Балаңызға жазуды үйретуден бұрын әріп тануды үйретіңіз

Кеше сағыз, бүгін майнкрафт сұрап жүрген балаңыз өсіп, бірнеше жылдан соң әлеуметтік желіге келеді. Сол кезде оның әлеуметтік желілерде көт жыртысып отырғанын қалайсыз ба әлде "құсық арасынан жеуге жарамды ыстық картоп іздеп отырғанын" қалайсыз ба? (бұл теңеу өзіме де ұнап қалды :P ) Құсық жағаламауы үшін қазірден бастап балаңызға сыни көзқараспен қарауды, фактіні сыннан өткізіп қабылдауды үйреткеніңіз жөн.

Блог - Basic: Балаңызға жазуды үйретуден бұрын әріп тануды үйретіңізБіз әке-шешесінен бастап (аяз атасы да, жыласаң алып кететін орысы да бар болсын!), тәрбиеші, мұғалімі, көршісі, газеті, радиосы, теледидары, көсемі алдаған буынбыз. Біз де есесін қайтармай қалғанымыз жоқ әрине. Бірақ проблема олардың алдауында емес. Біздің сенуімізде. Әлі де сене береміз. Өзіміз өтірігімізді нықтау үшін теледидардан көрдім, газеттен оқыдым дейтін едік. Практикамды «Н» газетінің редакциясында өттім. Сонда апталық жұлдыз жорамалды шалдардың қалжыңдасып-қауқылдасып отырып сүйкей салатынын көре тұра, апталығын да, күнделіктісін де қалдырмай оқитындардың бірі едім… Қазір кез-келген БАҚ шошқаның сүйегін тастаса да, имандысмыз бар, имансызымыз бар бір бірімізден жұлып мыжғылаймыз-ау. Қазіргі адамдардың арасында өз бетімен бірнеше сайтты ашып, жаңалықтар оқитындар бірен-саран. Кәсіби саясаттану, журналистика не сол сияқты басқа да салада болмаса. Әлеуметтік желіде кім не шайнап берсе, соны жұта салады. Бірақ "өз көзқарасы", тіпті боқжағысуда өз принципі мен әдістері бар.

Блог - Basic: Балаңызға жазуды үйретуден бұрын әріп тануды үйретіңізМүмкін қазір сол алданған буынмен арпалысудан гөрі, өз балаларымыздың бойында ақпаратқа иммунитет қалыптастыру керек шығар. Не болса соны жұтпасын, бұрыс болса да әр нәрсеге өз көзқарасы болсын, БАҚ тарататын ақпаратты қабылдай білсін. Бұл үшін балаларға ең негізгі қағидаларды түсіндірген абзал.

  • Сайттардан, теледидардан көретін, газеттен, кітаптан оқитын, радиодан тыңдайтын дүниенің барлығы қарапайым адам қолымен жасалады. Олар құдай емес. Кез келген хабарламаның «месседжі» бар. Балаларыңызбен бірге тауып көріңіз.
  • Кез-келген БАҚ белгілі бір ережелерге бағынады, өз тілі, коды бар. Мысалы, газет — маңызды ақпаратты беру үшін қою шрифтті, түрлі «дизайнерлік хитукелерді» пайдаланады. Дыбыстық бағдарламаларда адам эмоциясына әсер ету үшін музыка қолданылады. Кейде логика қабылдамайтын дүние, эмоция арқылы тыққышталады. Адамды көндіру үшін 15% шындық пен 85% эмоция қажет («Шоушенктен қашуда» айтылған пікір). Видеоойындарды алдымен дыбыссыз, содан соң дыбыстық сүйемелдеуімен ойнатып көріңіз. Дыбыс қосылғанда эмоция да шектен шығып кетеді. Манипуляция қалай жасалатынын түсіндіріңіз, визуальді эффектілер туралы сөйлесіп көріңіз. Мұндай эффектілер қандай әрекетке итермелеуі мүмкін? Көңіл көтеру, тауар сатып алу, немесе қандай да бір басқа нақты әрекеттер. Неұүрлым көп срақтар қойып, баланың өзіне сол сұрақтардың жауабын табуға көмектессеңіз, соғұрлым оның иммунитеті күшейе түседі.
  • Демеушілер кімдер? Көптеген балалар жобасында, бағдарламаларында, мультфильм, кино өнімдерінде демеушілерге жарнама жасалады (ауызша, логотиптерін, өнімдерін көрсету). Мұның себептерін, демеушілердің пайдасы мен ниетін ашық түсіндіріңіз.
  • Жарнамаға қатысты жарнамаланатын және жарнамасы жасалмайтын өнімдерді алып, өздерінің салыстыруына мүмкіндік беріңіз. Жарнамалық мифтерді өзі ашсын. Қорап сыртындағы әшекейлердің, суреттердің мағынасын түсіндіріп көріңіз. Мысалы таңғы ас пен космос байланысын, тоқаш пен велосипедке мінген аю көмегімен жасалған ертегі туралы сұраңыз. Осындай ертегілерді шығаратын адамдар, олардың кәсібі туралы айтсаңыз да артық етпейді.
  • Үлкендер әңгімесі. Балаңыздан темекінің, сыраның, басқа да ересек адамдар тұтынатын тауарлардың маркасын сұраңыз. Қаншасын айта алады, олар туралы не біледі? Өздері ешқашан тұтынбаған тауар туралы бөгденің сөзіне еріп шешім шығармауын ескертіңіз. Балаңызбен бірге бейнеклиптер қараңыз. Алдымен бейнеклипті дыбыссыз көрсетіңіз. Бейнеклип не туралы екенін сұраңыз. Кейін әуенімен қосып көрсетіңіз. Сөздері мен бейне дерек сай келе ме? Қандай да бір стереоптипті образдар, есірткі, алкоголь, зорлық насихаты байқала ма?
  • Күніне аз уақы болса да балаңызбен бірге жаңалық, хабар көруге тырысыңыз. Бұрын адамдар балаларын үйрету үшін аңға ертіп барған. Қазір аңшылық ақпараттық кеңістікте екенін ұмытпаңыз. Балаңызбен аңды бірге аулаңыз.
  • Балаңыздың қандай ойын ойнайтынын, қандай бағдарламалар қарайтынын, қандай мүльтфильмді жақсы көретінін біліп жүріңіз. Егер белгілі бір контент ұнамаса, балаңызға неге ұнамайтынын түсіндіріңіз. Бірақ шектемеңіз. Ол дұрыс шешімге өзі келуі қажет. Мұны өзіне баса айтыңыз.
  • Балаңызбен жиі әңгімелесіңіз. Оның өмірге өз көзқарасын қалыптастыруға көмек беріңіз. Теледидардағы, интернеттегі виртуал өмір мен реал өмірдің айырмашылығын көрсетіңіз.
  • Блог - Basic: Балаңызға жазуды үйретуден бұрын әріп тануды үйретіңізӘр айтылған, жазылған ақпаратқа сеніп, қабылдай бермеңіз. Тіпті менің жазбамды қабылдауыңыз шарт емес. Ешкімге сенбеңіз!
Бөлісу:

5 пікір

asaubota
өте өзекті мәселе. жасырмау керек деп ойлаймын мен де. биыл смартфон алып бергім келіп отыр. инстаграм мен ютубты қолданғысы келеді. фокус көрсетумен әуестенеді, соларды түсіргісі келеді. лайкомания дертінен бала кезінде өтіп кеткені дұрыс па деймін
Basic
Жасырып шектеу мағынасыз. Дұрыс қолдана білуді, оң мен солын ажыратуды үйрету керек
RaymbekEgemberdiev
жасыру арқылы интрига артып кетед, одан да жалығып, өзі сондай уақыттан өтіп кеткені дұрыс
bake
Смартфонды туғаннан қолында ұстайды. Мультфильм, оның кейіпкерлері арқылы жарнама жасау 4 жастағы балаға менің сөзімнен өтімді. „Маша и медведь„ арқасында өз бетімен орысша үйреніп жүр. „Қошқар мен теке„ -ден тез жалықты. Біріншісін ғана анда-санда көреді. Ютуб -тегі мульфильмді тек онлайн қосымшадан көреді. Галереяда жүктелгені бар оны көрмейді. Ютубтағы ұзын, аяғы көрінбейтін мультфильм скриншоттары көз алдында болғаны шарт. Содан өз ерікімен таңдап көргенді ұнатады. 4 жасқа енді толғанда ойындарға уәстеніп көрді. Өзі ойын шартын түсінбейді. Біраз уақыт кетті өзіне шамасы жететін ойынды таңдатқызып ойнап үйреткенге. Әр ойынның мақсаты барын енді ғана түсініп келеді. Ондан кейін смартфоннан басқа қызық бар дегендей. Пазл жинатқызып үйреттім. Тез жинап үйреніп алған соң жалықты. Одан кейін конструктор жинауға көштік. Смартфонды женген конструктор болды. Баламен конструкторды ойнау үшін күніне 1-2 сағат кетіп отырды. Қазір өз бетімен құрап, ұсынылған үлгіге бала қиялынан аз-маз өзгерістерін енгізеді.
Жазбаның түбі „ақпараттық мәдиниетті балада қалыптастыруға„ шақыру деп түсіндім. Онымен толық келісемін. Бірақ, бала санасына деген талас тым ерте басталатына көзім жетті. „Маша и медведь„ „Қошқар мен текеден„ басым түсіп тұр.
Basic
Иə, санаға талас дүниеге келмей тұрып басталған сияқты. Баламды тумай тұрып «мой ребенок» журналын бүге шігесіне дейін оқып, батыс психологиясымен өсірем деп енемнің айтқан құйрық май, бесік, шүмектерін лақтырып тастағам. Баланы байлау оның еркін азамат болып қалыптасуына кедергі жасайды деп сілтеппін)) қазір сол еркін азамат смартфонына басымен кіріп кете жаздайды қадағаламаса.