Астана әкімі: Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнінен соң басталады

Астана жаңалықтары: Астана әкімі: Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнінен соң басталады

Елордада желтоқсандағы мерекеге орай қаланы безендіру тәртібі бекітілді. Соған сәйкес Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен кейін басталады. Бұл туралы Астана әкімі Әсет Исекешев қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Мемлекеттік және Ұлттық мерекелер – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін және Жаңа жылды елорданың аумағында мерекелеу аясында қаланы безендіру туралы Астана әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасын орындау мақсатында жұмысы жүргізілуде.

Ал еліміздің басты мерекесі — Тәуелсіздік күніне арналған безендіру жұмыстары 12 желтоқсанда басталады. Атаулы мереке кезінде Астананы 1280 жалау, 2 жалауша панносы, 64 саябақ элементі және жарық аспаның 1 жиынтығы сәндейді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Отан қорғаушылар монументіндегі су бұрқақтардың орнына жарық диодты инсталяциялар орнатылады. Жарық фонтаны металл каркасының негізінде жасалады. Конструкцияның биіктігі 3,5 метрді құрайды. Жарықтандыру ақ және көк түсте болады.

Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен соң ғана, яғни 18 желтоқсанда басталады. Ол мақсатта шаһарда 25 жаңа жылдық шырша, 12 хоккей алаңы, 15 мұз айдыны, 10 мұз төмпешігі, 2 мұз қалашығы («Astana ЕХPO-2017» Ұлттық компанясы» АҚ аумағында және Астана қалалық әкімдігі ғимараты алдындағы алаңда) бой көтереді. Бұған қоса 2 жарық панносы, 18 жарық иллюминациясы, 52 жарық иллюминациялық аркасы, 830 панель-кронштейн, 106 КСП, 5 көпір мен көлік жолайрығы орнатылатын болады. 3300 шағын және орта бизнес нысандарының қасбеті, 255 ағаш, 3 қала саябағы мен 1 гүлзар безендіріледі.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпаратына сәйкес, ШОБ кәсіпкерліктері өз еркімен қалада елуден астам шыршаны орнататын болады. Елордадағы «Керуен», «Рахмет», «Хан Шатыр», «Сарыарқа» сияқты ойын-сауық орталықтары шыршаларды орнатып, безендіру шараларын бастап кеткен.

Айта кетейік, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қаладағы жекелеген нысандардың Жаңа жылға дайындығы мен Тәуелсіздік күнін елеусіз қалдырғанына қатысты бірқатар пікірталас туындаған болатын. Осыған орай Астана әкімі өз ойын білдірді.

«Жаңа жылдық шыршаларды Тәуелсіздік күнін атап өткен соң, 18 желтоқсаннан бастап орнатамыз деп жоспарлаған едік. Кейбір жекелеген нысандар шырша орнатып, оны безендіре бастады. Бұған қатысты наразылық білдіргендер бар. Тәуелсіздік күні еліміздің басты мерекесі болғандықтан, басымдылық сол мерекеге беріледі. Шағын және орта бизнес нысандары қаланың мерекелік безендіруін қатаң ұстанатын болсын. Тәуелсіздік күнінде салтанатты және мерекелік шаралар өтеді. Оның арасында каратэ-киокушинкайдан Kazakhstan Open, үстел теннисінен «Seamaster 2017 ITTF World Tour GrandFinal» турнирі, «Күй Қайнары» VI күй тартыс, ҚР Тәуелсіздік күнінен арналған «Тәуелсіздігім – теңдігім, Егемендігім – елдігім!» атты жас ақындар айтысы, кітап көрмесі мен қазақстандық эстрада өкілдерінің қатысуымен дәстүрлі концерттер өтеді», — деді Астана әкімі Әсет Исекешев қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысында.

Сонымен бірге, елорда әкімі аудан әкімдері мен Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына шағын және орта бизнес өкілдеріне қаланы мерекелік безендіруге қатысты бекітілген жоспарын ұстану туралу түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тапсырма жүктеді. Яғни, Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік күні атап өткеннен соң ғана басталады.
Әрі қарай

Астанада жас ақындар айтысы өтеді

Астана жаңалықтары: Астанада жас ақындар айтысы өтеді

Елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздік күні мен Тұңғыш Президенті күніне арналған жас ақындар айтысы өтеді деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласының әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының мұрындық болуымен ертең, 22 қарашада «Жастар» сарайында «Тәуелсіздігім – теңдігім, Егемендігім – елдігім» атты жас ақындар айтысы өтетін болады. Оған еліміздің Алматы, Арқалық, Семей, Қызылорда, Павлодар, Шымкент қалалары мен Торғай, Шығыс Қазақстан өңірінен 9 айтыскер ақын қатысады деп күтілуде.

Айтыс барысында ақындар «Тәуелсіздігім – тұғырым»; «Алашым – ардағым»; «Рухани жаңғыру – мұратым»; «Туған жер – тұрағым»; «Тілім – тұмарым» тақырыптары бойынша сөз жарыстыратын болады.

«Айтысты өткізудің мақсаты ақындардың өрелі өнері, өрнекті сөздері арқылы Тәуелсіздік мұраттары мен құндылықтарын насихаттау; ел егемендігі жолындағы Елбасының атқарған игі істерін ұлықтау; «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын паш ету; өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным-талғамын ұлт руханиятына бағыттау; қазақтың төл өнері, құдыретті сөзі арқылы мемлекеттік тілдің мерейін арттыру, қолданыс аясын кеңейту болып табылады», — деп жазылған таратылған хабарламада.

Айтыстың қорытындылары бойынша жеңімпаздар Астана қаласы әкімінің атынан дипломдармен және бағалы сыйлықтамен марапатталады.
Әрі қарай

«Астана» – «Вильярреал» матч жанкүйерлері қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіледі

Астана жаңалықтары: «Астана» – «Вильярреал» матч жанкүйерлері қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіледі

Арнайы автобустардың жүру ақысы – 90 теңге, жүру билеттері мен жеңілдігі бар билеттер жарамсыз, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

«Астана» – «Вильярреал» командалары арасында футбол матчы жанкүйерлерін көлікпен қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылдың 23 қарашасында «Астана Арена» стадионына дейін арнайы автобустар ұйымдастырылады (кері бағытта әкететін). Автобустардың жүру уақыты – сағ 20:00-ден 21:00-ге дейін; Жеткізу орны – «Астана Арена» стадионы.

Автобустар төмендегі автотұрақтардан жүретін болады:

– «Қазақстан» СК тұрағы;

– «Нұр Астана» мешіті тұрағы;

– «Жастар» сарайы» тұрағы;

– «Астаналық цирк» тұрағы.

Арнайы автобустардың жүру ақысы – 90 теңге, жүру билеттері мен жеңілдігі бар билеттер жарамсыз. Ойын аяқталған соң қалаға № 10, 12, 28, 37, 40, 51, 53, 303 қоғамдық көліктермен жетуге болады. Сағат 23:30-дан стадионның тұрағы мен «Астана Арена стадионы» аялдамасында жанкүйерлерді Қабанбай батыр даңғылы бойынша қалаға апаратын автобустар ұйымдастырылады.
Әрі қарай

Елордада апатты жағдайдағы үйлерден 1863 отбасы көшіріледі

Астана жаңалықтары: Елордада апатты жағдайдағы үйлерден 1863 отбасы көшіріледі

Апатты үйлерді күреу бойынша қанатқақты жоба «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Ағымдағы жылға елордада 111 апатты жағдайдағы үйлерде тұратын 1863 отбасыны жаңа баспанаға көшіру жоспарланған, деді медиа орталықтың тілшісіне Тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов.

Қазіргі таңда 98 төтенше жағдайдағы үйде тұрып жатқан 1425 отбасы көшіріліп жатыр.

«Елорада апатты үйлерді күреу бойынша қанатқақты жоба «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба зор әлеуметтік маңызға ие және тұрғындардың тұрғынжайын жақсартуға бағытталған», — деді Р.Ахметов.

Бағдарламаның бірінші кезеңінде кешенді тексеру нәтижесінде қаладағы 228 нысан апатты болып танылды. Осы жылдың басында 117 апатты үй күрелді. Қазіргі күні98 үйде тұратын шамамен 1,5 мың отбасыны көшіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал қалған тозығы жеткен 13 үйдің тұрғындары нысандардың тапсырылуына қарай жыл соңына дейін көшіріледі.

Қанатқақты жобаның шартына сәйкес Астана әкімдігі апатты үйлерді күреп, оның орнына баспананың ауданына сәйкес жаңа тұрғынжай береді. Көшіру кезінде пәтердің ауданымен бірдей баспана ұсынылады.

«Бұл жағдайда апатты үйлердің тұрғындары жаңа баспанаға көшіру кезінде отбасы мүшелерінің саны мен төтеншежағдайдағы үйдегі бөлме саны есепке алынбайтынын ескеруі керек», — деді Р.Ахметов.

Күреуге инжинерлік желілері мен құрылыс конструкторлары тозған, негізінен 1940-1980 жылдар аралығында салынған үйлер жатады.

Елорданың бас жоспары мен Астана әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасына сәйкес күрелген үйлердің орнына саябақ, гүлзар мен бульварлар құрылысын жүргізу көзделіп отыр.

2013-2016 жылдар аралығында 117 апатты үй күреліп, 1570 отбасы жаңа әрі жайлы баспанаға көшірілді.
Әрі қарай

Жыл аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Астанада екі үй беріледі

Жыл сонына дейін Елордада «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы көппәтерлі екі үй берілуі жоспарланған, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

2017 жылдың аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру бағытыңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Астана қаласы Қошқарбаев — Жұмабаев даңғылдары қиылысында орналасқан 620 пәтерлі екі КТК-нің (көппәтерлі тұрғын үй кешені) халық игілігіне беруді жоспарлап отыр. Осы берілгелі отырған 620 пәтердің 310 пәтері банк салымшылары арасында конкурс арқылы ойнатылса, қалған 310 пәтер кезекте тұрғандарға берілетін болады. Ал, пәтер құнына келетін болсақ, 1 шаршы метрдің құны – 180 мың теңге. Конкурстың нақты күні әзірге белгісіз.

Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ банк салымшылары мен кезекте тұрғандардан құжаттарды қабылдауды және қатысушыларды іріктеуді дербес жүргізеді екен. Ал, үміткерлерді іріктеу бағалау көрсеткіштері бойынша жүргізіледі. Пәтерлер несиеге берілетін себепті есепке тұрған күн ескерілмейді.

Ал, халықтың әлеуметтік-осал топтарына жалға берілетін тұрғын үй қорын құру және үй беру тәртібі төмендегідей.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтер коммуналдық тұрғын үй қорында кезекте тұрған халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған топтарына және баспана кезегінде тұрған мұқтаж жандарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес кезек ретімен берілетін болады.

Осы бағытта 2018-2019 жылдар аралығында 519 пәтер беру жоспарланған.

Ал, ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру бойынша бағдарламаға қатысудың шарттары төмендегідей:

— кредит беру мерзімі – 180 ай;

— бастапқы жарна — 30% бастап;

— нысаналы мақсаты – бастапқы тұрғын үйді сатып алу;

— Алматы, Астана қалалары үшін қарыздың ең жоғары субсидияланатын сомасы — 20 млн. теңге, өзге қалаларда 15 млн. теңге;

— субсидиялаудын ең жоғары мерзімі – 120 ай.
Әрі қарай

Алдағы үш жылда елордадағы білім беру саласын дамытуға 129,8 млрд теңге бөлінбек

Астана жаңалықтары: Алдағы үш жылда елордадағы білім беру саласын дамытуға 129,8 млрд теңге бөлінбек

Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында білім беру, жастар саясаты және спорт салалары тұрғысындағы 2018-2020 жылдарға арналған елорда бюджетінің жобасы ұсынылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жетекшісінің орынбасары Айжан Түгелбаеваның келтірген мәліметтеріне қарағанда, білім беру саласында ұсынылатын қызметтердің қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету үшін 2018-2020 жылдарға Астана қаласының бюджетінен 129,8 млрд теңге қарастырылған. Оның 519,6 млн теңгесі – халықтың мақсатты топтарына жататын 30 мың баланың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруіне, 19,2 млрд теңгесі — ТжКБ алуға мемлекет кепілдігі шартымен мемлекеттік білім тапсырысын орналастыруға бөлінеді деп жоспарлануда.

«Мектептерге келетін болсақ, оқушылар саны көп 36 мектепті, оның ішінде үш ауысымда білім беретін 11 мектептің проблемаларын шешу үшін 2018 жылдың бюджетінде 9 жаңа мектеп пен 2 қосымша ғимараттың құрылысын аяқтауға, сондай-ақ, 15 мектеп пен 8 қосымша ғимараттың құрылысын жобалауға қаражат салынбақ», – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жетекшісінің орынбасары.

Сонымен қатар, оның мәліметтерінше 2018 жылы 5 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізуге 1,2 млрд теңге, 1-4 сыныптың шамамен 65 мың оқушысын тегін тамақпен қамтамасыз етуге – 3,8 млрд теңге қарастырылды.

Ал жастар саясаты саласында үш жылдық кезеңге 1,9 млрд теңге қарастырылды, олардың есебінен мақсатты іс-шаралармен шамамен 80 мың адамды, оның ішінде 23 аула клубы негізінде 5 мың адамды қамту болжануда.

Бұқаралық спортты дамыту үшін 72 шынықтыру пәндері шегінде 2018-2020 жылдарға 30 млрд теңге қарастырылды. Жыл сайын шамамен 250 мың адамды қамтитын спорттық 550-ден астам іс-шараны өткізу жоспарлануда.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 10 спорт клубын және балалар мен жасөспірімдерге арналған 10 спорт мектебін, «Достық» спорт комбинаты» МКҚК және «Алау» мұз сарайын ұстау шаралары жүзеге асырылатындығын атап өту керек.

Бұдан бөлек, елорданың 20 жылдығын мерекелеу және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысында іс-шараларға баса назар аударылатын болады, олардың ішінде «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» деген 4 кіші бағдарлама бойынша шамамен 160 іс-шара қарастырылған.
Әрі қарай

Астанада демалыс күндері көктайғақ болады

Астана жаңалықтары: Астанада демалыс күндері көктайғақ болады

Синоптиктердің болжамынша демалыс күндері Астанада көктайғақ болады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

«4 қараша күні күн бұлтты, жауын жауып, тұман түседі, көтайғақ болады. Оңтүстік-батыстан тұрған жел бағытын өзгертіп солтүстік-батыс, батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен соғады. Түнде ауа температурасы 0,-2°С, күндіз 0,+2°С», делінген Қазгидромед хабарламасында.

Астанада жексенбі күні көшпелі бұлт шығып, күндіз жауын-шашынды, көктайғақ болады. Жел оңтүстік, оңтүстік-батыстан 7-12, күндіз екпіні 15 м/с жетеді. Түнде ауа температурасы -1...-3°С, күндіз +3...+5°С.

Дүйсенбі – көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Жел солтүстік-шығыстан 9-14 м/с. Түнде ауа температурасы +1...+3°С, күндіз +3...+5°С.
Әрі қарай

Келесі аптада қайда баруға болады?

Елорда әкімдігінің медиа орталығы келесі аптада болатын бірқатар мәдени іс-шаралардың тізімін хабарлайды.

М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында қатарынан бірнеше премьера өтеді. 31 қазан – А. Анатольевтің «Қар ханшайымы» ертегісі, 1 қараша – П. Морозовтың «Ассоль» романтикалық феериясы. 2 қараша күні М. Булгаковтың «Мастер және Маргарита» қойылымын да тамашалауға болады. 3 қараша – Б. Жандарбековтің «Томирис – сақтар ханшайымы» эпикалық драмасы, 4 қараша – Л. Толстойдың «Анна Каренина» драмасы мен А. Хайттың «Леопольд мысықтың туған күні» атты ертегісі, 5 қараша – В. Зиминнің «Баяғыда екі түлкі өмір сүріпті» ертегісі мен А. Цагарелидің «Ханум» музыкалық комедиясы.

«Астана» концерт залында 31 қазан күні кешкісін «Әсерлі ән сал, домбыра» концерті өтеді. 1 қарашада «Айтыс – бабалар мұрасы» концерті, 3 қараша – «Шабыт» ХХ Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің ашылуы, 5 қарашада ҚазССР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, СССР және Қазақстан халық әртісі, композитор Ғазиз Жұбановтың 90 жылдығына арналған концерт болады.

«Жастар» сарайында да қала тұрғындары мен қонақтары бірнеше оқиғаларға куә бола алады. 1 қарашада «GLORIA» халықаралық өнері конкурс-фестивалі, 2 қарашада «QazaQBalasy» халықаралық балалар конкурсы, 3 қарашада «Мир вкусного меда» бал көрмесі басталып, 12 қарашаға дейін жалғасады.

4 қараша – «Жайдарман» ойындарының қалалық лигасының финалы, 5 қараша – «Экзерсис» хореографиялық өнерінің VI халықаралық фестиваль-конкурсы.

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка-драма театрында 1 қараша күні А. Вальехоның «Күн сәулесі түспеген» психологиялық драмасы, 2 қараша – А. Айларовтың «Сүрінген сүр бойдақ» комедиясы, 3 қараша М. Байджиевтің «Тіл табысқандар» комедиясын ұсынады.

Тәуелсіздік сарайында 4-8 қараша аралығында декоративті қолданбалы өнері мен скульптура өнерін сүйетіндер көрмені барып тамашалауына болады.

Ал «Астана Опера» театрында 5 қараша күні «Петя мен қасқыр» концерті өтеді.
Әрі қарай

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын «Ұлы дала жастары» жобасы талқыланды

Астана жаңалықтары: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын «Ұлы дала жастары» жобасы талқыланды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарында «Ұлы дала жастары» жобасы іске қосылды. Оны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басқару офисінің менеджері Болат Атыбай Астана қаласының әкімдігінде өткен дөңгелек үстел мәжілісінде таныстырды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Мәжіліске Астана қаласының ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері басқармалары қызметкерлері, бағдарламаны басқару офисінің менеджері Атыбай Болат және елордадағы 14 жоғарғы оқу орындарының өкілдері қатысты.

«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы үш бағыттан тұрады. Сол үш бағыттың бірі – «Саналы азамат». Осы «Саналы азамат» бағытының шеңберінде «Ұлы дала жастары» жобасы әзірленді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстардан жоғары оқу орындары шет қалған. Астана қаласындағы ЖОО-дарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосу үшін осы жоба жасалды. Жобаның мақсаты — еліміз алға қойған міндеттерді жастардың бойына сіңіру», — деді Болат Атыбай.

Жобаның негізгі бастамасы – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі екендігін айта өткен жөн. «Ұлы дала жастары» жобасы қазан айынан бастап жүзеге асырыла бастады. Жоба жастардың белсенділігін арттыруға, яғни, ғылым, бизнеспен айналысуына жағдай жасау, жаңа бастамалар жасау, ғылыми журналдардағы шет тіліндегі мақалалардың санын ұлғайтуға әсер етеді. Мәжіліс барысында оқу орнын тамәмдаған жастардың жұмыспен қамтылу деңгейі төмен екендігі жайлы, сонымен қоса жатақхана жетіспеушілігі мәселелері қызу талқыға салынды.

Жиын қорытындысы бойынша ЖОО-дары аталған жобаға өз қызығушылықтарын білдіріп, белсенді атсалысатындығын жеткізді.
Әрі қарай

Астанада «Латын әліпбиіне көшу-ұлттық жаңғырудың ұйтқысы» атты жиын өтті

Астана жаңалықтары: Астанада «Латын әліпбиіне көшу-ұлттық жаңғырудың ұйтқысы» атты жиын өтті

Астана қаласында «Латын әліпбиіне көшу-ұлттық жаңғырудың ұйтқысы» атты ақпараттық-түсіндірме жұмысының отырысы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Астанада қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында білім басқармасы мен №74-ші мектеп-гимназиясының ұйымдастырумен «Латын әліпбиіне көшу-ұлттық жаңғырудың ұйтқысы» атты ақпараттық-түсіндірме жиыны өтті.

Шараның мақсаты латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы терең мағлұмат беру, қоғамдық пікір қалыптастыру. Ата-аналар мен оқушыларға латын әліпбиінің Елбасына таныстырылған үлгісін Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-орталығының қызметкерлері таныстырды.

«Латын әліпбиіне көшуге байланысты ғалымдар мен IT мамандар өз нұсқаларын ұсынды. Оның алғашқы екі нұсқасы қоғамның талқысынан өтуде. Қазірші шарада сол екінші нұсқаны таныстырып, түсіндірмекпіз. Осы нұсқада отыз екі әріп бар. Бұл нұсқанын алғашқы нұсқадан ерекшелігі төл дыбыстарымыз негізгі әліпби қатарынан орын алды және дәйекше арқылы берілді», деп айтты Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-орталығының ғылыми қызметкері Алмажан Қадырханқызы.

Орталық қызметкерінің айтуынша, қазіргі таңда қоғамның 90% елбасына таныстырылған екінші нұсқаны қолдауда. Қазіргі күні латын әліпбиінің екі нұсқасы қоғам талқысынан өтуде. Және қоғам тарапынан ұсынылған ұсыныстар мен ескертпелерді біз ескелеріз деді.

«Бүгінгі іс-шараның өзектілігі латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы туралы оқушылар мен ата-аналарға терең мағлұмат беру және талқылау», деп атап өтті №74-ші мектеп-гимназиясының директоры Жеңіскүл Нүсіпжан.

Шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Әрі қарай