Рёхэй, Митамура Арисума, Сайто Норихико, Мизогучи Бодуко және Кавачи Кунпей секілді суретшілер елорданың өнер сүйер қауымының назарына 35 туындысын ұсынды.

Бұл көрмеде каллиграфия, нихонг көркем суреттерін, тушьпен салынған туындыларды, шағын мүсіндерді, сондай-ақ өзге де жапондық өнердің жетістіктерін байқауға болады.

ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай көрмеге Жапонияның өнердегі үздік шеберлерінің туындылары ұсынылған атап өтті.

«Бұл көрмені мәдени диалогтың бастауы, елдеріміз мәдениеттерінің жақындасуы ретінде бағалап отрымыз. Өз кезегінде Қазақстан да Жапонияның көрме алаңдары мен музейлерінде еліміздің суретшілерін таныстыра алады», — деді ол.

Сыйға тартылған 9 картинаның арасында жапондық ЖОО ректоры Мията Рёхэйдің де еңбегі бар. Сонымен қатар ол «Токио-2020» Олимпиадалық ойындары ұйымдастыру комитетіне басшылық етуде.

Айта кетейік, бұл көрмені ұйымдастыруға Жапон қоры, Суретшілердің Азия-Тынық мұхиттық қауымдастығы, Жапонияның Қазақстандағы Елшілігі қолдау жасады.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты жетім балалардың құқығын қорғады

Астана жаңалықтары: Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты жетім балалардың құқығын қорғадыАстана қаласының Сарыарқа аудандық соты азамат Д-ның төрт азаматқа және «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ-на, «Астана қаласының Білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қорғаншылық және қамқоршылық органына қатысты жекешелендіру шартын және сату-сатып алу шартын заңсыз деп тану туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.

Сот «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ әкімшілігі 1982 жылы өз жұмысшысы Р-ға үш бөлмелі пәтер түрінде тұрғын үй бергенін, ол үйді Р. кейіннен өзінің қызына, күйеу баласы мен жиендеріне тіркегенін анықтады.

Пәтер иесі қайтыс болғаннан кейін оның қызы мен күйеу баласы ата-аналық құқығынан айырылуына байланысты қарияның немерелері «Светоч» балалар үйінде тәрбиеленген. Заң бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, мемлекет қорғауына алынған балалардың өздеріне мұраға қалған тұрғын үйге меншік құқығы сақталады.

Жауапкерлер даулы пәтерді заңсыз жекешелендіріп, қайта сатып жіберген.

Сарыарқа аудандық соты істі талқылау барысында жауапкерлердің мәмілесімен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығы бұзылғанын, тиісінше жекешелендіру шарты мен сату-сатып алу шарты заңсыз болып табылатынын анықтады.

Сот мәміленің құқық тәртібінің негіздерін көрінеу бұза отырып рәсімделгенін және адамгершілікке қайшы фактінің орын алғандығын дәлелдеді, осыған байланысты талапкердің талап арызы қанағаттандырылды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

ҚазАқпарат
Әрі қарай

Стартап жобаларды қаржыландыру үлкен сұранысқа ие болады – Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы

Астана жаңалықтары: Стартап жобаларды қаржыландыру үлкен сұранысқа ие болады – Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы
Елордада кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге белсенді қолдау көрсетіледі. Бүгін жаңа жобаларды қолдау үшін қосымша шаралар қолдану туралы шешім қабылданды. Айта кетейік, Астана қаласының әкімдігі мен «Даму» қоры стартап-жобаларға 2 млрд. теңге бөлу туралы меморандумға қол қойды.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетовтің айтуынша, қаржы екі-үш айдың ішінде бөлінеді, бұл елордада енгізіліп жатқан жаңа жоба.

– Осындай қаржыландыру бағдарламалары бойынша Астана қаласы көш бастап тұр. Алдында жастарға арналған бағдарлама басталған. Оның алдында ритэйл, сауда саласына бөлінген бағдарлама бар. Осы бағдарлама елордада жақсы жүзеге асып отыр. Осы жаңа жоба Астанада ғана, ол стартап жобаларға арналған. Арнайы комиссияға шағым беріп, олар қарастырады. Басты ерекшелігі бағдарламаның Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы іріктейді, содан кейін жоғарыдан қаржыландырылады. Біріншіден банк, содан кейін комиссия қарайды. Түрлі салалардағы стартап жобаларды қолдау үшін беріледі. Банктер арқылы жүзеге асырылады, – деді Ғани Тасмағанбетов.

Жас кәсіпкерлерді қолдау туралы айдың басында қала әкімі Әділбек Жақсыбеков пен «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен Астана қаласы кәсіпкерлерінің үшінші конференциясында айтылған болатын.

«Қазіргі кезде осы келісім жүзеге асырылып жатыр», — деді Ғ. Тасмағанбетов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Кәсіпкерлер палатасы кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау шараларының спектрін, соның ішінде бизнес-жоспар мен сайтты тегін әзірлеу, бухгалтерияны жүргізу, мемлекеттік сатып алуларға немесе кедендік рәсімдеуге қатысу үшін практикалық көмек көрсету және т.б. жүзеге асыруда.

«Бірақ кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер жобаларды қаржыландыруға келгенде кедергілерге тап болады. Негізінде, екінші деңгейлі банктерден стартап-жобаларға қаржы алу қиын, олар көбіне өз ісі бар, кепіл қоя алатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді. Бұл қолында ештеңесі жоқ, бірақ өз ісін бастағысы келетін жас кәсіпкерлер үшін мәселе болып табылады. Сондықтан әкімдіктің осындай қолдауының арқасында бұл қаржы аса қажет, ал бағдарламаға қатысам деушілер көп болады»,- деді Ғ. Тасмағанбетов.

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры көшеде бөлшек сауда жасау үшін 1000 жер учаскесін бөлу туралы елорда әкімдігінің жобасын мысалға келтіріп өтті, қазіргі кезде сұраныс учаскелер санынан үш есеге артық болып отыр.

Елордада мемлекеттің қолдауының арқасында жас кәсіпкерлердің стартап-жобалары өз жұмысын бастады. Мысалы, стоматолог Серік Мұқашев стоматологиялық қызметтер ұсынатын жеке клиника ашуды армандаған.

– Бұл менің арманым, мен 1990 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Арманымды іске асыру үшін өз қаражатым жетпейді, ал Президенттің, әкімдіктің, «Даму» қорының арқасында арманым орындалды, қымбат қондырғы сатып алдым, жақсы мамандарды шақырдым. Біздің клиника екі ай бұрын ашылды, – деді Серік Мұқашев.

Кәсіпкер Гүлмира Шажанбаева ұлттық тағамдар әзірлейтін мейрамхана ашпақ болған, жақында оның идеясы жүзеге асты.

– Мейрамхана ашатын ойым бұрыннан бар еді. Мен үшін бұл мейрамхана ісіндегі стартап жоба, әрине, оны жүзеге асыруға шағын және орта бизнес субъектілерін өңірлік қаржыландыру бағдарламасы көмектесті, соның арқасында мен жобаға жұмсаған жалпы инвестицияның 25% алдым. Меніңше, осы қаржыландырудың арқасында біз жұмысымызды уақытында бастап кеттік,- деді Гүлмира Шажанбаева.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10227
Әрі қарай

"Алау" мұз айдынында конькимен жүгіруден Қазақстан чемпиондары анықталды

Астана жаңалықтары: Алау мұз айдынында конькимен жүгіруден Қазақстан чемпиондары анықталды
Бүгін Астанада конькимен жүгіру көпсайысы бойынша Қазақстан чемпионаты аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында Денис Кузин, әйелдер арасында – Екатерина Айдова чемпион атанды.

Үш күн бойы «Алау» мұзайдын сарайында өткен чемпионатқа сегіз аймақтан келген спортшылар қатысты. Жарыстар ересектер арасында да, жасөспірімдер арасында да ұйымдастырылды. Жалпы, 13 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

500, 1500, 1000 және 3000 метрге жүгіруде жиналған ұпай саны бойынша Екатерина Айдова көш бастады, Татьяна Климчук екінші, Мария Сизова үшінші орында.

Ерлер арасында барлық қашықтықтар бойынша жарыстарда Денис Кузин үздік болды, Дмитрий Морозов күміс, Александр Клиенко қола медаль еншіледі.

Жасөспірімдер арасында классикалық көпсайыстан Демьян Гаврилов, қыздар арасында Александра Примак топ жарды.

Конькимен жүгіру спортынан мемлекеттік бапкер Кенже Сәрсекенованың айтуынша, чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының алдағы маусымдағы құрамы анықталады.

– Біздің спортшылар үшін бұл маусым жақсы өтті. Жасөспірімдер резерві артып келеді. Мысалы, Станислав Палкин Әлем кубогының бірнеше кезеңінде, халықаралық жарыстарда бағын сынады, Әлем чемпионатында «еркін» сайыста жалпыкомандалық есепте 5-орынға тұрақтадық, Әлем кубогы кезеңінде Палкин қола медаль олжалады. Негізгі құрамаға тоқталсақ, спринттен Қазақстанда көш бастап тұрған Роман Креч биыл Әлем чемпионатында 500 м қашықтықта 5-орын алды. Келесі маусымда спортшыларымыздың үздік нәтижелерге қол жеткізетініне үміттенеміз, – деді мемлекеттік бапкер.

Келесі маусымда спортшылар басты жарыс – Алматы қаласында өтетін Универсиадаға дайындалатын болады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10226
Әрі қарай

Астана әкімдігі мен «Даму» қоры кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 2 млрд. теңге бөледі

Астана жаңалықтары: Астана әкімдігі мен «Даму» қоры кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 2 млрд. теңге бөледі
Бүгін, 30 наурыз күні, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Қаныш Төлеушин шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасын іске асыруда ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында әкімдік пен «Даму» қоры салалық шектеусіз ШОБ саласында стартап-жобаларды қолдау жөніндегі жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға 2 млрд. теңге (әрқайсысы 1 млрд. теңгеден) бөледі.

Кәсіпкерліктің жоғары әлеуеті кез келген қаланың экономикасының ілгерілеуінің басты факторы болып табылады. Сондықтан Астана қаласы әкімдігі қызметінің басты міндеттерінің бірі бизнесті дамыту мен қолдау болып табылады. Жаңа Меморандумға Астана қаласы әкімдігінің және «Атамекен» Ұлттық Палатасының елордалық шағын және орта бизнесті қаржыландыру туралы алдын ала келісімі аясында қол жеткізілді.

Қалада кәсіпкерлік ортаны жетілдіру бойынша барлық қажетті жағдайлар жасалып жатыр және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік принциптерімен бизнес-климатты жақсарту бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні Астананың ЖӨӨ-дағы ШОБ-тың үлесі 61 пайызға жеткен. Бұл республикалық көрсеткіштен үш есеге артық. Астана несиелерді кепілдендіру бойынша республика бойынша бірінші орында, субсидиялау бойынша – екінші орында тұр. Сонымен қатар, кәсіпкерлік секторында салықтар есебінен түсетін түсімдер де оң нәтижесін беруде. Қазіргі кезде жергілікті бюджетке түсетін салықтың 65%-ынелордалық шағын және орта бизнестің үлесінде.

ШОБ саласында стартап-жобаларды қолдау идеясын Астана қаласының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткізген ІІІ Жыл сайынғы конференциясында елорда басшысы ұсынған болатын. Жаңа бағдарламаға қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін қызметі экономиканың басымды салаларының тізіміне енбеген кәсіпкерлер қатыса алады. Несиенің ең көп сомасы –50 млн. теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7,9%, несие мерзімі – 7 жылға дейін. Жобаларды іріктеуді өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырады.

Айта кетейік, қазіргі кезде елордада шағын және орта бизнеске қосымша қолдау көрсету және дамыту мақсатында «Даму» қорымен бірлесіп 29 жасқа дейінгі тұлғалар қатыса алатын жастар кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасы мен сауда саласын мақсатты несиелеу бойынша бағдарламалар жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламалар бойынша қаржыны игеру 100% құрады, оларды жүзеге асыру жұмыстары одан әрі жалғасады.

astana.gov.kz/kk/modules/material/10221
Әрі қарай