2015 демекші...

Қорытынды жазба демекші... Шетелдік апокалипсис фильмдерге еліктеп, «Жиырма Он екі» деп шығатын дикторлардың дауысымен «Жиырма Он бес» деп ат қойғым келген әу баста. Бірақ құлағыма «Жиырма Елу» деп кеңкелейтін «Қазақстан» арнасының дикторларының үні естілді. Мейлі. «Екі мың он бес», қысқасы.
Оһ, 2015-ім-ай! Сені де ерте бітіргізіп қойды ғой бұлар… Бірақ өзің де тым бұрқ-сарқ, импульсті, жаныққан тұрақсыз болып шықтың ғой.
Жө, 2015 демекші, ең әуелі «Менің 2015-ім» деп, «мимими» дегізетін жеке дүниелерді сала отырып, көзілдірік буландыратын жүрекжарды мақала жазам ба дегем. Бірақ псевдонимдік, фейктік – өзімнің таңдап алған жолым, сондықтан қайдағы «Менің»…
Фейктік демекші, аты бар, заты жоқтардың қатарында әлемдегі басты ұйымның қызметін атауға болады. Бұл жылдың қуыршақ бөлімінің БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясына сай, жарық пен жарық технологияларының халықаралық жылы болғанын біреу білсе, 17 608 200 білмес. Автордан бөлек, Ахметбек ағай да мұны жақсы білмек керек, шамасы.
Жалпы, ғылым демекші, қарыштап дамып жатыр ол. Біздің елде деп тым көсілмейін, десе де әлгіндегі инновациялық жазбамда біршама қор бар секілденді. Ал әлем ғылымының ішінде мына бір жетістіктерді «Назад в будущее 2» фильмімен байланыстыруым заңды. Себебі, кейіпкерлері 2015 жылға сапар шегетін елге мәлім есі дұрыс фильм де сол.
Блог - Medium: 2015 демекші...
Бұл фильмде уақыт машинасымен 2015 жылға жолы түскен Марти өрен тағы бір кейіпкер Биффидің жанынан ховербордпен, яғни ұшатын скейтбордпен зу ете түседі. Ал тамыз айында Lexus Division өз ховербордының презентациясын жасады. Құпиясы – буланып шығып жататын сұйық азотта.
Сол Мартиді ұшатын автомобильдің рөліне отырғызған сценаристтер 2015-ке таман жер көлігінің шынымен әуеге көтерілетініне сенген болу керек. Тура кинодағыдай көлік жоқ енді, бірақ… ұшақ пен автоның гибридін Aeromobil компаниясы ұсынып, саудаға да шығарды. Жалпы нарыққа 2018 жылы шығады деп жоспарланып отыр.
Киномандар мен филоботтар кинодағы бас кейіпкердің бауы өздігінен байланатын Nike Air Mag деген кроссовкалар киіп жүргенін де білуі тиіс. Жарнама десең фильмге тиеді: Nike компаниясы биыл шынымен аяқ киімнің дизайны мен атауын тура қайталайтын кросстарды шығарды. Шағын көлемде, бау орнына жабысқақтар, бірақ факттың аты факт.
Блог - Medium: 2015 демекші...Болашақты мен болжап қайтемін, оны тіпті кәсіби мойындалған мамандар да дәл жасамаған. Нострадамус биылғы жыл мәсіх келетінін, «жастық элексирі» ойлап табылатыны, жанартау атқылаулары мен жер сілкіністері жайлы жазып кетіпті. Күн энергиясын пайдалану электр энергиясын үнемдеп, қаржылық дағдарыс өзінің теріс әсерін тигізеді депті. Ол электр мен қаржылық дағдарыстар жайлы қайдан біледі-ей? Ванга да экономикалық дағдарыс, геосаяси жылжулар, Ресейдің күшеюі, соғыстар жайлы айтыпты-мыс. Әулиелік деген осы. Нұралы, у ішіп өл!
Земекистің сценаристері де әулие. Фильмдегі саусақ таңбасын сканерлеу, голограмма, видеобайланыс сияқты дүниелер толық жүзеге асты. Қиял деген шексіз ғой… Ой, «Терминаторды» қараған сайын үркетін болып алдым қазір.
Фильм демекші, биылғы ерекше фильм – «Жат» болды. Аздап жат фильм шынымен де. Бірақ біздің елде Ермектің туындыларын ермекке болсын «Оскар» сыйлығына ұсыну дәстүрі қалыптасып кетіпті.
«Оскар» демекші, осы бір блогиада жобасының қазыларының бірі бар еді ғой, сол… Кғм-кғм… Иә, фильмдер жайлы жалғастырайық. Негізі, «Келін, жат, шал...» деген бұйрық рай типтес кинолардан бөлек те тәуір шығармалар бар. Мысалы, Досханның «Құнанбайы» Өскенбайдың Құнанбайын ұлықтауға арналған тым жақсы дүние болса да, кинотеатрлар біразға дейін кинопрокатқа алмай қор қылды.
Оның қасында Тұрсыновтың үш фильмі де айдалада адасып жүрген қазақтарды суреттейді. Сонсоң тікой шетелдіктер аздап пікір соған қарап біз жайлы қалыптастырып жатады.
Айдала демекші, сол баяғы БҰҰ-ның шешіміне сай халықаралық топырақ жылында бізде бидай үсікте қалды. Есесіне, «Ұлы дала елі» деген атақ белгілеп алдық өзімізге. Түсінесіздер ғой енді, даланың, салдар есебінде біздің ұлылығымыз соншалық, тіпті бидайды да жаратпай тастаймыз. Бұл дала ондай пендеуи тірліктерге арналмаған, бабалар білек күші мен жүрек мысымен жаугершілік көрсеткен ұлы дала. Әлбетте, олардың ерлігі қанына сіңген ұрпақтары тасыған артық энергияны дәнді дақылдан гөрі басқа бір жаққа жұмсау керек қой. Мысалы, Сирияға кетіп…
Блог - Medium: 2015 демекші...
Сирия демекші, биыл Шам шаһарының ахуалы мүшкілдеу болып тұр. Оппозиция, ДАИШ және Асадтың үкіметінің өз ішкі қырғынына сырттағы ірі ойыншылар қосылды. Ондағы діттегені – саяси ойындар да, мұнай мен газ да… Түйелер келесінің жаппай сүйкенісінде шыбынның күйін кешкен сорлы Сирия…
Жоқ, бұрыннан сау сиырдың саңғырығы емес екені белгілі ғой. Және үй ішінен үй тіккен лаңкес ұйымдары да қанішер, Асад та нағыз бандит бұл елде… Жағымды кейіпкерлер жоқтың қасы. Лаңкес ұйым атақты Пальмираны құрбандық орнына айналдырды. Сондықтан күн сайын дүрбелең, күн сайын сойқан. Әбу-Насыр бабам жатқан жердің мазасын алды-ау…
Блог - Medium: 2015 демекші...Әл-Фараби демекші, теңгенің жағдайы да оңып тұрғаны шамалы биыл.
«Мұндай экономикалық қарқынды еліміз әлі көрген жоқ» дейтін «Хабар» арнасы, ауу! Мұндай экономикалық құлдырауды еліміз әлі көрген жоқ. Доллар үш жүз болды, үш жүз, Қарлыға! Үстіндегі 5-10 теңгесі – қожалар шығар…
Әлемдегі ең қанағатшыл Президент (ең кедей сөзімен ортақ болғаны қандай өкінішті!) Хосе «Пепе» Мухиканың биліктен кеткен жылы тек біз емес, бүкіл әлем экономикалық тұрғыда дағдарып жатқаны ғана көңілге медеу шығар. Қазір 2012 емес, бірақ азық-түлік, шырпы-шылымды басқа себеппен жинап алып қойып жатқандар да баршылық. Супермаркетте кассаға жеткенше тауарға 5-10 теңге қосылып кеткенін көріпті бір белсенділер. Уооооочь!

Сауда демекші, жаздың ортасында Қазақия Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп алды. «Ура, Қарағандының ванналарын экспортқа шығарамыз!» деп қуанайын ба? Жоқ, осыдан бірнеше жыл бұрын керемет талқылауда болған хит-тақырып еді. Қазір қазекемнің өзінің де не қоймадың, не кіргізіп болмадың деген әйелше аңсары кетті. Байқағанымша, трендтен түсіп, салыстырмалы түрде тыныш қана ақпараттық вакуумға немқұрайлы сіңіп жоқ болды.
Тренд демекші, Қазақстанда әлеуметтік желінің рөлі биыл айқын байқалды. Виртуал қоғамда біраз атышулы оқиғалар кең талқыланды. Батырлық көрсеткен, үлкен идеологияға сенген Жангелдиннің тыраштануы бекер, қазір елдегі ең атақты Әліби болу үшін қожайыны бар қатынға қарап, оңбай таяқ жеу де жеткілікті. Бірақ құқық бұзушы жазасын алды, ол рас.
Ал ұлы мәртебелі Сайлаубек ше? Әлеуметтік желінің әлеуметтік лифт қызметін атқарғаны бір екіұдай, дегенмен сүйсінуге тұрарлық жаңалық болды. Жасай берсін Master of ceremony!

Дағдарыс кезінде көселердің және байлардың мұртын балта шаппайтыны анық көрінді биыл. Көселердікі – түсінікті, ал шамасы келгендер жол ережесіне түкіріп қойып, үйлену тойының кортеждерімен Алматыны аралады. Ақшасы мен қарапайымдылығы кері пропорционалды кісілерге тоқтау болды, шүкір. Ақпарат ағыны Алматының селіндей арынды кезеңде негатив креатив те өрши беретіндей. Даулардың көптігіне қоса, «Көйлектің түсі көк пе, алтын түстес пе?» дегендей мәнсіздеу бәстердің болғандығы да өтірік емес.
Әлеуметтік медиа тағы бір көрнексіз оқиға – кинотеатрдағы тепкінің авторын жазалауға мүмкіндік берді. «Кассаға жұмысқа каратист қыздарды алыңдар, жігіттер!». Айлыққа өмір сүрмейтін әкенің ұлы байлыққа мастанған шығар, бірақ ақыры әкесі де лауазымды жұмысынан қуылып тынды.
Мастанған ұлдың әкесі демекші, әйгілі Үсеновтің әкесі де «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының департамент басшысы қызметінен кетті. Онымен бірге басқа да абыройлы ағайынның ұлдары мен стриптиз өнерінің топ-менеджер перілері…
Сыбайлас қамқорлық пен жемқорлық жайлаған жалғыз мекеме бұл емес, әрине (ҚазҰУ бухгалтериясы детектед). Тек қаражаттың тым көптігі көзге көпе-көрінеу күйік болып, көрініп қалғаны. Ахметов пен Әбдішовтердің ісі де жұртшылықты екіге бөліп жарды. Халықтың көбінде бұл екі азаматқа симпатия бар екені рас.
Ал маңызды халықаралық іс-шараға дайындалып жатқан іргелі құрылымға жаңа басшы болып тәжірибелі Ахметжан ағай Есімов келді.
Есімов демекші, осының алдында ғана ол Алматының әкімі ретінде Олимпиада ойындарының астанасы атану құқығынан абыройлы түрде құтылып келген еді. «Уи нид зис геймс, бат нод джаст ту билд инфрастракча» дегенді тыңдаған сайын азаматтың ниетіне сүйсіне берем…

Әлбетте, Алматы демекші, өзге ауыс-түйіс секілді ол жаққа да жаңа әкім барды. Бірақ мегаполистің трамвайлары тек бұрынғы мэрді тыңдауға бейіл екенін біз білмесек керек. Жалпы, 2015 жылдың басынан трамвайлар рельстен 40-тан астам рет шығып кетіпті. Жаңа әкім трамвай депосының қызметі тоқтатты.
Блог - Medium: 2015 демекші...Менің толғанатыным… Әділет қайда? Неге трамвай Үсенов керемет көлігімен жолда келе жатқан кезде жүйеге қарсы шықпайды? Бунт на рельсе!
Апатты көлік демекші, әуедегі ұшақтар да биыл әлемді алаңдатты («QazaqAir», ақ жол!). Малайзияның былтыр құлаған қос ұшағының құпиясы әлі толық ашылмағанын ескерсек… Биыл БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде Донецк облысында құлаған ұшаққа байланысты халықаралық трибунал құру жайлы резолюция қаралып, 15 елден 11-і жақтап дауыс берді. Бірақ шешімге вето қойылды. Ресейден…
Блог - Medium: 2015 демекші...Жуырда Ресейдің өз ұшағы МузТВ-нің Астанадағы рәсімінде құлаған баннердей құлап түсті. Циник теңеу болса да, «Кагалымавиа» компаниясы әуе кемесінің Синай түбегіндегі апатында сыр аз емес. Мұның лаңкестердің ісінен болғандығы анықталған соң, Ресей Сириядағы операцияларын тіпті күшейтуге бел буды. Ал француздың карикатуралық журналына тыйым салынған тақырып жоқ секілді, мұны да сарказм суретіне, айналдырды.
Бұған дейін де Ақ аю операцияларының аясында Каспий теңізінің маңынан зымыран атып жүрген еді. Каспий дегенде сондай бір қатердің жақындығынан үрей келе ме…
Блог - Medium: 2015 демекші...Оһ, Сирия, Сирия… Сені екінші рет атап отырмын. Өйткені, сенің қасіретің соған тұрады. Тіпті жақында, осы постты әзірлеу кезінде болған лаңкестік акт Франция халқына ауыр соққы болды. Бірден бірнеше жерде орын алған қантөгіс әлем жұртшылыға тарапынан қатаң айыпталды. Әлем әлеужеліде француз туын профилдеріне қойды. Бұл да талас бәзбіреуге әйтеуір… Сәуірде «Аль-Шабааб» лаңкестерінің Кениядағы университетте 148 адамды қырып салғаны неге осындай реакция тудырмайды деген сауалдар өрді. Әрине, бір қайғыны бір қайғымен салыстыру жөн емес, әрі ақпарат кеңістігінің салмағы тағы бар.
Ең күдікшіл пікірлер Париж оқиғасын босқындар мәселесін сорақы шешумен байланыстырып жатты. Ал әйгілі «Шарли Эбдо» редакциясы өз басына қатер төндіре отырып (көктемде редакцияға да шабуыл жасалған еді), провокациялық дүниелер жазуды жалғастырды. Цинизм мен тасжүректік үшін бұл басылымды айыптауға болар. Бірақ объективтілігі мен қисыны жөнінен мін таға алмайсың. Өз еліндегі қаралы қасіретті де карикатура түрінде беруді қомсынған жоқ олар.
Шабуылдардың бірі Франция – Германия матчы кезінде стадион маңынан орын алды. Оһ, футбол, футбол, сен – өмір едің ғой! Қашаннан бері қасірет сыйлайтын болғансың?
Футбол демекші... Жоқ, футболдың қуаныш сыйлаған кезі көп болды. Иә, бізге де. Бізге! Қазақтарға! Трассада көкпар теуіп жүрген ұлтқа аяқдоп қуаныш сыйлайды деп кім ойлаған?

«Астананың» Чемпиондар лигасындағы жорығы көп көрермен жинады. Жоқ, «Астана» футбол клубын жанкүйерлер сүйіп кете қойған жоқ. Жай, біздің халық даңғара мен даңқты жақсы көреді.
Ал ФИФА мен УЕФА… Жемқорлыққа белшеден батқан жалғыз біз емес екенбіз. Есімдерінде «блат» пен «плати» деген сөздер бар кісілерді адам үлкен ұйымдарға басшы қылып қоя ма?
Бразилияның Алматының "Қайраты" футзалдан УЕФА кубогін ұтып алып бір қуантты. Қазір соны есінде ұстап тұрған кімің бар?
Блог - Medium: 2015 демекші...Ал біз түріктерге қуаныш сыйладық. Еуропа біріншілігіне жолдамалар сарапқа салынатын топтық турнирде соңғы орын алмай қалып, түркінің бауырластығын байқаттық. Есесіне, ғұндардың тағы бір тармағы – мадьярларды тікелей жолдамадан айырдық. Ал оның бас бапкері – біздің бұрынғы бас бапкеріміз еді… Осындай әдемі символизм, тұздықты оқиғалардың шыр көбелек ұйығы.
Түріктер бауырластығы демекші, олар G20 саммитіне Әзірбайжанды қонақ қылып шақырды. Бізді неге шақырмайды, а? Не үшін біз Латвияны ұттық?
Қоя берші, сол Түркияның Сирияға қырын қабақ танытуы АҚШ-пен бірге террорды қолдағаны секілденді. Түлен түртті ме, Гүлен түртті ме, Асад үкіметіне қарсылық бұл жерде де қантөгіске алып келді.
Қантөгіс демекші, жылдың ауыр болатынын Непалдағы 8 миллион адамды қасіретке душар еткен жер сілкінісінен де болжауға болар еді. Бірақ бұл да бір жануарды азық қылмай өлтіру фестивалдері ұшін жаза дер ме еді…
Алайда жағдайы ауыр Кенияда болсын, тойынғаннан гейлер некесін заңдастырған АҚШ-та болсын, оқушылар мен студент жастардың қырғыны ештеңемен ақталмайтындай. Оның үстіне биылғы қажылық сапардың өзі қаралы болғандығы жақсылықтың белгісіндей көрінбеді. Меккедегі әл-Харам мешітінде 100-ден астам адам құрылыс краны құлап қаза тапты.Блог - Medium: 2015 демекші...
Ал Қазақстанда көктемде су тасыды. Солтүстік, шығыс, орталық аймақтардың ауылдары үй-күйсіз қалды. Бұрын психологиялық, жеке тұрмыстық мәселе секілді көрінетін суицидтердің түрлі әдіспен өршуі – қоғамның экономикалық шарасыздығының белгісіндей болып қалды.
Әлбетте, «біз ең жақсы заманда өмір сүріп жатырмыз».
Әншейінде әнін тыңдамайтын халық Батырды өлгесін барып батыр көріп кетті. Жақсы адам болғаны жайлы әңгіме Горбачевтің қазасынан кейін жақсы жүрді. Қазақтың біраз саяси, өнер, қоғам қайраткелері қайтыс болды. Жатқан жерлері жайлы болғай…

Батыр демекші, биыл қазақтың үшінші ғарышкері ғалам кеңістігігне сапар шекті. Жеңістің 70-інші мерейтойы дүрілдеп өткен жылы Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағын бергені де олқы көрінген жоқ.
Ғарыш демекші, Орынбор маңындағы «Ясная» сынақ алаңынан ұшырылатын зымыран қалдықтары Маңғыстау облысының аумағына құлайтын болды. Әйтеуір, ақша табудың түрлі жолдарын іздеп жатырмыз. Сөйте тұра, өзіміз ауған мен Блог - Medium: 2015 демекші...тәжікке гуманитарлық азық-түлік жолдағышпыз. Энергиямыздың тасып бара жатқаны-ай!
Әйтеуір, қой жылы қой аузынан шөп алмас (Шу жақта болмаса тек), қой шалып селфи түсіргіш халықтың өкілдері ретінде тыныш жатпадық.
Селфи демекші, биыл барлық мүселлифтердің «өзреттері» (өздік сурет дегеннен шығарып алдым) сәтті болған жоқ. Мысалы…

Елбасы демекші, бір-ақ ауыз сөзбен Шөкеевтің өкілетін ұлғайтатын көшбасшы биыл БҰҰ саммитінде қазақша баяндама жасады. Мұны ешкім күтпесе керек, тіпті ұйымдастыру комитетінің аудармашыларға жауапты бөлімі де.
Жалпы, биыл менің Президентім кезекті сайлауды ұтып алды. Әрине, рекордтық көрсеткішпен. Тура көп жағынан бізге ұқсас Беларусьтегі сайлаудағыдай. Кедендік одақтағы әріптесімізбен көп жеріміз ұқсасы ұқсас, тек біздің жазушылар Нобель сыйлығын ала алмайтыны болмаса. Керісінше, Мемлекет басшысының өзі осы құрметті сыйлықты алу мүмкіндігі көбірек пе деймін.

Жеңімпазы белгілі іс-шара демекші, қазақта ондай екеу-ақ. Бірі – сайлау болса, екіншісі — GGG-нің шайқастары. Ел мақтаны, жігіттің сырттаны, Майқұдықтың арыстаны Головкин орта салмақтағы ең жауынгер боксшыға айналды. Қорқыңдар, қорқыңдар! Өмір мерекесінде біз басты ойыншылармыз!

Мереке демекші... Әрине, қазақ хандығының 550 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде болмаса да мемлекеттік деңгейде атап өтілді. Қазақ мемлекеттілігінің тұғыры – қазақ хандығының тарихы терең зерттеліп, еңбектер жазылып, ұлттық дәстүр мен өнерді ұлықтайтын іс-шаралар көптеп өткізілді. Жақсы-жайлысымен және кем-кетігімен бұл іс-шара қазақ жылнамасының тамаша бөлшегіне айналды. Бір тойдың болатыны анық еді, дәл қай күні екенін де білдік. 550 жылдық мемлекеттілік — бізге тек тарихи ремарка емес, болашақ алдындағы сын. Әрі мереке, әрі сынақ…
Ал біздей ажалдылар үшін… блогиада да – өзіміздің локалды мерекеміз де сынағымыз да атанды. Іздене жүріп, өзім де біраз нәрсе білдім, қазының да айтқанын түйгендеймін. Псевдониммен жазудың рақаты – тыныштық; сөзқума интригаларға араласпай, толық концентрация жасау мүмкіндігі. Қиындығы – өсек-аяң. Жанрлық, техникалық тұрғыда турларда видеоблог жанрын жоққа шығарып, дыбыстауда дауыс өзгеріп, саф күйде бермеу мәселесі де туды.
Блог - Medium: 2015 демекші...
Ал, түлектер, сәт сапар! Келесі блогиаданың қатысушыларына шалқар шабыт пен шексіз қиял тіледік!
Ал биылғы блогиада үшін рақмет! Финалдағы қарсыласымның әккі де тәжірибелі екенін мойындай отыра, соңына дейін шаптым. Үмітсіз – малғұн, Ронда Роузиге де адамы кезікті ғой…
Финал демекші, блогиаданың финалын бағалаған, әрине, жақсы ғой, бірақ өзіміздің Қанат Исламды да ұмытып кетпейік.

p.s. Постты жазу барысында қол ұшын созған 2015 жыл мен «ХаХа Шоудың» әртіс жігіттеріне алғыс айтамын. Роликтерде мен де жүруім мүмкін.
Бөлісу:

10 пікір

bake
Бүгін сенбі, ертең жексенбі. Аптаның қайсы күні болсада амандықта жүрейік.
Ispek92
:D:D:D жетіп келгенсің ғо
asaubota
Толық постец!

Пост демекші, блогиададан кейін де жазып тұршы.
DinaAbdigalieva
Аsaubotaмен толық келісем!
ErnarSeytahmet
сол видеодағы жігіттерді танимын-ау)
merekeee
Медиумның кім екенін білетін күн де алыс емес :)
nazamat
Сонымен, кім екенін білесің бе?
merekeee
Білем — Алефтина Нұрбекқызы
Medium
Оу, йе, шолуларды оқитын қыз