Тарих жайлы жазба

Тарих... Бұл сөздің синонимін өтіп кеткен оқиға, естеліктер деп тани беруге бола ма? Әйтпесе, ол не енді? Сасыған сары тісінің арасынан жартылай қазақша, жартылай аидша, шала түсінікті естеліктерін там-тұмдап мылжалап отыратын шалдардікі де бір тарих қой. Көзілдірігін көтергіштеп, ескі университеттің не мұрағаттың жаңа ғимараттарында шетіне хатшы қыздың кофесі тиген сарғыш қағаздардан тарихтың ақтаңдақтарын іздеп, эспрессоның тамшысын Ахметтің қанына балап жүріп жазған диссерлары да тарих. Өй, қойшы соны…
Жә, тарихтағы біреулерді батыр, біреулерді ез қылған суреттеулерді айтам… Сонсоң, өздеріне өздері жаңалық ашып, жоқ нәрседен бар нәрсе тауып, бір байланыс, символизм көріп...

Символизм болғанда… Біреулер «Адайлардан шыққан» Шыңғыс ханның белгісін өздерінікіне ұқсатып салады. Екінші жағынан, тағы біреулер оның Жалайыр екеніне де дау жоқ деп шығады. Былай, Шыңғыстаудан іздейік, ол Шыңғыс қой дейді тағысын тағылар. Оларға салсаң, Меркельдің бабасы Меркіден, Линкольнның тегі Леңгірден шыққандай. Абылай, негізі, Уәлидің туған баласы емес, оған Бұқардың өлеңі куә дейді бір ғалымсымақтар. Тамғалы тастың белгілерін Америка үндістерінен көріпті-мыс басқалары. Ұқсас сөздеріміз де бар екен…
Неге қазақта «Бл*, за*бали, да идите вы все жопу!» дегеннің соншама дәл, дөп баламасы жоқ… :(

Блог - Medium: Тарих жайлы жазба
Жалпы, ғылымда барлық түстердің қосындысы ақ түсті береді. Біздің тарихшыларша объектив жазудың жалғыз әдісі де осыған сайып келеді: барлық тұсынан, түсінен, позициясынан қарастырып, барлық түстерді былғап, сана сепораторынан сүзіп шығарғандығысы — ақ эмульсия. Қазақтың тарихы аппақ, докторыңды ғана!.. Асқақ тұлғалар, абыройлы шешімдер, бұлтартпас жеңістер!

Нашар тұсынан суреттелетін сирек жағдайлар: не оқиға барысындағы субъект қазақ емес («уже» моральдық қызтекелік!), не субъект арда туған, текті және дегдар ұлы қазақ халқының ішінен шыққан кем де кем кездесетін шіріген жұмыртқа. Бір құмалақ. Ханның қызында да.

Блог - Medium: Тарих жайлы жазбаМысалы, Бекежан. Негізі, Бекежан Айбекұлы да бір арыс. Жоқ, ол неге тарихта жаман атпен қалып, қастандықтың символы болуы тиіс? Еркектік инстинкт не таза махаббат былайғы тұста ақталады да, осындайда бір бәрі моралист… Жалпы, біріншіден, оның ата тегі жеті атадан бермен Жібекпен туыс емес екенін маған ешкім анық дәлелдемеді. Екіншіден, қазақтарға ең ұлық кинокартинаның өзіне арқау ақиқат бұрмаланып кете береді. Жоқ, көркем фильмнің бұған құқығы бар, тек соны ғылыми үстын қылатындар да бар.
Кескентерек Төлегенді өлтіреді де, оның жаманатын Бекежан арқалайды. Міне, тарих дегендерің осы. Бірақ, жалпы, аса ештеңе өзгере қойған жоқ сол кезден бері. Сол баяғы нағыз қылмыскерлер мінберлерде жүр, лохтар сорлап, солар үшін жауапкершілік жүгін арқалап келеді.
Жалпы, Кескентерек деген — үндістердің бірінші көрген дүниесін жаңа туған сәбиге ат қылып қоя беретіні сияқты есім. Кескен терек, түсінесіңдер ме? Бұдан кейін балада қарақшылық жолдан басқа қандай жол қалады? Сәулелі шах, нұр сұлтан болса бір сәрі… Ә, есімін қойған әкесіне ұрсайын десем, оның өз аты Тасымқожа (!) болғасын, не дейін?..

Блог - Medium: Тарих жайлы жазбаБөкейдің ұлы Жәңгір хан. Қазақтың ең прогресшіл билеушілерінің бірі. Патшалы Ресей Қазақияны ол туғанға дейін-ақ жаулап алған, оны қуыршақ хан, т.б. деп мінейтіндей кімсіңдер, ал? Заманасына орай ең ұтымды шешімдер қабылдаған, еуропаша білім алған, Қазан университетінің кітапханасына араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған маңызды қолжазбаларды сыйға тартқан, университеттің ғылыми кеңесі Жәңгірді «Қазан университетінің құрметті мүшесі» етіп сайлаған, бай кітапхана қорын жинақтаған, генерал шенін алған, «Жәңгір мектебін» ашқан. Осындай ұлық тұлғаға қымызға еліре тойып алған бір ақын әм батырсымақ кеп, шалажансар ұйқаспен анималистиканың алғышарт ілімімнен тізбектеп жіберген кезде, ол оны неге жақсы көре қоюы керек? Бүкіл келешек жылдарға ұрпақ санасындағы репутациясын құртып…

Жоқ, автор, сен шатаспа! Батырлар — ел қорғаны!
Мәселен, Сыпатай батыр — Кенесарының қолбасшы жаужүректерінің бірі ретінде Ағыбай, Наурызбайлармен қатар аталады. Сыпатай ше?! Блог - Medium: Тарих жайлы жазбаБірнеше мақалалар жазылып, роман арналып, ұрпағының очерктері шығып, саяси келбеті мен батырлық рухына ода жазылып тасталған батыр. Қазақ елінің мақтанышы.
Тек сол мақтаныштың Кенесарының соңғы шайқасында сытылып, қатыспай қоюы қызық та… "Қырғыз санжарасы" деген кітапта "… Сыпатай қырғыздар жағына біржолата сатқындық жолына түседі", "… Кенесарының қолына араласқан болып кетіп бара жатырмын. Реті келсе, іштен шалып жығып беремін деп сәлем айтады" деген деректер жүр. Және мен қазақтарға емес, қырғыздарға сенемін!
Әлихан Бөкейханов та Кенесары өлімінің тірі куәгерінен Сыпатай жайлы теріс пікір естіген. Теріс болғанда да тып-тығыз қаскүнемдік туралы жазып алған. Содан кейін Жамбыл жыраудың үш дастанында "қорқақ, ез, сатқын" деген терминология да бір батырға қатысты қолданылады. Тек ол тұстар қиылып қалған… Бірақ Жамбылға кім сенеді, иә? КСРО-ның жаршысы, қызқұмар боғауызшыл шал… Солай ма, әмма зерттеу білгірлері?

Блог - Medium: Тарих жайлы жазбаАйтпақшы, Кенесары демекші, Кенесарының бір немере інісі және бір баласы жайлы. Мынау — Шоқан Шыңғысұлы. Ал мынау — Садық (Сыздық) сұлтан Кенесарыұлы. Бір танымал жазушы Шоқан жайлы эссе-реквиемінде "… Түркілердің ойларын жеке дәптерге тізіп кітап жасау керек деп ойлады Шоқан. Өмірден озған Абылай хан бабасының, патшаға қарсы шабуылын қоймаған Кенесары ханның, өз ағасы Садық төренің айтқан сөздері қандай!" деп толғанады. Қандай лирика! Күшті! Блог - Medium: Тарих жайлы жазба
Жалпы, Садық сұлтанның патшалы орыс әскеріне қарсы күресіп, Шымкент қаласын қорғауға да қатысып, генерал М.Г. Черняев әскеріне тойтарыс беруде өзінің тәуір қолбасшы екенін көрсеткені мәлім. Генерал Черняев Шымкентті алғашқы шабуыл барысында ала алмай, кейін шегінуге мәжбүр болған деседі. Кейін қамалды алды ғой түбі (алғанда да Шымкент Черняев деп аталып кетті ғой), менің айтайын дегенім, осы оңтүстіктегі бекіністерге шабуылдар барысында Шоқан корнет атағымен Черняевтің қызметінде жүр еді… Жалпы, іштей кіжініп, жергілікті халыққа көмектесіп, бір ақын досына қоқан-лоққы жасалғанда көліктен шықпай отырған екінші ақындай іске араласа қоймаса да, жүрді. Бекіністі алуға қатысты. Сондай бір тарихи көркемдік, әсем иронияны сезесіз бе бұл жерде?..

Сәбит «Мұртты» (Мәсімовпен шатастырмаңыз!) Мұқанов. Қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі.
Ұлы жазушылар қатарына қосып, жүз жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтіп, монета теңгеге түсіріп, бәленбай кітабын шығарғаннан бөлек моральдық маубас екенін де атап отыру әділетті деп есептейміз. Жө, шыққан әлеуметтік табының ыңғайлы болуымен бірге шынымен қиындық көріп, жас кезінде жасамаған жұмысы жоқ екені де рас.Блог - Medium: Тарих жайлы жазба
Сәбит — қазақ әдебиетіне елеулі еңбек сіңірген тұлға. Өз шығармашылығымен бірге фольклорды дамытуға, жас жазушыларды қолдауға, ғылыми әдебиетке қосқан үлесі зор. Сөйте тұра, боямасыз шындықты ақтаңдақтардың ашылуымен айтып отырумыз да қажет. Жоқ, оның орнында болсақ, сол заманамен біздің де басқаша жасауымыз неғайбыл шығар, әйткенмен…
Жас Сәбит Омбыдағы мұғалімдік курстарда М.Жұмабаевқа хатшылық етті‚ оның педагогика тарихы курсынан оқыған лекцияларын қағазға түсірді. Өзі де алғашқы өлеңдерін Мағжанға оқып беріп‚ бейталант ақындық қабілетін сынап көрді. Сосын, бір шүкірі, прозаға кетті.
Бірақ баяндайын дегенім бұл емес. Осы Мағжанның қорлық көріп, еңбектерінің жарық көрмей, ұсталып кетуіне сәл де болса қолғабыс еткен Сәбит ағай еді ғой. Жалғыз Мағжан емес енді, 1936-37 жылдары Жазушылар Одағын басқарған кезінде нендей "қимыл" жасамады десейші…
Ашығы, Сәбит алашордашыларға қарсы күресті, Мұхтардың тегіне күмән келтірді, интеллигенция өкілдерінің еңбектеріне теріс рецензия берді — және онысы оларға жасаған нәрсесінің шүкірі болды. Сөйте тұра өз заманының адал идеологы, көзсіз сенімді қызметкері және біршама ізденген жазушы болды. Қоғамның теріс тұстарын тіпті басшыларды сынаған. әдеби мұрасы кең, тікелей «донос» жасамаған (не онысын жақсы жасырған), әдемі қартая біліп, сол кезеңде ұлт жайын да күйттеген адам болды. Шығармаларын сыншылар сүзгісінен өткізіп, мүмкін, қазақ әдебиетінің классигі, абыз кемеңгер деуге де болатын шығар. Бірақ екі жақты екі (үш, он, жүз) фактты қатар атау керек. Қолымызға сансыз мадақтаулардан тұратын конфетти ұстап алып, бір мерейтой келгенде оқиға не тұлғаны ұлықтап, пытыр-пытыр шашу атып тойлап кету дегеннен аспай, пафос пен пәлсапаға толы дақпыртты тарих пен тағылымның орнына тықпалай бергенше…

Тыншыңдаршы тіпті! Жоңғарларға бейшаралықпен ауыр салықтар төлеген де, ең шұрайлы аймақты Ресейге беріп қойған да, Төле бидің балаларын аманатқа тастап, Абайды сабаған да біздің халық қой. Ақиқат деген жауапкершілікті мойнымызға алайық. Былайша, Шәкәрімді атқан Қарасартовтың ұрпақтары атамыз жақсы қызметте ел мүддесіне қызмет етті деп, Имановты атқан алашордашылардың сынықтары аталарымен мақтанбайтынына кім кепіл? Жоқ, әлде Амангелдінің өзі сатқын ба? Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың рухын тыныш қалдырмай, әлі қанша өзгеріс болмақ? Әлі қанша Шоқайдың фашистігі архивтерден шығып, қанша Мырзажанның көшесі өзгереді болашақта?

Басындағы тақырыпқа орала отырып, истериялық историямды тәмамдайын. Екі жағын саралай алатын қос қайшылық — ақ пен қара түстің өздерінің қосындысы нені береді? Оның төрт нұсқасы бар. 1) Ала. Тарихшылар ұмтылуға тиіс сипаттау жүйесі. Ағын ақ, қарасын қара деп айқындайтын көзқарас. Иә, бір жолағы басқасынан қою һәм қалың болу ықтималдығы жоқ емес. 2) Сұр. Түстердің шырмалуы. Абстрактілі, араласып кеткен сипаттау. Сондай бір жарқын не адам шошырлық бейнесі жоқ. Сұрқай, елеусіз, қатардағы «массовка». Тарих кейіпкерлерінің көбі соған лайық, және түбінде ақталатын позиция. 3) Қара. Субъекттің қара таңдағы басым деп саналады да, жарық тұсы қара құрдымға сіңген сәуледей сіңіп кетеді. Қара мұнай ішіндегі бір стақан айран. Ештеңеге әсер ате алмайды. Таза қап-қара ниетті, "Қараой" фильміндегі кейіпкердей Қарашоқы тұлғасы. 4) Ақ. Аппақ. Жаңағыға керісінше, қара тұстары аз болып, ағына сіңіп кетеді-мыс. Айран шелегіне құйылған мұнай тамшысы. Ол тамшы емес, цистерна да болуы мүмкін, бірақ солай сипатталып кете береді.
Біздің тарихтың қолданатыны — тек соңғы екеуі. Әсіресе, ең соңғысы. Құдды бір рояльдың қажет түстегі ғана клавиштерін ғана басып, туынды жасайтындай. Ал сендер «Біздің сұрайтынымыз — тарих жайлы жазба» дейсіңдер. Оһ, «тарих жайлы жазба»… Жарайды, айтқандарың болсын, енді жазбаймын. Сендер де жазбаңдар.


Блог - Medium: Тарих жайлы жазба
p.s. Пост жазу барысында мені осы су құтқарып отырды. Ешқандай жарнама емес, тек мынадай фашистік символизм көре отырып, әлі неге астар іздемей жатыр тарихшылар? Аттан, қазақ!
Бөлісу:

4 пікір

Daniar-Alan
Тарих, филология… очм барлық гуманитарлық ғылымдар — идеология құралы ғана. Ал бар тарихы ауыз әдебиетінде сақталған қассақтардың ғалымдарына тіпті рахат :)
merekeee
Апай Сәбит Мұқанов туралы ауызша аз-кем айтып берген, бірақ өмірбаянының мазмұнын бәрібір кітап бойынша сұраған. Тарих деген сол шығар, жақсы тұстары (өтірік емесі) құжатталады, ал «басқа шындығы» еріп жүреді.
Қырғыздардың тарихы бойынша да «олар идеальный, ал жұрттың батыры сатқын» шығар, жалпы бұл әлемде бар шығар.
Ispek92
Басты плотно қатырып жіберді, бірақ интригаға толы жазба. Әлгі Шеркешбай осы жаққа неге келмейді-әй)))