Қайғы пост: Фейсбук сила

Осы бір тіркес жалықтыра бастады. Меніңше қолынан поқ та келмейтінін жақсы білетін қоғам уже өзін осылай алдай бастаған сияқты. Болмашы бір мәселеге шибөрінің көтіндей шулап, содан бір болмашы нәтижеге қол жеткізсе фонтандатады-ай келіп. Ал маңызды мәселелерде билігің бар, басқаң бар сенің силаңа түкіріп қойғаны бар екен. Бір жағынан алғанда шынымен күш алып келеді. Бірақ, соқыр, ортаға тасталғанды талғамай талай беретін күш. Деза Құдайының ұжмағы дерсің. Соны пайдалана алған адам еш ұтылмасы анық. Тек керегіңді дұрыс паковайттап, әдемі етіп ұсына алсаң болды. Әдіс, тәсілдері де жетерлік.
Соның бір айқын дәлелі соңғы Әлібидің оқиғасы болды. Мен бұл жерде кім кінәлі деген Бақаи-пәлсапалық сұраққа кіргім келмейді. Әрі жәбірленушінің де, жәбірлеушінің де бағасын бере алмаймын. Бұл әлі ұзақ шайналып, шешіміне жеткенше мың құбылып, фейсбуки жамағатты да тараптан тарапқа жүз лақтыратын мәселе. Тек бір ғана нәрсені айта аламын — пезнесмен браттың қолданған әдістерін айыптаймын. Ана жігіт иттің баласы болған күннің өзінде қазіргі кезде самосуд жасау, физикалық әдістермен үкім орындау енді…
Мәселе мынада, жәбір көрушінің фейсбук силаны өте ақылды, керемет пайдалана алуында. Біреулер ақша туралы тақырыпқа кіріп алып, шыға алмай қалды. Әрине айуандықты айыптап, шын көңілден наразылық танытып жатыр бәрі. Бізді адам қылатын да сол қасиетіміз шығар. Ал негізі жігіт бақуат және басты мақсаты ақша жинап алу емес, қоғамда резонанс тудыру. Оған қол жеткізе алды. Сол арқылы ол өзіне керемет қорғаныс қамтамасыз етіп алды. Елде одан да сорақы әрекеттер болып жатыр. Бірақ, әлі бас прокурордың жеке қадағалауына дәл осылай алынған бытовуханы білмейді екенмін. Иә, бұл бытовуха. Бір тараптың жеке бас «намысы» мәселесін күйттеп екінші жақты сындырып тастауы мемлекеттік маңызы бар іс емес. Олар елді қалай көркейтеміз, қайтсек адам қыламыз деген сұрақтан осындай жағдайға жеткен жоқ. Жылаған әке, дәп-даласы шыққан өрімдей жас, зәбір көрсетушінің құдыреті, қырғын объекті — Айекеңнің бейресми неке жағдайы айналып келіп қоғамның ең әлсіз тұсы — әлсізге болысу, жәбірленушіні жақтау сияқты сезімдерінен зырқ еткізді де, өзі жағына қотарып алды. Енді іс қалай өрбісе де таяқ жеген жақ әділетсіздіктің құрбаны сипатында келеді де отырады. Жалпақ жұртқа жар салудағы мақсат та меніңше сол болған. Ол енді бар. Ал бұл тәсілдің дұрыс немесе бұрыстығына баға бере алмаймын. Мүмкін қорғаныстың жалғыз жолы осы болған шығар. Өміріне шын қауіп төніп тұрса бұл дұрыс. Баласының өмірі мәселесі тұрған кезде кез келген ата-ананың халық сотына түкіріп қойғаны бар. Оны ата-ана қылып тұрған да соған кез келген уақытта дайын болуы деп есептеймін.
Бұл бір ғана жағдай. Ал осындай басқа жағдайларда кінәлі тарап осы фейсбук силаны өз мүддесіне пайдаланып кете алмайтынына кепілдік бере аласыз ба? Меніңше оған ешкім де кепілдік бере алмайды. Қандай да бір иттің баласы ойына келгенін жасап, біреуді зәбірлеп, зиянын тигізіп, сол үшін мұрны қанап қалса дереу әлеуметтік желіге жүгіріп кіріп, жұртқа қан мұрынмен селфиін анадан бұрын өткізіп жіберсе, оған тағы "қабырғасы сынғаны", «омыртқасы опырылғаны» туралы мәліметтерді қосып, оны әділетсіздіктің, қаныпезердің құрбаны деген әдемі тіркестермен орап жіберсе жеткілікті. Мейірбан көпшілік соттап ала жөнеледі әлгі «итті». Мәселен, Әлібидің кесілген құлағын көрген адам бар ма? Кесілген құлақтың орнын ше? Шишаның сынығымен кесіпті менің оқыған нұсқам бойынша. Біртүрлі сенімсіздеу емес па? Жоқ, мен көрмедім, демек, өтірік деп отырғам жоқ. Бала шын құрбан болып тұрса да оны әсірелеу үшін, әлгі әлсіз жерге жасалатын соққының әсерлілеу болуы үшін қосылған байка болуы ықтималдығын да жоққа шығара алмаймын бірақ. Ал көпшілік құлақты ұстап көргендей даурығып жатыр. «Сынған қабырғаларды да санап шыққандар» табылып жатыр ендігі.
Фейсбук шынында күш алып келеді. Бірақ, сол күш иелерінің өзі білмейтін мәселеде көргендей даурығып, сап құрай қалуы аздап алаңдатады. Мұндай жерде өте ақылды, іші-сыртыңды ішіп алған аферисттің де құрбан бола қалып, кінәсіз байғұсты халық сотына тастап, еркін тайраңдап кете беруі оп-оңай шаруа. Сондықтан, қандай мәселе болсын бірден шулай жөнелмей, сәл ғана сабыр сақтағанның артықтығы болмайды деп ойлаймын.
Бөлісу:

3 пікір

merekeee
«Екі құлағы да орнында тұр екен» депті ғой біреу…
GALEKE
әлі ол құлақтар мың кесіліп, мың тігіледі )