МАНЕКЕН

Блог - a87771683232: МАНЕКЕН

Шыны бутик ішіндегі бикешім,
Жаныңнан мен ылғи өтем төтесін.
Бір жақсысы, күнде күтіп тұрасың,
Одан жақсысы, тұрып күнде күтесің.

Күнде күтіп, күнде күтіп, талмайсың,
Ойымдағы әйеліме аумайсың.
Бір жақсысы, айқайласам көнесің,
Одан жақсысы, сен айқайлай алмайсың.

Иә, менің арман жарым сондай шын,
Анда-мында қыдырып еш бармайсың.
Бір жақсысы, кигізгенді киесің,
Одан жақсысы, киім сұрай алмайсың.

Қазір қатын алар болсаң сорлайсың,
Ал, сен ешбір оғаш қылық салмайсың.
Бір жақсысы, ұрғаныма көнесің,
Одан жақсысы, қайтып ұра алмайсың.

Ренжіткенде, қабақ түйіп қалмайсың,
Аузыңды да еш өсекке малмайсың.
Бір жақсысы, қашып кете алмайсың,
Одан жақсысы, қашып кете алмайсың.

Айналайын пластикалық жарекем!
Бірақ, бізге бір кедергі бар екен.
Бір жаманы, неке заңы бойынша,
Манекенге үйленбейді манекен.
Бөлісу:

3 пікір

GGG
Әр шумақтың төртінші жолындағы 12 буын бәрін бүлдіріп тұр. «Одан жақсысы» дегеннің орнына «жақсырағы» "ұнайтыны" т.с.с. деп алса қатып кетер еді. Екі құбылысты салыстыру, бірінің қасиетін екіншісінен асыра суреттеу ұтымды тәсіл. Қадір Мырзаәлінің мына өлеңіндегідей:
Бабалардың шоқ басқан табанымен
Бірдей екен жақсысы жаманымен.
Бір жаманы — тынымсыз көше берген,
Бір жақсысы — қимаған даланы кең.

Бір жаманы — жел сөзге ерген екен,
Бір жақсысы — тілге ерік берген екен.
Бір жаманы — кетпенге орашолақ
Бір жақсысы — найзагер, мерген екен.
a87771683232
былай дейсің ғо

ГОП-СТОП
(Қадірше)

Қос жолдасым алып келді мынаны,
Бұл «нокия» білсем қымбат тұрады.
Бір жаманы тартып алып біреуден,
Бір жақсысы маған сыйлық қылады.

Жолын аңдып отыратын сан жолшы,
Бұл замандық Махамбеттер дәл осы.
Бір жаманы біреу үшін бұзықшы,
Бір жақсысы біреу үшін қамқоршы.

Рас, олар да бар болғаннан қылар ма?
Ал, полицей бұл кез тыныш тұрар ма?
Бір жаманы мазалайды бұларды,
Бір жақсысы мазалайды бұлар да.

Сөйтіп байдың ұлын тонап тосылмай,
Түрлі-түрлі болып тұрды тосын жай.
Бір жаманы осындай ғой жолдастар,
Бір жақсысы жолдастарым осындай!

Ақшаменен тек болған соң жылыстар,
Алматыда көбеюде қылмыстар.
Бір жаманы мамандық бар, жұмыс жоқ,
Бір жақсысы мамандықсыз жұмыс бар.

Ақыр ресми жұмыс тауып жай қалды,
Пара беріп, бір дөкейге қайқаңды.
Бір жаманы тартып алып ұлынан,
Бір жақсысы әкесіне қайтарды.

Бұл қалада сол тағдыры қарақшы,
Әрбір келген ұл басына қонбақшы.
Бір жаманы боп тұрады бір жаман,
Бір жақсысы боп тұрады бір жақсы.