«Көк сайтанның» әлегі

Блог - Dawil-Altay: «Көк сайтанның» әлегі

Қараңғы түн. Даланың іңірде соққан ақ бұрқағын елемей, тымағымның бауын шандып байлап, аяңшыл ақ боз аттың ат желдірер жүрісіне салып, таулы ауылға қарай тартып барамын. Сонау алыстан жылтыраған қос жарық сұлба маған қарай жақындап келеді. Миыма сан түрлі сұмдық ойлар орала берді. Алғаш есіме түскені — ит-құс болды, бірақ екі сұлба маған жақындаған сайын үлкейіп келе жатқандай әсер берді. Бала кезімнен әкемнің үйретіп қойған сайтан қашыры, қасиетті Құран сөзі „Бісміллә„-ні ішімнен қайта-қайта қайталай бердім. Әлгі сұлбалар жоғалып кеткенді былай қойып, жақындаған сайын жарқырап келе жатқан сияқты. Бағана тауға шығар алдында ауылдағы кешкі ас үстінде Жамей апайдың айтқан көк сайтан туралы әңгімесі әсер етті ме екен деп көзімді уқалап қоямын, бірақ жарық сұлбалар көз алдымнан алыстап кетер емес. Осы орайда кешкі ас үстіндегі әңгімені де айта кетейін…

Жәмей деген тау етегіндегі ойда орналасқан ауылдағы немере ағамның көршісі. Азан шақырып қойған есімі — Жәмила. Өзі бізге жамағайын болып келеді. Оның жұбайы өмірден ерте өтіп кеткен. Өзінің пысықтығы арқасында шиіттей бес баласын асырап, қатарға қосқан. Былтыр ғана кенже келінін оң жағына түсіріп, немерелерін алданыш етіп, ауылдағы мектепте оқытып жатқан болатын. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жас кезінде ол адуынды келіншек болған көрінеді. Бүкіл бір отбасының ісін өзі дөңгелетіп отырады екен. Ал жездеміз жұмысқа онша қыры жоқ, сал-серілеу, ойын-сауықшыл адам болыпты.

Енді Жемей апайдың айтқан әңгімесіне оралайын. Ол әңгімесін:
— Осы кенже ұлға аяғым ауыр болып жүрген кезде қар қалың түсіп, бұрын-соңды болмаған ызғарлы қыс болды. Сері жездеңнің жаз бойы жинап алған шөбі таусылуға таяп, етекке түсім жем сатып алуға тура келді, — деп бастады. – Күздегі сатқан малдың ақшасын оның қалтасына салып, ойдағы ауылға жібердім. Дәл ілгі таудың етекке түсер жеріне келгенде жездеңнің ат арбасын басынан аяғына дейін көк киіммен қымтаған бір жігіт күтіп алыпты. Ойында ештеңе ағаң «тауда көлік табылмай қаңғырып қалған біреу болса керек» деп ойлап, ат арбасына отырғызып алыпты да көздеген бағытына қарай жүре беріпті. Шамамен сүт пісірім уақыт өткеннен кейін арбаға жеккен атының жүрісі баяулап, жүруден қалыпты. Арбадан түсіп қараса, атының аяғын біреу шідерлеп тастапты. Әлгі арба үстіне отырғызған жігіт те ғайып болған екен.

Дәл осы жеріне келгенде Жемей апайдың әңгімесін ары қарай тыңдауға батылым бармай, жөнімді айтып, жолға шығып кеткенмін. Ал қазір әлгі қос жарық сұлбадан жүрексініп келемін. Кенет астымдағы атым осқырынып қоя берді. Қанша қамшыласам да, аттап басар емес. Менің атымды да „біреу„ шідерлеп қойды ма екне деп ойлап, жерге ақырып сырғып түстім де, аяғын сипап көрдім. Ешкім де шідерлеп қоймаған екен. Көңілім сәл орнына келіп, батылдана түсіп, атыма қайтадан қарғып міндім де, қос жарық сұлбаға қарай қамалға шапқан батырдай аттандап қоя бердім. Көп ұзамай жетіп те қалған екенмін. «Албастының әкесі болсаң да!» деп ұрандап келдім де, әлгі жарықты қамшымен бес-алты рет салып өттім. Сонда да менің көзіме көрінген жарық жоғалар емес. Жарықтың маңайынан құралаң-құралаң еткен бейнелер пайда болғандай. Астымдағы атымнан ауып түсе жаздап барып есімді жиып қарасам, қарсы алдымда адам тұр. Тымағымның бауын ағытып, дауысым дірілдеген күйі:
— Кімсің? — деп сұрадым.
-Мен Сақанмын, сен Есхатпысың? — деді ол қайыра жауап беріп.

Албасты деп ойлағаным ойдағы ауылдың тракторшысы, өзіммен бірге бір партада сегіз жыл бойы бірге отырған сыныптасым Сағымжан болып шықты. Әйтеуір оның шайтан болып шықпағанына қуандым.
— Ой, Сақанбысың? Мен Дәукенмін ғой, — дедім сасқалақтап.
-Саған не болды? Трактордың шырағын сабалап, қарадай зәремді алдың ғой!
«Бөрі арығын білдірмес, сыртында жүнін қампитар» дегендей, қорыққанымды құрдасыма білдірмей:
-Ее, жай ғой! Сені қорқытайын дегенмін, — деп қалжыңдап, сөз арнасын бұрып жібердім.

Сөйлесе келе түсінгенім: Сағымжан тау жақтағы ауылдан соғым алмақшы болып қас қарая жолға шығыпты. Жарты жолға келгенде тракторынан кінәрат тауып, амалы таусылып тұрған екен. Ары-бері өткен жолаушылар болса көмек сұрау мақсатында тракторының жарығын жағып қойыпты.

Екеуміз трактордың жарығын өшіріп, бір атқа мінгесіп, біздің үйге қарай тарттық. Мен оған Жәмей апайдан естіген әңгімені айтып бердім де:
— Шынымен де осы маңда жаман нәрсе бар ма? — деп сұрадым. Осы сәтте Сақаным ішек-сілесі қата күлді.
— Сені жын түртті ме? — дедім оған ештеңе түсінбеген кейіппен қарап.
— Ойбуй, — деді ол күлкісін тыя алмай. — Ол әңгіменің жалғасын саған мен айтайын. Істің шынын білгенде көзіңе «қос» көрінбес еді-ау!
— Қайдағы «қос»? — дедім мен қызарақтап.
— Әлгі арбаны күтіп тұрған — менің әкем. Ол Сәпек марқұмның (Жәмей апайдың күйеуі) құрдасы екен. Ол үйден жолға шығар кезде біраз ащы судан татып, қызып алған екен. Менің әкем ол жолда бірдемеңе ұшырап қалмасын деп салт атпен ере шығыпты. Әкем құрдасынан озыңқырап барып күре жолдағы қалтарысқа атын байлап, Сәпектің арбасын күтіп тұрыпты. Ақкөңіл Сәкең жөн сұрамастан әкемді арбасына отырғыза салыпты. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ат арба үстінде ұйықтап кетіпті. Сол кезде әкем арбаны ат арбаны тоқтатып, атты шідерлеп тастапты да, өзі байлаулы тұрған атына қарай кетіпті. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Сәкең ат аяғының шідерленгенін және қасына отырғызған жолаушының ғайып болғанын біледі де, жүрегі ауызына тығылып, ат арбаны тастаған күйі қаша жөнеліпті. Құрдасы салт атпен қашып бара жатқан Сәкеңді әрең қуып жетіп, ат арбасына қайтарып алып келіпті де ойдағы ауылға бірге барыпты.

Ал жоддағы екі құрдастың арасында болған жағдай Жәмей апайға өтірік-шыны араласып жеткен екен. Сөйтіп бұл «Көк сайтанның» әңгімесі екі ауылға кеңінен тараған аңызға айналыпты… Атқа мінгескен екеуміз ауыл шетіндегі біздің үйге жеттік. Ішімнен „Қорыққанға қос көрінеді„ деп айтып қоямын…

Дауыл Қаділбекұлы
Бөлісу:

2 пікір

asaubota
қызық оқиға екен :)
ademi_alem
Жұмыста отырып тоқтай алмай күліп алдым. ))))))) Ваще екен