ALESSIA MEMMOLA: «АСТАНАНЫҢ КЕЛБЕТІ МЕН ОЙЛАҒАННАН ДА ӘДЕМІ ЕКЕН»

Қазақстанда туристерді қызықтыра алатын орындар жетіп артылады. Тамаша табиғаттан бөлек қала өміріне қызығатындарды Астана мен мәдениет орталығы Алматы да талай қызыққа кенелте алады. Қазақстан елдегі туризм саласын дамыту мақсатында миллиардтаған доллар ақша құйып жатыр. Бірақ жұрт жаппай Қазақстанға ағылу үшін ақшадан басқа да көптеген дүниелер қажет. Қош. Өткен аптада Қазақстан Республикасының ұлттық академиялық кітапханасының кіре берісінде жөн сұрап жүрген итальян қызымен танысып қалдым. Есімі Алеся екен, түйдей құрдас болып шықтық. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген. Елімізге қыдырып келген қонақпен тіл қатысып, хал сұрастық.
Блог - Aya: ALESSIA MEMMOLA: «АСТАНАНЫҢ КЕЛБЕТІ МЕН ОЙЛАҒАННАН ДА ӘДЕМІ ЕКЕН»
-Алеся, өзіңізді таныстырып өтсеңіз? Қазақстанға қайдан тап болып жүрсіз?
-Италияда 1992 жылы тудым, сонда өстім. Қазіргі уақытта Сиена университетінің юриспруденция факультетінде бесінші курс студентімін. Қазақстанда Замира есімді құрбым тұрады. Құрбым Замира Италияға келе жатқан жолда менің әке-шешеммен тіл қатысып, танысып қалған екен. Ашық, емен-жарқын мінезді қыз бізге ерекше ұнады, сөйтіп Замираны қонаққа шақырып етене араласып кеттік. Әдемі, тәрбиелі қыздың отаны Қазақстанның қандай екенін білгім келіп Замирадан ел саясаты туралы, мәдениеті туралы сұрап білдім. Осылайша елдеріңізге қонаққа келіп қалған жайым бар. Қолым қалт етсе саяхаттағанды ұнатамын. Келесі айда Америкаға кетіп бара жатырмын, сол екі аралықта келіп үлгеруге тырыстым.
— Қазақстанға алғаш рет келіп жатыр екенсіз. Қош келіпсіз, Алеся. Сізге ұнаған тұсы қандай?
— Жұмбақ елді көруге өте құмарттым. Елі қандай, жері қандай, мәдениеті қандай деген сұрақтар маған маза бермеді. Астанаға келіп түсе қалғанда халықтың жүзінен бақыттың нышанын көрдім. Жинақы келген қала агломерациясының экономикалық және әлеуметтік жағынан өркендеуге үлкен ықпалын тигізіп отырғанын байқадым. Қала келбеті мен ойлағаннан да әдемі болып шықты. Қонаққа түскен қазақ отбасының ішкі мәдениеті, күнделікті әдет-ғұрпы маған үлкен әсер қалдырды.
— Ал енді не ұнамады?
— Қысы-жазы ыстық болатын климаттан бірден суық күнге тап болу маған оңай болмады. Сіздерде күн қатты суық екен. Одан соң қаладағы мекен-жай, бағыттардың барлығы кирилл әріптерімен көрсетіліпті. Ештеңе түсінбей аңтарылып қалдым. Егер Замира болмаса осы кезде өзім жалғыз адасып кететін шығармын. Қалада ағылшын тілінің ықпалын барынша күшейтсе мен сияқты қыдырып келген туристер өздерін соғұрлым еркін сезінер еді. Келерден бұрын Миланда өткен «EXPO 2017» көрмесіне арнайы бардым. Алайда павильонда ұзын-сонар кезектен ішке кіруге мүмкіндік болмады. Және еуропалықтарға қарағанда қазақстандықтардың өмір сүру стилі қарапайым келеді екен. Сонымен бірге астаналық әйел адамдар өте әдемі киінеді.
— Қазақтың ұлттық тағамдарынан да дәм татқан боларсыз? Бауырсақ, қымыз, ет, қазы-қарта жедіңіз бе? Көшпенді халықтың азықтарының дәмі ұнады ма сізге?
— Замираның үйі менің келгеніме арнап қой сойды. Және мұндай ғұрыптың ең сыйлы қонақтарға арналатындығын түсіндірді. Жалпы өз басым ет тағамдарын жақсы көретін болғандықтан шығар, тағамдарыңызға тез үйреністім. Одан бөлек бауырсақты өте сүйсініп жедім. Бірақ сіздерде вегетариан асханасы аз екен. Қазіргі күні Италия халқы жаппай еттен бас тартып, түгелдей вегетариандыққа өтіп жатыр. Олар Қазақстанға келетін болса ас мәзірінен қиындық көруі мүмкін.
— Әр ұлттың өз ерекшелігі бар, біздің қыз-жігіттеріміз қалай екен?
— Жаңа айтып өткенімдей астаналық қыз-келіншектер өте әдемі. Өткенде қаладағы танымал лаундж-барда болдық. Әдемі қыз-жігіттер көздің жауын алады. Қыздардың көбі биік өкше туфли киюге әуес екенін байқадым. Және сол ұзын бойымен саған биіктен менсінбей көз тастайды. Тіпті «сенен әдемімін, сен ешкім емессің, мен, мен, мен» деген көзқарасты байқағандай болдым. Ал жігіттер жағы қарапайым, қыздар сияқты сәнге көп бас ауыртпайтындай көрінді.
— Естуімше Италияда мысық жануарына ерекше құрметпен қарап, сыпайылық танытады. Жануарды заңсыз өлтіргендерге 10 мың еуро айыппұл салады деп естіген едім. Мысалы біздің Қазақстанда жыл сайын ауру таратады деген себеппен иесіз, қаңғыбас ит-мысықтардың көзін құртып отырамыз. Ал сіздердің мемлекеттеріңізде үйсіз-күйсіз ит-мысықтар мүлдем болмайтын көрінеді. Бұл қаншалықты рас?
— Жан-жануарлар біздің өміріміздің бір бөлшегі. Сіз айтқан айыппұлдың сомасынан хабарсыз екенмін. Бірақ себепсіз, заңсыз жан-жануарларға зақым келтірсе, өлтірсе олардың құқығын қорғайтын заң бар. Неге мысық деген сұраққа келер болсам, мысықтар иттерге қарағанда қорғансыз болып келеді. Иттің бабы қиын, үйде өзін жалғыз қалдыра алмайсың. Мысықты бірнеше сағатқа үйде жалғыз қалдырып кетуге болады. Жалпы Италияда мысықтар үшін ерекше жағдай жасалған. Ұзақ мерзімге басқа жаққа кету керек болғанда, мысықты қалдырып кетуге болатын арнайы ақылы орындар бар. Біз мұны мысықтардың қонақ үйі деп айтамыз. Ал үйсіз, иесіз ит-мысықтарды атып тастау деген мен үшін асқан қатыгездік.
— Алда-жалда Италияға жолымыз түсіп жатса нені білуіміз керек?
— Бірінші, Италияда ұйымдастыру жағы кемшіндеу. Келместен бұрын көлік, үй-жайды алдын-ала ыңғайластырып алған дұрыс. Өйткені ешкім сізге бағыт беруге құлшына қоймайды. Екінші, міндетті түрде Италия асханасынан дәм татуыңыз керек. Италия шағын ел болғанымен, мекендейтін халқының мінез-құлқы әр алуан. Мысалы оңтүстігі мен солтүстігі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Сондықтан жұмбақ Италия туралы әлдеқандай қорытынды шығаруға асықпай тұра тұрыңыз. Үшінші, ләззаты демалыс сыйлайтын – шоппинг. Қыздар мен әйелдерге арналған Италияның дизайнерлік эксклюзивті көйлектері мен трикотаж костюмдері, әр түрлі әшекей, сәнді бұйымдардың түр-түрі бар. Келіңіздер, біздің ел өте қонақжай халық.
-Алеся, ықыласыңызға көп рахмет! Қазақстанға жиі келіп тұрыңыз.

Әңгімелескен Ая ӨМІРТАЙ
Бөлісу:

17 пікір

Rozatai
Және сол ұзын бойымен саған биіктен менсінбей көз тастайды.
Пәлі, қалай байқап үлгерген? :j
Мына қызды біз де бір «биік өкшелі вечеринкаға» апарып, сауабын алуымыз керек еді ;)
Жалпы, сұхбат ұнады! Асханадан бастап, мысыққа дейін қамтылған мазмұнды, мағыналы әңгіме болыпты!*Angel*
Aya
Мені айтып тұрған жоқсың ба деп сұрай жаздадым, Роз :D
ken
Лайктайын деп едім, «сауалнама уақыты аяқталды» деп жатыр.
Неге тақырыпты үлкен әріппен жаздың?
Aya
Тақырыпты солай жазған әдемі көрінеді ғой :m:m:m Лайктаңызшы бір амалын тауып.
ken
енді лайкталды
Aya
рахмет десең дә
asaubota
біз осы Астанаға келген шетелдіктерді қинап сұрап алатын сияқтымыз Астананың әдемілігін :)

былай негізі еуропалық өлшеммен орташа қала ғо негізі
Aya
Көңілжықпастықпен айтады-ау деймін. Әйтпесе бір кісідей ұнамаған тұсын айтса екен деп отырдым)
merekeee
Миланда өткен «EXPO 2017» көрмесіне арнайы бардым.

экспоекімыңонжетінің Миланда өтіп кеткені жақсы болд :)
Құрдас болғандарыңмен сенен үлкен көрінеді түрі.
patick
Мысық жануарына көзқарастарын білдік. Мысық өсімдігіне қалай қарайды екен?
Aya
енді жануар екені өтірік емес қой *lol*
ken
Айа, бір каментіңнен «шіли» деген сөзді көрдім. Шығыста солай айтасыңдар ма?
Осындай топас сұрақтарыммен ығыр етсем, айып етпе.
Aya
Жоғ, оңтүстіктің қыздар, балдарынан үйреніп алғам ғо))