Астанада ақылы тұрақтар көлік қозғалысын жақсартады

Қазіргі таңда Астанада ақылы тұрақтар енгізу жұмыстары басталды. Жоба тестілеу тәртібінде жүзеге асырылуда, сондықтан көлік қойған үшін ақы алынбайды, алайда жаңашылдық қоғамда әртүрлі пікірлер тудыруда.

Біреулер қолдаса, енді бірі түбегейлі қарсылық танытуда. Елордалық әкімдік қалада ақылы тұрақтар қаншалықты керек деген сауалға мониторинг жүргізді.

Ресми мәліметтер бойынша, Астанада қазіргі күнге 350 мың көлік тіркелген. Жыл сайын бұл көрсеткіш 6-8%-ға өседі. Әрине, бұл жолдарда көлік қозғалысына қиындықтар тудырады.

PriceWaterHouseCoopers халықаралық кеңесшілері Түркістан, Достық, Орынбор көшелері мен Нұржол бульвары бойынша орналасқан паркингтер мен тұрғын үй кешендерінің маңындағы аумақтарда көліктердің қойылуына сараптама жасаған. Мониторинг бүгінгі күні ақылы тұрақтар енгізудің бірінші кезеңі өтіп жатқан Нұржол бульвары аумағында сағат 7:00-ден 2:00-ге дейін жүргізілді.

Көше-жол желілерін зерттеудің нәтижесінде, бұл аумақта күні бойы орта есеппен 600 көлік тұрақтайтыны белгілі болды, оның 238-і тұрақ ережесін бұзады. Әр екінші жүргізуші өз көлігін рұқсат етілмеген жерге қойған.

Халықаралық зерттеулер бойынша, әлемнің дамыған ірі қалаларының ешқайсысында Астанадағыдай тұрақ ережесін бұзбайды екен. Көптеген елдерде қомақты айыппұл салынады және заңды бұзған жүргізушінің көлігін тиеп әкету жүйесі енгізілген. Жазаға тарту жүргізушілерді тәртіпке келтіріп, жаяу жүргіншілер үшін жайлылық деңгейі жоғарылайды және өзге де қолданушылар үшін қолжетімді тұрақ орындары пайда болады.

Сонымен қатар зерттеудің қорытындысы бойынша белгілі болғандай, темір тұлпар иелерінің 80%-ы көліктерін Нұржол саяжолына қалдырып, 8-9 сағатқа жұмыстарына жайбрақат кете барады екен. Бір сөзбен айтқанда, 380 көлік күні бойы көше тұрағында орын алып, босқа тұрады. Өзгелер бұл ауданда 1-2 сағат бойы бос орын таппай сабылып жүргенде, біреулер жеке гаражы ретінде көше тұрағын пайдаланады. Әлеуметтік сауалнама көрсеткендей, сұралғандардың 50%-ы көлік қоятын бос орын болмайтындықтан өз кездесулерін кейінге қалдырады немесе бас тартатын көрінеді.

Естеріңізге саламыз, көліктер көп жүретін орындарда ақылы тұрақтар құру кептелістердің алдын алу және жол қозғалысы ережесін бұзу санының азаюына септігін тигізетін әлемдік тәжірибедегі тиімді шаралардың бірі болып табылады.

Елордада «Астана қаласының тұрақ кеңістігін басқару» жобасының бірінші кезеңі 19 маусым Нұржол саяжолында сынақ ретінде жүзеге асырыла бастаған болатын. Әзірге ақы алынбайды. Келешекте ақылы тұрақ құны сағатына 100 теңге болады.

Толық ақпаратты елорда тұрғындары мен қонақтары Call-орталықтың 8 800 080 28 88 нөмірлеріне хабарласу арқылы немесе www.astra-park.com ресми сайтынан ала алады.
Әрі қарай

Астанада пластик терезелер құрылымын өзгерту ұсынылуда

Астана жаңалықтары: Астанада пластик терезелер құрылымын өзгерту ұсынылуда

Бұл кішкентай балалардың көпқабатты үйлерден құлауы санының көбеюіне байланысты, деп хабарлайды елордалық әкімдіктің медиа орталық тілшісі.

Тек соңғы бес күнде Қазақстан астанасында 2 баланың терезеден құлап кету жағдайы тіркелген. Екі және жеті жастағы екі бала да төртінші қабаттан құлап түскен. Дәрігерлер олардың жағдайы аса ауыр деп бағалауда.

Терезелерден балалардың құлауы жағдайларының көбеюіне байланысты дәрігерлер ұсыныстарында балақайлар өздері ашып алмаулары үшін пластик терезелердің құрылымын өзгерту керектігін айтуда.

Шілде айының 10 күнінде балалар емханасына 1 658 емделуші барған, оның ішінде (6-9 шілде аралығында) – 663 бала. Оның 9-ы биіктіктен құлау жағдайы. 110 адам ауруханаға жатқызылған. Госпитализация нейрохирургия, травматология, күйік бөлімшелерінде жүргізілген.

Дәрігерлер елордада былтырғы жылмен салыстырғанда биыл балалардың жарақат алуы көбейгенін айтады.

Астана қаласының №2 қалалық балалар емханасының травматология бөлімшесінің медициналық көмегіне 2017 жылдың 6 айында әртүрлі жарақаттармен, сүйектердің және бас ми патологиясымен 25 485 бала жүгінген. Өткен жылы осы кезеңде 23 762 жағдай тіркелген.

Бұл балалар санының артуымен, урбанизациямен, көліктердің көбеюіне, тұрғындар санының ұлғаюына байланысты.
Әрі қарай

Қазақстандық дизайнерлер Астанада сән фестивалін өткізеді

Астана жаңалықтары: Қазақстандық дизайнерлер Астанада сән фестивалін өткізеді

15 шілде «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында қазақстандық дизайнерлердің «EXPO FASION FEST» бірінші сән фестивалі өтеді.

Фестиваль аясында сағат 12:00-21:00 аралығында 30-ға жуық қазіргі заманғы қазақстандық дизайнер алаңда орнатылған шоу-румдарда өздерінің киім жиынтықтарын көпшілік назарына ұсынады.

Сағат 16:00-ден 17:00-ге дейін белгілі имиджмейкер Жанна Ахметова стиль бойынша тегін шеберлік сыныбын өткізеді, ал make-up шеберлері мінсіз макияж жасау құпияларымен бөліседі. Визаждан сабаққа сағат 17:00-18:30 аралығында қатысуға болады.

Фестивальдің шарықтау шегі танымал дизайнерлердің ашық аспан астында өтетін сәнді киімдер көрсетілімі болмақ. «EXPO FASHION FEST» шарасына келушілер назарына SAMIDEL, DeGuise, AYANA style, Avventurista, Ainel және Zhamili Kapanova ұлттық брэндтері өздерінің соңғы киім үлгілерін ұсынатын болады. Көрсетілім сағат 19.00-де басталады.

Айта кетейік, сәнді киім көрсетілімінен басқа фестивальді тамашалауға жиналған қауым қазақстандық эстрада артистерінің және би ұжымдарының қатысуымен ойын-сауық бағдарламасын тамашалайды, сондай-ақ, дизайнерлерден сыйлықтар мен жүлделер ұтысына қатысады.
Әрі қарай

Астанада ТМД астаналары мен ірі қалаларының Халықаралық ассамблеясының сессиясы өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада ТМД астаналары мен ірі қалаларының Халықаралық ассамблеясының сессиясы өтеді

13-14 шілдеде ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу аясында елордада «Жаһандық мәселелерге жауап ретінде қалаларды тұрақты дамытудың жаңа бағдарламасы» ТМД астаналары мен ірі қалаларының Халықаралық ассамблеясының XXV сессиясы өтеді.

Сессияның жұмысына ТМД Атқарушы комитетінің,ҚХА (қалалардың халықаралық ассоциациясы) 28 мүше-қалаларының 100-ге жуық өкілі қатысады. Сондай-ақ бұл жиынға 5 халықаралық бірлестіктің, 7 ғылыми және сараптау ұйымының өкілдері қатысады.

Сессия қазіргі заманғы жаһандық шақыртулар жағдайында қаланың кешенді тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша инновациялық шешімдерді іздестіруге арналады.

Сессия бағдарламасы пленарлық жиналыс пен 2 тематикалық секциядан тұрады: «Қаланың тұрақталығын қамтамасыз ету үшін ақылды технологияларды енгізу» және «Заманауи қалалану жағдайында көлік жүйесін басқару».

Оған қоса халықаралық ассоциация сессиясының қаралымында 2016-2017 жылдар аралығындағы Ассамблеяның қызметі жөнінде есеп беріледі, қалалардың халықаралық ассоциациясының басшылық құрамы сайланады, сондай-ақ аталмыш ассоциация қызметінің әлеуеті айқындалады.

Онымен бірге сессия қатысушылары ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне барып, Астананың Индустриалды саябағын, мәдениет, білім және денсаулық нысандарын аралайды.

Ірі қалалардың халықаралық ассоциациясы – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірлесіп әрекет етуді ұйымдастыру үшін 1998 жылдың 3 қыркүйегінде құрылған коммерциялық емес қоғамдық ұйым. Ол 7 астананың атқарушы билік органдарымен және ТМД 9 мемлекетінің 19 ірі қалаларының органдарымен құрылған.

Қазіргі уақытта оның құрамына ТМД 9 елінің 87 қаласы, оның ішінде Қазақстанның 9 қаласы кіреді.

Айта кетейік, Астана 2004 жылдың 17 тамызынан бастап бұл ұйымға мүшелік етеді.

Соңғы 10 жылда бұл халықаралық ұйым 70-тен астам форум мен конференцияларды, ТМД елдерінің қалаларында «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырды.

Астана қаласында аталмыш ұйым ұйымдастырған сессия үш рет – 2001, 2005 және 2008 жылдары өткізілген болатын. Биыл бұл сессия 4-ші рет өткізгелі тұр.
Әрі қарай

Астана тарихында алғаш рет жекеменшік балабақша саны мемлекеттіктен асып түскен

Астана жаңалықтары: Астана тарихында алғаш рет жекеменшік балабақша саны мемлекеттіктен асып түскен
Қазіргі уақытта қалада мектепке дейінгі 263 мекеме жұмыс істейді, оның ішінде 96 мемлекеттік, 2 ведомстволық және 116 жеке, 49 шағын орта бар, деп хабарланды астаналық әкімдіктің медиа орталығынан.

Осылайша Қазақстанда алғашқы рет балабақшалар саны мемлекеттіктен асып түсті, деп хабарланды медиа орталық тілшісіне қалалық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ануар Жанғозин.

Қазір астаналық бақшаға 46 062 бала барады. Олардың 27 193-і мемлекеттік, 14 854-і жеке бақшаға барады. Шамамен 6 мың бүлдіршін шағын орталыққа және мектепке дейінгі мекемелерге (мектепке даярлық орталықтары) барады.

А. Жанғозиннің сөзіне қарағанда, мектепке дейінгі балалардың саны туу және көші-қон көрсеткішінің өсуімен артуда. Қазір Астанада балабақша кезегінде тұрған 33 мыңнан астам бала бар. Күнделікті бақша кезегіне шамамен 90 бала тұрады (60-70 сәби туады), көші-қон есебінен 20 бала.

«Кезекті жылжыту үшін, 2017 жылы 480 орындық екі мемлекеттік бақшаны және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 720 орындық үш бақшаны пайдалануға беру жоспарлануда. Жақында ғана біз 1680 орынға шақталған МЖС аясында алты бақша салу жөнінде келісім-шартқа қол қойдық. Олар 2019 жылы пайдалануға беріледі», — деді А. Жанғозин.

Білім басқармасы жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен 10 мың орындық жеке бақша ашуды қолға алды. Осылайша 2019 жылдың соңына дейін мектепке дейінгі балаларды бақшамен қамту жоспарлануда. Ол үшін 30 мың орынға арналған 200-ден астам бақша ашу көзделіп отыр.

Тек биыл 5 мыңға жуық сәби мемлекеттік тапсырыс арқылы жеке бақшаға жолдама алады.

«Мемлекеттік тапсырыс 16 мың теңгеден 23 мың теңгеге дейін артты. Күн сайын жеке бақшаға жолдама алатын бүлдіршіндердің саны артуда. Біз бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», — деді А. Жанғозин.
Әрі қарай

Астана емханаларында жүкті əйелдер үшін «Жасыл дəліздер» ұйымдастырылуда

Бұл шара жүктіліктің ерте кезеңінде əйелдерді уақытында əрі сапалы тексерістен өткізу үшін енгізілген, деп хабарлайды елорда əкімдігінің медиа орталығы.

— Сапалы əрі уақытылы медициналық көмек көрсету үшін бізде емханаларда «жасыл дəліздер» ұйымдастырылды.Жүкті əйелдер үшін арнайы тіркеу бар.

Олар міндетті түрде акушер-гинеколог дәрігерге, терапевтке және өзге де мамандарға жіберіледі. Яғни ауырып жүрген басқа емделушілермен бірге ортақ кезекте тұрмайды, — деп хабарлады медиа орталық тілшісіне елордалық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс акушер-гинекологы Халида Шарипова.
Оның сөзінше, профилактикалық тексеріс жүкті əйелдерде экстрагениталды патологияны дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

— Əйелдер сау баланы дүниеге əкелу үшін, аяғы ауыр кезде кері əсер болмау үшін уақытында аумақтық емханаларға барып тұру керек, алдын ала дайындық жүргізу қажет. Өкінішке қарай, дәрігерге жүкті болған кезде ғана келеді, — дейді дәрігер.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мəліметінше, 2017 жыл басынан бері Астанада 6 мыңнан астам бала дүниеге келген. Орта есеппен тәулігіне елордада бүгінгі уақытта жұмыс істеп тұрған үш перинатальді орталықта 60-65 бала өмірге келеді.

Салыстырар болсақ, 2016 жылы Астанада 27 244 бала туылған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8%-ға көп жəне рекордты көрсеткіш.

Әрі қарай

Қазақстандық самбистер ҚР Президентінің сыйлығына əлем Кубогында топ жарды

Астана жаңалықтары: Қазақстандық самбистер ҚР Президентінің сыйлығына əлем Кубогында топ жарды

Қазақстан құрамасы Астанада өткен самбо күресінен жəне ҚР Тұңғыш Президентінің сыйлығына əскери самбодан əйелдер мен ерлер арасындағы əлем кубогында жалпыкомандалық есепте топ жарды, деп хабарлайды елорда əкімдігінің медиа орталығы.

Біздің командада 13 алтын, 12 күміс, 29 қола медаль бар. Финалда қазақстандық спортшылар үш алтын және үш күміс иеленді.

Нәтижесінде біздің құрама қоржынында əртүрлі 54 жүлде. Екінші орын Грузия (7 алтын) иеленді. Ал, үшінші орынға үш алтынмен Ресей тұрақтады.

Айта кетейік, Ресей құрамасы жарыстың соңғы күні екі алтын жеңіп алып, Өзбекстанды басып озып, үшінші орыннан көрінді.

Турнир сыйлығы тоғыз салмақ дəрежесі арасында: 52, 57, 62, 68, 74, 84, 90, 100 кг жəне 100 кг жоғары əйелдер мен ерлер арасында сарапқа салынды.

Қазақстандық спортшылар əскери самбодан ерекше көзге түсті. Олар қоржынға жеті алтын, үш күміс, тоғыз қола медаль салды.

Қазақстанның əйелдер құрамасы жеңіске деген құлшыныс пен шеберлік танытты. Əлем кубогы қорытындысы бойынша оларда 3 алтын, 3 күміс жəне 11 қола медаль. Ал ерлер құрамасы 3 алтын, 6 күміс жəне 9 қола медаль жеңіп алды.

Жарысқа 16 мемлекеттен 200-ден астам самбист қатысты. Армения, Əзірбайжан, Беларус, Болгария, Германия, Грузия, Молдова, Ресей, Румыния, Турция, Өзбекстан, Қырғызстан, Оңтүстік Корея, Жапония, Тəжкистан жəне АҚШ. Басты жүлде 9 салмақ дəрежесі өкілдері -52, 57, 62, 68, 74, 84, 90, 100 келі және одан жоғары салмақта əйелдер мен ерлер арасында сарапқа салынды.

Əлем кубогы кезеңіне қатысушылар Астанада өтіп жатқан халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін аралауға шақырылды.
Әрі қарай

Астана əкімдігі аулаларды абаттандыру жəне жөндеу жұмыстарын жалғастыруда

Астана жаңалықтары: Астана əкімдігі аулаларды абаттандыру жəне жөндеу жұмыстарын жалғастыруда

Қала əкімдігі аулалар мен орамдар ішіндегі аумақтарды жайлы ету, спорттық балалар алаңқайларын дамыту бағдарламасын жүзеге асыруда. Биыл спорттық, балалар жəне жастар жаттықтыру құралдарын, паркингтерді, тротуарларды біріктіретін барлығы 370 аула жөнделеді, 40 қоғамдық кеңістік салынады.

Əкім Есіл ауданына іссапары барысында бірнеше аулаларға барып, онда бірқатар жаңа алаңқайлар мен абаттандыру жүргізіліп жатқан аулалар ашылды.

Əсет Исекешев "Құлагер" 1, 2 тұрғын үй кешенінде жаңа ауланың ашылуына қатысты.

Кешен тұрғын үйлерді сүру бағдарламасы аясында салынған.Қазіргі уақытта аула толығымен абаттандырылған, жолдар төселген. Бұл жерде көпфункционалды жаттығу құралдары, спорттық алаңдары, сәулеттік пішіндер орнатылған. Тұрғындар мемлекет басшысына жүргізілген жұмыстар үшін алғыс білдірді.

Тұрғындарды қала күнімен құттықтау сөзінде Елбасының астаналықтардың өмірін жайлы ету, спортты дамыту, балаларға жағдай жасау, жастарды қолдау бағытында тапсырма бергенін айтты. Бұдан бөлек Е-16 көшесінде орналасқан, қазіргі уақытта 1600 пәтер салынған тұрғын үй кешенін көрді.

Жақында бұл жерде балалар алаңы салынады. Қала басшысы тұрғындармен кездесіп, қойылған сұрақтардың шешу жолдарын талқылады. Одан кейін жолдарды жөндеу, аялдамаларды орнату жылдам арада ретке келтіру бойынша тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, күні кеше «Сарыарқа» ауданында аула ашылған болатын. Қазіргі таңда орамдар арасында аулалар мен жолдар жөнделген.
Әрі қарай

Əкім ауылшаруашылық жəрмеңкесін аралады

Астана жаңалықтары: Əкім ауылшаруашылық жəрмеңкесін аралады

Астанада азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Солтүстік Қазақстан, Алматы, Атырау облыстарының жәрмеңкесі өтуде.

Астана қаласының əкімі Əсет Исекешев пен Солтүстік Қазақстан облысының əкімі Құмар Ақсақалов жəрмеңкені аралап, ұсынылған өнім мен жəне бағасымен танысты.

Аймақтардан барлығы 2500 тонна өнім əкелінді. Бұл — ет, сүт, өнімдері, макарон өнімдері, қант, картоп, көкөніс т.б.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына тағамдардың 100 түрі əкелінген.

Ауылшаруашылық жәрмеңкесі екі күн өтеді. Онда Астана тұрғындары мен қонақтары базар бағасынан 15-20% арзанға азық-түлік сатып ала алады.

Айта кетейік, жәрмеңкеде əртүрлі фестивальдер, еліміздің аймақтарынан шығармашылық ұжымдар ойын- сауық, концерттік бағдарлама ұсынады.

Жыл басынан бері əкімдік осындай 20 жәрмеңке ұйымдастырды. Облыстардың басым бөлігі өз өнімдерін əкелді. Келесі аптада Ақмола, Қызылорда, Батыс-Қазақстан жəне Атырау облыстары жəрмеңке өткізеді деп жоспарланған.
Әрі қарай