Орташа есеппен Астрахань қазағы
Астрахань қазақтары — үнемі ашық-жарқын, той-думанды ұнататын, сөзге шешен (немесе боқтампаз), еңбекқор, әділ, шыншыл халық. Әйтеуір, орыстың да, қазақтың да жақсы қасиеттерін бойына бірдей дарытуға тырысқан ерекше адамдар. Олардың бәрінің дерлік көршілес Ганюшкинде туысы бар, немесе Атырау облысының тұрғындарымен тұрақты байланыста. Десек те классикалық қазаққа ұқсамайтын ерекшеліктері аз емес.
1. Сөйлемейтін адам — жау
Мен Атырау облысының тумасымын. Сондықтан өз облысымның тұрғындарының психологиясын бір адамдай білемін: біздің адамдар көп сөзге жоқ адамдар. Таныстар кездесіп қалса, әңгіме «не жаңалықтан» әрі қарай өрбімейді. Пауза тым созылып кетсе, «басқа не жаңалықпен» жалғасады. Сәйкесінше, бізде көп сөйлейтін адамдарды ұната бермейді, "өййй, аузы аузына жұқпаған не деген адам", «аузына тыным жоқ екен», «көбік ауыз», «көпірме» — міне, бізде әңгімешіл адамдарға қаратып айтылатын сөз осы. Тіпті кішкентай балаларға да артық сөйлеп қойса жекіп тастайды.
Астраханьда керісінше — үндемейтін адам көп талқыға түседі. Олар тіл табысудың шебері. Бәрі бір-бірімен байланыста, бір-бірінің оқиғасынан хабардар. Тіпті кішкентай балаларға дейін тілі шыға салысымен, өлең, тақпақ жаттатқызып, ән салуды үйретіп қояды. Танысын-танымасын, кез-келгеннің алдында өнер көрсетуге дайын. Әр адамға индивидуально қарайды және оның мінез-құлқына қарай әрекет етеді, яғни жай ғана қарым-қатынасты емес, олардың түрлі жолдарын жақсы дамытқан.
Сәйкесінше, бәрімен жақсы қарым-қатынаста болу үшін олардың әңгімелерін қолдап, өзің де өзгелерді аузыңа қарата алуың керек. Томаға-тұйық, үндемейтін адамдарды жек көреді демеймін, тек оларды біртүрлі деп санайды.
2. Патриоттар
Қытайдың, Түркияның, Моңғолияның қазақтарымен таныспын. Көпшілігі Қазақстанға оралуды, «атамекенге қайтуды» армандайды, соны өмірлік мақсаты деп санауы мүмкін. Тіпті шетелден келген кейбір қандастарымыз елге келдім деп көздеріне жас алып жатады ғой. Ресейде ондай әсіребүйрекбұрушылық кездестірмедім. Қазақстанға барғысы келетін жастар бар, бірақ олар тезірек ақша табу үшін жұмыс іздеп келуі мүмкін. Азаматтық ауыстыруды бірінші кезекке ешқашан қоймайды: «Алдымен барып көрейін, содан кейін анықталар» дейді.
Бұған бір жағынан ол жақтағы тұрмыстық ахуалдың көңілден шығуы себеп шығар, ол туралы келесі пунктімде айтармын. Ал, негізі, сол жақтың қазақтары Ресейдің нағыз патриоттары. Тіпті ондай отансүйгіштікті орыстардың өздерінен көре бермейсің. Бұл сөзіме жасы елуден асқан кез-келген астрахандық қазақ дәлел бола алады: бәрінің дерлік беделі жоғары, олар үлкен құрметке ие. Бұның бәрі өздері тұрып жатқан елге еңбегі сіңгеннен деп ойлаймын. Жалпы ол жақта үлкен лауазым атқарған қазақтар адал қызметтерімен ерекшеленеді. Титулды ұлттан жапа шегіп, өмірде жолы болмаған мүсәпір кейіптегі қазақты ол жақтан кездестіру өте қиын. Астраханның қылмыс авторитеттерінің ішінде де қазақтар көп.
3. Баспана — қамал
Олар тұратын үйлеріне өте үлкен мән береді. Мен Қазақстанда талай ауылдарды көрдім, адамдары үйлері құлап қалғанша тұра береді. Несін жасырайын, өзім де сондай үйде өстім. Бізде әлі көшпенділердің психологиясы басым-ау деймін: баспанаға әлі де немқұрайлы қарайтындар көп. Әйнек сынса, жаңасын алуға ақша қимай целлофан ұстай салады, жаңа үй салса немесе күрделі жөндеу жүргізсе бірнеше жылға созылып кетеді, ұсақ-түйек ақауларға тіптен мән бермейді.
Ол жақта баспана — басты құндылық. Ауылдарындағы үйлер сырттай айтарлықтай әсем көрінбеуі мүмкін. Бірақ үйдің ішінде қаладағыдай жағдай жасап қояды: әжетхана мен душ-ваннасы міндетті түрде бар, бұл туралы тіптен уайымдасаңыз да болады — ол жақта үй ішіндегі санузел қалыпты нәрсе. Міндетті нәрселердің бірі — ыстық су мен жылы су. Кейде шынымен ауылда жүрмін ба деген күмән тууы мүмкін. Тұрмыс деңгейі орташа отбасының өзінде осындай ыңғайлылықтар міндетті түрде кездеседі. Артық қаржы табылып жатса, жылытылатын еден, сауна секілді артықшылықтарды да жасап қояды.
Осындайда бір астрахандық ауылдың қазағы айтқан әңгіме еске түседі: Өмірде от жағып көрмеген бейшара Алматыға жұмыс іздеп келіп, от жағуды мәдени астанамыздан үйреніпті.
Неге екенін білмеймін, үй ұстауға келгенде осында маньяктықтары бар.
4. Автокөліктері көп
Мысалы астрахандық ауыл қазағының ауласынан кем дегенде 2-3 көлікті көресіз және бәрі де жүріп тұр. Бұны бірақ көлікқұмарлықтан демес едім. Жағдай былай: мысалы өзі колхозда механик-жүргізуші делік, сәйкесінше үкіметтен "қысып қалған" бір жүк көлігі болады. Сосын жүріп-тұруға бір жеңіл көлік алады. Ол көнере бастағанда тағы бір жаңасын (мүмкін иномарка) сатып алады. Ал ескісін сатып жіберуге асықпайды. Сөйтіп әр түрлі мақсатқа арналған өз машинасы болады: жүккөлік — пішен тасуға, ескілеу машина — ауыл арасында жүріп-тұруға, жаңалауы — алыстағы қонақтарға барғанда, сосын 1 мотоцикл балық аулауға және/немесе тағы бір үш аяқты жүк мотороллер («Муравей») сиырдың тезегін күресінге шығару үшін. Бірақ автомобилдеріне деген ерекше құрметті байқамайсың, ағайын-туған сұрап айдап кете береді. Тағы бір парадокс: бұзылып тұрғанын ешқашан көрмейсің, сәл ақауы шықса тез арада жөндеп алады. Айтақшы, су жағасында бір қайығы қаңтарылып тағы тұрады :)
Өзіміздің қазақтарда көп жағдайда керісінше ғой: машинаны жиі ауыстыруға тырысады және басы артығы болса сатып жібергенше асығады.
5. Двойной құда
Ол жақтың қазақтары қарым-қатынасты жақсы орнатқанымен, біздегі секілді мың-миллион туыстары жоқ. Бары бар шығар, тек аса жақындарымен ғана араласады. Біздегідей 500-600 адамдық той жасамайды. Бай болсын, кедей болсын — тойлары стандартты түрде орта шаруаның деңгейінде өтеді.
Сәйкесінше бір жақ қызын ұзата отырып, құдалар жағынан ұлына келін қарастырып жүруі де ғажап емес. Жалпы ол жақта екі рет қатарынан құда болып қалатын жағдайлар кездеседі. Енді туған ағалы-інілі бауырлар бажа болып жатады демей-ақ қояйын, бірақ екі фамилия бірнеше рет құда болып шығуы әбден мүмкін.
Мен байқаған осындай ерекшеліктері бар екен. Өз басым, Астрахань халқын ұнатып қалдым. Еркін қарым-қатынасты ұнататын, көңілді, өте мейірімді адамдар. Әр жаз сайын баруға тырысамын, сол жаққа барсам жаным бір тыныштық тауып, өмірдің қиындықтарын бір сәтке ұмытып кетемін.
2015 жылдың жазында түсірген видеоүзінділерім. Тақырыбымның мәнін аша алмас, десек те...:
Бiз жақта көп сөйлемейтiн адамды аса жақтырмайды, тымырайып қалған, қанын iшiне жұтқан, iшiмдегiнi тап дейтiн деп))) Сосын өтiрiк-шыны аралас әңiмелерi де ұзақ, еркегi болсын, әйелi болсын, жолда көрiссе де сампылдап пiкiр-алмасу-өсек)))
ұнайд осындай адамдар
не ғо, классикалық қазақ деген қандай қазақ ол