"Қазақтелекоммен" өткен үш күн: Кереку
Астанадан қазақтілді блогшылардан Көкбөрі екеуміз баратын болдық. Мен 10 шақты рет блогтурларға шыққам, Көкбөрі бірінші рет :) Содан қобалжыған ба, әлде басқа да себептері бар ма түні бойы ұйықтамапты ол сабазың :)
Таңғы 7.10-да ұшқан ұшақ 8.30-дарда барып қонды. Қалған блогшылармен сол жерде таныстық. Аттарын сырттарынан ғана естігеніміз болмаса, жүзбе-жүз бірінші рет көрдік.
9-дар шамасында «Чайка» деген қонақүйге жайғастырды. Мұны көрген Көкбөрі «чайкуеемм» деп ыңылдап қойды. Ішімнен мырс еттім әлбетте :) Бірінші рет келіп тұр ғой. Мұның өзі үлкен жұмыс екенін қайдан білсін сабазың :)
Кереку
11.30-дарда шығамыз деген соң, қаланы сәл де болса көріп шығайық деген оймен көшеге шықтық. Астанаға қарағанда салқындау. Жаңбыр тамшылап тұрды. Біз аралап үлгерген жерлер қала шеті ғана болды. Көшелерінің бәрі орысша жазылған. Бірақ, 2-3 адамнан жөн сұрағанда қазақша жауап алдық. Қас қылғандай сол күндері музейлердің ешқайсысы істемейді екен. 2 музейді тек сыртынан суретке түсіріп кеттік. Қала адамы аз, кептелісі жоқ тыныш қала болып көрінді. Көп аралай алған жоқпыз…
Деректер өңдеу орталығы
«Святая из святых» дейтін ба еді орыстар? :) ТМД-дағы ең үлкен деректер өңдеу орталығы Керекуде 2012 жылы ашылыпты. TIER III стандарты бойынша соғылған нысанда профилактикалық жұмыстарды нысан жұмысын тоқтатпай ақ істей беруге болады. Нысан 2,5 м қабырғамен, тікенек сымдармен қоршалған. Күзеті мықты. Қызметкерлер тек арнайы рұқсатпен ғана белгілі бөлмелерге кіре алады. Тек техникалық қызметкерлер мен программашыларға ғана барлық бөлмеге кіруге рұқсат етілген. Режимдік нысан болғандықтан іште суретке түсіруге рұқсат етілмейді."Қазақтелекомның" республика бойынша осындай 16 дата орталығы бар екен. Ең үлкені және ауқымдысы осы Керекуде орналасқан.
«Ромат»
… бұл Қазақстандағы туберкулезге қарсы дәрі шығаратын фармацевтикалық компания аты :) Дəрі бүкіл Қазақстандағы туберкулезге қарсы ауруханаларды қамтамасыз етіп отыр. Дəрі — ПИРЭФ-4 деп аталады. Зертханаға халат, маска киіп… тіпті гаджеттерімізді стерильдеп кіргізді. Компанияда тек бұл дəрі емес, бəріміз күнделікті қолданатын аспирин, ацетилин қышқылы секілді дəрілер де жасалады екен. Айтпақшы, осы жерден 60,100 градустық таза спирттерді көрдім ;)Филиалда 1500 қызметкер жұмыс істейді. 408 ауылдың 405-і телефонмен қамтамасыз етіліп, 372 ауылға интернет кабельдері барып тұр. Қалада оптикалық желімен 676 көпқабатты үй, 923 жеке үйлер, 58 заңды тұлға мен 75 оқу орталықтары қамтылған. Жыл соңына дейін Кереку, Екібастұз және Ақсу қалаларында FTTH желілері іске қосылады. Бұл дегеніміз — аталған үш қаладағы адамдар көп шоғырланатын жерлерде 37 wifi нүктесі болады деген сөз.
Қарағандыда болған кезімде де осындай id-орталықтар көргенмін. Әр қалада бар секілді ;) Бұл орталықта "Қазақтелекомның" барлық қызметтерін «көзбен көріп, қолмен ұстап» көруге болады. Пайдалануыңыз ықтимал қызметіңіздің жылдамдығын тексересіз. Бірнәрсе түсініксіз болса, үнемі жымиып жүретін менеджерлер бәрін түсіндіріп береді.
Негізгі офиста қаптап жатқан кабинеттерден бөлек, тек id-орталық қана емес, қазақ тілі кабинеті де ұнады. Шатаспасам, әр сәрсенбі, жұма күндері қазақ тілі күні. Яғни осы күндері арнайы жасақталған қазақ тілі кабинетінде оқулар жүргізіледі.
Ал ол қызметкерлерге не үшін керек?! Хехе, ең қызығы осында. Жыл сайын қызметкерлер тест тапсырып отырады. Тіл білімі белгілі бір балмен өлшенеді. Жетпейді ма? Фью :) Маған ұнағаны, қазақ тілін жалпы емес, топтарға бөліп оқытатындығы болды. Яғни, орыс немесе басқа ұлт өкілдеріне бөлек, орыстілді қазақтарға (яғни түсінетін, бірақ сөйлей алмайтындар) бөлек оқытады.
Керекуде көргеніміз осы болды :) Кешкі 7-8 дер шамасында бөлмемізге оралдық. Ал ертеңіне… ертеңіне 5.30-да ұйқыдан тұрып, Семейге бару керек еді :)
6 пікір