Кім білген?

Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Осыдан біраз уақыт бұрын Эльвира Ерғалинаның интернетті шулатқан біраз суреттерін көріп «Не болып қалды?», «Не болды?», «Бұл не?» деп біразыңыз басыңызды ауыртқан едіңіздер… Кейінінен оның Эльвираның жаңа жұмыс орны, яғни «Жетінші арнадан» басталғалы жатқан «Кім білген?» жобасынан үзінділер екенін біліп, «Кім білгенді» күткенімізде өтірік емес.
Жарты жылға жуық уақыт көрермендерді түрлі салалар бойынша ақпараттандырып, таңқалдырған бағдарлама әне-міне дегенше алдағы аптаның ішінде аяқталғалы жатыр. Осы жұма «Кім білген?» бағдарламасының жүргізушісі Нуриддин Бидосовпен кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді. Әңгімелесу барысында Нуриддиннен «Кім білгеннің» қалай дүниеге келгендігі туралы, «Кім білгенді» кімдер жасайтындығы және әрі қаратай жалғасы түсіріледі ме деген сынды сұрақтардың астына алған едім…
Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Мен саясаттанушы болғым келмейді!

Суреттер сөйлейді: Кім білген?Мен журналистикаға келемін деп ойлаған емеспін. Бір күні үйде теледидар көріп жатсам «Облыстық телеарнаға жүргізуші қажет» (Шымкент облысы – авт.) деген хабарландыруды көріп телеарнаға кастинге бардым. Барсам 50 шақты адам жүр. Біреуі өлең, біреуі мәтін жазып келген, қызу дайындық үстінде. Мен олай келу керек екенін білмеймін… Сол жерде сөреде жатқан газетті алдым да менің кезегім келгенде хабарландыруларды оқыдым. Соны оқып, әйтеуір телевидениеге өтіп кеттім. Бірақ 3 күн тәжірибеден өткеннен кейін мені шығарып жіберді. Кастингтен екі жігіт өткен едік. Менімен бірге өткен жігіт бұрын радиода істеген еңбек өтілі бар жігіт екен соны жұмысқа алды. 3 айдан кейін ол аяқ астынан жұмыстан шығып кетіп, мені қайта шақырды. Сөйтіп телевизияның қызып жатқан қазанына түсіп кеттік…

Өмірімде тележүргізуші боламын деп ойламағаннан кейін басында өте қиын болды. Жұмыс істемей-ақ қоямын бааа деген ойлар жиі келіп жүрді. Сонда әке-шешем «Жақсы жұмыс қой істей бер, оның үстіне ұлымыздың бүкіл облысқа жаңалық оқығаны бізге де абырой» деп өз оймынан айнығанмын. Бүгінгі күні осы салада жүргеніме 15 жылдай болды. Өзімнің негізгі мамандығым саясаттанушы. Өз мамандығым бойынша жұмыс істеп көрген емеспін. Шынымды айтсам істегім де келмейді (күлді-авт.).

«Аян. Дала аңыздарының» жаңа маусымы болмайтын болғаннан соң сол ұжымыммен «Кім білгенді» алдым.

Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Мен 10 жылдан аса уақыт тек жаңалықтарды жүргізген адаммын. Бұрындары да «Аян. Дала аңыздары», «Кім білген?» деген сынды жеке жобаларды жүргізуге ұсыныстар болған, бірақ ол уақыттары келіспеген едім. Былтыр Әлия Баймұхамедованың ұсынысымен «Аян. Дала аңыздары» жобасын бастадым, содан кейінгі екінші жобам осы «Кім білген?» болды.
«Кім білген?» жобасын да жүргізуді ұсынған Әлия Баймұхамедова еді. «Аян. Дала аңыздарының» кезекті маусымы аяқталғаннан кейін, сол кезде әрі қаратай жалғасы болмайтының білгенде осы ұжыммен «Кім білгенді» алайық деп шештім.

Суреттер сөйлейді: Кім білген?
«Кім білген?» ерекше бағдарлама.
Кез-келген арнада арнайы репортаждар болады. Бірақ «Кім білгенді» ерекше деп айтуға толық құқым бар. Өйткені біз кез-келген тақырыпты көрерменнің көңілінен шықсын деп оқиғаны арасында ойнатып, кейде күлдіріп, кейде жылатып жеткізіп жатамыз. Ондағы ойымыз көрермен біздің хабарды көрген кезде камераның арғы жағында оператор емес өздері болып, оқиғаны көріп, мәтінін жазған журналист емес өздері сонда тұрғандай сезінсін деген ой болды. Одан кейін кез-келген тақырыпты ол ауыр тақырып болсын, жеңіл тақырып болсын адамды терең ойландырып жіберетін емес, кез-келген дүниені жеңіл қабылдап, тез қорытып, ішінен өзіне қажеттісін сіңіріп алсын деген ой болды. Соның арқасында болар басшылар біздің ұжымның жұмысын жоғары бағалап, «Кім білгеннің» екінші маусымына тапсырыс беріп отыр. Құдай қаласа келесі жылы жаңа 31 серия түсіргелі жатырмыз. Осы жерде көрермендерімізге өздерін қызықтыратын тақырыптар болса бізге телефон, электоронды почта, хат арқылы хабарласып жатса, біз оны түсіруге өте қуанышты болатындығымызды айта кеткім келеді. Сонымен қатар, келер жылы көптеген көрермендеріміздің сұрауы бойынша «Аян. Дала аңыздарының» үшінші маусымын түсіру ойымызда бар. Әзірше ол қалай болады, қайда түсіріледі белгісіз. Тағы да көрермендерімізге осы «Аян. Дала аңыздарының» үшінші маусымын қандай етіп көргілері келетіндігін хабарласып, өз ұсыныстарын айтса деген тілегіміз бар екендігін айта кеткім келіп отыр.

Біздің ұжымда 14-ақ адам бар.
Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Біздің ұжым үлкен емес. Небәрі 14 адам «Аян. Дала аңыздарын», «Кім білген?», «Выход есть» деген жобаларды алып жүрміз.
«Кім білген?» жобасының идея авторы Әлия Баймұхамедова, тақырыптарды ұжым болып отырып талқылап, бекітеміз. Ал сценариін жазатын редакторларымыз Саида Елшібаева, Нұртілек Риянбекқызы, Эльвира Ерғалина болды. Арасында мен де өз тарапымнан айтатын дүниелерім болса толықтырып отырдым.
Кез-келген жұмыста, кез-келген бастамада қиындықтар болады. Бірақ Аяна Койчиманова, Райса Мукуева, Елдар Курманбаев деген продюсерлердің арқасында алдымыздан шыққан барлық қиындықтардан қиналмай шығамыз.

«Кім білгеннің» кейбір бағдарламалары 2-3 ай түсірілді.
Суреттер сөйлейді: Кім білген?
«Кім білген?» небәрі 30 минуттай ғана болса да үлкен еңбекті талап ететін жоба. Кейде бір хабарды түсіру барысында бір апта толықтай кетіп қалады. Менің стэндаптарымның өзін жазу кейде екі күнге шейін созылса, сценариді жазып, оны келістіруге 2-3 күн кетеді. Оның ішінде түсірілім өтетін алаңдарға рұқсат алу, реквизиттерді дайындау бәрі-бәрі уақыт алады. Тіпті кейде бағдарламаны ұжымның жұмыста қонып жасайтын кездері де болады… Кейбір серияларын түсіруге 2-3 ай кетті. Яғни бір оқиғаны түсіреміз деп бастаймыз да, оның басын түсіріп қоямыз ал соңы бірнеше айдан кейін болатын оқиғамен байланысады.… Сол сынды ұзақ түсірілген серияларымыздың бірі "Қазақстандық шоу бизнес еді". 30 минут қана болғанымен, «Кім білген?» ол үлкен ұжымның жұмысы екендігін ұмытпау керек!

«Кім білген?» мені бір сатыға өсірді.
Бүгінгі күні біздің өміріміздегі ең басты дүниелердің бірі ақпарат қой. Ақпарат деген жан-жақтылық. «Аян. Дала аңыздары», «Кім білген?» жобалары арқылы дүниетанымым кеңейді, көп нәрседен ақпарат алдым, көп адамдармен жақын таныстым, журналистикалық бағыт бойынша өстім, жаңа бір сатыға көтерілдім деп айта аламын. Ең бастысы өзіме ұнатын ұжыммен бірге жұмыс істегеннен рахат таптым.
Суреттер сөйлейді: Кім білген?
Келер жылы «Кім білген?», «Аян. Дала аңыздарының» жаңа маусымдары, күнделікті жаңалықтарым бар. Осыларды Алла сәтін салып барлығын уақытылы түсіріп, тапсырып жатсам өзге жобаларға да дайынмын. Тіпті киноға шақырып жатса, кино, телехикаяларға да түсуге қарсы емеспін (күлді – авт.).
Суреттер сөйлейді: Кім білген?

P.S. «Кім білгеннің» 1 маусымының қорытынды, әрі жаңа жылдық бағдарламасы 28 желтоқсан күні сағат 20:30-да «Жетінші арнадан» көрсетіледі. Нуриддиннің және «Кім білген?» жобасының ұжымының айтуы бойынша бұл бағдарлама жаңажылдық ең ерекше бағдарламалардың бірі болмақ :)
Бөлісу:

4 пікір

merekeee
Бүкіл Жетінші арнада сонша-ақ адам болғаны ма?
Бағдарлама ерекше. Тек қана баяндап қоймай, оқиғаның ортасынан сюжеттер жасайды, актерлығы да жоқ емес екен ағаның ). Жалғасы бола берсін деген тілек бар!
rakisheva
Мереке, жоооқ! Жазбаны оқу барысында байқамай кетсеңіз керек. Осы «Кім білген?», «Выход есть» және «Аян. Дала аңыздары» жобаларын алып жүрген осы 14 адамнан тұратын ұжым. Қалған бағдарламалар өз алдына бір бөлек әңгіме :)