Ыстықкөл сапары: салқынқанды турист есебі

Ыстықкөлге бір барған адам келесі жолы міндетті түрде қайтып келеді. Неге дейсіз ғой? Түсіндіріп көрейін.
Табиғаты. Көк аспанмен әлде алыстан мұнартқан көк таулармен әлде бауырын толқынға жалатқан бұйра көкшіл бұлттармен астасып жатқан айдын. Аты көл болғанымен жергілікті халық Ыстықкөлді теңіз санайды. Ал келген халық сеніп қалады. Шексіз дария көрінеді жағадан. Жаға демекші, жағадайы майда құм, Шолпан ата жаққа барсаңыз тіпті ұсақ, мап-майда. Суы тұзды. Айтпақшы, алғаш рет осы Ыстықкөлде жүзуді үйрендім. Тұзды су батам десең де батырмайтын сияқты…

Блог - Basic: Ыстықкөл сапары: салқынқанды турист есебі

Бағасы. Егер Бурабай, Алакөл сияқты жергілікті демалыс аймақтарының бағасымен салыстыратын болсаңыз, Ыстықкөл 20-30% арзан. Бұл жатын орын, ас-суы, ойын-сауық бағдарламаларына да қатысты. Айтпақшы, Алматыдан Ыстықкөлге автобустармен теп-тегіс жолмен 7-8 сағатта 2 мың теңгеге жетесіз. Хм, Астанадан Бурабайға дейін автобуспен жету құны қанша еді?
Блог - Basic: Ыстықкөл сапары: салқынқанды турист есебі
Жайлы. Қырғыз бауырлар туристерді тек табиғаттың берген сыйымен тарту мүмкін емес екенін баяғыда түсінген. Кез келген қонақ үй, пансионат, хостелге барсаңыз жайқалған бақты, құлпырған гүлзарларды, балалар алаңдарын көресіз. Айтпақшы раушан гүлінің ғажайып алуан түрін Ыстықкөлден көрдім. Балаларға әткеншек, спортшыларға жаттығу залы, аулада гүлзар, субұрқақ. Қысқаша айтсақ, барлығы адам үшін. Білесіз бе, мен Астанада тұрмыстық қалдықтарды бөліп салатын қораптарды ең прогрессивті, бетке ұстар тұрғын үй кешендері мен шетелдіктер келетін маңызды объектілерден ғана көрдім. Ал Ыстықкөлдегі пансионаттарда, жағажайда бұл қалыпты жағдай. Жағажайдан пансионатқа қарай беттедіңіз бе, аяғыңызға жабысқан құмды шығаберістегі арнайы душтан шайып ала қойыңыз. Ұсақ-түйекті несіне айтып отыр деп сөкпеңіз. Жақында отандық пансионатта болғанымызда (бағасы дәл сондай), жағажайда дәретхана болмағандықтан достарымыз пароммен қайта пансионатқа барған.
Блог - Basic: Ыстықкөл сапары: салқынқанды турист есебі
Сервис. Қырғызстан, Ыстықкөл дегенде «осыларда қайбір сервис бар еді» деп ойлайтын шығарсыз. Олай деп айтсаңыз қателесесіз. Жыл сайын сервис жақсарып келеді. Кей пансионаттарда 3 жұлдызды отельдерден кем қызмет көрсетпейді. Мысалы, Бозтерідегі біз тоқтаған Талисман пансионатында бөлмеде 3 орамал, жуынуға арналған керек-жарақтар, халат, сүйретпесі болды. Бөлмені күнделікті айтқызбай жинастырып, көрпе-төсегіңізді жаңартып, ішсеңіз де, ішпесеңіз де, минералды суыңызды қойып кетеді. Wi-fi, 3 мезгіл тамағында мін жоқ. Тек бір жетіспегені шаш кептіретін фені:p Пансионат аумағында спорт зал, моншасы, караоке, балалар алаңы, балалар бассейні, теннис корты, конференц-залы бар.
Блог - Basic: Ыстықкөл сапары: салқынқанды турист есебі
Ойын-сауық. Шолпан ата отбасымен демалуға арналған, ал Бозтеріге көбінесе жастар көп барады. Кинотеатр, диско-клубтар, су маңындағы аттракцион, сауда-орталығы, жәрмеңке барлығы қарастырылған. Жағада уақытты қызықты өткізем десеңіз, параплан, суда жүретін скутер, банан, катер, теплоход, дайвинг бар.
Турлар. Ыстықкөлде тек шомылуға ғана болады деп ойламаңыз. 1 күндік турлар өте көп. Ыстықкөлді бір айналып, тау-тасын кезіп шығуға болады. Гидтердің кәсіби шеберлігіне риза боласыз. Кез-келген тас, үңгірді, шалшық-судың түрлі нұсқалардағы аңыздарын майын тамызып айтып береді. Қырғыздар Ыстықкөл брендтерін әдемілеп жасап алған. Мысалы, Ыстықкөл десе ашлянфу есіңізге түседі ғой? Айтарлықтай асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Бірақ Ыстықкөлде болған адам ішіп көру уәжіп. Ыстықкөл балдары туралы да аңызды естіген боларсыз. Біздің Өскемен балдарынан артық емес қой, бірақ пост жазып отырған пақырларыңыз да үйге екі құтысын алып келді)))
Блог - Basic: Ыстықкөл сапары: салқынқанды турист есебі
Мұның бәрін неге тізіп отырмын. Кез келген туристік аймақтарда болуы міндетті дүниелер ғой, солай емес пе? Иә, Ыстықкөл еш ойланбастан демалуға болатын тамаша жер екенін айтқым келген. Тым болмаса, шетелде демалдым деп айту үшін барып келіңіз ;)
Бөлісу:

1 пікір

Daniar-Alan
Алакөлден де жақсы ма?