Инновациялық жобаны жүзеге асыру жолдары
Көгілдір экранды қоссақ та, кейбір газет беттерін ашсақ та «ұлттық инновация», «инновациялық жоба»,»инновациялық идея», «инновациялық экономика» және басқа да осыған ұқсас сөз тіркестерін көзіміз шалып қалады. Бұл сөздердің жиі айтылатыны сондай, құлағымыз үйреніп кеткен. Жеке өз басым бұл тақырыпта бұрын қалам тербеп, тереңдеп зерттеп көрмеген едім. Мен инновация дегенді жаңа нәрсе ойлап табу деп ойлайтынмын, бірақ осы тақырыпты жазу барысында инновация деген жаңа нәрсе ойлап табу ғана емес екендігін түсіндім. Бұл туралы сәл кейінірек. Егер Сіз өзгелерді таң қалдыра алатын және өмір сүру қалпын жеңілдететін әлдене ойлап тапқан болсаңыз немесе бұрыннан бар болғанмен өзіңіз тұрып жатқан өңірде кең таныла қоймаған әлдебір нәрсені жаңартып, қолданысқа енгізгіңіз келсе, бірақ істі неден бастап, қайда барып, қандай әрекет жасауыңыз керек екендігін білмей жүрсеңіз – бұл жазба дәл Сіз үшін!
Мысалы, Сіз бір тетігін басып қалса бесік жырын, енді бір тетігін басып қалса батырлар жырын, ал енді бір тетігін басып қалса ертегі айтып беретін «сөйлейтін кітап», яғни инновация ойлап таптыңыз делік. Бұл «сөйлейтін кітаптың» халыққа кеңінен тарағанын және Сізге мол табыс алып келуін қалайсыз, бірақ ойыңызды іске асыру үшін жұмсалатын қаражатты қалтаңыз көтермейді. Қандай жағдайда да «шешілмейтін түйін жоқ» екендігін естен шығармай, ойдан іске көшіңіз. Мен ойыңызды іске асыруға көмектесетін бір-екі жолды көрсетпес бұрын инновацияның бірнеше түрі бар екендігін айта кетейін, олар: бұрын соңды болмаған нәрсені ойлап табу (мысалы, телефонның, фотоаппараттың пайда болуы), бұрыннан бар нәрсені жаңарту немесе жақсарта түсу (мысалы, айнаның пішінін әртүрлі етіп өзгертіп жасау) және бұрыннан бар нәрсені жаңаша қолдану (мысалы, ағаштан жиһаз құрап, қағаз өндіру).
Көңілімдегі сұрақтардың жауабын табу үшін ең алдымен Өскемендегі «Даму» кәсіпкерлік дамыту қорына» бардым. Жалпы бұл қор ҚР Үкіметінің 26.04.1997 ж. №665 «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорын құру туралы» қаулысына сәйкес құрылған екен. 2012-2014 жылдар аралығында барлық облыс орталықтарында және Астана, Алматы, Семей, Түркістан қалаларында 18 кәсіпкерлерге қызмет көрсету Орталықтары, сонымен қатар 14 Кәсіпкерлекті қолдаудың мобильді орталықтары құрылған. Осы орайда Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлерді қолдаудың екі бірдей орталығы жұмыс істейтін республика көлеміндегі бірден бір облыс екендігін айта кеткен жөн.
-Біздің қордың жалпы немен айналысатынын өзіңіз де білетін шығарсыз. «Даму» қоры кәсіпкерлерге қаржылай және қаржылай емес көмек көрсетеді. Бізде бірқатар өзгерістер орын алып жатыр. Биылғы жылдан бастап «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы мен моноқалаларды дамыту бағдарламасы біріктіріліп, «Қаржылай қолдау» бағдарламасының ішіне енгізілді. Бұл бағарлама негізінде инновациялық сипаттағы, яғни біздің өңір үшін жаңашылдық болып табылатын жобалары бар жеке кәсіпкерлерге 3 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі, — дейді «Даму» қорының аймақтық филиалының менеджері Баян Садықова.
-Мен инновациялық жоба ойлап тапсам және «Даму» арқылы қолдау тапқым келсе, ары қарайғы әрекетім қалай өрбуі керек?
-Грант негізінде қаржыландыру бағдарламасының іске асуына атсалысатын үйлестірушілер (координаторлар) болады. Бұрын моноқалалар мен әр ауданның өз үйлестірушілері болған, ал биылдан бастап бәрі облыстық әкімдіктегі үйлестірушілер арқылы өтеді. Ең алдымен конкурстық комиссия құрылады. Кәсіпкерлер олардың алдында өз жобаларын қорғайды. Комиссия мүшелері инновациялық жобаларды іріктеп алады. Мысалы, биыл облыс бойынша қатысқан жобалар ішінен 16 жоба іріктеліп алынды. Олар іріктелгеннен кейін үйлестірушімен бірігіп бізге, яғни «Даму» орталығына келеді. Біз олармен екі жақты келісім-шарт жасасамыз. Одан кейін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлініп, ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы арқылы кәсіпкерге беріледі. Ал біз мониторинг жүргіземіз, яғни кәсіпкердің инновациялық жобасы іске асып жатқан-жатпағанын, бөлінген қаржы дұрыс бағытта жұмсалып-жұмсалмағанын қадағалаймыз.
-Қандай инновациялық жобалар сізді тәнті еткенін атап айтып бере аласыз ба?
-Негізі грант негізінде қаржыландыру бағдарламасы 2013 жылдан бері іске асырылып келеді, сондықтан мен сол жыл мен биылғы жыл аралығындағы бірқатар инновациялық жобаларды атап өтсем деймін. Мысалы, Өскемендегі «Фуат» перинаталдық орталығын айтуға болады. Ол орталықтағы бөлмелер ішінде тұзды сумен емдейді. Бұл Өскемен қаласы үшін денсаулық саласындағы инновация болып табылады. Ескірген дөңгелектерді қайта өңдейтін өндірістің ашылғанын айтуға болады. Дәретхана қағазын шығаратын…
-Дәретхана қағазы да инновацияға жата ма?
-Коммиссиядан іріктеліп өткеннен кейін біз кәсіпкермен екі жақ тараптан келісім-шарт жасасамыз. Дәретхана қағазы инновациялық жоба деп айтуға да келмес, бірақ бір жағынан ойлап қарасаңыз біздер үшін бұл жаңашылдық болмағанмен, ол шығарыла бастаған жер үшін жаңалық болуы әбден мүмкін.
-Мүмкін біздің өңіріміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарда неше түрлі өнертапқыштар бар шығар. Олар осындай кәсіпкерлерді қолдайтын орталықтардың бар екенінен қаншалықты хабардар деп ойлайсыз?
-Биыл жылдың басында көптеген өзгерістер болды деп атап өткен едім. Жоғарыда аты аталған бағдарламаға ауылдарды да қосты. Осы уақытқа дейін мұндай болмаған, ал қазір қай ауылдың адамы болсын өзінің инновациялық жобасын облыс орталығына алып келе алады. Және бір айта кетерлігі, біз инновациялық жобасы бар кәсіпкерлерді грант арқылы ғана емес, субсидия арқылы да қолдаймыз.
-Толығырақ...
-Оқырманға түсініктірек болуы үшін айта кетейін. Мысалы, кәсіпкер банкке барып 14 пайызбен несие алады. Егер ол әлдебір ауыл немесе моноқала тұрғыны болса, жаңағы 14 пайыздың 10 пайызын (негізгі қарыздың емес) мемлекет төлеп беретін болады. Ал егер Өскемен немесе Семей қалаларының тұрғыны болса, мемлекет 14 пайыздың 7 пайызын төлеп береді… Инновациялық жобаларды субсидиялау бойынша біздің облыс көшбасшылардың қатарында.
-Мысалы, іріктеуден өткен инновациялық жоба іске аспай қалса, қандай шара қолданылады?
-Осы уақытқа дейін іске аспай қалған инновациялық жобалар да болды. Біз оның не себепті іске аспай қалғандығын сұрап, есебін аламыз. Одан кейін оларға берілген қаржы мемлекетке қайтарылады.
«Даму» қоры арқылы 2013 жылы 22, 2014 жылы 24, 2015 жылы 16 кәсіпкер грант иегері болған екен. 2015 жылы грант иеленген кәсіпкерлерге бір жыл аралығында мониторинг жүргізіліп, келесі жылы инновациялық жобалардың қаншалықты іске асып жатқандығы сараптаудан өтеді. Қарап отырсаңыз, үш жыл қатарынан жиырманың ар жақ-бер жағындағы инновациялық жобалар грантқа ие болған. Бұл сандар тым аз ба, әлде керісінше тым көп пе?..
Ендігі алған бағытым -„Шығыс Қазақстан “Алтай” аймақтық технопаркі„ ЖШС. Бұл технопарк ҚР Индустрия және жаңа технологиялар Министрлігінің «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ мен Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінің қатысуымен 2008 жылғы 31 қазанда құрылған. Жалпы, қазіргі таңда Қазақстан бойынша 6 технопарк болса, «Алтай» аймақтық технопаркі ең алғаш құрылған технопарктердің бірі. Аты аталған технопарктің ресми сайтында «Серіктестік қызметінің мақсаты — индустриялды-инновациялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау» деп жазылған.
Бұл жерде менің сұрақтарыма Шығыс Қазақстан “Алтай” аймақтық технопаркінің менеджері Гаухар Садықова жауап берді:
-Біз технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік АҚ (бұдан әрі „НАТР„) бағдарламаларын ШҚО деңгейінде іске асыру бойынша жұмыс істейміз. Индустриялды инновациялық субъектілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Сол қолдау құралының бір түрі — инновациялық гранттар. Біз индустриалды инновациялық субъектілерге көмек көрсетіп, оларды ақпараттандыру, кеңес беру бойынша жұмыс істейміз. Жоба алып келушілерге біздің қоятын басты талабымыз — жоба міндетті түрде инновациялық сипатта болуы керек. Біз инновациялық гранттардың 9 түрі (1. Технологияларды коммерцияландыру. 2. Шетелде инженерлік-техникалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру. 3. Біліктілігі жоғары шетелдік мамандарды тарту. 4. Консалтингтік, жобалық және инжинирингтік ұйымдарды тарту. 5. Басқарушылық және өндірістік технологияларды енгізу. 6. Технологияларды сатып алу. 7. бастапқы даму сатысында жоғары технологиялы өнім өндірісі бойынша қызметті қолдау. 8. Өнеркәсіптік зерттеулер жүргізу. 9. Шет елдерінде және (немесе) өңірлік патенттеу ұйымдарында патенттеу) бойынша қолдау көрсетеміз.Бұрын инновациялық грант берудің 8 басым бағыты болған, биылдан бастап ол басым бағыттардын саны 16-ға жетті, яғни бүгінгі таңда гранттар 16 басым бағыттың шеңберінде беріледі.
(Сұхбат беруші өзін фотосуретке түсіруге рұқсат етпеді),
-Мен инновациялық жобамды іске асыру үшін технопарк арқылы қолдау тапқым келді делік. Істі неден бастауым керек?
-Егер инновациялық сипаттағы жоба ойлап тапсаңыз, тіпті жай ғана басыңызда бір идея болса, бірден осы «Алтай» технопаркіне келесіз. Осы жердегі кеңесшілер Сізге бағыт беріп, жобаңызды қағаз бетіне түсіру бойынша кеңестер айтады. Әрбір грант түрінің өз формалары бар. Ең алдымен өтінім толтырасыз. Одан кейін біз белгілеп берген құжаттарды жинай бересіз. Құжаттардың бәрін дайындағаннан кейін біз тағы бір қарап шығып, НАТР-ға жібере беруге болатынын айтамыз. Сөйтіп өзіңіз дайындаған жобаны өзіңіз НАТР-ға жібересіз. Олар жобаңызды қабылдап, өздеріне тіркеп алады. Одан кейін Сіздің жобаңыз қай басым бағытқа жататынын анықтайды. Оларда шетелден және Қазақстаннан тәуелсіз сарапшылар болады. Егер тәуелсіз сарапшылардың бірі жобаңызды жарамды деп, ал екінші жарамсыз деп тапқан болса, онда үшінші тәуелсіз сарапшыны шақырады. Сол үшінші сарапшы шешуші рөл атқарады. Егер жобаңыз жарамды деген қорытынды шықса, жобаңыз қайтадан НАТР-ға жіберіледі. Ол жерде сіздің инновациялық жобаңыздың жобалық-сметасын тексерістен өткізеді. Ол жердегі сандар неге негізделгенін, қандай қаржы қайда жұмсалатынын қарайды. Егер Сізге керек грант түрі технологияларды коммерцияландыру бойынша болса, онда жобаңыз тағы бір сарапшылардың қолынан өтеді (технологияларды коммерциялау бойыншадан басқа грант түрлері ол сарапшылардың қолынан өтпейді). Олар инновациялық жоба бойынша өтінім беріп отырған адамды зерделейді, яғни ол қолға алатын жобасын іске асыла ала ма, әлде іске асыра алмай ма — сол жағын саралайды. Сарапшылар «Грант беріледі» деген шешім шығарса, келісімшартқа қол қойып, керекті қаражатты өтінім берген адамның есепшотына аударады. Осы айтып отырған нәрселер 45 күн ішінде орындалады. Ары қарай жобаның іске асу-аспауын НАТР-дың өзі қадағалайтын болады. Олар кезең-кезеңмен мониторинг жүргізіп отырады. Жобалар жылына екі рет қабылданады және оны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялап отырады.
-Қаражат бөлінгеннен кейін инновациялық жобаны іске асыру үшін қанша уақыт беріледі?
-Ол грант түріне байланысты, яғни 6 ай, 24 ай деп кете береді.
-Егер қолға алынған жоба уақытылы іске аспай қалса, қандай шешім шығарылады?
-Онда бөлінген қаражат мемлекетке қайтарылуы керек.
-Технопарк арқылы неше адам грантқа ие болды?
-Биыл өтінімдерді сәуір айынан бастап қабылдай бастадық. НАТР-ға жіберілген 6 жобаның ішінен 3 жоба грант иеленді. Қазіргі уақытта басқа да өтінімдерді жібердік, олар қаралу үстінде. Тағы бір айта кетерлігі, грант берілгенде де мемлекет жүз пайызын бермейді. Мысалы, технологияларды коммерциялау грант түрінің үш кезеңі болады. Бірінші кезеңі бойынша гранттың 95 пайызы мемлекет, 5 пайызын өтінім беруші адам, екінші кезеңі бойынша 80 пайызы мемлекет, 20 пайызы өтінім беруші, үшінші кезеңінде 60 пайызы мемлекет, 40 пайызы өтінім беруші тарапынан болады.
-Биыл грант ұтып алған адамдардың инновациялық жобалары несімен ерекше?
-Олардың үшеуі де технологияларды коммерциялаудың кезеңдері бойынша грантқа ие болғандарын айта кетейін және үшеуі де Өскемен қаласының тұрғындары. Инновациялық жобалардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, инновациялық үш жобаның бірі – энергия үнемдейтін автономды жылыжай. Жылыжай ШҚО, Глубокое ауданында салынып қойды.
-Өңіріміздің әлдебір аудандарындағы әлдебір ауылдарында ойын жүзеге асыра алмай жүрген, жүзеге асыру жолдарын білмейтін өнертапқыштар бар шығар. Шығыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін адамдар көп пе?
-Ауыл-аймақтардан да неше түрлі идеясы бар адамдар келеді, бірақ олардың көбі ойларын қағазға түсіріп, жобаны жазып бере алмайды. Тіпті өтінімдерді ережеге сай дұрыс толтыра алмайды. Біз оларға әр сөйлемді дұрыстап жаздырып отырмаймыз, өйткені ол міндетімізге жатпайды. Идеясын шынымен іске асырғысы келген адам сауатты жаза алатын туған-туыстарына жаздырса да жол табуы керек деп ойлаймын. Бірақ өз идеяңды өзің қалағандай ешкім жазып бере алмас. Біздің міндет – тек бағыт беру ғана.
-Жалпы осындай технопарк бар екенін айтып, құлақтандыру жұмыстарын жүргізесіздер ме?
-Әзірге аудандарға барған жоқпыз. Жақында Семей қаласына барып семинар өткізіп қайттық.
-Жұмыс барысында қандай келеңсіздіктер кездеседі?
-Айтарлықтай келеңсіздіктер орын алмайды. Жаңағы ауылдардағы инновациялық жобаға қатысты идеялары бар адамдарға қатысты айтар болсақ, бәрі ақшаға келіп тіреледі. Ол бір күнде ғана шешіле қоятын мәселе емес, сондықтан өтінім беруші адамдардың қалаға бірнеше мәрте келулеріне тура келеді. Оның бәрі олар үшін артық шығын, сол себепті бастаған ісін орта жолда тастап кететіндер де кездеседі. Бір қуаныштысы, қазір көптеген елді мекендерде ғаламтор желісі іске қосылған, бізге өтінімді сол ғаламтор арқылы да жіберуге болады.
-Осы уақытқа дейін өтінімдердің неше пайызы мемлекеттік тілде келді?
-Осы уақытқа дейін бір де бір өтінім қазақ тілінде келіп көрген жоқ. Өтінім беретіндердің ішінде қазақ ұлт өкілдері көп болса да, олардың ешқайсысы қазақ тілінде өтінім беруге ниет білдірген жоқ.
Байқағанымыздай, бұл жерде де «әттеген-айлар» бар екен. Мемлекеттік тілде өтінімдердің болмауы нені білдіреді? Қазақ тілінде жазылған инновациялық жобалардың жүзеге асуы қиындығын білдіре ме, әлде қазақ тілді ортада инновациялық жоба ойлап табатындардың жоқтың қасы ма? Осы жазбаны жазу барысында грантқа ие болған көптеген инновациялық жобалардың тізімін көрдім, бірақ жариялауға рұқсат етпеді. Түсінгенім, бізде бұрын соңды болмаған нәрсені ойлап табу мен бар нәрсені жаңаша қолдану жоқтың қасы екен. Мен көрген инновациялық жобалардың көбі бұрыннан бар нәрсені жаңарту болып табылады. Жә, солай-ақ болсын. Шартты түрде жазар болсам, өзіміз шығарған жейдені де инновациялық жоба деп қарастыралық, өйткені ондай бұрын-соңды өз елімізде жасалып көрмеген ғой. Ең бастысы – сапасы сын көтерсе және кез келген адам сатып алатындай қолжетімді бағада болса...
Ойымды дұрыс жеткізе алдым ба – білмеймін, әйтеуір бұл мен үшін ерекше, әрі қызық, әрі жауабынан сұрағы көп тақырып болды…
Зарина Әбілмәжінова
Сосын, сұхбат беруші бір бармағын ішіне бүгіп қалды. «Технологияларды коммерцияландыру» оның жеке сайты бар. Сонда талап ретінде команда «болуы» талап етіледі. Ауылдың өнертапқышына ондай команда қайдан табылсын. ШҚТУ секілді ұйымның өзінде "қиындықтармен" табылады. Атағы профессор болсын, магистр болсын оның әр қайсы күнде жаңалық ашып немесе иновациялық жоба жасай бермейді.
Былай түсіндім. «Бұл жазбаға енбей қалған бақа да ұйымдар». Жеке кәсіпкер болған кезімде «Даму»-дыңда босағасын аттап көргенмін. Қандай істің басын шалмадық. Бір жазбаға бәрін айтып жеткізу қиын. Бұл саланы алғаш зерттеп жазған жазбаң «мәселе» түбін ашып тұр. Қаламын ұлт мүлдесін көтермей кеткен шақтарын көрген жоқпын, сол жағынан жазбаларың маған ұнамды.