Мұңсыз өмір сүре алман

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...: Мұңсыз өмір сүре алман

Мұңсыз өмір сүре алман…
Бір мұң бар жүрегімде белгісіз,
Маған шын, сізге мүмкін сенгісіз.
Ой емес, уайым емес қызығы,
Бұл бір жайт кез-келгенге бергісіз.

Сағыныш па сары күзбен ілескен,
Әлде ақыл сезімдермен күрескен,
Төзім шығар тіршіліктен шынайы,
Тығылып ап, жан түбінде түгескен.

Үздіксіз үнемі бір толғаныс,
Із қалдырып жаныма бар болған іс,
Тұңғиыққа терең батам шыға алмай,
Ақылымнан сосын іздеп қолғабыс.

Жасың түгіл түсінбес-ау кей кәрің,
Мазақтарсың «қиял қуған» дей бәрің.
Десе-дағы серік болған бұл бір мұң,
Өзге түгіл өзіме де беймәлім.

Сезім деп сезіктенсем, сүйе алғам,
Жоғалтып, оған-дағы күйе алғам.
Тербетсе де жанымды сап езгіге,
Мұңымсыз бірақ өмір сүре алман…
Бөлісу:

6 пікір

asaubota
өлең сіздікі ме? жақсы екен, ұнады
utegenova
рахмет, әрине өзімдікі
asaubota
сурет қосып қойдым. ұнамаса алып тастарсыз
utegenova
бола берсін, тағы да рахмет