Қоғамдық кеңес көлік мәселесін талқылады

Сәуірдің 15 күні Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысы барысында көлік инфрақұрылымы мәселелері қаралды. Қоғамдық кеңес мүшелеріне жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі, ақылы автотұрақтар туралы баяндалып, қалалық жолаушылар көлігінде контактісіз карталармен электронды төлемдер жасау жүйесін пайдалану ережелері түсіндірілді.

Қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменов жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және пайдалану ережелерімен таныстырды. Оның сөзіне қарағанда, аталған жүйе қала тұрғындарға көліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы экономикалық және әлеуметтік сипаттағы мәселелерді шешуге, соның ішінде көше-жол желісінің өткізу қабілеттілігін арттыруға, апаттылықты азайтуға және т.б. септігін тигізеді. Бүгінгі таңда алты көше, яғни 42 қиылыс ITS интеллектуалды көлік жүйесімен жабдықталған. Алдағы уақытта аталған жүйені тағы да 54 қиылыста енгізу жоспарланған, — дейді Е. Сүлейменов.

«Астана LRT» ЖШС басқармасының төрағасы Талғат Ардан бұл жүйенің әр жүргізушіге қозғалыс бағытына қарамастан бағдаршамның оңтайлы режимін болжауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

— Бұл бейімделуге болатын басқару, бағдаршамдар көліктер санын жолақтар, бағыттар бойынша есептейді, көлік түрін, оның жылдамдығын анықтайды, осының барлығы тәулігіне 24 сағат бойы әрбір 3 секунд сайын синхрондалады. Бағдаршамдар нақты учаскеде белгілі бір көлік санына сигналдың оңтайлы режимін анықтайды, — деді Т. Ардан жобаны таныстыру кезінде.

Отырыс барысында көлік қоюға арналған 9 мың орны бар ақылы тұрақ енгізу жобасы әзірленіп жатқандығы туралы мәлім болды. Бірінші кезеңде 910 тұрақ орны жасалмақ, жоба үстіміздегі жылдың мамыр айының соңына дейін іске қосылмақ.

Ақылы тұрақтар «Нұрсая 1» және «Нұрсая 2» тұрғын үй кешендерінің маңындағы «Нұржол» желегінің, «Нұр Отан» партиясының бас кеңсесінің жанындағы көшелердің бойында, сондай-ақ, Ақмешіт, Түркістан көшелерінде және Қабанбай батыр даңғылының шығыс бөлігінде орналасады.

Астана жаңалықтары: Қоғамдық кеңес көлік мәселесін талқылады
— Онда ақпараттық қалқандар, электронды табло орнатылады, паркоматтар қойылады. Модеммен жабдықталған детектор асфальтқа кіріктіріледі, бұл бізге машинаның қай аймақта екендігін көруге мүмкіндік береді. 15 минуттың ішінде төлем жасау керек. Тұрақ орнының құны белгісіз, — деп түсіндірді Т. Ардан.

Отырыс барысында жобаның инвесторлардың есебінен іске асырылатыны атап өтілді.

Қоғамдық кеңес мүшелері әзірлеушілерден жобаларды жүзеге асыру кезінде, соның ішінде үйдің маңындағы аумақтарда орын алуы ықтимал барлық жағдайларды қарастыруға шақырды.

Отырысқа қатысушылар елордалық көлік инфрақұрылымы объектілерін «Астана LRT» компаниясының басқаруына беру ережелерін және кабельдік кәріз бен инженерлік инфрақұрылымды пайдалану ережелерін бекітті.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

"Мадам Баттерфляй" Астана Операда

Италияның Қазақстандағы мәдени жылы аясында «Астана Опера» театрының Үлкен залында итальяндық композитор Джакомо Пуччинидің ең әсерлі «Мадам Баттерфляй» операсының тұсаукесері өтті. Чио-Чио-сан (Көбелек) атты жас гейша ролін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай ойнады. Оның сүйіктісі, американдық флот лейтенанты Бенджамин Франклин Пинкертонның рөлін итальяндық опера сахнасының жұлдызы Фабио Армилиато сомдады.

Оқиға американдық лейтенантқа ғашық болып,өз дәстүрінен бас тартқан және соңында отбасы мен халқы теріс қарап кеткен он бес жасар қыз туралы. Сүйіктісінің жасаған опасыздығын білгеннен кейін ол өзіне-өзі қол салады.

Театрда бір ай бойы қойылымға дайындық жұмыстары жүргізілді. «Астана Опера» цехында жүзден астам костюм тігілді. Сондай-ақ бас киімдер, жасанды шаштар мен арнайы тігілген аяқ киімдер кейіпкерлердің бейнесін толықтырады. Айта кетейік, бұл жолы бірегей декорациялар қолданылады: мұндай өзен және мұндай табиғат бейнесі әлемнің бір де бір театрында көрініс тапқан емес.

Басты дайындықтан кейін әртістер операның тұсаукесеріне дайындалады: ән айтып, грим жағады. Басты рольді сомдайтын Жаннат Бақтай өз партиясын ойнаудағы қиындықтар туралы айтып берді.

«Бұл бір әншінің операсы, яғни бүкіл психологиялық, музыкалық, дауыс жүктемесі бір дауысқа түседі. Қойылымда бәрі де тұрақты, оңтүстік-шығыс халықтарына тән минимализм бар. Партияның қиындығы сонда жатқан сияқты. Басты кейіпкердің образы әйелдің барлық сезімін қамтиды: арманнан махаббатқа дейін, үлкен трагедия да орын алады», — дейді әртіс.

Жаннат Бақтайдың айтуынша, оның сүйіктісінің ролін итальяндық әртіс орындайтындықтан, көрермендер азия-еуропалық музыкалық сиқырлықты тамашалады.
Астана жаңалықтары: Мадам Баттерфляй Астана Операда

«Рольді қалай жеткізерімді білмеймін. Бәрі де жүректен шығады. Бәрі де жанды, табиғи. Барлығымыз да адамбыз, әртіс болғанымызға қарамастан біз де өмірімізде осындай керемет сәттерді бастан кештік», — дейді әртіс.

Театр сүйер қауым назарына салайық, 15-16 сәуірде сағат 18.00-де «Астана Опера» театрының Үлкен залында Дж. Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсының тұсаукесері өтеді.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Жолды жөндеуге байланысты көлік жолдары шектеледі

Орынбор көшесінің Керей мен Жәнібек хандар көшесінен Хусейн Бен Талал көшесіне дейінгі бөлігінде асфальтбетон жабыны ауыстырылады. Осыған байланысты аталған жол учаскесінде 15-сәуірден бастап 2 мамырға дейін көлік қозғалысы уақытша шектелетін болады.

Астана жаңалықтары: Жолды жөндеуге байланысты көлік жолдары шектеледіАстана жаңалықтары: Жолды жөндеуге байланысты көлік жолдары шектеледі

Жол жөндеу жұмыстары жүргізілетін кезеңде жүргізушілерден жол бағдарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша дайындалды.
Әрі қарай

Үй жануарлары тегін вакинацияланады

Астанада үй жануарларын жоспарлы вакцинациялау жүргізілуде. Елорда тұрғындары 30 сәуірге дейін үй жануарларына аса қауіпті «құтырма» ауруына қарсы жоспарлы вакцина жасатуы қажет. Вакцинациялауды ШЖҚ «Астана Ветсервис» КМК жұмыс күндері сағат 15.00-ден 18.00-ге дейін, демалыс күндері 9.00-ден 14.00-ге дейін тегін жүзеге асырады! Үй жануарларыңызға тегін екпе жасатам десеңіз, кәсіпорын мекендайы: Алаш тасжолы, 3, «Эко Полигон».

— Вакцинациялау процедурасы жыл бойы өткізіледі. Әдетте дәрігерлердің өздері үйлерді аралап, жануарларға екпе жасайды. Бірақ иттер мен мысықтардың барлығын қамту мүмкін емес. Сондықтан аталған акция сынақ түрінде ұйымдастырылды. Вакцина күшіктерге үш айдан, марғауларға екі айдан бастап салынады, — «Астана ветсервис» кәсіпорны директорының орынбасары Арыстанов Айдархан.

Астана жаңалықтары: Үй жануарлары тегін вакинацияланады
Айта кетейік, Астана қаласы мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы № 447/62- V «Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары туралы» шешіміне сәйкес үй жануарларын вакцинациялау және тіркеу міндетті.

Толық ақпарат алу үшін мына телефондар бойынша хабарласыңыз: 28-59-70, 57-03-54, 8-701-604-98-77.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Асық ойнаған озар

ҚР Ұлттық музейінде елордалық оқушылар арасында асық атудан ашық турнир өтті. Бұл турнир ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орй ұйымдастырылған деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz.

Турнирдің ашылуында сөз сөйлеген Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатубалдин асық ату ойынының маңыздылығы туралы айта келе, қоғам болып қазақтың ұлттық ойындарын қолдауға шақырды.

— Асық ойыны баланы мергендікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Қазақ: «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» деп бекер айтпаған. Ұлттық тәрбие – ұлттық ойыннан келіп шығады. Кешегі қиын кезеңдерде ұлттық болмысымызға жасалған түрлі шабуылдарды бастан кештік. Тәуелсіз ел болып, өз еркіміз өз қолымызға тигенде ата-бабаларымыздан қалған құнды мұраларымызды қайта жаңғырту, насихаттау біздің басты борышымыз, — деді А.Сатубалдин.
Астана жаңалықтары: Асық ойнаған озар
Турнирді «Асық ату» федерациясымен бірге Ұлттық музейдің музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің эстетикалық тәрбие беру секторы ұйымдастырды. Турнирде Астана қаласының орта мектеп оқушылары өзара сайысқа түсіп, ең епті, асыққұмарларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Әрі қарай

Астаналық дәрігерлер Израильдің жедел жәрдемі тәжірибесін үйренуде

Астана қаласының Оқу-клиникалық орталығының кешенді жоспарына сәйкес, қалалық Жедел медициналық жәрдем станциясындағы әріптестерінің озық тәжірибесін үйрену мақсатында елордалық Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен бір топ дәрігер Изральдің жетекші клиникаларына оқуға жіберілді.

Елордалық дәрігерлер жедел медициналық жәрдем жұмысы саласында Израильдің жетекші клиникаларында білім алды. Олар үйренген халықаралық тәжірибесін алдағы уақытта қалалық жедел жәрдемнің басқа қызметкерлерімен бөліспек.

Астана жаңалықтары: Астаналық дәрігерлер Израильдің жедел жәрдемі тәжірибесін үйренуде
Оқу барысында отандық мамандар жалпы медициналық қызмет көрсетуден басқа, донорлықты ұйымдастырып, халыққа алғашқы көмек көрсету жолдарын үйрететін Израиль ұлттық шұғыл көмек көрсету қызметінің жұмысымен танысады.

— Қызметкерлер оқуы керек, шетелге барып, тәжірибе жинайды, басқа мемлекеттерде жұмыстардың қалай жүргізілетінін біліп, халықтың жедел жәрдемге қалай қарайтынымен танысуға тиіс. Теледидардан көріп, естіген басқа, қызметімізді дамыту үшін осындай сапарлар қажет. Израильде дәрігерлердің жұмысы жолға қойылған, медиктер келгенше шұғыл көмек көрсететін волонтерлар да жақсы жұмыс істейді, — дейді Астана қаласы жедел медициналық жәрдем станциясы медицина бөлімі бас дәрігерінің орынбасары Сұлушаш Әбілқасымова.

Оның пікірінше, тәжірибе алмасу практикасын тар шеңберлі маманданған және орта медицина қызметкерлерінің, фельдшерлердің де арасында қолданып, тренингтер өткізу үшін шетелдік мамандарды елордаға шақыру керек.

Астана қаласының дәрігерлері Тель-Авив қаласындағы ауруханаларда, симуляциялық тренинг-орталықтарында, парамедиктерді оқыту орталықтарында болып, көру алаңында нақты бір жағдайда бірінші кезектегі және біркелкі іс-шараларды (емдеу, профилактикалық, эвакуациялық) қажет ететін зардап шеккендер мен науқастарды топтарға бөлу — «триаж» медициналық топтау негіздерімен танысты.

Материал Астана қаласы әкімдгінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Экология мәселесі тәртіп сақшыларының назарында

Елордамыздың тазалығы мен сыртқы келбеті тәртіп сақшыларын да алаңдатады. Бұл ретте түрлі ұйымдардың, мекемелер мен ШОБ өкілдерінің қала аумағын абаттандыру ережелерін бұзу жағдайларын анықтауға және болдырмауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Осыған байланысты Астана қаласының табиғат қорғау полицейлері экологиялық рейдті бастады.

Бүгін астаналық полицейлер рейд барысында аумақты абаттандыру ережелерін сақтамайтын кәсіпкерлерді анықтау жұмысын жүргізді. Күн сайын бекітілген аумақтарды аралау барысында полицейлер құрылыстардың іргелес аумақтарын санитарлық ұстау мен уақытылы жинауды ұйымдастыруды бақылайды. Тексеру барысында тәртіп сақшылары кәсіпкерлердің, көлік жуу орындарының, дүкендердің, сондай-ақ құрылыс объектілерінің иелерінің іргелес аумақтарды қалай ұстайтынын бағалады.

Астана қалалық мәслихатының 2004 жылғы 30 наурыздағы № 28/6-III «Абаттандыру, санитарлық жабдықтау, жинау жұмыстарын ұйымдастыру және Астана қаласының аумағында тазалықты қамтамасыз ету қағидалары туралы» шешіміне сәйкес кәсіпкерлер іргелес аумақты (периметрі 5 м) таза ұстауға міндетті, сондай-ақ қала тұрғындары үшін тәртіп сақтау бойынша қолайлы жағдай жасауы керек.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында табиғат қорғау полициясының қызметкерлері 723 тексеру жүргізіп, нәтижесінде шағын және орта бизнес объектісінің 372 өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, 9 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін заңды тұлғаларға 30-100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.

Астана жаңалықтары: Экология мәселесі тәртіп сақшыларының назарында
«Көлік жуу орнына іргелес аумақ лас. Жиналмайтын кездері де болады. Иесінің өзі жоқ. Оған қызметкері арқылы сағат 17.00 бөлімге келсін деп шақыру қағазын қалдырып кеттік. Мекеме иесіне қатысты әкімшілік жаза қолданылады», — дейді Астана қаласының ІІД ЖПҚ аға инспекторы Ораз Ахметов.

Полицейлердің басты мақсаты жазалау емес, тәртіп бұзушылықты болдырмау. Сондықтан да кәсңпорын басшылармен және жеке азаматтармен абаттандыру ережелерін сақтау, санитарлық ұстау, нысан аумағын жинауды ұйымдастыру және тазалықты қамтамасыз ету туралы профилактикалық әңгімелесулер жүргізіледі.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай

Астаналық оқшылар ғарыштық зерттеулер жарысынан жүлделі келді

Байқоңыр қаласында Ғарышкерлер күніне арналған XII «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша Халықаралық ғылыми жарыстар өтті. Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша жарыстан елордалық 26 жас ғалым үйге олжалы қайтыпты.

Астана жаңалықтары: Астаналық оқшылар ғарыштық зерттеулер жарысынан жүлделі келді
XII «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша Халықаралық ғылыми жарыс Байқоңыр қаласында академик В.Н. Челомея атындағы Халықаралық ғарыш мектебі базасында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен Ғарышкерлер күні қарсаңында жыл сайын өткізіледі.

Ғылыми жарыстардың басты мақсаты — балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығын арттыру, ғылыми-зерттеу қызметіне баулу, отандық және әлемдік ғарыштық жетістіктерді насихаттау, ақпараттық және ғарыштық технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты ынталандыру, дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау.

Ғылыми жобаларды қорғау 5 секция бойынша жүргізілді: «Зымырандық техника және инфрақұрылым», «Ғарыштық ақпараттық технологиялар және модельдеу», «Экология және ғарыштық қызмет», «Астрофизика және Дүние жүзінің эволюциясы», «Күн жүйесі».

Жарысқа 11-сынып оқушылары – биылғы республикалық ғылыми жобалар конкурсының ІІ кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, І, ІІ және ІІІ дәрежелі диплом алғандар қатысты. Ғылыми жобалар жарысының қорытындысы бойынша 26 елордалық оқушы жүлделі орындарға ие болды, соның ішінде 9 «алтын», 7 «күміс», 10 «қола».

— Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Балалар ғарышқа жақын кеңістікке енді. Алғаш рет Байқоңыр ғарыш айлағын, тұңғыш ғарышкер музейін, конструктор Королевтың үйін тамашалады. Көптеген пайдалы ақпаратты олар өз жобаларына қосқан болатын. Осылайша, жарыста жақсы нәтижелерге қол жеткізді, — деді «Астана дарыны» РҒПО инновациялық педагогикалық технологиялар зертханасының әдіскері Жанар Бейсенбаева.
Әрі қарай

ІІД консультативтік кеңес органы өз жұмысын бастады

11-сәуір күні қалалық Ішкі істер департаментінің Консультативтік кеңес органының алғашқы отырысы өтті. Астана қаласы ІІД бастығы полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіровтің айтуынша, Консультативтік кеңес органы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, полиция қызметін әділ әрі ашық етуді қамтамасыз етеді.

Астана жаңалықтары: ІІД консультативтік кеңес органы өз жұмысын бастады

Бұл кеңестің негізгі міндеттері халықтың ішкі істер органдарына сенімін арттыру, полицияны халыққа жақындату, үкіметтік емес ұйымдардың құқықтық мемлекетті нығайтудағы ролін одан әрі арттыру, ішкі істер органдарының қызметіне консультативтік, әдістемелік және өзге де қолдаулар көрсету, ішкі істер органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелерін шешуге ықпал ету, ішкі істер органдары қызметінің өзекті мәселелері туралы халықты жан-жақты және шынайы ақпараттандыру мүддесіне бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарту, бірлескен іс-шаралар бағдарламалары және оларды іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу, ішкі істер органдары қызметтерін жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау.

Консультативтік кеңес органының құрамына ҚР Парламенті Мәжілісі мен қалалық мәслихат депутаттары, ішкі істер органдарының ардагерлері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді.

Дауыс беру арқылы Астана қаласы ІІД жанындағы Консультативтік кеңес органының төрағасы болып «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ бас директоры Абай Байгенжин сайланды. Консультативтік кеңес жұмысының нәтижелерін алдағы уақыттарда көреміз деген үміттеміз.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша дайындалды.
Әрі қарай

Дәрігерлер эндосокпиялық операциялар жасаудың жаңа әдістерін меңгерді

Апта бойы елордалық дәрігерлер шетелдік әріптестерінен эндоскопиялық операциялар жасаудың жаңа әдісін меңгерді.

Дели қаласы Isis халықаралық госпиталінің аз инвазивті хирургия докторы Арвинд Кумар Астана қаласы Онкология диспансерінің дәрігерлеріне тік ішек, жатыр мойны, лапароскопиялық радикалды нефрэктомия, спленэктомиямен ұйқы безінің корпорокаудальді резекциясы және т.б. қатерлі ісіктері кезінде эндовидеохирургиялық ота жасаудың жаңа әдістерін тәжірибе жүзінде көрсетті.

Астана жаңалықтары: Дәрігерлер эндосокпиялық операциялар жасаудың жаңа әдістерін меңгерді

Сонымен қатар, Арвинд Кумар қазақстандық әріптестерімен бірлесіп 10 ота жасап, қалалық онкология орталығының 12 пациентіне практикалық және консультативтік көмек көрсетті. Шетелдік маман қазақстандық әріптестерінің тәжірибесін жоғары бағалап, онкология орталығы ұжымының ризашылығын білдірді.

Тренингкеәртүрлі емханалардын келген 22 онкохирург білімін жетілдіріп, кәсіби машығын шыңдағаны жөнінде халықаралық үлгідегі сертификаттар алды.

Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша әзірленді.
Әрі қарай