Менің туған ауылым – Томар ауылы

Қарға тамырлы қазақ болғандықтан әрқайсымыздың жүрегіміздің түкпірінде туған ауылға деген сағыныштың болатыны анық. Бәлкім сіздерде ондай сезім жоқ та болар. Өз басым ауылда туып-өскендіктен бе, әйтеуір қалаға келгелі қолым қалт еткенде туған еліме тайып отыруға құлшынып тұрамын. Бүгін сіздерге өз ауылым туралы біраз ақпарат беріп өтейін. Неге «Томарлық» деп сұрағандарға беретін жауабым да бар.

Томар ауылы
Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы
Қарқаралы ауданына қарасты елді мекен. Іргетасы 1965 жылы қаланған. Ағымдағы жылдың тамыз айында 50 жылдық мерейтойы тойланғалы отыр. Әуелі Прогрес колхозының орталығы болады. Кеңес үкіметінің дүркіреп тұрған шағында біздің ауыл да біршама дамып, аудан, облыс деңгейінде экономикасы ең дамыған, болашағы зор елді-мекендер қатарына кірген. Барлық ауылдар жекешеленіп, колхоз бен совхоздар таратылып жатқанда «Прогрес» кейіннен «Томар» кеңшары сақталып қалды. Бертінге дейін таратылмай жұмыс істеп тұрды. Бұл ауыл халқының ауызбірлігінің жоғары болғандығының айғағы еді. Алайда нарық өз дегеніне көндірмей қоймады. Ағайын арасына алауыздық еніп, шайтанның азғыруымен бір тұтас «Томар» кеншары бірнеше ұсақ шаруа қожалықтарына ыдырап кетті. Нәтижесінде жеке шыққандардың көбісі жұмыстарын жүргізе алмай, тақырға отырды. Бұл ауылдың әлеуеті үшін үлкен соққы болып тиген еді. Бірақ, аброй болғанда ел есін жиып алды. Қазір, біртіндеп дамып келеді. Ауыл халқының негізгі күн көріс көзі мал өсіру. Егіншілік жақсы дамымаған. Арқаның кең жазығында орналасқандықтан жылқы және қой малдарын ұстауға ыңғайлы. Томар ауылы аудан орталығы болып саналатын Қарқаралы қаласынан 136 км қашықтықта орналасқан. Қарағанды облысының шығыс шекарасында тұр. Егер Томар ауылынан әрі қарай дала жолымен 90 км жүретін болсаңыз Шығыс Қазақстан облысынан бірақ шығасыз.
Ауылда қазір шамамен алғанда 150-200 үй бар. Бұрын селолық округтың орталығы болған еді. Біздің ауылға қосымша үш ауыл (Айғыржал, Тоқылдақ, Ошан) қараған. Қазір ол ауылдардың халқы қалаға қоныс аударып, өлі қала бейнесіне түсіп тұр. Аталмыш елді-мекендерде тек жаз айында ғана тіршілік нышанын байқауға болады. Алты ай қыс қолдағы малын ауыл іргесіне қамап ұстаған ағайын, жаз шығып жер кеңігенде жайлауға сол өңірлерге шығып кетеді. Бұлардан бөлек Томар ауылына 28 мал фермасы қарайды. Таза мал өсірумен шұғылданып жүрген кейбір отбасылар қолдарындағы мал-мүлкімен бірге тау-тастың арасын паналайды. Мұның өзіндік тиімді тұстары бар. Біріншіден ауыл айналасы таза, екіншіден жеке бағылғандықтан малдың күйі де жақсы болады және өсімі де жоғарылайды.

Табиғаты
Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы
Табиғаты ерекше сұлу деп айта алмаймын. Сарыарқаның ұсақ шоқыларының арасындағы жазықта орналасқан. Басқа ауылдардан бір ерекшелігі қыс ерте басталып, кеш аяқталады. Көршілес ауыл Бақты елді-мекенінде қара жер көрініп, жұрт малдарын өріске шығарып жатқанда біздің жақта қалың қардың мұрты да бұзылмай тұра береді. Бірақ, солтүстігімізде сұлулығы Қарқаралы, Кент, Көкшетау сұлулығынан артық болмаса кем түспейтін Темірші тауы орналасқан. Көлігі бар адамға 30 минуттық жер. Жаз айларында сол таудың бөктеріне барып, табиғат аясында демалып қайтуға болады. Темірші тауының тағы бір ерекшелігі жан баспаған мекен болуында. Мәселен, Көкшетау мен Қарқаралыға бара қалсаңыз шашылып жатқан қоқыс атаулыдан және тастағы шимай шатпақтардан көз ашпай қаласыз. Себебі жұрттың бәрі сол өлкеге демалуға барады. Қайтарда қоқыстарын тастап, шашып кетеді. Ал біздің елді-мекендегі тау алыста орналасқандықтан көп ешкім келе бермейді. Сондықтан өзінің табиғи сұлулығын сақтап қалған.

Суреттер сөйлесін

1. Томар ауылының 3000 метр биіктіктен түсірілген суреті. <uСуретті мұқият қарасаңыз, төменгі жағындағы «coogle» деген жазудың жанындағы үйлердің ішінде бір үй сарымен белгіленіп, «Томар» деп жазылып тұр. Мен сол үйде туып, 2011 жылға дейін тұрғанмын. Сабаққа жаяу барып-келу қиямет-қайым еді. Әсіресе қыс айында.

Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы

2. Ауыл көрінісі. Шілде айында

Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы

3. Ауыл көрінісі. Ақпан айы

Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы

4. Жылқы кезек. Қарай айғыр.

Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы

5. Сол бұзау іздеп келе жатқанбыз

Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы

6. 11-жылдық ауыл мектебі. Құрылысы кеңес одағы тұсында басталып, аяқсыз қалған. Тек 2000 жылы қайта қолға алынып, 2002-2003 оқу жылында пайдалануға берілді.

Блог - tomarlik: Менің туған ауылым – Томар ауылы

P/S: Байқағандарыңыздай ауылымның басқа елді-мекендерден анау айтқандай айырмашылықтары жоқ. Бірақ, мен үшін қашан да ыстық. Барлық ғаламдағы ең сұлу, ең көркем жер осы. Ата-бабаларымның сүйегі қалған киелі өңір. Мектепті аяқтап, үлкен қалаға қарай қанат қаққанда туған елімнің мақтанышы боламын. Қайда жүрсем атын шығарамын деп серт берген болатынбыз. Сондықтан лақап атымды «Томарлық» деп қойдым. Білмегендер біле жүрсін дегенімғой. )))
Бөлісу:

4 пікір

KerimAyankyzy
Мм) Қарқаралынікі болсам да біраз жерлерді білмеймін) Суреттерің арқылы таныс болдым)
MERmukhanov
бұзау іздеп келе жатқанбыз
балалығым Ойылда бұзау іздеумен өтті япты(((( :)))))))
merekeee
«Ник» дегенді лақап ат деп аударған ба?
Аядай ғана, адам аз, бәрі бір-бірін танитын шығар. Мен мұндай жерде өмір сүруге қорқам. Азшылықта дегенім ғой. Өз ауылымда көөп адам тұрамыз :)
tomarlik
Иа бәрі бірін-бірі таниды, ол аз десеңіз барлығы айналып келгенде бір атаның балалары, ағайын ел....)))