Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу

«Хрущевка» үйде тұрсаң сол — не бетонды перфораторсыз тесе алмайсың, перфоратор қолдансаң көршілеріңнің мазасын аласың.

Интернетте не көп — лайфхақ көп. Олардың дені сырт көзге әдемі жасалады да, ал қолға алсаң — әлде басқа жерден өсіп шыққан қолыңнан, әлде шынымен ақыл-кеңестің хуеталығынан ойдағыдай шықпай қалып жатады. Мені қызықтырғаны қабырғаға картина ілу еді.

Маған қажеті бетон қабырғаны теспей, бірдеңе қылып ұстатып қою. Картина дейтіндей картина да жоқ үйде, көркемсурет коллекционері болуды да мақсат тұтпадым. Сол, аннан-мыннан жиналған грамоталар мен мақтау қағаздары. Тар бөлмеде тұрсаң зат-мүлкіңді барынша оңтайландыруға тырысасың, әйтпесе сол қоқыстың арасынан өзіңді де таба алмай қалуың мүмкін. Сол «картиналар» әбден маза бермеді. Шкафтың қапталында сөре бар, бұрын сол жерде тұратын. Бірақ ол сөрелер уақыт өте келе күнделікті өмірге қажетті қоқысқа тола бастады: кілт, зарядтағыш-жалғағыш шнурлар, ноутбук, қайшы, тамақ және тамақтан босаған ыдыс, баланың ойыншығы. Очм, полкада тұрмауы тиіс заттардың бәрі сонда орналасты.

Грамоталарды жинап алып, бір қорапқа салып, ешкім көрмейтін қуысқа зытыруға да болады. Бірақ өйтіп орынды босқа алудың қажеті қанша. Одан да ілініп тұрсын да, міндеті де сол емес пе — ілініп, көзге көрініп тұру.

Очм, екі тәсіл бар — кішкентай ілмек тауып алып (құдайға шүкір, елімізде фурнитура тапшылығы жоқ, іздесең неше түрін табуға болады), оны сұйық сварка дей ме, қою желім дей ме — әйтеуір, желіммен жабыстыру керек те, әбден қатып бекіген соң картинаны соған ілесің. Бірақ, ілмек пен желім іздеу келешегі ұнамады маған, еріншекпін.

Тағы бір вариант — кәдімгі кеңсе скрепкасын, қазақша айтсақ қағаз қыстырғышын пайдаланып ілмек жасау. Осы көңілге қонымды болып көрінді, интернеттен көре сала тез іске кірісіп кеттім, өйткені қажеттінің бәрі жаңағы қоқысқа толы сөрелерде жатыр еді. Соны өз мысалымда көрсетіп берейін.

Бір шарт бар: қабырғаға тұсқағаз ұстатылған болу керек. Онсыз болмайды.

Қажетті құралдар: кеңсе пышағы, скрепка (қыстырғыш), кез-келген желім, сызғыш пен қарындаш.

Картина тұратын орынды қабырғадан белгілеп аламыз. Сызғыш пен қарындаштың көмегі осы жерде керек болады: симметрия, пропорция мен геометрия заңдылықтарын ескере отырып, өлшеп-сызып белгілеп алған дұрыс. Эстетика, епта.

Алдымен ілмек дайындап аламыз. Қыстырғышты жалпағынан жатқызамыз. Бір ұшын алдымен жоғарыға, сосын сәл бір жағына қиыстау етіп (бір жағына еңкейтіп) қайырамыз. Сонда ілмектің сұлбасы көріне бастайды:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Сосын тұсқағазды пышақпен кесіп, кішкене саңылау жасаймыз. Тым керіп жіберуге болмайды, қыстырғыш дәл сыйятындай болса жеткілікті:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Жаңағы қыстырғышты қайырылғын ұшы жоғары қарайтындай етіп тұсқағаздағы саңылауға тығамыз:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Сонда шамамен төмендегідей көрініс пайда болуы тиіс:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Сосын, картинаны, менің жағдайымда — алғыс хатты соған ілеміз:
ЛайфХақ (Lifehack): Картинаны бетон қабырғаны теспей ілу
Бұндайда «жыртылып кетпей ме?» сұрақтың туындауы заңды. Мен бес картинаға орын дайындадым. Соның бір тесігі әлде үлкен болып кетті, әлде тұсқағаздың дәл сол жері қабырғаға дұрыс жабыспаған, әйтеуір бір орын жыртылып кетті. Желім осындай жағдайда қажет болады: жыртылған жерге желім құйып тастауға немесе тұсқағаздың артық қиындысы болса, жамап тастауға болады. Ертесіне дейін әбден кепсін, сосын тағы да саңылау жасап іліп көреміз.

Арзан, қатаң :)
Әрі қарай

Пәтеріңді тонаудан қорға

2015 жылы жазда жақсылап тоналған соң бұл мәселеге ерекше мән беретіндердің бірімін. Супержүйе, ақылды үй орнаттым деп айтпаймын, әйтеуір, тоналудың алдын-алуға көмектесетін қарекеттер жасаудың о жақ, бұ жағы. Өзім қабылдаған және/немесе оқып білген сақтық шаралары мен профилактика жұмыстарын айта отырайын, мүмкін біреуге көмегі тиіп қалар.

Пәтерің тоналды ма? Ұры табылып, тиісті жазасын алатыны туралы, шығындарыңды қалыпқа келтіретің туралы армандамай-ақ қой. Бірақ полицей шақыру қажет — оларда тоналу статистикасы жасалады, ал ашылмаған қылмыс олардың жұмысы үшін минус екені белгілі. Дей тұрғанмен, полиция пәтер тоналу жағдайын ұсақ-түйек деп қарайды, сәйкесінше тергеу жүргізбейді, ұрыға іздеу салмайды. Олар мәселені қалай шешеді? Кездейсоқ қолға түсіп қалған қылмыскерге сол аудандағы фактілердің бәрін мойнына іліп жібереді, болды.

Сондықтан ешкімнен көмек күтпей бәрін өз қолыңа ал. Алдын-алу шараларын жүргіз.

Құлып
Мен тоналғаннан кейін бірден сенімді кілт іздей бастадым. Әлгі есікпен бірге келетін стандарт құлыпты ашу «шессекунт» екен. Сондықтан «штаттық» құлыптарды алып тастасаң да болады. Негізі бір есікте кем дегенде екі кілт болу керек дейді. Менің есігімде екеу — біреуі өзінікі, біреуін бөлек орнатқам (суретте: сол жақта стандартты құлыптың ашары, оң жақта «Меттэм» деген брендпен шығатын құлыптыкі).
ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Ұзын ашары бар құлыптарды аша алмайды деп ойлап қалма. Ашылмайтын құлып жоқ дейді халықта. Тек күрделі болған сайын ұры да шаршай бастайды, сақтық шараларын ұмытады, тықырлап-шылдырлап көршілердің назарын өзіне аударуы мүмкін.

«Меттэм» типтес құлыптың бір кемшілігі — кілтін жоғалтып алсаң есікті бұзуға туралы келеді. Есікке зақым келтірмей, отверткамен, басқа да құралдармен бұрап ашу мүмкіндігі төмен.

Айтпақшы, құлыптар нарығында ресейлік «Берьер» брендін мақтайды. Механизмдері күрделі, бұзып ашу, көшірмесін жасау мүлдем мүмкін емес дейді. Бағасы да сәйкесінше, 40-50 мың теңге тұрады.

Есік-терезе
Кілтім сенімді екен деп есікті де естен шығаруға болмайды. Бір тепкенде ашылып кететін жеңіл есік орнатсаң кілттеріңнен пайда жоқ. Есіктің материалы қатты металлдан болуы керек. Ақшаң жетсе екеуін орнатып таста. Ұрылар әдетте бір есікті ашуға 5-10 минут жұмсайды. Ал одан ұзаққа созылып кетсе тәуекелге барып жатпайды, құрысыншы деп кетіп қалу мүмкіндігі жоғары. Есіктің екеуі де сыртқа ашылған дұрыс, ішке ашылса — бір теуіп кіре салады.
ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Терезелердің ашылатын бөліктері адам сыймайтындай тар болғаны дұрыс. Әрине, бірінші кезекті әйнек пен жақтаудың беріктігі. Бір жаққа шыққанда терезелердің міндетті түрде жауып кет. Жоғарғы қабатта тұрам деп мақтанба, төбеден арқанмен түскен фактілер бар.

Блеф үркітулер
Ұрылар назар аударатын нәрселер бар: үйде адамдардың болуы, пәтердің күзет органдарымен қорғалуы, т.б… Яғни үйің немесе пәтерің қараусыз қалмағанын көрсетуің керек. Ол үшін сыртқы есікке танымал күзет фирмасының логосын жабыстырып қоюға болады (типі, бұл үйге «Сақшы» күзет фирмасы қызмет көрсетеді, телефон: ...). Әрине, эффектісі жоққа жақын. Бірақ өмірінде күзеттен қашып көрген адам болса, әлгі жапсырма қағазды көргеннен кейін ойланып қалуы мүмкін.

ЛайфХақ (Lifehack): Пәтеріңді тонаудан қорға
Дәлізде радио, музыкалық плеер секілді, әйтеуір дыбыс шығарып тұратын аппарат жұмыс істеп тұрғаны дұрыс. Сырттан келген адам үйде кісі бар деп ойлап қалсын.

Есіктің жоғарғы жағына камера орнатып қой. Қазір ешбір техникалық қызмет көрсетуді қажет етпейтін автономды камералар бар, солардың бірін сатып алсаң болады. Олардың жазбалары әдетте компьютерге немесе смартфонға келіп түседі. Дұрысы, әрине, бір фирманың көмегіне жүгініп сигнализация орнату. Бірақ бәрінде бірдей ондай мүмкіндік бола бермейді ғой. Шын камераға ақшаңды қимасаң муляж камералар сатып алуға болады, 2-3 мың теңге тұрады. Олар ештеңені түсірмейді, жай ойыншық қана. Бірақ сыртқы түріне қарап муляж екенін біле алмайсың.

Осы кезге дейін таныстарымнан небір тонау оқиғаларын естідім. Бәрінде дерлік ірі сомада ақша қолды болған. Үйде ешқашан ақша сақтама. Алысқа жол жүрсең бағалы заттарыңды табылмайтындай етіп жасырып кет, не сенімді біреулерге тапсырып кет.

Ең бастысы — үйдің сырын көршілеріңе айтпа. Әдетте ұрыларға хабар жеткізіп тұратын жансыз — өз көршің болып шығады.
Әрі қарай

Бөлме температурасын арттыру

Былтыр да, биыл да қыста тоңып шықтық. Былтыр қабаттанып киініп, қалың жамылып амалдасақ, биыл шыдамым таусылды. Өмір бойы әр қыс сайын осылай жүре бермейміз ғой енді, әр нәрсенің шегі бар.

Күзде есіктің тығыздауыштарын ауыстырдым. Білмейтіндерге: резина жолақтар — есік пен жақтаудың арасына салынады. Құрылыс дүкендерінде, базарларда сатылады. Нақты бағасы есімде жоқ, бірақ қымбат емес. Бұрын есік жақтан салқын ауа кәдімгідей сезіліп тұратын, онымен қоса подъезд алаңқайында көршілердің шеккен темекісінен жағымсыз иіс те сол желмен бірге кіретін. Қазір иіс те, салқын ауа да тыйылды. Аралық тығыздауыштардың әсері бар екен, қалай десек те.
ЛайфХақ (Lifehack): Бөлме температурасын арттыруБірақ бұдан үй жылынып кетті деу қиын. Суық бәрібір бар. Содан интернеттен үйдегі жылуды сақтаудың амалдарын іздестірдім. Тәсілдер көп, бірақ оның бәріне менің ақшам да жетпейді, қолымнан да келмейді. Бір ғана амалды жасау оңай екен, ол — алюминий фольганың көмегімен бөлмедегі жылуды ұстау.

Алюминий фольга жылуды кері қайтаратын қасиетке ие, бұл жерде суық қабырғаға өтіп кететін жылу туралы айтып отырмын. Ол үшін фольганы жылу батареясының артына ұстау керек. Содан іске кірісіп кеттім. Фольганы табу қиын емес, құрылыс заттарын сататын базарларда болады. Өзім Алматыдағы «Саламат» базарынан таптым. Екі метрі 1 мың теңгеге шықты.

Бастапқыда фольганы ұстата салудың еш қиындығы жоқ сияқты көрінгенімен, біраз терлетеді екен. Үстіңгі және астыңғы жағын скотчпен жабыстырдым, ал ортаңғы бөлігі қомпайып кетпеу үшін екі жағы жабысатын қалың скотчпен қабырғаға ұстаттым. Бір үлкен кедергі бар — батареяны ұстап тұрған тіректер. Фольганың сол тіректерге келетін тұсын жақсылап өлшеп қиған абзал, қисық ілінсе эстетикалық әлпеті көңіліңді түсіріп жібереді (онсыз да фольганың өзі сүйкімсіз рең беріп тұрады).

ЛайфХақ (Lifehack): Бөлме температурасын арттыруІлінген фольга мен батарея арасында бос кеңістік болуы керек. Қабырғаға бағытталған жылы ауа фольгаға ұрылып, кері қайтуы үшін сол дұрыс. Бір-біріне тақалып тұрса фольганың ешқандай әсері болмайды, жай ғана қабырғаңның сәні кетіп тұрады (не деген урод материал еді өзі).

Енді нәтижесіне келейік. Бірден айтайын, мәйкі-шортыңды шығаруға асықпа. Үйді ысытып жіберетіндей әсерде емес, әрине. Бірақ аздап болса да температураның көтерілгені сезіледі. Әйтеуір бүріспей, бойымызды жазып жататын жағдайға жетіп қалдық. Ыхы-ыхы. Әйеліме жағып қалған секілді, асбөлмеге де істеп бер деген тапсырыс алдым. Жаңа ғана істеп болдым.

Интернеттегі мамандардың айтуынша, үйің жып-жылы болу үшін барлық жерін оқшаулау керек. Ондайда қолданылатын арнайы төсемдері бар, іздесе неше түрлісі кездеседі. Ал менде балконның есігінен бәрібір салқын ауа кіріп тұр. Алдағы жазда қамдайтын шаруаларымның бірі осы болмақ.
Әрі қарай