Қауіпсіз пост

Он жыл абақтыда отырып келгіңіз келеді ме? Мен оңай жолын ұсына аламын. Жоқ, қарулы ұрлық жасап, қыз зорлап, адам өлтірудің қажеті жоқ (ол үшін бес жыл алып, амнистиямен босап шығуға болады). Бар болғаны өзіңіз ара-тұра (мүмкін, үнемі) онсыз да жасап жүрген істі мемлекеттік деңгейге жеткізу керек. Ойланып көріңізші – мемлекеттік деңгейдегі қылмыс. Есіміңіз Әбілязов, Әлиев, Рысқалиевтердің қатарында аталады. Ал сіздің әрекетіңізден келген шығын тіпті орасан болуы мүмкін.

Блог - Marco: Қауіпсіз пост
«Ойпырм-ай, бұл не болды», — деп таңырқап отырсыз ба? Бұл кәдімгі өсек (айттым ғой, ара-тұра өзіңіз де аттың басын жіберіп қойып жүген шығарсыз деп). Тек, өзіміз үйренген салыстырмалы түрдегі бейкүнә пыш-пыш (айталық, Алдекеңнің аяғы 45 екен, деген сықылды) емес, неғұрлым көп адамға, тіпті мемлекетке кесірін тигізетін атомдық күшке ие қауесет туралы айтып отырмын.
_______________________________________________________________________________________________________
Заң бойынша, азаматтардың, ұйымдардың, мемлекеттің мүддесіне қайшы, қоғамдық тәртіпті бұзатын көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқан адам он жылға дейін абақтыға қамалуы мүмкін. Дегенмен, бұл қылмысты ауырлататын қосымша факторлар болған жағдайда ғана қолданылатын жаза. Ал ауырлататын қосымша фактор дегеніміз, төтенше жағдайлар немесе адам көп қатысатын шаралар кезінде ұйымдасқан топпен әдейі байланыста болу. Бұл дәлелденбесе кінәлі 1000 айлық есептік көрсеткіш айыппұл төлейді.

Блог - Marco: Қауіпсіз постҚылмыстық кодекске енгізілген өзгерістердің (242-1 бап) мақсаты айқын – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Өсек-аяңмен күрестің күшейтілуіне себеп болған жайт есіңізде шығар. Телефоныңдағы «Банктегі бар ақшаңды қайтып ал» деген хабарламаны көріп, тұра жүгіре жаздаған да боларсыз (ну, енді, ақшаңыз болса, әрине). Сіз сабыр сақтағанмен, дегбірі қашып, дедектей жөнелгендер көп болды. Ақыры, басқа емес, Ұлттық банктің төрағасы сөз алып, ақпараттың жалған екенін дәлелдеуге тырысты. Бірақ, халық Келімбетовке екібастан сенген жоқ (ол туралы сәлден соң...).
_______________________________________________________________________________________________________
Дегенмен, заңның шикі тұстары да жетерлік (бәсе). Мысалға Қазақстан Республикасында қоғамдық тәртіп деген ұғымның құқықтық бекітілген анықтамасы жоқ. Демек, өсекшінің қоғамдық тәртіпті бұзған, бұзбағанын анықтаудың өзі проблема. Осыдан кейін ақпараттық қауіпсіздікке нұқсан келтірген адамды соттап көріңіз.

Блог - Marco: Қауіпсіз пост
Иә, келісемін. Қоғамның берекесін қашыратын алып-қашпа әңгіме мемлекеттің әл-ауқатына әсер етеді. Бірақ, өсек-аяң қайдан туады және ең бастысы неге халық оған сенеді деген сұрақ ел басқарушылардың ойына кіріп-шықпайтын сияқты. Девальвация болмайды деп жұртты алдап соққан бас банкирге кім сенсін енді (қарап тұрсақ, бұл пенде де көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқан екен-ау)?!
_______________________________________________________________________________________________________
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықты дұрыс ақпараттандыра білу керек. Бірақ, біз керісінше көрініске куә болып отырмыз. Қазір Үкімет отырыстары журналистердің қатысуынсыз өтеді. Кейін министрлер брифинг береді. Ал, елдің ығайы мен сығайы жиналған жерде қандай әңгіме болғаны халықтың назарынан тыс қалып тұр. Мұны жаман дей алмаймын. Өйткені, Үкіметтегі сырдың бәрі жалпақ жұртқа жария болғаны (қазіргідей дағдарыс кезінде тіпті де) камильфо емес.

Блог - Marco: Қауіпсіз постАқпараттық қауіпсіздік тұрғысында сыртқы күштердің ықпалынан бұрын іштегі біліксіздік қорқынышты. Ел өміріндегі ең ірі дүрбелеңдерді еске алып өтейік. Арқанкерген оқиғасында билік нақты тұжырымын айтып болмай түрлі қауесеттің тарауына өздері себеп болды. Зейнетақы реформасын жүргіземіз деп, ойлағанын пісіріп алмай жұртты алдамақ болды (осырамыз деп тышып қойғандарын мойындағанда, біздің қазақ «е, бопты» деп отыра берер еді). Ал, Жаңаөзен трагедиясында айлар бойы ереуілдеткен халықты орталық арналардан көрсетуге тиым салып, жараның бітеу күйі пісуіне себепкер болды. Енді келіп, өсек айтқандармен күреспек ниетте.
_______________________________________________________________________________________________________
Негізі, біздің елде осыдан үш жыл бұрын қабылданған «2016 жылға дейінгі ақпараттық қауіпсіздік тұжырымдамасы» деген құжат бар. Ондағы бағыттардың бірі Қазақстанның ақпараттық кеңістігін қорғау. Алайда, біздің министрліктер қорғаныстың басқаша әдісін таңдап алған. Мәселен, мемлекеттік арналардағы жаңалықтар жүргізушілерінің әрбір қатесін (деректік қате былай тұрсын, тұтығып қалғанын, түшкіріп-жөтелгенін) санап отыратын арнайы маман барын білетін бе едіңіз? Енді біліп жүріңіз: бар ондай адам.

Посттың басында он жыл туралы айттым ғой (есіңізде ме?). Ол туралы ешкімге айтпаңыз. Әйтпесе Маралбек жұртты жаппай жалған ақпарат таратуға шақырды деп, өзімді соттап жіберіп жүрер (құрысын, ақпаратыңның қауіпсіз болғанына не жетісін).
Бөлісу:

3 пікір

patick
Жағдай қызық болып тұр ғой өзі: мемлекет ресми ақпарат таратуға асықпайды, ал біреу «пыст» етсе мілисасымен жетіп келеді
asaubota
ақпараттық қауіпсіздік түк жасалып жатқан жоқ. сайт жауып тастау, зорлықпен комент жазғызу, әлжелілерді бақылау… міне осыларды өздерінше ақпараттық қауіпсіздік шараларын жасап жатырмыз деп ойлайды :(
nb22
(айталық, Алдекеңнің аяғы 45 екен, деген сықылды) емес,
пха-ха-ха! алдыңғы жыныстық сауаттылық тақырыбы жымын білдірмей, мында да жалғасыпты (бұл жерде смайл бар деп елестетіңіз). Сосын, не ғой, сөйлем арасындағы жақшамен берілген түсініктерді азайтыпсың, бро! (тағы да смайл))))))))))) )