«Қазақстан» Ұлттық телеарнасында "Сәлем, Қазақстан" атты жаңа жоба басталды

Қазіргі таңда көрермен қауым тек қана фонограммамен ән таыңдаудан жалыға бастады. Ал қазақстандық шоу-бизнестің тек санаулы өкілдері ғана «Live» қойылымдарын ұсыну мүмкіндігіне ие. Осы ретте «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы көрермендерге де әншілердің өздеріне де жанды дауыста ән тыңдап, ән шырқауға тамаша мүмкіндік жасап отыр.

Бұл жобаның ең басты ерекшелігі — ол тек телевизиялық жоба ғана емес, белгілі бір әншінің немесе топтың жеке концерті де. Концерттің өзі әдеттегідей студиялық павильондарда емес, көрермендері бар кәдімгідей концерт залында өтеді. Басқаша айтқанда, кез келген адам мықты ұйымдастырылған шоудың көрермені бола алады. Сонымен қатар, ол өзі ерекше сүйіп тыңдайтын әншінің концертін тамашалап қана қоймай, оның шығармашылығы туралы көптеген мәліметтерден қанығып, сүйікті әртісін жақынан тануға мүмкіндік алады.

Концертте кез-келген азаматтың өзі қадір тұтып, құрметтейтін әншіге сұрақ қоюына мүмкіндік жасалады. Ол үшін арнайы «Бос микрофон» айдары қарастырылған.

Осылардың барлығынан бөлек, кештің жүргізушілері көрермендермен ашық диалог жүргізеді.

Осылайша, аталған жобаның аясында көрермендер қазақстандық эстрада жұлдыздарының ән айту деңгейлерін анықтай алады. Концертте әншілерді ерекше музыкалық қойылымдарымен арнайы бэнд-ансамбль сүйемелдеп отырады. Әншінің репертуарынан таңдап алынған хит әндер жаңа үлгіде, жаңаша орындалады.

«Аталмыш жобаны біз әр апта сайын көрермендерімізге ерекше қызықты шоу көрсетіп отыру үшін арнайы ұйымдастырдық және ол әр бейсенбі сайын «Қазмедиа орталығында» өтеді. Концерттің ерекшелігі — оның интерактивті форматта өтетіндігінде. Осы жоба арқылы біз көрермендердің ықыласына ие боламыз деген ойдамыз. Өйткені, мұндай шоу елде бұрын-соңды болмаған және ол өзгелерге ұқсамайтын болады. Біз көрермендеріміздің өздерінің сүйікті әншілерінің әндерін тыңдау үшін әр бейсенбі сайын концертке жиналуын әдетке айналдыруды мақсат етіп отырмыз», дейді «Сәлем, Қазақстан!» жобасының продюсері Жан Мұқанов.

«Сәлем, Қазақстан!» концерттік шоуын баршаға танымал актер – Тәуекел Мүсілім мен белгілі фотомодель, интернет кеңістігінің жұлдызы Әсел Асқар жүргізеді. «Сәлем, Қазақстан!» жобасының креативті командасы әншілер үшін де көрермендер үшін де көптеген тосынсыйлар дайындап отыр. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының эфирінен жұлдыздардың жанды дауыстарын есту мүмкіндігіне сіз де ие бола аласыз.
Бөлісу:

1 пікір

ken
Студияда жазылған дыбысты тыңдаған жақсы емес пе, жанды дауысты тыңдағаннан көрі. Студиялық дыбыстың сапасы жақсы болады ғой қалай болғанда да.