Ақ қайың (әңгіме)

Айнала көктеп, күн жылына бере иесіз саябақта кісі қарасы көбейді. Бақтың жалғыз аяқ жолдарының бірінде адамдарға сая болған көне орындық пен көп жылдық ғұмыры бар ақ қайың бой түзеген. Бұл маң көп адамдардың сүйікті орындарына айналды. Бұл жер күннің аптап ыстығында көлеңке, күннің салқынында суық өткізбейтін ық еді. Жазда ерекше құлпыратын саябақта әсіресе жастар көбірек серуендейтін. Десе де бұл орын кәрі-жастың талай оқиғасына куә. Осындай күндердің бірінде ақ қайың қарттың қайғысына да куә болды. Қарттың ағыл–тегіл көз жасына бақ түгел суланғандай. Қарттың жүрегіндегі қайғы жүзінен ап – айқын байқалады. Бірақ қарт жүрегіндегі қайғы сырбаз қайың үшін жұмбақ күйінде қалды. Уақыт ақшамға таянғанда екі бала асыр сала жүгіре ақ қайың жанындағы орындыққа келіп жайғасты. Бала көңілі қалай кішкентай нәрседен қалса, дәл солай болмашы нәрсеге қуанады емес пе? Мектептегі қызықтарын айтып екеуі мәз – мейрам. Жүздері қуанышқа толы.
Кей күндері бұл маңнан арлы-берлі өткен адамдарда шек жоқ. Көк аспанға сұр бұлт үйіріліп жауын жауған кезде бұл маңға жан жуымайды. Адамдардың бір – біріне деген қарым – қатынастары осы іспеттес, тек жақсы кездері ғана қастарынан табылып, күннің күрт суығанындай басыңа қиындық түссе іргесін аулақ салады.
Ауа райы жанға жайлы тым ыстық та емес. Жанға тыныштық сыйлаған осы күні тәкәппар қайың өзіне қарай бет алған жарасымды жұпты байқады. Бүкіл әлемде тек өздері ғана қалғандай, бұл жұп бар дүниені ұмытқан. Бір –біріне деген ыстық ықыласты олардың көздерінен – ақ көруге болады. Сырт көз қызыға да қызғана да қарайтын айдын көлде жүзген қос аққудай. Махаббаттары пәк, адал, сенімдеріне сызат түспеген жұп екенін ақ қайың бірден түсінді.
« Ғашықтың тілі тілсіз тіл» ғой олардың әңгімелерінен мөлдіреген көздеріне ынтыға қарауы көп-ақ, екеуі екі жарты бір бүтін болып толыққан қос сыңар,құдды бір – бірі үшін жаралғандай. Махаббат бұл жұпқа бақ боп қонып, қуаныш боп шаттандырды, шаттандырды да кей күндері қамықтырды.
Екеуі бұл орында біраз уақыт қана отырса да, айналаны махаббат жылуына бөледі. Олар кеткенмен де осы жерде бейне бір сиқырлы сезім қалғандай еді. Жастық шақтың арман қуған кездерінде екеуі мұнда жиі келіп тұрды. Жаз күндері жан бітіп, ағаштар ішінен көзге ерекше сұлу көрінетін ақ қайың да оларды тағатсыздана күткен. Әр келулері үлкен қуанышқа толы. Ал бұл арадан ұзап кеткендері көңілге қаяу түсіретін. Иә, расымен олар айнымас серік, өмірдің сан белесінен бірге өтетін жұптар екеніне күмән жоқ. Олар бір- бірі үшін жаратылған болса, екеуі қол ұстасып бірге қартаюды тіледі.
Уақыт шіркін бір орында тұра ма, зымырап сағымдай өте берді. Бір минутта аялдамады. Арада бірнеше ай сынаптай сырғып өтсе де, қос ғашықтың қарасы көрінбеді. Кербез қайың бұл жұпты көргелі бері тәкәппарлығын ұмытқан. Алыс сапардан баласын күткен анадай ақ қайың оларды тағатсыздана күтетін. Салқын самал кештердің бірінде қадамын баяу басқан жападан жалғыз келе жатқан таныс бейне көрінді. Бұл қайыңның асыға күткені еді.
Көзді ашып жұмғанша қыз баяғы орынға келіп жайғасты. Қыздың жан дүниесін түсінгендей күн күрт өзгерді. Сіркіреп жаңбыр жауды, желдің де ұйытқуы біршама жоғарылады. Оның ішкі күйзелісі, жан қиналысы, көздегі мұң наласы, алқымына келген өксік, күннің бір күркіреп, бір тынышталғанымен астасып жатты. Өзі үшін бұл орын соншалықты ыстық, соншалықты бауыр басып қалғанын, талай естелікті қойнауына жасырғанын ол жаңа ғана түсінгендей.
Көздің жасыменен қыз ішіндегі бар қайғыдан кішкенеде болса жеңілдегендей болды. Қыздың жан қиналысын көру сұлу қайың үшін азап еді. Жылай –жылай моншақтап жауған көз жасы таусылардай. Қыз бейне бір дүлей желден сабағын көтере алмаған гүлдей, кенеттен зарлы қайғыны жұтып, мойынсұнғандай сабырға келіп, еңсесін біраз тіктеп кетуге айналды. Оның не себепті осынша қиналғанын қайың түсіне алмай дал болды. Әттең қайың адам болғанда оның бұл қайғысына ортақтасар еді. Жанына батқан не екенін сұрап, жұбатар еді. Оның сөніп бара жатқан үмітін қайта жағар еді.Қайыңның ішінде өкініш қалып қойды, оның соңынан көз алмай ұзақ қарады.Осы күннен кейін бұл орындық маңына, әсем де кербез ақ қайың жанына бұл жұп бір де бір рет оралмады. Көп уақытты осында өткізген қос ғашықтар әйтеуір бір келіп қалар, қимас естеліктерді еске алар деп үміттенді қайың. Үміті үзілмеген ақ қайың оларды күтумен болды және де ұзақ күтті. Алайда сағаттана тосқан жандардың шуағы көрінбеді…

Ботакөз Кенжеханова
Блог - botakoz201996: Ақ қайың (әңгіме)
Бөлісу:

3 пікір

bake
Кіріспе, негізгі оқиға, кульминация… Кіріспеде «иесіз саябақта» орнына "қараусыз қалған" деп оқи бердім. Кіріспе бөлімі негізгі оқиға баяндалып жазылған соң жазылғандай сезілді. Басында осы жері, сосын соңында ақ қайың «жұптар неге жұбынан айырылады» деп пәлсафалық ойын анық айтып әңгіме аяқталса, негізгі ой сүттің бетіндегі қаймақтай қалқып шығар еді. Тек таза махаббат тақырыбынан емес: әлемде айтылмаған, жазылмаған оқиға көп, соның біреуін баяндап жеткізіп жатсаң деген тілегім бар. Шерли Мэрли 18 жасында «Франкенштейн немесе заманауи Прометей» романын жазған деседі…