Сыйлық

Бірнеше жыл бұрынғы бұл оқиға* махаббат мейрамы қарсаңында есіме түседі де тұрады.

Күйеуім екеуміздің жеке тұра бастағанымызға көп болған жоқ. Жоқшылықты да бір адамдай сезініп қалдық. Мен жұмыста жоқпын, оның айлығы бір айдан екіншісіне әзер жетіп жығылады. Табысы тиынына дейін есептеулі, күтпеген жерден сусабын бітіп қалса — тағы бәле. Осындай бір кезең өтіп жатты.
Туған күн, мейрамды атап өту дегенді ұмыта бастаппыз. Осы бір атаулы күні тым болмаса ерекше тағам жасап берейін деп базарға шықтым. Пәтер ақыдан қалған азын-аулақ ақшаға арзан-парзан азық-түлік алып келе жатырмын. Екі айдан бері жағдай айтып, қарызын төлемей жүрген дүкеннің алдынан өтуге ұялып, келесі көшемен айналып келе жатқам — сән салонының сыртынан «Шаш сатып аламыз» деген жарнаманы көріп қалдым. Ішім қылп ете қалды. Екі ойдың ортасындамын. Бұл ісімді ешкім, тіпті күйеуім құптамасын білсем де, салоннан қатты ұзап кете алмадым. Блокнотыма қарағыштап, Алматыдағы туысының үйін іздеп жүрген шымкенттік құсап әлгі жерді айналшықтап жүрдім де қойдым ) Бағасын тіпті шамалай да алмаймын, күйеуіме сыйлық жасауға жетсе болды деймін. Негізі, ойда жүрген бір дүние: әкесі сыйлаған көнелеу сағаты бар еді. Артқы қақпағын жоғалтып алған, енді "іш-құрылысы", детальдары үшін алаңдап, аса көп пайдаланбайды да. Әйтпесе, қатты қадірлейді. Ақша артылған бір күні алып беремін деп, нөмір, таңбаларын қағазға түсіріп ап, сағаттың өзін түйіншекке түйіп тастағалы біраз болған.

Қанша қорқып, толқып тұрсам да тәуекел еттім: басымды кесіп алмас, шашымды алса да. Тым ұзын да емес, бұйра. Бірнеше рет рет боялғандықтан арзандау бағалайтындарын бірден ескертті…
...Қақпақты жастықтың астына тығып қойып, басыма орамал тартып алып, күйеуімді жұмысынан күтіп отырмын. Аздап қорқып, аздап қуанып. Жүзі бал-бұл жайнап күйеуім келді. Маған да сыйлығы бар екен — тағатсыздана қорапты ашып жатырмын. Өзімнің көптен бері армандап, дүкенде бірнеше рет қарап өтетін шаш түзеткішімді сыйлап тұр. Артық ақшасы қайдан болсын — сағатын сатып жіберіпті…

*аударма
Бөлісу:

1 пікір

Basic
Бастапқыда өз басыңыздан өткен оқиға ма деп ойлап қалдым. Таныс сюжетке келгенде ойландым. Демек аударма сəтті)))