Адыраспан туралы ақиқат...

Халқымыз дәрулік шипасынан бөлек әулиелік қасиеті мол санаған шөптерінің бірі «адыраспан» деп аталады. Біздің ата-бабаларымыз сондықтан оны үйдің босағасына іліп қойып, осы арқылы отбасын алуан түрлі бәле-жәлелерден сақтауға тырысқан. Осы өсімдіктің түтінімен үйдің ішін түгел ыстап, сол жын-шайтандарды, жаман адамдардың лас ниеттері мен қарғыстарын шаңырақтан аластайтын болған.

Атам қазақ өзі аса киелі деп білген бұл өсімдікті өсіп тұрған жерінен жұлып аларда да оның әдеп-ибасын қатаң сақтаған. Біріншіден, оны қауызы толып, тұқымы толық піскен кезде ғана жұлған. Екіншіден, ер адамның ғана жұлуына рұқсат етілген. Үшіншіден, сол жұлатын адамның жаны ғана емес, үсті-басы таза, дәреті бар екеніне мән берілген. Төртіншіден, жұлушы кісі міндетті түрде Аллаһқа құлшылық етіп, «Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим! Мен келдім әр нәрсеге, адыраспан, Атыңды қойған екен Омар, Оспан. Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим!» деп барып, өсімдіктің сағағына қолын тигізген. Бұл жердегі Омар мен Оспанның пайғамбарымыз Мұхаммед ғалаһауи-с-саламның әйгілі төрт сахабасының екеуі екенін мүмкін жұрт білетін шығар деп ойлаймыз.

Біз бала жасымыздан осы адыраспанның арасында өстік десек те болады. Арал қаласында әкемнің қолымен тұрғызылған үйіміздің бақшалығы іші осы киелі шөпке толы еді. Құдды газон тәрізденіп тұтасып тұрған сол қалың қау шөптің арасымен жүргенде, олар аттап өтуге жол бере қоймайтын. Сонда әкем Сердалы сол әулиелі өсімдікті қызғыштай қорып: «Балаларым, бұл қастерлі шөпті жұлушы болмаңдар, киесі ұрады» дегенді жиі айтатын. Ал бақшамызда жайқалып өсіп тұрған адыраспанның нуын байқаған көрші-қолаң: «Сәке, есіктеріңіздің алды киелі өсімдікке толы сіздер қандай бақыттысыздар!» дегенді шын ынты-ықыласымен жеткізіп жататын. Сол кезде бала болсақ та, «адыраспан» атты қасиетті өсімдіктің бар екенін, оған тиюге болмайтынын бүкіл санамызбен түйсіндік.

Адамзаттың тіршілік етуі барысында өсімдіктер әлемінің алатын орны ерекше зор. Қазіргі медицинада қолданыста жүрген дәрі-дәрмектердің 40 пайыздай бөлігі тап өсімдіктер дүниесінен жасалады екен. Қоршаған орта өскіндерінің адам ағзаларын жақсартуға осындай өлшеусіз көмегі барын біздің ата-бабаларымыз бағзы замандардан бері жақсы білген. Сонау алты ғасыр бұрын өмір сүрген халықтық емші Өтейбойдақ Тілеуқа­былұлының (1388-1478 жж.) «Шипагерлік баяны» соның бергі кезеңдердегі өнегесі ғана. Тарбағатай өңірінде 1787 жылы өмірге келіп,1850 жылы қайтыс болған атақты Ырғызбай Досқанұлы емші дәрілік өсімдіктерді жақсы білгендіктен, онымен жанды да, малды да емдеп, жаза алатын дәрежеге жеткен. Ол кезінде ұлы Абайдың әкесі Құнанбайды дәрілік шөптерімен ауыр дерттен жазып шығарған деген сөз бар. Емші шипалы өсімдік­тердің гүлінен, жапырағы мен тамырынан дәрі-дәрмек жасағанда, олардың қандай науқастарға ем болатынын табиғи түйсігімен дөп біліп, білігін одан ары дамытқан. Сол емшінің көп ауруға қолданатын дәрілік шөптерінің қатарында біз сөз етіп отырған адыраспан да болған.

Адыраспанды емшілер дәрілік шикізат ретінде шілде айында гүлдеген кезінде жинап алады екен. Алғанда да, сол тұрған бойы бәрі ала бермейді, оның енді пісіп-жетілген бұтақшаларын, жапырағы мен гүлін бір қиқымын жерге түсірмей көлдей орамалға түйеді. Алғанда тамырдан жоғары жағынан ұқыпты кесіледі. Кептірер кезде темір шатыр астындағы көлеңкелі, ауа өтіп тұратын жерге қойылады. Осылайша ол екі жыл сақталуы керек. Ал тұқымын өскіннің қауашағы ашыла бастаған кезде теріп алады. Оны да төбесі жабық болғанымен, ауа өтіп тұратын бастырма астында кептіреді. Астына мата төсеп, сосын тұқымын шөбі мен қауызынан ажыратады.

Жасыратыны жоқ, адыраспан – барынша улы өсімдік. Оның мұндай қасиеті барын аталмыш өскінді ыстау үшін отқа тигізген кезінде ұшатын ащы түтінінің өзі байқатады. Өсімдіктің химиялық құрамына көз жүгіртсек, бұл сөзіміздің дәлелді екенін анық аңғара түсер едік. Адыраспанның тұқымында 3,5-6 пайыз алкалойд, 60 пайыз гармалин, 30 гар­мин және шамалы ғана мөлшерде гармалол, пеганин (вазицин) мен дезоксивицинон шөбінің құрамында 1,5-3 пайыз алкалойд, 60 пайыз пеганин мен вазицинон бар. Бұдан басқа аздау көлемде пеганидин, пегамин, дезоксипеганидин, пеганол табылған. Тамырында -1,7-3,3 пайыз, сабағында -0,23-3,57 пайыз, жапырағында – 1,07-4,96 пайыз, гүлінде – 2,82 пайыз, жемісінде – 1,08 пайыз, тұқымында 2,38-4,59 пайыз алкалоидты заттар, хинализин мен индол бар. Ал жас өсімдіктің тамырындағы алкалоидты заттың мөлшері 2 есе көп келеді.

Фармакологияда адыраспан шөбінен жасалған дәрілер қабыну ауруын, бас, зәр айдауды жақсарту, тер шығару, ішек құрттарын өлтіру, орталық жүйке жүйесін қоздыру үшін қолданылады. Гармин мен пеганин қан қысымын көтереді, тыныс алуды жиілетеді, асқазан мен жүректің жұмысын баяулатады. Ал адыраспан шөбінен қолдан дайындалған тұнбаларды емшілер бұдан да басқа алуан түрлі науқастарды жазу үшін пайдаланады. Айталық, адыраспан тұнбасымен ішкі мүшелерге суық тигенін, малярия, безгек, мерез ауруларын жазған. Сол сияқты емшілер шөптің тұнбасымен ірі қара малдарының қотырын емдеген. Шөптің қайнатпасын невростения және қояншық ауруларына қарсы ішкізеді. Ауыздың қызыл иегі ауырғанда оны сол қайнатпамен шаяды. Бұдан бөлек, адыраспанды іш ауруын алғашқы кезеңінде жазуға жаратады. Адыраспан түтінімен сал ауруын емдейтін де емшілер бар. Оның жапырағын ісікке таңып, булама жасаса, ол тез қайтады. Тағы бір елдерде адыраспанды ішек құртқа қарсы инсекцидтік құрал ретінде қолданады. Көзі нашар көретін кісілерді адыраспанды бал мен шарапқа араластырып емдейді. Аталмыш шөптің емдік қасиеттері бұдан да көп. Біздің мақаламыздың басты мақсаты бұл болмағандықтан, оған егжей-тегжейлі тоқталғанды жөн көрмедік.

Адыраспан ерітіндісінің ауыл шаруашылығындағы зиянкестермен күресте де орны ерекше. Ол сонымен қатар ертеден бояғыш зат ретінде кәдеге асады. Оның тұқымынан негізінен жүннен тоқылған бұйымдарды бояйтын бояу алынады. Мәселен, ши тоқымасында әлі күнге дейін адыраспаннан жасалған бояуды пайдаланады. Түркияда ерте кезеңдерден ақ адыраспаннан қызыл бояу алып, онымен өздерінің ұлттық бас киімдері – фесканы бояған.

Қазақстанда адыраспанның бір ғана түрі – ақ адыраспан өседі. Ол – көп жылдық шөп, түйетабан тұқымдастар тобына кіреді. Тамыр діңгегі 2-3 метрге дейін жететін өсімдіктің сабағы бұтақшалы келеді. Жасыл түсті сабағының ұзындығы 30-80 сантиметрге жетеді. Жапырақтары тілімделген, кезектесіп орналасқан, қысқа сырғалы терең 3-5 бөлікке бөлінген. Гүлі ақ және сары түсті болады. Олар ірі жалғыз, не үш кіші гүлдерден құралады. Жемісі қоңыр түсті, құрғақ болып, үш жеміс қалтасынан тұрады. Топтанып өсетін өскін шілде айында гүлдегенде оның хош иісі төңіректі алып кетеді. Бір ғажабы, адыраспан өсіп тұрған маңайға шыбын-шіркей жоламайды. Оған тек «ханның қызы» сияқты қасиетті қоңыздар ғана қонады.

Біздің адыраспан жөніндегі бір білетініміз осы.

Жаңагүл СҰЛТАНОВА,
Бөлісу:

3 пікір

KILYZAMAN
Адыраспан – пайғамбар шөбі. Оны өсіп тұрған жерінен кез келген адамға алуға болмайды, оны дұға оқып барып алу керек. Себебі: ол қасиетті, киелі шөп болып саналады. Онымен үйдің ішін аластап, жоғары іліп қояды.
konvict
Оған тек «ханның қызы» сияқты қасиетті қоңыздар ғана қонады.
Бұттан кетті :)))))))))))))
konvict
Бізде менің апам шабатын адыраспанды. Күзде қураған кезде жылқының жеңсік асы. Мықта жеуші еді.