Виртуалды шулатқан #СинийКиттен құтылу жолы бар

Блог - mazhitova: Виртуалды шулатқан #СинийКиттен құтылу жолы бар

Қош көрдім!
Өзіндік ой, өзіндік көзқарас. Бүгінгі менің жазбағым да субъективті пікірім. Адам болған соң қоғамнан алшақ болу мүмкін емес. Қоғам тәрбиелейді. Иә, үйдегі ата-ана қалыптастырған іргетасты жоққа шығаруға болмас. Алайда, жастардың үнемі ата-ана қарауында, көз алдында бола бермейтінін ескерген жөн. Мектептен басталады, кейін жоғары оқу орнына түсуге басқа қалаға кетеді. Қазіргі SQ-да жастар арасындағы мәселелер шаш етектен. Өтпелі кезеңде жүріп өкінішке ұрынып қалып жатқандары қаншама?! Беймәлім дүниелерге елтіп бақытынан айырылып қалғандар ше? Күйзелістің құрбандарын қайтару мүмкін бе? Жоқ… Иісі қоғамға әбден сіңіп қалған дерттерден қалай арашалау керек? Мен өзім қатарлы жастардың атынан, жастар психологиясымен жазып отырмын. Көп сұрақтың жауабы жоқ. Бұрыс діни ағымдар, моральдық азғындау, намыстан жұрдай болу, тәнін сату, жанын сату деген секілді тізім кете береді. Енді міне, «Беги или умри» немесе «Синий кит» деген нәрселер шықты. Аз ғана уақыттың ішінде Ресейден бері асып біздің елімізге жығылды. Екінің бірінің аузында осы ойынның ережесі мен жапа шеккендер өмірі. Қоғам қорқыныш үстінде. Үлкен резонанс тудырған бұл жайт ендігі көрші Қырғыз еліне де жетіпті деп жатыр. Ойын шартын жазудың қажеті шамалы шығар — барлық желіде әбден таралып болды. (Атауына келсек, көк кит — суицид жасаушылардың символы-мыс). Халық бұл істің анық-қанығы туралы жоғарыдағы азаматтардан, IT-мамандарынан, психологтардан ресми байламдар күтері хақ. #f57 #f58 — дерден қашан құтыларымыз белгісіз болса да, белгілі жайттар бар. Бұл ойынсыз да суицидтің болып келгенін, болып жатқанын жасыра алмаспыз. Ал, тақи осы ойын өз-өзіне қол жұмсауды көбейтіп жатса, құтылу жолдарын айтып тыраштанып көрейін…
Бір ғана жолын көріп тұрғандаймын. Ол — адамның бір-біріне деген немқұрайлылығын жоғалту. Біздің қазақта мынадай сөздер көп: «Жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа», «Жаман басыңды көрге сүйрейді» деген секілді. Менің түсінуімше, мұнда «жамандармен» дос болудан аластайды. Өкініштің алдын алады. Бірақ Абай айты емес пе, «Мен егер Закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп. Бәлкім, келіспейтіндер де бар шығар. Бірақ, ойланып қарайықшы, жаман адам деген болады ма? Жоға, адамда жаман мінез болады. Және ол мінезді өзгерту алдымен адамға, кейін қасындағы жолдасына, ортасына байланысты. Осы тұрғыда мен жоғарыда айтылып жүрген сөздерге қарсылығымды білдіргім келеді. Неге? Себебі, ол жаман екен деп шеттей берсек, қасымызға жуытпай, қатынаспай, араласпай қойсақ, ӘЛГІНДЕГІДЕЙ өз-өзін өлімге қиятындар саны көбеймей ме?! Статистика, суицидке баратынның көбісі жасөспірім жасындағылар дейді. Ал өтпелі кезеңде тинейджердің бойында түрлі психологиялық өзгерістердің болатыны ғылыми дәлелденген. Әр адам рухани мықты бола бермейді. Сезімтал, нәзіктер көп. Егер сіздің қолыңыздан келсе, оған қуат беріңіз, жақсы көріңіз. Оның виртуалдан реалға ауысуына көмектесіңіз. Сонда ғана әлгі көк киттіктердің күрмеуіне ілікпейтін боламыз.
Ендеше, «адамзаттың бәрін сүйейік бауырым деп»! Немқұрайлы болмайық! Мейірімділік танытайық дегім келеді!
Бөлісу:

5 пікір

asaubota
сіз сонда шынымен сенесіз бе бұндай нәрсе бар екеніне?
mazhitova
қоғамда бәлкім жоқ шығар, бірақ адам психологиясында, миында бар ғой…
kozildirik
Тупой адамдарға арналған тупой ақпарат деп бағаладым.
bazuka
#разбуди меня таңертең #синий кит