БІР АЙДА МАТЕМАТИК БОЛЫП ШЫҒА КЕЛДІМ.

Мектепте мен үшін ешқашан күрмеуі шешілместей, ырқыма көнбейтін, айдағаныма жүрмейтін «математика» деген бір бəле сабақ болды. Математика, эх, математика! Филолог болам деп маңайына да жоламайтынмын. ҰБТ оны желкемнен шығарды. Оқу завучы 10 жыл бойы мектепте бетін бір ашпаған сабақты, соңғы жылда қинап оқытып қойды.
Алғашқы сынақта математиканың сұрақтарын ашып, шошып кеткен едім. Əйтеуір, таныстарын ептеп шығарған сияқты болдым. Ұят-ай. Онда да бастапқы екеуін, соңындағы біреуін ( логика ) шығардым. Қалғанын түріне қарап бал ашып белгіледім. Құдайым сақтап əйтеуір 8 балды жинадым. Алайда, ол филолог үшін үлкен жетістік болды. Қыс бойы өз бетімше тиіп -қашып дайындалдым. 12 мен 15 балдың арасында жинап жүрдім. Кейде одан асса қуанатынмын, жерден жеті қоян тапқандай.
Оқу завучынан көп ұрыс еститіндердің қатарында болдым. «Ештеңе шықпайды сенен, қазақ тілі мен əдебиетің, тарихың неге керек математиканы білмесең?!» -деп тілімен сыбап алатын. Иə, ештеңе шықпайды. Шығара алмаймын. Қанша тырыссам да балым бір түсіп, бір көтеріліп ойнамалы болып тұрды. Ешқашан, ең болмағанда 20 балды ала алмайтындай болдым. Ол мен үшін қол жетпес арман болды. Басқалар қиналмай-ақ шығарып, жоғары балл алып жатыр, менікі не еркелік. Тым құрығанда əрекет жасап, бір есеп үйренейін деп сыныптың данышпандарынан сұрап жүрдім. Ол да көмектеспейді… Бұлай жүру жарамасын біліп, содан не керек наурыздың бел ортасында дайындыққа бару керек деп шештім. Мен де жынды екенмін тестке 2 жарым ай қалғанда дайындыққа барып. Жұрттың айтуымен Қызылорданың ең мықты математигі Феруза дейтін апайға алып-ұшып бардым. «Мені қалайда 20 балға жеткізіңіз»- деймін. Апай есептер беріп шама- шарқымды байқаған соң:
"Əй, қызым, сенің 8-сыныпқа дейінгі фундаментің мықты ғой. Неге 9-11 ді игермегенсің?"- деп ұрысты. 9-сыныпта сабақ оқыппын ба?! Ол кезде бар ойым əдеби жарыстар мен олимпиадалар болды. Математиканың бетін ашпақ түгілі, сабағына да жетісіп қатыспаппын. Апай: «Сен жиырмаға жетесің, бұдан ерте келгенде жиырма бесті де алар едің»- дейді. Содан бастап бар ойым математикаға ауды. Есеп шығару басына да кірмейтін адамды Феруза апай математикаға ғашық етіп қойды. Бастысы-шығарылу жолы мен ережесін білсең болды екен. Басқа сабаққа қарау дегенді қойдым. Осылайша, бір айда балым жиырмадан асып жығылды. Сəуірдің бел ортасына келгенде математик болып, есептерді сыныптың математиктеріндей-ақ тəп-тəуір шығаратын дәрежеге жеттім. Басқаларға есептердің жолдарын түсіндіруге де жарап қалдым. Тіпті алгебрадан беретін апай 25 балл алатындардың қатарына қосып қойды. 9-10 сыныптарда оқымаған математиканы 1-ақ айда игеріп шықтым. Жалпы балым математиканы шығара бастаған соң көтерілді. Өз бетімше отырып барлығын шығара алатын да болдым. Сонымен соңғы қорытынды тестілеуде математикам, ойнап отырып белгілейтін əдебиетіммен бірдей болды. 25 балл алып айды аспанға шығарам деген ниетім жүзеге аспаса да, математик болып шыға келдім. Осыдан түйгенім -адамның мүмкіншілігі шексіз екен. Бір нәрсені үйрену- уақытқа тәуелді емес, ынтаң мен ниетің болса болды. Биыл ҰБТ тапсыратындарға кеңес болсын. Сынаққа 2 ай қалса да, тәуекелге бел байлай біліңіз. Дайындық ешқашан да кеш болмайды. Тіпті бір апта қалғанда оқыған сұрағыңыз тестілеуде келіп қалуы бек мүмкін. Екі рет тест тапсыру деп жатыр ғой. Біріншісінен сүрінбеуге тырысыңыз. Себебі, бірінші бақ- бақ деген бар. Сəттілік болсын, жас түлек!
Бөлісу:

2 пікір

Basic
Жас түлектерге пайдалы болар. Ұнады
Gulbarshyn_98
Иə, жас түлектерге арналған))