Балықты балықпен аулау

… Содан біз, елді аралап жүріп кісі өлтіретіндерді елді аралап жүріп өлтіреміз деп шештік. Яғни, қаныпезерлерге маманданған қаныпезерлер болғымыз келді...
© «Жеті психопат» (Seven Psychopaths) фильмінен. satibaldi аударған нұсқа

Балықшы: Балықты балықпен аулау
Әкем балықшы (болған). Әкем, құдайға шүкір, тірі. Неге өткен шақпен сөйлегім келді? Қазір балық аулауға құқық қорғаушылар тарапынан бақылау күшейген заманда, оның үстіне осы бір керемет су жәндіктер популяциясының азаюына орай, балықшылық — жеке тұлғалар үшін рентабельді емес кәсіп көздерінің біріне айналды. Бұрын ең қол жетімді тірліктердің бірі еді ғой. Заман-ай, десейші. Бірақ, әңгіме ол туралы емес.

Балықшының баласымын. Көзімді тырнап ашқаннан мектеп бітіргенге дейін балық көріп өстім. Кәнігі балықшы болмасам да, біраз нәрседен хабарым бар (деп есептеймін). Бірақ ешқашан, ешқашан балықты балықпен аулайтындарды түсінген емеспін.

Әңгіме қармаққа салынатын жемтік туралы. Әдетте нан, жүгері дәнін саламыз (сазан, құты үшін), жауынқұрт немесе қоңыздардың дәрнәсілдерін саламыз (табан, қаракөз, қызылқанат үшін), түрлі жылтырақтар ілеміз (жыртқыш балықтар үшін). Бірақ кейде қармаққа шабақ салады. Өзінің кіші қандастарын аулап жейтін шортан, көксерке, алабұға үшін шабақтарды жемтік ретінде пайдаланады.

Құрт керек болса жер қазамыз, күбір қопарамыз, жылтырақ қармақтар керек болса тот баспайтын металл іздеп кетеміз. Бірақ балық аулау үшін балық аулау дегенді әлі түсінбей келемін. Ірілеу балықты ұстау үшін басқа да тәсілдер жетеді емес пе?

Әлде мен нағыз балықшы емеспін бе?

Фотосурет: angling.ru
Бөлісу:

4 пікір

merekeee
Біріншісі тезірек қабатын, онымен ауласа екіншісі де тезірек қабатын шығар. Папам тоже балықшы болған сұрап көрейінші ;)
Make_0899
Менде балық аулауға қызығамын. Балықпен балық аулау бұрыннан бар нәрсеғой ;) менде осылай балық аулап көргенмін. Біздің өзенде судак (қазақша атауын білмеймін) деген балық болушы еді, тісі бар оның тісі адамның қолынада батады.Сол балықты майда шабақтармен аулаушы едік.
patick
Бұрыннан бар екені онсыз да белгілі ғой.
Менің түсінбейтінім — бір жұмыс үшін дәл сол жұмысты екі рет жасау.
sigma
Иә, жоғарыда бәрін өзің тізіп өткен екенсің ненің не үшін екенін. Дегенмен соңғы жыртқыш балықты аулаудың неше түрлі тәсілдері бар соған қарай жемтігі де өзгеше болады. Жырқыш балықтар көбіне жемтігін қуып жүріп жейді, соған байланысты жемтікті суған салып қана қоймай оны ойната білу де қажет. Көбіне бізде спорттық балықшылықтан гөрі, браконьерлік балықшылық дамыған. Сондықтан жасанды балықты суда ойнатқаннан гөрі шабақты түйрей салған ұтымды. Тірі шабақ өлгенше жанталасады.