Бауырсақтың дәмі

Айымның ауылға келуі біреулер үшін елеулі өзгеріс, біреулер үшін қызғаныш болды, біреулер үшін шыбынның қонғанындай да әсер қалдырмады. Жасы отызға таяп қалса да әлі балғын қыздай көрінетін Айым қызғаншақ әйелдердің ұйқысын ұрлады, тыныштығын бұзды. Нәпсісі әлсіздеу ер адамдардың көңіліне құрт түсірді. Оның ақкөңілділігін, жайдарлылығын әркім өзінше түсінді. Көрген адамға жымия бас изеп амандасып, танымаса да үй-жайын, амандығын сұрап қалбалақтап қалатын ақжарқын Айымның бұл мінезін әркім өзінше түсінді — әйелдер: «Зымиян, көзбен арбауын қарашы. Қаладан әбден бұзылып келген сайқал ғой» деп тілдеді, ер адамдардың әрқайсысы іштей: «Жанымдағы еркектерге қарағанда менің артықтау сымбатым мен қайратымды айтпай-ақ сезіп тұр ғой мынауың, менде көңілі бар-ау осы. Әйтпесе, жылы жүз танытпас еді» деп пікір түйді. Ал, өзгелердің өзі жайлы қалай ойлайтыны туралы Айымның қаперіне де кірмеді, ауыл адамдары адалдықтың бейнесіндей көрінді. Сәлемін алып, күлімдеп тұратын ерін де, әйелін де өзі туралы теріс ойлайды деп күмәнданбаған. Жалғыз өзі тұратын нағашы әжесінің қараша үйін қоңыр әуенге тұндыратын кешкілік. Қолына гитарасын алып, мұңлы әуенге басқанда үнемі күлімдеген көздерін ауыр мұң торлайтын. Алысқа қарап, біреуді сағынғандай ауыр күрсінетін. Екі үйдің ортасын сарғыш-жасыл мүк басқан, саусағыңды тигізсең шытынап кетердей болып күнге әбден тозған аласа шифер бөліп тұратын. Әуен шыға бастаса болды сол шиферге артылып алып, көрші үйдің шарбағына қарап тұрамын. Бірде-бір артық дақ түспеген аппақ бетін көлейгелеген қоңыр шашын иығынан асыра сілкіп тастап, әнін жалғастыра беретін. Әжесі көршілер не ойлайды дегендей қипақтап, Айымның дауысы қаттырақ шығып кетсе шарбақтың есігін жаба түсіп, әбігерге түсетін. Бұлай әбігерге түсуінің де өз себебі бар: қарапайым әңгімеге не өсекке, айқай мен сыбырға ғана құлақтары үйренген алақандай ғана қарапайым ауылдың тұрғындары жанды дауыстағы әнді тосырқап жүрді. «Перілермен байланысы бар, дуаны осылай жасайтын болса керек» деп жүрді ойы ең озық, ерекшелеу ойлайды деген көзі ашық білімді әйелдер. Жел сөз біздің үйдің іргесіне де жетсе керек, анам: «Әй, қыз, жаныңды шығарам, бері кел!» деп мені ол үйге жолатпайтын.
Шарбаққа артылып, кезекті бір әуенді тыңдап тұрған кезімде Айым әнін кілт үзіп: «Көркемім, кел бері, ән айтамыз» деді. Мен үйден апам шығып қала ма деп жалтақтап тұра бердім.
-Апаң ұрысса өзім шақырдым деп айтамын, қорықпай кел бері,-деді жылы жымиып. Шынымен де әйелдер түрлендіріп айтып жүрген сиқырдың бары анық, жымиса да жүрегіңді елжіретіп, өзіне тарта түсетін бір жұмбақ күші бар еді. Ашуы қатты апамның айқайы жайына қалды да, жанына жетіп бардым.
— Ән айта аласың ба?
Басымды шайқадым.
— Кел үйретемін, ән айтқан жақсы, ауырмайсың,-деді. Әннің ауруға қарсы тұратын күші туралы түсінбесем де, қайталап сұрауға бата алмадым. Өзімді топас етіп көрсеткім келмеген шығар мүмкін.
Мен Айымға үйірсек болып алдым. Кеш болса болды жанынан шықпаймын. Ән айтқанда мұң торлайтын жүзінде көзінен тамып түскен мөп-мөлдір жас сырғанайтын кейде. Себебін сұрауға тағы да бата алмадым. Бұл жолы топастығымды білдіріп алам деп емес, «Біреудің жеке ісіне араласу-мәдениетсіздік» дегенді бір кітаптан оқығам, төмен деңгей көрсеткім келмегендіктен үндеген жоқпын.
— Олар мені түсінбеді. Жақсы көретін адамдардың сатып кеткені қиын,-деді. Өзімше бәрін ұққан адамдай артық сұрақ қоймадым.
Әдемі әуен әлсіздерді жаулап та үлгерді. Әсіресе ер адамдардың тамсанбасына қоймады. Адуын әйелінің қасы мен қабағын бағып жүретін ер адамдар үшін Ақзер кемпірдің шарбағында көктем бардай көрінетін. Әйелдерінің сұрғылт жүздерінен таба алмаған жылулықты Айымнан көретін еді. Іштей кезіксе екен, сәлемдессе екен, жымиса екен тағы деп тілегенмен, әйелдерінің шайпау мінезінен қаймығып: «Ақзер кемпірдің үйіндегі жиені жынды ма бірдеме ғой өзі, ыржалақтап күле береді. Есі дұрыс емес, жындыханадан шыққан болуы керек. Беті де аппақ қудай, дәрі сорып тастаған ба тіпті!» деп екіленіп отыратын. Ауылға әдемілік келгелі мазасы қашқан әйелдердің бұл сөзден кейін уайымы сейіліп, құмандағы шайын кері ысытып жіберіп, қызылынан баптай құятын. Әншейін де мән бермейтін күйеуіне мейірлене қарап: «Жағаң кірлепті ғой, көйлегіңді тасташы жууға» дейтін. Бар мейірім, ықылас осымен ғана шектелетін.
Ауылда той анда-санда ғана өтетін. Соның біріне Айым барды. Оның жаны одан сайын әдемілене түсті. Жүзі балбұл жайнады. Өзі де әдемі, дауысы да әдемі, жаны да әдемі деп ойлайтын едім, енді оның әр қимылы да әдемі деген тағы ұғым қалыптастырдым. Денесінің әр буыны әуеннен тұратындай, әуен ойнаған сайын мың бұралады, жоқ, денесі мың бұралған сайын әуен ойнайды. Жасқаншақтау ер адамдар өз-өзін әштей әлсін-әлсін қамшылап: «Билеймін, осында билемегенде қайда билеймін. Өзі қиылып қарап тұр ғой маған» деп жігерін жиғанмен, жанындағы қабағы қатулы әйелінің шу шығармай, тыныш отыруын би бақытынан артықтау бағалап, отырғышынан тұрып кете алмады. Ал, шынына келгенде Айым ешбір еркекке тесіліп қараған емес, тіпті арнайы көз тоқтатып та қарамайтын, тек әдемі ғана жымиятын, адамның бәрін жақсы көріп, құшақтағысы келіп тұратын. Ал, батылы жеткен бір-екі батырлау жігіт ортаға шығып биледі Айыммен. Олардың әйелдеріне көзім түсіп кетті, күлгені жылайтын адамның бейнесіне ұқсап, бейшара күйге түскен. От тастауға құмар өзге әйелдер оларға сыбырлап әлденені айтып жатты. Не айтып жатқандарын естімесем де болжадым.
-Әй, оңбаған!
Залды жасындай жарып өткен ащы дауыс жалт еткізді бәрін. Әйгілі адуын Гүлбарша екен. Алда үлкен соғыс болатынын сезіп те үлгердім, Айымды жетектеп алып-ақ кеткім келген. Бірақ, оның жанына баруға да жүрегім дауаламады. Мына болғалы тұрған шайқастың бір оғы маған да дәл тиетінін білдім. Орнымнан қозғала алмадым.
-Қаланың бар еркегін тауысып, енді мында келдің бе? Жөніңе кет, бұзылған қатын!
Тойдың думаны кілт үзілді. Өзге де ауыр сөздер айтылып жатты, Айым бетін басқан күйі далаға жүгіріп кетті. Артынан шығып кетуге батылым жетпеді, мына ызғарлы жанарлардың байлауынан босана алмадым. Үйге келгеннен кейін көз ілмедім. Айым қандай күйде екен? Ол бәрімізді де жақсы көретін: әйел-еркек, ұл-қыз деп бөлген емес. Ауылды ерекше тамсанып отырып мақтайтын, адамдарын өз бауырындай көретінін де айтқан. Жақсы жігіт табылса ауылда қалам деп әзілдеуші еді кейде. Бірақ қанша ойланғанмен Айымға тең келер жігіт таба алмағам, ауылда қалған бойдақ төрт-бес жігітті іштей ойлап көрсем де, ішінен іліп алары жоқ еді. Айымның ойын, жанын түсінбейтіні белгілі. Әркімге бір жымиғанынан-ақ қызғанышқа бой алдырып, жұдырықтарын ала жүгіретіні анық. Сырласы, жұбанышы сиқырлы гитарасын да қақ бөліп, отқа жағып жіберіп «Қызуы керемет,ә!» деп ыржалаңдап отырулары да ғажап емес.
Таңертең көзімді аша сала апамның абыржыған түрінен шошыдым.
— Ақзердің…
— Не болды?
— Әлгі әнші қыз…
Апамның оны әнші қыз дегенін естіп таң қалдым. Бұрын «пері қыз», «заржақ» деуші еді.
-Таңда қалаға кетем деп…
-Кетіп қалды ма?
— Паромнан жалғыз өтемін деп…
Жүрегім дір етті… Бір жайсыздықтың болғанын ішім сезді. Жаңа ғана қалаға кетіп қалды ма деп өкініп тұрған мен енді қалаға кетіп қалса екен, әйтеуір аман болса екен деп тілей бердім іштей.
— Гитарасы су бетіне бірден қалқып шығыпты… Өзін жарты сағат өткеннен кейін тауыпты.
— Сендер өлтірген, сендер!-деп бақырып жылай бердім. Әсемділікті, нәзіктікті бағалай алмаған ауылыма ызам келді, адамдарынан өш алғым келіп өкіріп жыладым.
Ақзер кемпір екі есеге қартайып кеткен екен. Бір жыл бұрын жол апатынан қаза тапқан жалғыз қызы, артында қалған бір түйір ғана жиені де шынайы жалғыздық дегенді ұқтырған күйі кете барды.
Үйдің маңайы адамдарға толы, біреулері мал сойып, біреулері ошақ құрып, әбігерге түскен. Жаулықтарын шарт байлаған әйелдер көздерін бір-бір сығып алып ас қамына кіріскен. Кеше ғана атарға оғы болмай жүрген әйелдер бүгін ерекше нәзік болып көрінгендей: жанарларына мөлдір шық тола бастаған. Мөлдір деймін-ау? Түк те мөлдір емес, үй шатырының бар кірін шайып келіп ағатын жауынның лас тамшысы! Иә, осындай теңеу табу арқылы оларды аяусыз жазалағым келді.
Құран оқылып, бауырсақтар желіне бастады.
— Жарықтықтың мінезі жайлы екен, кеше таңғы дауылдан ешбір белгі қалмағандай бүгін күн жайдарлы, ә?- деді адуын Гүлбарша өзін ақтағысы келгендей.
Отырғандар қипақтап, әңгіменің ауанын өзгерте бастады:
— Бауырсағың жақсы шығыпты ғой, майды әбден қайнатып барып пісіргенсің-ау?
— Марқұм Бауыржанның қадесіндегі бауырсақ шикі болып шығып, масқара болды ғой.
— Иә, келіндері салақтау ма бірдеме, тым сылбыр екен.
Жаңа ғана тістеген бір үзім бауырсақ тамағыма тұрып қалды. Жүрегім айнып далаға атып шықтым. Ошақ басынан бауырсақтың иісі әлі кетпепті. Әйелдер мақтап жатқан бауырсақтан кермек дәм татиды екен. Өкініш пе?
Бөлісу:

6 пікір

Beytanis
Нәпсісі әлсіздеу ер адамдардың көңіліне құрт түсірді.

Асты сызылған сөзді «күштілеу» деп өзгертуді ұсынамын.
zholantai
Түк те мөлдір емес, үй шатырының бар кірін шайып келіп ағатын жауынның лас тамшысы!

мына теңеу үшін енді
Sebastian
Ғашық болып бара жатқандаймын авторға…
merekeee
Ең қиыны Гүлбарша апаның орнында болу шығар…
Gastarbaiter
Күшті. Неге екені Курочка Ряба фильмі есіме түсті.