Басшылар осылай десе...

22-қыркүйек күні «КТК» арнасынан берілген жаңалықтар жағамды ұстатты. «Дін істері министрінің мешіттерде уағыз орыс тілінде де оқылсын, деген бастамасы дауға айналды»,- деп басталатын сөйлем кімді болсын елең еткізері анық. Мешітке уағыз тыңдауға мұсылмандар баратыны белгілі. Ал Қазақстанда тұрып жатқан мұсылмандардың көпшілігі — қазақтар. Сонда қазақтарға орысша уағыз жүргізілуі керек пе? Әлде елімізде болып жатқан барлық мәселелердің бәрі айналып келгенде тілге тіреле ме? Жә, көпұлтты мемлекет екенімізді ескере отырып, уағыз орыс тілінде де айтылсын делік. Бұл бастама Қазақстанда болып жатқан діни экстремизимдерге тосқауыл бола ала ма? Иә, оны алдағы уақытта көре жатармыз… Қаншалықты дұрыс не бұрыс шешім екенін…
Осы бейнесюжеттен тағы бір түсінбегенім — ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың пікірі. Ол кісінің айтуы бойынша, имамдар қазақша, арабша оқып жатқан уағыздарды түсінбейді. Тек қана қала тұрғындары емес, ауылда тұрып жатқан қазақтар да түсінбейді. Өйткені, дін тілі мен тұрмыстық тіл екі бөлек.Блог - abilbekova_inabat: Басшылар осылай десе...Сонда қалай, уағыз айтатын имамдардың өздері қазақша түсінбейді ме? Егер олар қазақша, арабша түсінбейтін болса, мешітке баратын жамағатқа осы күнге дейін дін жайлы қалай түсіндіріп келген. Және де (жоғарыда айтып өттім) «Тек қана қала тұрғындары емес, ауылда тұрып жатқан қазақтар да түсінбейді»деген сөйлем ауыл мәдениетінің төмендігін айтып тұрғандай. Ауыл тұрғындарының қазақша түсінбеуі, қазақ тіліндегі уағызды түсінбеуі мүмкін емес. Түптеп келгенде, ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанатын да, исламның бес парызын орындайтын да, ана тілімізді шұбарламай сөйлейтін де — ауыл тұрғындары. Тек ауылдан ғана қазақ исі аңқып тұрғанын қалайша ұмытамыз?! Өздері қазақ тілін жетік білмеген соң, барлық қазақтар өз тілін түсінбейді деп ойлайтын шығар. Десе де, бір тарақпен бүкіл елдің шашын тарауға болмайды ғой. Бәлкім, жоғарыдағылар ойын дұрыс жеткізе алмаған болар… Дұрысы — қазақ тілінде жеткізе алмаған болар. Қазақ тілін, қазақ тілінде айтылған уағыздарды не имам түсінбесе, не оны тыңдайтын халық түсінбесе оны кім түсінеді? "Қиыстырып қалсаң отын жанар,қисындырып айтсаң халық нанар", — дейді Бауыржан Момышұлы. Халыққа бағыт-бағдар беретін басшылар ойын дұрыс жеткізе білcе, бұқара да қолдар еді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше