Ер дәулеті — еңбек
Кеншілердің астанасы — Қарағанды қаласында «Мясной двор» деген дүкен бар. Тек жас малдың әрі сапалы ет сатылатындықтан мұнда келетін тұтынушылар саны ешқашан азайған емес.
Дүкен директоры Евгений Апеисов өнімнің сапасына кепілдік беремін дейді. Өйткені сөреде жатқан барлық өнім Қарағанды облысында орналасқан жеке фермасынан жеткізіледі.
Дүкенде сатушылар мен қасапшылар барлығы 8 адам еңбек етеді.
Мына жігіттің есімі Нұрасыл. Есту мен сөйлеу қабілетінен айырылған ол мұнда 3 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Евгений Апеисовтың айтуынша, шағын және орта бизнес мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуы керек. Өйткені осының нәтижесінде жарымжан жандар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі етіп сезінуіне мүмкіндік алады.
Дүкенді аралап болған соң біз «Шатан» шаруа қожалығының жұмысымен танысу үшін жолға шықтық. Ферма Қарағанды қаласынан 200 шақырым жерде орналасқан екен.
Ферманың қаладан тым алшақтығын Евгений былай түсіндірді: «Ен даладағы шаруа қожалығына жаз мезгілінің өзінде жету қиын. Ал қыстыгүні жол тіптен жабылады. Ферманы айнала ондаған шақырым жерде бірде-бір елді мекен жоқ. Бұл бірішіден – ұрлыққа жол бермейді, екіншіден – мал өсіру үшін қолайлы әрі мінсіз табиғи жағдай жасауға мүмкіндік береді».
Кеңес дәуірінен қалған ескі, қирауға шақ қалған база мен үйі ғана бар ферманы Евгений Апеисов 2012 жылы сатып алды.
Алдымен тұрғын үй, сосын сиыр қорасы толықтай қалпына келтіріліп, жемшөп сақтайтын қойма мен техниканы жөндейтін гараж жаңадан салынды.
Ал мынау «Шатан» шаруа қожалығының мақтанышы – асыл тұқымды тайыншалар. Селекциялық және асылдандыру жұмыстары қазақтың ақбас сиыры мен әулиекөл тұқымдары бойынша жүргізіліп келеді.
Екі тұқымның да артықшылықтары мол әрі біздің климатқа өте бейім, өсімтал. Қысы-жазы далада ұстауға болады.
Қазақтың ақбас сиырларының сүті құнарлы, майлы болғандықтан тайыншалар салмақты тез жинайды. Мынау 4-5 айлық бұзаулардың салмағы 200 келіге дейін жетеді.
3-4 айдан соң мына бұқалар сойылымға жіберіледі. Әрқайсысы шамамен 250-300 келіден аса ет береді.
Ал мынау «Шатан» шаруа қожалығындағы қазақтың ақбас сиыры тұқымының аталық із бастаушысы. «Михаил Потапыч» атты бұл бұқаны Евгений 2012 жылы Көкшетаудан алып келген екен.
«Аграрлық несие корпорациясының» қолдауы арқасында «Шатан» шаруа қожалығындағы мал басы 2015 жылдан бері екі есе өсті. Бүгінде мұнда 1200-ден аса сиыр бар. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ферма 100-ге жуық іріқараны сатып алды.
Бұдан бөлек 2016 жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша 100 жылқы сатып алынды. Евгений Апеисовтың айтуынша, кредит шарттары фермерлер үшін өте тиімді.
Евгений Апеисов шаруа қожалығын кеңейтуді көздеп отыр. Қазіргі таңда 500 бұқаны бордақылайтын жаңа база салынып жатыр.
2016 жылы қожалық егін шаруашылығына қажетті жаңа техникаға ие болды.
Бүгінде «Шатан» шаруа қожалығы қажырлы еңбектің арқасында бар болғаны 4 жылдың ішінде үлкен нәтижелерге жетіп, ірі бизнес нысанына айналып отыр.
Евгений Апеисовтың айтуынша елімізде ауыл шаруашылығын дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Субсидия, жеңілдетілген кредит беретін мемлекеттік бағдарламалар бар. Тек аянбай еңбек ету керек. Еңбек етсең ерінбей тояды қарның тіленбей!
1 пікір