Отбасылы әйелдерге ажырасқан келіншектен он кеңес

Ажырасқан әйелдер ана дүние мен мына дүниені көріп келгендер сияқты. Екі өмірдің артықшылығы мен кемшілігін жақсы біледі. Оларға 30 мыңға алған юбкасын легализациялаудың қажеті жоқ. Бірақ олар сол 30 мыңды субсидияға алмайды, өзі тапқан ақшаға алады. Олар үшін кешкі асты бір йогурт пен бананмен алмастыру проблема емес. Бірақ супермаркеттен алған бір арба дүниені жеткізу проблема. Күні бойы жұмыс, үй тірлігімен айналысып, сілесі қатқан әйелдің түнге қарай «бас ауыру синдромы» оған проблема емес. Бірақ сол проблеманың жоқ болуы кейде проблема…
Осындай «аузы күйіп, үріп ішетін» әйелден эксәріптестеріне айтар ақылы бар.
Блог - Basic: Отбасылы әйелдерге ажырасқан келіншектен он кеңес
1. Сенім арта біл.
Күйеуіңе құдайдай сен. Сене алмасаң, өзіңді алдай біл. Слепаков жырлағандай «Барлық еркектер. Абсолютті. Ұдайы. Әйелдерінің көзіне шөп салады». Бірақ, тек сенің күйеуің ондай емес. Осыған сен. Соткасындағы қоңырауларға, хабарламаларына үңілме. Әлеуметтік желісіне екібастан. Иә, кешкі тоғыз-онға қарай тек сенің күйеуіңді жұмысқа шақырады. Қайтесің енді, одан басқа білікті маман жоқ. Бәрі бала-шағаның қамы. Әйтпесе жыны бар ма түн ішінде жұмысқа барып. Сене алмасаң өз обалың өзіңе. Құдайға сенбейтіндердің баратын жерін өзіңіз білесіз.
Блог - Basic: Отбасылы әйелдерге ажырасқан келіншектен он кеңес
2. Күтін.
Еркектер неге тыстағы әйелдерге көз салады? Бұрынғы өліп-өшкен сезім қайда кеткен? Неге күйеуің саған емес, әлем-жәлем боп боянған көрші әйелге сұқтана қарайды. Өйткені ол қашан көрсе де әдемі, күтінген күйде жүреді. Оны күйеуің тізесі шыққан трикомен, созылып, бояуы оңып кеткен футболкамен, май-май шашымен көрген жоқ. Әрине, жан дүниең сенікі оған қарағанда үш жарым есе бай шығар. Бірақ жан сұлулығына еркек атаулы қалпағын ғана шешеді.
3. Қызықты бол.
Ал, күйеуің кешке достарымен футболға бармады, Түнге қарай шақырған әріптестеріне де бармады. О мадонна, интернет те жоқ. Теледидарға да, соткасына да телмірмеді. Сөйтіп күйеуіңмен коммуникация мүмкіндігі туындады. Не айтасың? Ата-аналар жиналысынан хабарландыру, көрші-қолаң, туған-туыстың соңғы өсектері, жұмыстағы қатын-қалаштың сатып алған дүние-мүлкі, әлеуметтік желідегі күйеуің онсыз да көріп отырған әңгімелері,… ыы… одан басқа не айтасың? Қызықты әңгіме айту үшін, өзің бір нәрсеге қызық. Иога, бисер тоқу, тағысын тағылар. Тым болмаса, кино туралы әңгіме құрыңыз. Дорамдар емес, әлбетте.
4. Өзгертуге тырыспа.
Бүкірді тек табыт түзетеді. Шурупты нығыздау үшін бұраған сайын түбі кеңи түседі. Еркекті қажаған сайын еті өле береді. Ары қарай өзің де жалғастыра аласың. Негізді моральді түсінген боларсың — Ызыңдаудың мағынасы да қажеті де жоқ. Білесің бе, үнемей қойғанның салмағы ұрыс-керістен әлдеқайда басымырақ.
5. Өзгенің емес, өз артықшылығыңды көре біл.
Бір құрбым бар еді. Әлі да бар, құдай өмірін көп көрмесін. Күйеуі нақұрыстың нақ өзі. Әйелін талай рет сабап, өлімші ете жаздаған. Тіпті бірнеше жыл бұрын сабап, көгерткен іздері әлі бар. Ол да ажырасып, бостандық дәмін тата жаздаған. Бірақ екі баласының артынан үшіншісі келіп, ана-енесі жылап жүріп, күйеуіне қайта оралды. Күйеуі сабауын қоған жоқ. Бірде қонаққа барғанда сұрады ажырасқан қалай екен деп. Көзіндегі мұңды көріп зарлай жөнелдім. «Алқаш болса да, жынды болса да күйеуің бар. Жалғыз жатып, жалғыз оянған қандай жаман екенін білсең ғой» деген сыңайлы. Әлгі құрбым кәдімгідей бақытты сезіне бастады. Шүкір, басымыз аман, бауырымыз бүтін деп қояды. Айтайын дегенім, тырнаға шалшық болып көрінген су, бақаға теңіздей көрінер. Бастысы өз бақытыңды көре білу.
Блог - Basic: Отбасылы әйелдерге ажырасқан келіншектен он кеңес
6. Құрметте.
Саған осырақ шалың болса да, басқаларға мырза болуы мүмкін. Елдің алдында «осының қолынан не келуші еді, осыны адам қылған мен» деген әңгімелерді ешқашан айтпағаның жөн. Тіпті солай болған күннің өзінде. Жалпы, мұндай әңгіме айтқан әйел елге жексұрын, ал оның күйеуі бейшараға айналады. Негізі үйленгенге дейінгі «сіз-біз» қатынасын мейілінше ұзаққа созуға тырыс.
Блог - Basic: Отбасылы әйелдерге ажырасқан келіншектен он кеңес
7. Мықты және әлсіз болатын жерді шатастырма.
Шаруаға мықты бол. Бірақ балтамен ағаш жарып, электр құралдарын жөндеу мүлдем басқа стихия. Тіпті электр шамы жанып кетсе де, ол сенің араласатын шаруаң емес. Сенің шабуыл алаңың — ас үй. Қаруың — дәмді тағам, тап-тұйнақтай үй, сүйкімді балалар, сырбаз күйеу. Ерлердің ісіне араласқан сайын, нәзіктіктен айырыла бересің. Ал еркектер күшті әйелдердің жанында жылдам босаңсып, кержалқауға айналады. Негізі қазір есі дұрыс нағыз еркектер аз дейді. Оған кінәлі өзіміз.
8. Романтик бол.
Қияли бол. Ерке бол. Назды бол. Еркектерге сұлу әйелден гөрі назды әйел ұнамдырақ мыс. Бұрынғы керемет сәттер есіңде ме? Соларды жаңғырт. Күйеуіңнің де есіне сал. Тек әдемілеп. Бұл тұрмыс жеңген сананы аз болса да тірілтеді. Айтпақшы, егер перделер ескіріп, ақша тек әдемі дастарқанға жетсе, ойланбай бірден әдемі ішкиім ал. Айттым ғой романтик қияли бол деп.
Блог - Basic: Отбасылы әйелдерге ажырасқан келіншектен он кеңес
9. Консерватор болма.
Түсінемін. Күні бойы жұмыстағылар жүйкеңізге тиді. Жүгіріп жүріп балаларды сабағынан алып, үйірмесіне апарасыз. Үйге келіп тамақ жасайсыз. Сабағын бір мезетте оқытып, киімдерін реттейсің. Оларды тамаққа шақырып, отырғызудың өзіне қанша күш кетеді. Сериал көретін әйелдер деп қай ақымақ айтты екен. Тезірек ыдыстарды жуып, асүйді жинап, жата қалсам соның өзі бақыт. Таңертең ерте тұрып ит тірлікке қайта кірісу керек. Ал жұбайлар қызығы ше? Отызға қарай ерің қызықтырмай, ләззат міндетке айнала бастаса, бұған ең алдымен кінәлі өзің. Қызығы басылса, ыстығы қайта бастаса, амалдар ізде, жаңалық енгіз. «Жаман қыз» болудың еш айыбы жоқ. Айыбы болса, «жазасын» алудан да қашпа ;). Тек консерватор бола көрме.
10. Бөтен әйелдің ақылына құлақ түрме. Тіпті менің де. Әр әйелдің өз басы, миы, жүрегі болуы тиіс. Отбасы ең басты құндылық. Сақтауға тырыс. Бар күшіңмен.
Бөлісу:

38 пікір

bake
тағы бір пункт ұсынамын: Шамасын дұрыс бағала, одан көпті күтпе, өз шамаңдыда бағалай біл -деген
Basic
Аязби әліңді біл дисіз ғо
nazamat
Жақсы кеңестер екен.
ademi_alem
10-кеңес — ең орынды, ең дұрыс кеңес екен.
MeihuaZheng
ажырспағам. бірақ барлығымен келісем. даже с пунктом №1 )
Daniar-Alan
Қарама-қарсы көзқараспен жазайын ба? :)
Basic
Жазыңызшы. Нақу © *lol**lol**lol*
asaubota
әйелді түсіну үшін әйелдің орнында болып көру керек екен. 2 аптадай болды үйде 2 баламен отырмын. әйелім кішкентаймен ауруханада. үйде 2 баланың тамағын беремін, ыдыс жуамын, үй жинаймын, киімдерін дайындаймын, дәрілерін беремін, ингаляция жасаймын, сабағын дайындаймын, таңертең шәйін беріп сабаққа апарамын. бір жинаған жерді тез шашып тастайды, оны қайтадан жинаймын. қысқасы жұмыс көп. оданда жұмыста жүріп кешке бір-ақ келген жақсы екен дейсің. бұл әйелдің мәселелерінің тек бір шеті ғана ғой. олардың өз өздеріне қараулары бар, телефоны бар, ватсапы бар, жұрттың не ойлайтыны бар, тұрмыстық мәселелері бар, үй алу керегі бар. толып жатыр. соны ойлаған кезде еркек болып туғаныма қуанамын. сосын кішкене болса да көмектесіп тұрудың еш сөлекеттігі жоқ екенін түсініп отырмын. ерінбей, жыланбай ыдыс жуып тастасаң, тамақтан кейін үстел үстін жинап тастасаң, картоп аршып берсең де ол да көмек болады екен :)
Basic
Әйеліңіз келген соң біраз уақыт идеал отбасы болатыныңызға шүбәм жоқ.
asaubota
содан кейін қайтадан бұрынғы қалпыма түсем бе?
Basic
әлбетте. Тіпті етіңіз өліп, әйеліңіздің ерлігін борышы деп қабылдай бастайсыз))
asaubota
соншама жауыз емеспін енді ;)
ademi_alem
Дұрыс айтасыз. )))
mrbgln
:):D кейбір інішектерге «лайт» деп, күлмеген бе едіңіз кезінде?
asaubota
лайттық басқа ғой, інім %)
Daniar-Alan
лолды айтып отқан шығар )
asaubota
жоқ, әңгіме «light» еркектер туралы
Basic
ол қандай? ішкі фильтрі бар еркектер ме?
ademi_alem
Кейде кейбір адамдар „Бұрынғы әйелдер қолымен кір де жуатын, еден де жуатын, базарға барып азық-түлік алып келетін, бес-алты балаға қарайтын, тамақ жасап үлгеретін„ деп айтып жатады ғой. Негізі сол кездегі әйелдер жұмыс істемей үйде отырған сияқты. Әйтпесе дәл қазіргі қоғамда қалыптасқандай жолдасы таңнан кешке дейін жұмыста болса, әйелі де таңнан кешке дейін жұмыста болады. Көбі жұмыста болғысы келгендіктен емес, мақсат-арманға бірге жету үшін, күйеуіне демеу болу үшін шығады. Бірақ соған қарамастан кейбір ағайлар әйелдеріне „Неге тамақ уақытылы дайын емес? Неге анай солай емес, мынау бұлай емес. Ол сенің міндетің!„ деп ренжіп жатады ғой. Бұл ренжу өте орынсыз деп ойлаймын. Күйеуімен бірге жұмыс істеу де әйелінің міндеті емес, бірақ ол есептеспейді ғой олар. Үйде күнде кешкісін жиналып қалатын мусор болса, таңертең ала шық та қоқыс жәшігіне тастай кет. Демалыс күні бала-шаға аяққа оратылып жүргенде әйел үйге уборка жасап жатқанда не балаларды далаға шығара тур серуендетіп немесе ол шаң сүртіп жатса сен шаңсорғышпен шаң сора сал. Онда тұрған не бар деп ойлаймын. Бала да ата-анаға қарап өседі, ерлі-зайыптылар бір-біріне демеу болып, бір-бірін құрметтесе баласы да сондай болып өспей ме?
bake
Бұрын демекші, бұрында ондай мәселе болған. Жалпы адами қасиеттерді бұрынды-соңды деп бөлгенді ұнатпаймын. Жұп құрғандардың өздерінің бас қасиеттеріне лайық өмір кешеді. Бала үлгіні үйден алады десекте қанмен берілетін қасиет оған әсерін тигізеді. Жақсыдан жаман туылуы мүмкін. Әрине жақсыға жақындырақтан жақсылар молырақ шығуы мүмкін. Осындай үрдісті бәріміз қолдайтын шығармыз.
IliyasShakizat
Керемет айттыныз, Сиз дей отагасы кобейсин…
Basic
отағасысы несі))) эксОтАнасымын мен
2015
мәләдесс екенсіз!
Basic
енді әйелдерге еркектің функциясын ешкім мәжбүрлеп берген жоқ. Өздері іліп алған қамыт. Сондықтан да карьера қуып қажет емес, отбасы артығырақ болса. Еркектер асырасын. Ал бұрынғының әйелдері шынымен де қолымен от көсеген жарықтықтар еді. Қазір не кір де, еден де, тіпті ыдыс-аяқтың өзі автоматпен жуыла алады. Жартылай фабрикаттар да әйел өмірін жеңілдетеді. Әйелдің табиғаты бұл жұмыстарға бейімделген.
VKM
қияли болу керек, түсінгенім) Бәрі жақсы,өмір тамаша деп :):):)
Gastarbaiter
" Мақала ұнады. Бүгінгі қатыным Мереке де «Алтау ала болғанша, төртеу түгел болсын!» деп тоғызыншы бабыңызға бас шұлғып отыр. " ©
Зор құрметпен,
Дәрменқұлов — Сейсенғалиевтер свингерлік ансамбілі
asaubota
қазақтарда свингерлік қозғалыс бар ма?
ken
Басик, қазір енді некедесіз бе?
Basic
Басик емес, Бейсик!
жоқ, басым боооос :m
Danial
Барлығына салам! Жаңадан келіп қалдық. Ережелерімен толық танысып үлгермей жатырмын. Ит қорыған жерге өш демекші "үлкендер əңгімесіне" шақыртуды қалай алса болады?☺ Көмектесіп жіберсеңіздер
asaubota
үлкендер әңгімесіне кіру үшін рейтингті енді кем дегенде 50-ке жеткізу керек
ken
Осы жазба Нұркз сайтына жарияланыпты.
Basic
Тым болмаса тақырыбын да ауыстырмапты ғой бәтшағарлар
Бірақ мынадан да құсық суреттермен ауыстырып қойыпты.

дереккөзімай *lol**lol**lol*