Өкіндіріп өтпесін өмір жалған

Әкежанның арманы
Әкежан 12 жаста. Арманшыл бала. Өскенде сәулетші боламын дейді. Біз палатаға келгенде жатырқамады. Кішкентай балаларды жинап алып, асыр-салып ойнап жүр. Бірін пират етті, енді біріне «полиция боласың» деп қару-жарағын тапсырды. Бір-бірін қуып мәз. Ойында қорқыныш та, үрей де жоқ. Енді 5 күннен соң оң қолы дәл білегіне дейін кесілетінін білмейді…
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Анасы Бибігүл Семей қаласының Георгиевка ауылынан. Жасы 38-де. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығындағы балалардың онкологиялық ауруларын емдейтін бөлімшеде жатқанына 6 айдан асыпты. Әкежанның бұл аурумен ауыратынын мүлдем білмеген. Жазда Әкежан құлап қалып, қолын ауыртып алған. Еті ауырып қалған деп назар аудармапты. Бірде балалардың бірімен жұдырықтасқанда алақаны ісіп кетті. Дәрігерлерге қаратқанда, олар физиоемдеуге жолдаған екен. Сәулемен әсер еткен соң алақаны тіптен үлкейе түсті. Тек содан соң дәрігерлер бұл остеогенді саркома екенін анықтаған. Химиятерапияның 4 процедурасы да оң әсерін бермепті. Енді тез арада қолын кеспесе, денеге тарап кетуі мүмкін.
Қазір Әкежанды ота алдында психологиялық дайындау үшін Бибігүл психотерапевт шақыртты. Оның әр сеансы 7 мың. Әрине, бөлімшеде бір психолог бар. Бірақ ол бөлімшедегі отыз баланың қайсысына үлгерсін.
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
— Мұнда тек балаларға ғана емес, олардың аналарына да психолог керек, — дейді Бибігүл көмейіне келген өксігін басып. Анасы ұлына қолыңды кессе қайтер едің дегенде, оған баласы үзілді-кесілді қарсы болып, қолымды ешкімге кескізбеймін деген еді.
Әкежан психотерапевтке бар сырын ақтарады. Армандарын айтады. Суреттерін көрсетеді.
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Бұл Әкежанның салған арман үйі
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Бір сөзінде егер саусақтары қозғалатын протез салса, қолымды кестіруге көнер едім депті. Бірақ ондай протезге қаражат қайдан болсын. Баласының бұл дертке шалдыққанын естігенде Бибігүл жұмысты тастап, Астанаға тартқан. Әкесімен ажырасып кеткен. Ол осында анда-санда келіп тұрады. Бірақ одан әріге қауқары жоқ. Бұл бөлімшеде жатқан балалардың көбісіне квота бөлінген. Бірақ квота тек баланың жатқан орнын, емін және тамағын өтейді. Ал баламен жатқан ата-анасы орнына да, тамағына да қаражатты өзі төлейді. Палатадағы бос төсекті нұсқап, «мұнда ауқатты отбасының 4 жасар баласы жатады. Астана тұрғындары. Баласына күтуші жалдап жатқызады. Күтушісіне дәмділеп ас-сауқат беріп жібереді екен. Ол болса, кейде бізбен бөліседі. Оны да құдайдың бізге жолдаған қамқоры деп түсінемін» дейді. Химиятерапиядан кейін балалардың тәбеті мүлдем нашарлайды екен. Алты ай бойы аурухананың нәрсіз тамағынан әбден шыққан балалар тамақты татып алмайды. Аңсары үйдің тамағына ауады да тұрады. Көршісінің иісі аңқыған, үйден жасалған тамағына қарағыштай беретіні де содан болар.
Алты ай бойы баласының жанын бағып, тілеуін тілеп отырған Бибігүл кез-келген көмекке риза.
Назымның өмірге назы бар
Осыдан бір жыл бұрын әлеуметтік желіде Гүлнұр Мәмежанованың онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсету қажеттігі туралы постын оқығам. Шама-шарқымызша кітап жинап берген болдық. Гүлнұр болса, бос уақытын волтонтерлікке арнайды. Бірде балалардың бірінен арманы туралы сұрағанда, «Қайрат Нұртасты көруді армандайтынын» айтқан екен. Телеарнада істегендіктен Гүлнұр бұл арманын да орындады. Бұл ретте Қайрат Нұртасқа адами алғысымды білдіргім келеді. Ал, осы жолы Гүлнұр Назымға қыстық киім қажет екенін айтты. Сыйлығымызды алып Назымға келдік. Табиғатынан ұяң қыз, біз келгенде де ашылып сөйлемеді. Мұңды жүзін бұра берді. Анасы осы бөлімшедегі барлық кітаптарды түгел оқып шығып, енді тоқуды ермек етіп жүргенін айтты. Назым 16-ға толса да, ауру тек құр сүлдерін қалдырыпты. Мен білмесем, 12-13 жаста деп ойлар едім. Әкежан сияқты, Назымға да бұл ауру сүйектен келген, диагонзы: остеогенді саркома. Әкежан сияқты Назым да Семейден. Бұл орталықта жатқанына жеті айдан асты. Жазда ауруы асқынып, жүруден қалған еді. Химиятерапия оң әсерін берген сияқты. Қазір анасының көмегімен бір-екі қадам жасайды. Әйтсе де, Назым мойымайды. Өмір үшін күресін бір сәт те тоқтатпайды. Бос уақытында тоқумен айналысады. Ауылдағы сіңілісіне әдемі жейде тоқып қойыпты. Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Тіпті бөлмесіндегі 1 жастан асқан Абайға да шұлық пен бас киім тоқып берген.
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған

Ал Абай бір жастан енді асты. Біз келгенде пысылдап ұйықтап жатыр екен. Анасы Әйгерім сәбиінің ұйқысын күзетіп отыр. Оның көзінен мейірімді, жанкештілікті, үрей мен аянышты байқадым. Әйгерімнің, айтуынша алты айға дейін сәбиінің қатерлі ауруға шалдыққанынан бейхабар болған. Тек алты айында Абайдың бүйірінде түйін сезіле бастады. Біртіндеп өсе берді, өсе берді. Осылайша онкологиялы балаларды емдеу бөлімінен бір-ақ шықты. Ота жасалып, бір бүйрегі алып тасталды. Қазір химиялық терапияны қабылдауда. Әйгерім іштегі шер-мұңын өлең жазып шығарады. Бірақ түбі осы аурудың жеңетініне сенімі мол. Ішкі шерін де, үмітін де кейде ақ қағазға ақтарады:
Кішкентаймын, ауырып құлай бердім,
Мазалап анашымды жылай бердім
Әлсізденіп бойыма күш жия алмай,
Тұрамын ба? деп анамнан сұрай бердім

Құлыным деп аймалап анам сүйіп
Мен үшін суға түсіп, отқа күйіп
Пенде жоқ ауырмайтын балапаным,
Күресейік аурумен күшті жиып.
***
Жаным, қалқам, өмірдегі жанашырым,
Асылым, көзімдегі қарашығым.
Басыма бақыт болып қонғаныңды
Сезіндім махабатты бар асылым.
Сезіндім, сезе білдім махабатты,
Тіледім жүректерге шапағатты.
Қиналып, қапа болып, азап шегу
Өшірмесін жүректегі парасатты.


Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Бұл бөлімше пациенттерінің көбі Семей өңірінен екен. Ең кішісі бір жасқа да толмаған.
1949-1989 жыл аралығында Семей полигонында 473 ядролық жарылыс, 175 химиялық жарылыс жасалған. Соңғы ядролық сынаққа 25 жыл өтсе де, дүниеге кемтар сәбилер келуде, сау болып туылған балалар айықпас дертке ұшырауда.
Дәлізде химия терапиясынан шашы түскен, аурудан құр сүлдері қалған балаларды көргенде осы полигонға, оны жасаған адамдарға қарғыс жаудырудан басқа амал таппадым.
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Кезекші дәрігерлер қайта қайта мазасызданып, ескерту жасай бастаған соң, достарымызбен қоштаса бастадық. Менің ойымнан Әкежан кетпейді. Анасынан Әкежанды қалай қуантсам болады, өзі нені қалайды дегеп сұрадым.
Маматай, маған ролик әперші. Осы жерде тып-тыныш тебемін. Басқа ешнәрсе сұрамаймын, — деп қиылған екен өзі. Ал, Бибігүл болса:
Ролик кемінде 6 мың теңге тұрады. Оған ақша қайда. Әкежанның бүйрегі бұрыннан ауыратын еді. Қазір химиялық емдеуден кейін мүлдем нашарлады. Аяғы да содан бола терлей береді. Егер мүмкіндік болса, табаны шимен тоқылған үйде киетін сүйретпе болса, жақсы болар еді, — деді.
Кетіп бара жатып, өзіме кешікпей қайтып келемін деп уәде берумен болдым. Балалардың жәудіреген жанарлары, аналарының мұңға толған жүздері көз алдымнан кетпейді.
Керек тілші: Өкіндіріп өтпесін өмір жалған
Сіздің ойыңызша қоғам деген не? Қоғам – бұл биік мінбердерден айтылатын жалынды ұрандар, сарабдал саясат, жыл сайын ел алдында берілетін есеп, аудиториясы белгісіз ауқымды бағдарлама ма? Меніңше, қоғам «адамның күні адаммен» принципі бойынша бір біріне мейіріммен қарайтын, бір-біріне жанашырлық жасауға қабілетті адамдардан құралған топ. Егер келіссеңіз, жаныңызда сіздің көмегіңізге зәру жандар бар. Соларға назар аударыңыз.
Бөлісу:

13 пікір

Daniar-Alan
Сұмдық пост… екі мағынада да…
10 балл!
zholantai
«мурашки по коже» дейтін бе ед мұндайда,
жаны бар тірі пост үшін рахмет, Basic
ademi_alem
((((((((((( Құдайым-ай!.. (((((((((((((( Осыған ұқсас бір жағдай есіме түсіп отыр. Өскеменнен Зайсанға көшерде жазған мақалам еді… Тарбағатай ауылында тұратын жалғыз басты ананың қызы Таңшолпан лейкемия дертіне шалдыққан. Қызы үшін қалған үш баласын жетектеп Өскеменге келіп, пәтер жалдар тұрып жатыр. Астанадағы Ана мен бала ғылыми орталығында болған кездерін еске алып айтып бергенде денем түршікті. Қан құю барысында гепатит с жұқтырып, ауру үстіне ауру жамап алған. Он үш жасар қызының шашын тақырлап алдыру керек болғанда оның шыр-пыры шығып жылаған екен. Сосын анасы ең алдымен өз шашын тақырлап тастап "Қызым, мен сенің өмір сүруің үшін бәрін істеуге дайынмын. Ақылымды тыңдап, шашыңды алуға рұқсат ет" деп жылаған екен. Қазір Таңшолпанның беті бері қараған, бірақ… Қысқасы, ұзақ, әрі ауыр әңгіме… (((((((((((((((((( БІРЕУЛЕР КИГЕН КИІМІ МЕН ІШКЕН АСЫНА РАЗЫ ЕМЕС, АЛ БІРЕУЛЕР ҮШІН ӘРБІР СӘТ САЙЫН КЕЛЕСІ СӘТТІ КӨРУ-КӨРМЕУДІҢ ӨЗІ СҰРАҚ БЕЛГІ…
MamaAya
Алла өзі шипасын берсін балаларға! Аналарының тілеуін берсін!(((( қиын
yerlanospan
8 ұпай.
Соңғы ой түюіңіз ұнады. Баяндауда жүйелілік жоқ, мәліметті «оптом алып», «оптом» салғансыз. Жазбагердің осындайда ештеңені ұмыт қалдырмай, барлығын жеткізуге тырысатынын түсінемін, бірақ жүйелілік бәрібір керек.
asaubota
Мықты пост! тек сәл шашыраңқы

9
Basic
asaubota, ережелерді қарап ештеңе таба алмадым, егер осы посттың геройына көмек жинау мақсатында контактілерін жариялауға бола ма?
asaubota
әрине болады, солай толықтырып қойсаң дұрыс болады, Basic
Gastarbaiter
Қоғам – бұл биік мінбердерден айтылатын жалынды ұрандар, сарабдал саясат, жыл сайын ел алдында берілетін есеп, аудиториясы белгісіз ауқымды бағдарлама ма? Меніңше, қоғам «адамның күні адаммен» принципі бойынша бір біріне мейіріммен қарайтын, бір-біріне жанашырлық жасауға қабілетті адамдардан құралған топ.

+150000
Basic
Постта жазғанымдай, Әкежанның мамасы Бибігүл жалғыз баласы үшін жұмысты тастап, қазір ауруханада бірге жатыр. Мұндай балаларға мүгедектігі бойынша жәрдем 4 химиятерапиядан соң беріледі. Содан соң сансыз кабинеттерге жүгіріп, қол жинап, дәлелдеуі қажет. Ал Әкежан 4-химиятерапияны жақында алған, содан бері ауруханадан шыққан жоқ. Кетерімізде Бибігүл айтып еді, «біз ешбір көмектен бас тартпаймыз, тіпті киілген киім болса да, мұрнымызды шүйірмейміз» деп. Өткенде бір Жасұлан деген волонтер өзінің IPod-ын апарып берген екен. Егер қолдарыңыздан келсе, Бибігүлмен хабарласып, көмек көрсетуіңізге болады. телефоны: 87784123050
Бұл бөлімшедегі көмекке мұқтаж тек осы жанұя ғана емес. Неге екені белгісіз, осындай қиындықтар туындағанда әкелері шыдамай кетіп қалып, аналары жалғыз қалады екен…
bake
Бір жыл бұрын жазылған посты енді ғана оқыдым. «Баланы оңынан берсің» деп оң жамбасқа жатып тілесеңде, іштің түпкірінде болашағына үрей, қорқынышты қуып таң атқанша ұйықтаймайсың.