Жамандықтан басталып, жақсылықпен аяқталатын хикая айтайын
Кішкентай кезімде, айналамдағылар «депутат», «рэкет» болуды ойлап жүргенде, миыма ештеңе кіріп те шықпапты. Тіпті, ұшқыш боламын деп армандауды да білмеппін. Содан да шығар сирек ұшамын. Ұшқым келмегендіктен емес, уақытым болмайды не мүмкіндігім жоқ. Өтірік айтамын – көбіне мүмкіндігім жоқ.
Ұшаққа алғаш отырғанда, миымда бір ғана фраза тұрған еді. «Мәмбет» болып көрінбесем екен, «мәмбет» болып көрінбесем екен деген қайталана береді ғой. Сарыауыз провинциалдың бейкүнә ойы, сондағысы. Қайдағы – әжетхана кабинкасына кіріп алып, не есікті қайта аша алмай, не басқа батырманы басып қойып, стюарттарды әбден әуреге салғанмын. Қойшы соны.
Не айтқым кеп отыр еді. Ұшақтар мен ұшуды ұната бермесем де, Discovery Flight School ұшқыштар мектебінде Алматының төбесін айналып ұшудан бас тарта алмадым. Яки, өзге мүшелерімді де тартпағанымды, он екі мүшем сау болып барғанымды сезіп отырған шығарсыңдар. Оның үстіне Алматының түтінін төбесінен қарап келу қызық көрінді. Сұрамаңдар, географиялық кретинизмім себепті қаланың қай тұсынан қай жағына дейін ұшқанымды өзім де түсінген жоқпын. Боралдай әуежайынан Шамалғанды айналып келдік деген ұшқыштың жалаң ақпаратына мәз болып қайттым, сол.
Айтпақшы, бізде ұшқыш дайындайтын лицензиясы бір үш-ақ мекеме бар екен. Үшеу-ақ. Біреуі, жаңағы, мені ұшырып әкелген DFS. Ойлап қалмаңдар, мектептің негізгі жұмысы есі ауысқан әумесерлерді ұшыру емес, кәсіби ұшқыштар дайындау. Осы уақытқа дейін 60-тан аса ұшқыш дайындап үлгеріпті. Айта кету керек, айтпаса болмайды енді, ұшқыш болудың бағасы өте қымбат екен. Жоқ, ө-өте қымбат екен. Бірақ, инструкторлар бағасына татиды деп қайта-қайта қоймайды.
Неше метр биіктікте ұшқанымды білмеймін. Жобамен 500-800 шығар. Үш адамдық мини-ұшақ аспанға көтеріліп бара жатқанда… оны қойшы, ұшқыш аспанда әдейі көтеріліп барып, селк еткізіп төменге түскенде, мүшелеріңнің бәрі бір аунап түскендей болады. Миың ештеңені қорытып үлгермей, өңешіңнен ауа өтпей қалады ма, бірдеңе. Ал, бір жаққа қарай қисайып, бұрыла бергендегі сезімді жеткізу мүмкін емес. А, жоқ, мүмкін – атракционның ең биік нүктесінен құлдилап келе жатқандай боласың. Жоқ, ондай да емес. Очм, оны көру керек.
Кемі 15 минутқа ұшырады. Ақшасын минутына төлеу керек. Қателеспесем, минуты 1000-1500 теңге ғой деймін. Айтпақшы, шатыры жоқ ұшқыштар да бар екен. Кішкене қымбатырақ бағасына «вираж», «жоғары пилотаж» сияқты тентек трюктерді де жасауға болады деп сыбырлап ескертіп қойды. Сыбырлағаны – клиенттер көбейіп кетпесін деп қорыққаны ғой деп ойладым. Ол енді тіпті шатырсыздар үшін деді бірақ. Біреуде ала алмай жүрген кегің болса, сертификатын қолтықтатып, Боралдайға жібер, очм. Ол енді – қатты кек алғың келіп жүрсе ғана, әрине. Әйтпесе, серитификатың арзан тұрмайды :)
Айтпағым осы ғана еді.
4 пікір