Балалар үйі

Балалар үйі-
Шаттанып сәби күлмейді,
«Менікі» деуді білмейді.
Жыласа шаршап қояды,
Өксімей көзін ілмейді.
Қ. Әбілдәқызы

Түс ауған шақ. Биік дуалдармен қоршалған бақтың ішінде асыр салып ойнап жүрген балалар. Тек Диляра ғана ағаштың бір түбінде көңілсіз отыр. Диляра небары 8-жаста, бұйра шашы иығынан асып, ерке, жәудіреген көзі елжіретпей қоймайтын, жүрегі мейірімге толы, өтірік айта алмайтын, жат қылықтан ада, жан жүрегі таза бала.

Аспан жартылай бұлтты, арасында қатты жел ұрып өтеді. Жел ағаштарды тербеткенде айнала гуілдеп, бойыңды үрей билейді. Диляра ағаш жапырақтары қозғалған сайын қорқып, анасының құшағына енгісі келеді. Жанына жақын адамнан пана тапқысы келеді. Бірақ, бұның бәрі арман,қиял ғана… Диляраның жалғыздыққа бойы үйреніп келе жатқанына 2 жылдай болып қалды. Сол 2 жылда жүрегінде жазылмас ауыр жара қала берді…

Уақыт, орта Диляраны өзгертпей қоймас. Бастапқыда ол: «Мамам келеді. Оның «Мерседесі», ал папамның «Тайотасы бар», -дейтін… Және әр сөзін «біздің үйде...» деп бастайтын. Қазір төмен қарауы басым.

Сүп-сүйкімді Диляра кіп-кішкентай болып, тағдырынан екі мәрте оңбай соққы алған бейкүнә. Оны 18 жастағы туған анасы бөбектер үйіне, одан екі айдан соң, асырап алған анасы 8 жасында балалар үйіне өткізіп отыр.

Бұл қатыгездікті қойсаңызшы! Егер Диляраның ақыл-есінде, он екі мүшесінде бір кемшілік болса, «пендешілік ай» дейсің ғой!..

-Қане, балалар, енді өз бөлмелеріңе барып, шуламай ғана сабақтарына дайындалыңдар»-деген Гүлзира апайдың даусы шықты. Гүлзира апай осындағы ең мейірімді тәрбиеші апай. Мұны естіген балалар ойындары қанбай, еріксіз, «төрт қабырғалы үйге» кіріп бара жатты.

Диляра да орнынан әрең тұрып, көзінен бір-екі моншақ жас домалап жерге түсті. Ол көз-жасын сүртіп алдына қарап еді, Гүлзира апаймен бірге әдеміше келген, жас, бойы ұзын, тал шыбықтай нәзік, жүзінде мейірім толы бір жас қызбен әңгімелесіп тұр екен. Гүлзира апай:

-Диляра қызым, бері келіп кетші- деп шақырды.Диляра жылағанын байқатпай апайына барды. Гүлзира апай қасындағы жас қызды осында тәрбиеші болып келгенін айтып, Диляра екеуін таныстырды. Ары қарай екеуі әңгімелескен күйі кетіп қалды.
Диляра тағдырының тағы да бір келесі таңы атты. күн күркіреп, жаңбыр төгіп жауып тұр. Тағы да көңілсіз күймен Диляра терезеге үңіліп тұр. Арғы жақтан сықырлап есіктен біреу кіріп келе жатты. Диляра елең етіп қараса жаңа келген тәрбиешісі екен. Қолында тәтті-дәмділер бар. Ол тәрбиешісінің аты Ботагөз. Диляра орнынан тұрайын дей бергенде, тәрбиешісі «отыра бер» деп, қасына ептеп жайғасты. Ботагөз тәрбиешісі Диляраны бауырына тартып:

-Диляра, жасың нешеде?
-Жасым 8-де.
-Ммм… 2-сыныпта оқиды екенсің.
-Иә…

-Осында келгеніңе көп болды ма?-деп сұрай бергені сол еді, Диляраның көңілі босап, жылап жіберді. Ботагөз апайы сәл сасқалақтап «Жаным, кешірші»-деп, бетінен сүйіп, «Кел, тәтті жейік»- деп, ақыры көңілін жұбатты-ау. Ботагөз тағы да Дилярамен сырласқысы келіп:

-Есіңде қалған ең қуанышты сәтіңді айтып берші?
Диляраның сол сәтте көңілі көтеріліп:
-Менің туған күнімді бір күн үйде, бір күн тауға барып тойлайтынбыз. Киімдерім шкафқа сыймай тұратын. Папам әкеле беретін. Қуыршақтарымның бір үйі бар-тын. Мамам әткеншекке отырғанда, мені қатты қысып құшақтап алаты. Бір бөлмеде бес жас үлкен Ақжол ағам екеуіміз ғана жататынбыз.
Менен кейінгі Жансая жаңа туғанда, қолы қуыршақтікіндей болатын. Санжар бауырымды тоссам, отырмай, жүгіріп бара жатып «жіберіп» қоятын.-деді күрсініп.

-Енді ең қорыққанымды, қатты шошып кеткенімді айтайын ба?..
Сабақтан келгенде, мамам мені қасына отырғызып: «мен сенің туған анаң емеспін, сені «дом малюткадан» алғам. Папаң қарсы болған. Онда Ақжол ғана бар-тын...»-деді. Мен қатты жылап, жалаң аяқ далаға шығып кеттім. Алдымнан Ақжол шығып, өтірік, өтірік айтады деп жұбатты. Сосын бір күні менің барлық киімдерімді сыртқа жайып қойыпты. Ертесіне бір сумканы көтерді де: «Жүр, машинаға отыр» деді.

Бір бөлмеден Ғазиза анам жылап шықты. Мені бір тәте үстіне ертіп әкетті. Ішім солқылдап, денем дірілдеп бір күн жыладым. Гүлзира апай: «Жылап болдың ба, әбден жылап ал, тазар, сосын жыламайсың»,-деді.
Жаңа жылда үйге телефон соғып, құттықтайын дегем, маған мамам қатты ұрысты, «бізді ұмыт» ,-деді Мен ұйықтағанда, көп түс көремін. Үйдегілердің бәрі сөйлеметін фото сияқты боп кете береді! Кете береді…

Ботагөз тәрбиешісі шынында қатты тебіреніп, жүрегі елжіреп, жанарына жас толып, « жарайды, қазір келемін»-деп, тысқа шығып кетті.

Ботагөз баққа барып, орындыққа жайғасып, терең ойға шомып кетті.
… Мейірім орнын жауыздық басып бара ма? Жетімдер… ата-анасынан, ана тілінен, ұлттың қадір қасиетінен, мейірімділіктен айырылған қара домалақтардың қамын, тағдырын кім ойлайды?.. Бізге ата-бабаларымыз осындай қатыгездік пен реніші өшпес өрескелді мұра етіп қалдырып па еді?! Жоқ. Халқымыз ата-анасыз қалған баланы жетімсіретпей, ел болып қамқорлықтарына алған-деп Ботагөз тәрбиешінің жүзінен мұң, ертеңге үрей мен қарайтын сезім байқалады.
Расында, торғай екеш торғай да балапанын қорғайды. Сонда біздің кім болғанымыз. Ойланайықшы. Біз ұлттық сана сезімнен, шынайы болмысымыздан айырылып бара жатырмыз. Сондықтан біз ұлттық сана сезімге және ұлттық тәрбиеге зәруміз.Өмір жалғасуда, бірақ, жетімдер мәселесі шешілмей, болашақта да үлкен мәселе болып қалмаса екен деген іштей үрей бар…
Бөлісу:

1 пікір

Kutpegen-konak
Жақсы жазба екен. Қазіргі қоғамды керемет суреттепті.