ҮЗДІК 10 "ЖЕГЕН ЖӘРДЕМ". Өліп болмайтын өтірік амалдар хит-парады
— Олар не істеуші еді маған? Көп болса укол салар… Әйтпесе, алып кетер...
«Тамақтан ұшындым» деп қысылып жатқан құрбымнан неге жедел жәрдемге хабарласпағанын сұрағанымда алған жауабымның сиқы осы еді.
Рас, еліміздің науқастарға жедел көмек көрсету жылдамдығы мен сапасы кейде сан соқтырып, бармағыңды шайнатады. Оған жақсылы-жаман сан себептер бар. Дегенмен, жеке өз жауапкершілігіміз қайда?!
Айталық, ол жай улану емес — «сальмонеллез» не бір вирустық жұқпалы ауру болса ше?! Алып кетсе, дәрігерлер аурудың себебін анықтауға тырысып, жазылғанша оқшаулар ма еді?!
Бірақ, жо-о-оқ. Біз дәрігерге сенбейміз. Одан да жағдайды әбден асқындырып, алтын уақытты өлтіріп, бәрібір сол «жәмән» дәрігердің алдына барғанды артық көреміз…
Ал оған дейін не істейміз?
Оған дейін әр жерден естіп, санамызға сіңірген тұрмыстық ем-дом түрлеріне жүгінеміз. Одан қалса, кейбіреулер отырып алып, әлеуметтік желідегі достарынан ақыл-кеңес сұрап отырады. Әрине, ондай кезде әрбір «шәкәрімтанушы» табан астында медицина ғылымының докторы боп кетеді. Ал біздің оған сеніміміздің күші соншалық, кейде қарапайым қисын мен физика заңдылықтарға сүйенуді ұмытып кетеміз.
Ақтөбе облыстық жедел дәрігерлік көмек көрсету ауруханасының оташысы — Арыстан Базарбаев бұндай негізсіз әрекеттер кейде әрі-қарайғы медициналық көмекті қиындатып, кейінгі емге кері әсерін тигізетінін айтады. «Маса сойса да, қасап сойсын» деген әжем қазақ, олай болса, қадірлі оқырман, ағамның эксперттік қолдауымен, ХХІ ғасырда еш ғылыми негізі қалмаса да, әлі күнге өлігін сүйреп жүрген өтірік амалдардың «дамбалын сыпырып», әшкерелеуге рұқсат етіңіз.
Аса мәртебелі ғұлама — Әбу-Әлидің тегімен жаңсақ пікірлерді жазалау науқанын ашық деп жариялаймын!
Ибн-Сина!
10-орын. Тамақтан ұшынғанда немесе ауызға ұшық шыққанда, «жер ұшық беру» рәсімі көмектеседі.
Бұл ырым әлде ғұрып шамамен былай суреттеледі: «күн қызара батқанда, тура һәм ауыспалы мағынасында науқас адам күнге қарсы тұрып, сәлем беріп, жерге екі-үш рет жығылып, үйге келіп жылы оранып жатады», кхм-кхм, «кейде басынан асырып күріш, тары, тұз лақтырады»… Тұра тұрыңдаршы, өзім күліп алайын. Ә-хә-хә-хә!
Ұятты болсақ та, мойындауға тура келеді — жұрт тін жасушаларын клондау үшін шіркеулермен қырықпышақ болған заманда, осындай ырымдарға иланатын ақкөңіл адамдар әлі де көп.
Ұшық, яғни герпес суық тию арқылы емес, вирус әрекеті нәтижесінде пайда болады.Тері-венерология дәрігеріне көрінуге намыстанатын адамға бұндай ырымшылдық әдемі сылтаудай көрінер. Алайда, бүйткен экзотикалық «емдеу» тәсілінен науқас бірнеше күннен соң езуін жия алмай қалуы мүмкін. Тура һәм ауыспалы мағынасында.
9-орын. Үстіне ыстық қасық басу арқылы теріскенді емдеуге болады.
«Теріскенге тілағыңды көрсет» дегені де бар. Бірақ оны «науқастың көңілін көтеруге ғана арналған ырым» деп қоспадым. Әйтсе де, ыстық қасықпен теріскенді емдеу туралы аңызды атап өтпесе болмайды. Шын мәнінде, ыстық қасық тек теріскендегі қабыну барысын үдете түседі. Жара онсыз да пісіп, жарылады, ал ыстық қасық оның жылдам қабынып, тезірек жарылуына себеп болуы мүмкін. Бірақ, артық температура тап солай микробтың одан бетер тарауына көмек береді.
Сондай-ақ, ұрып алған, соғып алған, көгеріп қалған жерге де ыстық басуға болмайды. Керісінше, мұз басқан дұрыс. Тек мұзды тікелей емес, дәкеге орап басқан дұрыс. Өйткені қызарған, көгерген, ісіп кеткен жерге мұз кесегін тікелей басқаннан, онсыз да оңбай тұрған жер омбығып, жазылуы қиындай түсуі мүмкін.
8-орын. Мұрның қанаса, басыңды шалқайт!
Бұл шамасы, «жарық тамырдан аққан қан, басты шалқайтсақ, өзі шыққан тамырына қайта құйылады» деген нанымға сенген питекантроптар мәдениетінен бізге мұра боп қалған аңыз болса керек.
Шындығында қалай?
Мұрыннан қатты қан кетсе, сен басыңды шалқайт, еңкейт — қан тоқтамайды. Тек ағу бағытын ауыстырады. Мұрыннан кеткен қанның жерге аққаны не, ішіңе аққаны не, тоқтамаған соң бәрібір емес пе? Таңдай арқылы, аузыңа, одан өңешке түсіп, ақыры асқазанға бір-ақ өткен қан сені біраздан соң құстыруы мүмкін.
Сондықтан, бас шалқайтудың мұрын қанағанда пайдасынан, зияны көп.
Одан да:
1) Басыңды сәл алға еңкейт.Жарайды, сен бәлкім ыстық қасықты өміріңде көзіңе басып, мұрын қанағанда ешқашан шалқайып көрмеген сирек пенденің бірі шығарсың. Дегенмен, келесі аңыздарды осы уақытқа дейін бұлжымас шындыққа балап жүргеніңе сенімдімін.
2) Мұрынның жұмсақ жерін екі саусағыңмен қыс.
3) Сосын әр секунд сайын мазасызданып, «тоқтады ма?» деп мұрныңды жіберіп, қарай бермей, мұрынды толық 10 минут қысып отыр. Аузыңмен дем ал.
4) Қан сонда да тоқтамаса, жедел жәрдем шақыр.
7-орын. Ашық, үңірейген жарақаттарға дереу бір мазь жағу керек!
Кезекті қыртыған әңгіме. Біріншіден, түрлі мазь (жақпамай), крем-сремдер қанша жерден микробқа қарсы болса да, өзінің залалға қарсы әсерін бірнеше минут қана сақтайды. Одан кейін, оны нанға жағып жей берсең болады. Яғни, сары майдан еш айырмашылығы қалмайды. Әрі кетсе, бір сағат, Вишневскийіңдісс.
Екіншіден, қасиетінен айрылған кез келген «сиқырлы мазь» түрлі бактерия, шаң-тозаң мен кірдің сүйікті мекеніне айналады. Оның үстіне, жарақатты тазарту кезінде оташы-дәрігерге ондай мазь қосымша «геморрой» тудырады.
Одан да, ағын суға жараны мұқият шайып, үстіне спирттің әлсіз ерітіндісіне ( әлгі отырыстан қалған «Беленькая» болса да жарайды, баурым) малынған дәкемен бастырып қойыңыз. 40% спирт ерітіндісі дәрігерге жетем дегенше жаралы жерді күйдіріп те жібермейді, жараны көріп «сілекейі шұбырған» микробтарға да тосқауыл бола алады.
6-орын. Кез келген күйікке тіс пастасын жақса, тез жазылады!
Бәріміздің басымыздан өтті-ау осы пункт. Қолымызға үтік басып алсақ та, үстімізге бір шелек қайнаған су төгілсе де, «Пастаны әке-е-е-л!» деген жанталасқан біреудің жан дауысы шығады.
Әйд-дә!
Айналдырып тұрып «колгейтті» жағамыз кеп. Рас, жаның көзіңе көрінгенде, жаға қойсаң, ашығаны тыйылғандай болады. Бірақ, тап сол мезет, тіс пастасы жарақатты ластап жатқанымен қоймай, күйікті әрі қарай зарарсыздандыруға кедергі болатынын білеміз бе?! Сенбесең, сау қолыңа паста жағып көр. Сосын оны алдымен құрғақтай, сосын сулап тазартып көр.
Паста жағу, жұмыртқа жару — қапелімде жараны жабатын да, шаятын да ештеңе таба алмасаң ғана, өзін ақтайтын әрекет. Қалған жағдайдың барлығында, мұз емес, ұн емес, басқа емес, ең алғашқы көмек ретінде, кәдімгі салқын су қолданылуы керек. Күйікті ағын суда 10 минутқа дейін ұстаған жақсы. Бұл денеге бойлап, тері мен етті күйдіріп жатқан артық қызуды біртіндеп азайтады.
Шаблон шытынады ма? Жартысына келдік, достым, әрі қарайғысы кәдімгідей қауіпті.
5-орын. Құлаған адамның барлығын орнынан тұрғызуға тырысу керек.
Айталық, үшінші қабаттан бір қасқамаңдай құлап қалды. Жұрттың қалыпты әрекеті қандай?
«Бауырым-бауырым, не боп қалды, тұра аласың ба? Көмектесейін бе?»
Арам ниеті жоқ біреу, әрине, құтқарушылығы оянып, жүгіріп барып, оны қолтықтап, көтере бастайды.
«Енді ше? Онда тұрған не бар?» демей тұра тұрыңдар.
Онда тұрған мынау бар:
Аяқ астынан, адамның ішкі құрылысын көріп тастайтын рентгендік қабілетің пайда болмайынша, сен құлап, тұра алмай жатқан адамның бес жерден омыртқасы омырылып жатыр ма, жоқ, асық жілігінің күл-паршасы шықты ма, оны біле алмайсың. Ендеше әрбір артық қозғалыс қайғылы жағдайға әкелуі мүмкіндігін есте сақта.
Қозғалыс кезінде, сынған сүйек өзінің табиғи қалыбынан тайып, қаңғып кетеді.
Әрі қарай не болады?
Өткір сүйек бөлшектері айналасындағы мүшелерді зақымдайды. Мойын омыртқасы шағылған жарықтықтың «басын көтерем» деп жатып жұлынын зақымдау да оп-оңай.
Осындай «жеген жәрдемнің» арқасында бірнеше айда аяғына тұрып кететін адамдардың талайы арбаға мәңгі байланған. Ал кейбірі көмек келгенше жан тапсырған.
Сондықтан, тағы да қайталаймын, білмесең — түртпеші бейшараны.
Одан гөрі дереу жедел жәрдемге телефон шалып, «скорый» келгенше, жай ғана әңгімелескенің дұрыс бейбақпен. Болды. Ал егер бейбақ сен болсаң, онда ештеңе болмағанын тексеру үшін атып тұрып, жүгіруге тырыспа. Шок әсерінен бұлшық еттерің сіресіп, сынған жерің бірден ауырмауы да мүмкін. Дегенмен, ақкөңіл бір «құтқарушы» келіп, жұлмалап жатса, қозғамай, жедел жәрдем шақыруын өтінген дұрыс. Жатқан жеріңе кенет өрт, топан су, не үлкен еменнің бұтағы төніп келе жатпаса, тырп етпестен кәсіби көмекті күт.
4-орын. Асқазанның жарасын сүтпен, айранмен не ас содасымен емдеуге болады.
Шылғи өтірік.
Алдыңғы пунктқа қарағанда «ойбайы» аздау, әрине. Бірақ, бұл нанымның күштілігі соншалық, адамдар ұзақ жылдар бойы есі дұрыс ем қабылдаудың орнына, далбаса тірлікпен өзін-өзі алдап жүре береді.
Біріншіден, сүт пен сода тек уақытша ғана асқазандағы қыжылды әлсіретеді. Оның себебі — ас содасы асқазан сөлінің қышқылы бейтараптап, жараға түсіретін күшін азайтады.
Алайда, бұл амалдың ешқайсысы асқазан жарасын ЖАЗ-БАЙ-ДЫ!
Асқазан жарасының қоздырушысы көп жағдайда H.bakter pilori деген пәлекет екені медицинаға әжем заманынан белгілі. Оны емдеу бактерияға қарсы кешенді терапия арқылы ғана жүзеге асады.
3-орын. Қақалып-шашалған адамның арқасынан қағу керек.
Бұл амалды қайдан көріп алғанымды қайдам, бірақ шартты рефлекс деңгейінде орындайтын боппын. Мәнсіздігін біле тұра, қайталай беретінімді қайтерсіз.
Бірақ, мамандар бұлай етуге болмайтынын айтудан шаршамайды. Самаурынның кернайын көсеумен соқсаңыз, күл мен күйенің басым бөлігі төмен түспей ме? Сол сияқты, шашалған адамды арқасынан қақсаңыз, дем түтігіне түскен тамақ бөлшектері ауыздан атып шығудың орнына, төмен, яғни өкпе жолдарына түсіп кетуі мүмкін. Ал бөгде зат өкпеге тереңдеп кетсе, мәселені одан әрі ушықтырған боласыз.
Не істеу керек?
Адам жөтеліп-қақалып жатыр ма? Кедергі келтірме. Арқасын қақпа. Жөтелуге көмектес. Алға қарай еңкейтіп, демін ішке баяу тартып, сыртқа лезде шығаруын сұра.
Айтулы отырыста аузына тыным болмай отырған бастығыңыз кенет шабдалының сүйегіне түйіліп, жөтелуге шамасы келмей, тыныс жолдары толық бітеліп, көзі шарасынан шығып, басын ғана изейтін жағдайға жетті делік. Ең болмаса, осы кезде, игі сылтауды қолданып, арқасынан жұдырықпен ұрып-түйіп, арасында сәтті пайдаланып көтінен теуіп алсақ та болатын шығар?
Үлкен өкінішімізге қарай, тағы да — жоқ.
Не істейміз?
Анау жоғарыда ыңғайсыздау позада тұрған жігіттерді көрдіңіз бе? Жоқ, олар Сатпаев пен Гагарин көшелерінің қиылысын меңзеп, ұлы тұлғаларды масқаралау үшін тұрған жоқ. Олар сізге Геймлих әдісінің дұрыс орындалуын көрсетіп тұр. Әдістің атынан да шошынуыңыз бекер, себебі әлденеге түйіліп өлгелі жатқан адамды құтқарудың бірден бір жолы — осы.
Геймлих әдісі:
1) Түйілген адамның артынан келіп, белінен құшақтаймыз.
2) Мақсатымыз сормаңдайдың желкесін иіскеуден ләззат алу не қабырғасын сындырып, суплекспен жерге қадау емес, сондықтан құшағыңыздың түйіскен жері қабырғадан сәл төмен, белден сәл жоғары, яғни кіндігінің тұсына келгені дұрыс.
3) Өзімізге қарай және сәл жоғары бағытта күшпен тартып кеп қаламыз. Дем түтігі бөгде заттан босағанша, бірнеше рет, жасаймыз.
Абайлаңыз, дем түтігі толық бітеліп, демала алмай жатқан сәбилерге бұл әдісті жасауға болмайды. Олар өте нәзік болғандықтан, бір жерін зақымдап алуыңыз мүмкін.
1-2 жасқа толмаған бөбекті аяғынан ұстап, басын төмен салбыратып көтереміз де, арқасынан қағамыз. Арқадан қағу әдісі өзін ақтайтын жағдай жалғыз осы ғана сияқты.
2-орын. Бит жесең, сары аурудан жазыласың!
Бұны да бір ерте Мезозой заманынан қалған ертегі деп білемін.
Бұл сенім екінші орынға өзінің ақылға сыймайтын абсурдтығы нәтижесінде ғана емес, адам өміріне қауіптілігі арқасында да шығып кетіп отыр. Сіз күлерсіз, бірақ бұған сенетіндер өте көп. Әлдекімдер осы қауесеттің арқасында, бит-сіркеден «тиын істеп» те жүр. Классика!
Біріншіден, сары аурудың себебі механикалық, яғни өт жолдарының бітелуі және жұқпалы ауру, мәселен, вирусты гепатит болуы мүмкін. Гепатиттің А түрінен үйде жатып та емделуге болады. Ал ауруханаға, әдетте науқасты тек басқа адамдарға жұқтырмау үшін жатқызады. Сондықтан, үйінде жатып емделгендер «бит жеп емделдім» деген қауесет таратады. Бұл, әрине, — битсүйер қауымның жолы болғандағысы.
Екіншіден, Гепатиттің В, С түрі тек қана ауруханада жатып емделеді. Әдетте инфекция бөлімі бұл ауруды жақсы емдей алады. Егер науқас үйде жатса, мейлің ол нанға сірке жағып, биттен сорпа ішсе де, гепатиттен жазылмайды. Керісінше, қарапайым сары аурудан басталған гепатит бауыр циррозымен бітеді. Оның арты өңештен қан кетуге ұласып, науқас өзі жеген биттің соңынан жәһаннамға аттануы мүмкін.
1-орын. «Уксус ішем де бірден өле қалам!»
Айталық, дәстүрлі дәрігерлерден де, қияли наным-сенімдеріңізден де үмітіңізді үзіп, бұл ит-шошқа дүниемен біржола қоштасуға бел будыңыз. Осы кезде «Шіркін-ай, тап ана Семенның атасы секілді сірке суын ішіп жіберсем — аяғым тыраң еткен күйі ажалдың ыстық құшағына жата кетер ма екем...» — деген сияқты тәтті мұңға бөленуіңіз мүмкін.
Босаңсымаңыз!
Қу қауесет сізден мұнда да айласын асыру үшін, бір көзін ашып, бұқпантайлап аңдып отырады. Себебі, «уксус ішсем, қиналмай, жылдам өлем» деген түсінік те — көміп тастасаң, қайта атып шығатын мыстан кемпірдей қарманып, тырбанып жатқан өлімі жоқ өтірік.
Әйтсе де, жан сақтау бөліміне түскен сорлы дегустаторлардың міскініне бір қарасаңыз, соңғы күдігіңіз, бәлкім үмітіңіз толықтай сейіледі. Себебі, халық ауыз әдебиетінің айласы өз алдына, дәстүрлі медицина қалғып-мүлгіп отырмай, сізге Семенның атасы шыжғырылып жатқан тозаққа бірінші рейспен ұшып баруға мүмкіндік бермейді. Сірке суын ішіп, ұзақ әрі азапты өліммен өлу үшін, бұл «зәм-зәм судан» бірнеше рет жұтуыңыз қажет. Ал өзіне қол салушылардың көбісіне тән тостсыз тартылған бірінші рөмкіден ауыз тие сала қашатын кемшілігіңіз болса — өмір бақи мүгедек болып өтесіз. Өзіңізге де сол керек.
суреттер:flickr.com,www.topauthor.ru
Қорытынды орнына
Осылардың барлығын қоссаң да, миға сіңу тереңдігі мен ауқымы тұрғысында қазақтарда ең көп тараған «көз өту» және «суық тию» деген екі қауесеттің шаңына ілесе алмайды. Бұл өтірікті кейбір «дәрігерлер» мен медбикелердің өзі диагноз қоя алмай басы қатқанда оңды-солды таратып отырады. Ара-тұра газет-журнал оқып қоятындары бұған «үмүнитет ғо» дегенді де қосып қояды. Қазақтар да кез келген адамдар сияқты мыңдаған ауру түрлерімен ауырады және оларды емдеуді тек қана білікті медицина маманына тапсыру керек.
Ізгі ниетпен,
Арыстан Базарбаев және Асқар Базарбай
Өлген итті сойып, ішегінен шықпаған нәжісін аламыз да оған әлі жұмыртқаламаған бақаның қанын тамызып, үстіне етегі түрілмеген қыздың сідігін құямыз. Ыржаной хлеб батырып жеген дұрыс.
Терминдерге қатты сүңгімей-ақ, «Сары ауры» деген себеп емес, салдар екенін түсінген дұрыс.
Билирубинның артуы да салдар. Яғни, «Сары ауру» «аурумын нақ!» деп жағаңнан алған атына қарамастан, небары симптоматикалық кешен. Яғни, терінің сарғаюы. Ал оған бірнеше себеп болуы мүмкін. Сондықтан, егер азғындық инстинктіңіз асқынып, қалай да биттерге «сезон охоты» жариялағыңыз келсе, ең болмаса, алдымен, «сары ауруыңыздың» себебін анықтап алыңыз.
Себебі жеңілдеу болса, алақаныңызды ысқылап, битке тапсырыс беруге дайындала беріңіздер. Тек абайлаңыздар, жөйттің тасынан жүн қырққандар «бастың биті» деп жәлептердің мандавошкасын «пихайттап» жібермесін. Әйтпесе, жеңіл-желпі науқасыңызға, Венера апайдан тағы бір букет «сыйлық» табыс етілуі мүмкін.
алысқа бармайын, әжемнің өз аузынан естігем:
«атаң 70 жылдары ауруханаға түсті, сары ауру деді. Содан врач бит тауып әкел деді. (ол жылдары би табу проблема болып па). Айранға қосып ішкізіпті бірнешеуін».
Содан жазылыпты-мыс. Бұл жерде өзі ауруханада жатқан адам әрине дәрі-дәрмек емінен де жазылуы мүмкін. Факті сол-врачтың өзі алдыртқаны битті.
тақырыпқа сай:
1. Өкпе ауруына иттің еті -дәру.
2. Тұмауға қайнаған ыстық сыраны ішіп, бүркеніп жата қалу не бұрыш салынған 100 грамды қылқ еткізу.
3. Сәбидің ыстығын арақ сылап түсіру.
4. Көзге теріскен шыққанда, саусаққа қызыл жіпті байлау.
5. Тамақ ауруына йодтан сетка сызу.
осы туралы ойың
Ал кей ауруларды организм қиналып, тыраштанып болса да, өз күшімен жеңіп жатады. Кейде бір аптада, кейде бір айда. Ағза өзі шайқасып жатқанда адамға кейбір ем түрлері уақытша назарын аулап, өзіне «пайдалы бірдеңе істеп жатырмын» деген ойды қажетсінеді. Бары сол. Адам ағза өзін өзі жазатын құдіретіне сенбейді, сондықтан, "өзім өзімді емдедім" деген ойға ойысады.
Иттің еті — дәрілік көмек жоқта, түрмеде өтуі мүмкін. Ал өзін статистика деңгейінде мың, миллион мәрте дәлелдеген жолдары бола тұра, иттің етін жеу… ну енді...қараңдар өздерің.
Ал ана мұрны қанағанда қанын жұтқызып шалқасынан жатқызып қоюшылар логикалық тұрғыдан ойлану қабілеті таяз немесе төмендеулер болса керек.))) Менің тағы бір қосқым келетіні, емделудің ырыми түрі емес, медициналық емделуден кейін сақтық шараларын дұрыс қолданбаудың зардабы туралы айтқым кеееп отыр.))) Кей балаларда туылғанда тіл асты еті тартыңқы «короткие уздечки языка» деген патологиямен туылуы кездесіп тұрады. Оның кесірінен баланың емуі қиын, сүтке шашалып, қақалып нәтижесінде емшектен ерте шығып кетеді екен. Кейін тілінің мүкіс болу қаупі жоғары екен… Егер оны қан ұюын тексеріп барып тілдірсе, қалыпқа келіп кетеді кен. Бірақ біздің қалада осылай тілдірген 6 айлық баланы осындай миниоперациядан кейін шалқасынан ұйықтап жатып өз қанын жұта беріп соңында қайтыс болғанын естігенбіз.
түүүй созып кеттім ғой, жеткізе алмаятырмЖалпы айтқым келгені не ғой, егер осындай жағдайға тап болып жатсақ есімізде болуы керек дегенім ғой...— Мама, Нұрислам ауырып тұр. Құса береді, құса береді, — деп хабарласты. Ал апайым «Ештеңе етпейді, ұшынып қалған болар. Дәріханаға барып ана дәріні алшы» деп жатты. Төртінші күні тағы да хабарласып:
— Мама, құсуы тоқтамай жедел жәрдем шақырдым. Олар да ұшынып қалған болар деп дәрі жазып берді. Бірақ одан бұрын ауруханаға жатқызу керек деп айтты, — деді. Апайым тағы да «Ештеңе етпейді, мен екі-үш күннен кейін барамын. Жазып берген дәрісін алып бер» деді.
— Жедел жәрдемдегілер «Егер бауырыңды ауруханаға жатқызғың келмесе бас тартатындығың туралы қолхат жазып бер деп айтты» деді. Апайым «Жаз десе дазып бере сал. Мен кеткенде ғана сап-сау балаға не болуы мүмкін. Мені күтіңдер, жұмысым біте салып барам» деді. Алтыншы күні түнгі 22.00-ге қарай баласы тағы да хабарласты:
— Мама… мама… — деп жылап тұр. Сөйтсе бауырымның соқырішегі жарылып кетіпті. Жедел жәрдем шақыртып ауруханаға апаруға тура келіпті. Дәрігерлер "Қолдан келгенді жасаймыз, бірақ ештеңе деп уәде бермейміз" депті. Дәл сол күнге не пойыыз, не ұшаққа билет жоқ. Операция жасап болғаннан кейін барып жетті Алматыға… Осы бізді «ЕШТЕҢЕ ЕТПЕЙДІ» құртады! ((((((( Алла сақтап, бауырым аман қалды. Бірнеше күн бұрын жан сақтау бөлімінен шықты.
Екінші рет, поляда шабық шауып жүріп түсте обед істейміз. Қашанда тамақ «мәселесін» мен қозғаймын да, обедтің қамына кірісіп кетемін. Ой поляда піскен тамаққа жетпейді ғой. Содан бір күні тамақ пісіріп жатып, тұзын көрейін деп қақпағын ашып қалып, буына саусақтарым күйіп қалды. Айдалада қайдағы паста болсын. Саусақтарым ашып бара жатыр, бір амалын жасау керек. Соның алдын ғана естігенім бар еді, күйген жерге кір сабын жақса күйікті басады екен деп. Шайладан кір сабынның қалған құтқанын тауып алып, күйген жеріме жақтым. Сразу басылды.
Мұрын қанағанда бас шайқау дегенді бірінші рет естіп отырмын. Әскерде жүргенде (Ақтау, морпех +45), жазғы оқу кезеңі басталғанда, осы мұрын қанау мәселесі мені де айналып кетпеді. Күннің астында (+45 ыстық бар ау) ауыр жаттығу істеген сарбаз оңсын ба? Построениеде тұрсаң, мұрын астынан жып жылы бірдеңе «жылт» ете қалады. Бір екі рет аққаннан кейін, мұрында қалғанын ағызып тастап, жұмсақ жерінен мықтап қысып ұстап, басыңды артқа қарап шалқайта ұстап тұрасың. Шамалы уақыт ғана. Сап тыйылады қан. Бірақ, білмим мына жазбада басты шалқайта ұстау қанды ішке ағызады депті ғой. Өзіміз әскерде солай тоқтаттық қанды.
Айтпақшы, бір кісі айтып еді, асқазанның емі күніге айран ішу деп. немесе, күніге жатарда айран ішіп жатқан адамды асқазан мазаламайды дегенді. Соған әлі күнге шейін сенемін, солай болса екен деген ішкі тілегім де бар. Ауылда өскен әр бала асқазан иммунитеті жоғары болуы сол айран-сүттің арқасында ғой. Айран — асқазанға мыңда бір ем! опшым осындай ойлар есіме түсіп кетті ғой.
Жоғарда айтылғандардың нағыз өліп болмайтын миф екенінің дәлелі.
Бірер сұрақ:
1) Мұрын қанағанда бас шайқау туралы қай жерден оқып отырсыз?)
2) Мұрныңыздың қанағаны бас шалқайтқаннан емес, мұрныңызды қысқаннан тоқтады.
Сенбесеңіз, шлангаға су толтырып, бір шетін көтеріңіз. Судың бәрі ағып кетті ме? Ендеше ішіне қайта су толтырып, енді бергі емес, арғы басын көтеріңіз. Су бір хрен ағып кетеді.
Түсінесіз бе, гравитацияға пох, су құйылған шланганың Камасутраның қай позасында тұрғанына. Егер астын қысып, не бітеп тосқауыл жасамасаңыз, ол бәрібір ағып кетеді.
Қуанышымызға орай, (кей жағдайда өкінішімізге орай) қанның ұйып қалатын қасиеті бар, сондықтан, шланганың жағдайындағыдай үнемі қысып тұрудың қажеті жоқ, көбінесе, біраз уақыт қысып ұстаған соң, жіберуге болады.
Ал басыңыздың позасы бұл жағдайда еш рөл атқармайды.
3) Айранға қатысты. «Пайдалы нәрсе мен „ем“ деген нәрсенің арасы жер мен көктей. Осыны қазақтар мықтап ұғып алса, өздеріне жақсы, дәрігердің ештеңесі кетпейді. „Мың да бір — ем“ деген тізесі шыққан түсінік. Пал туралы да солай айтады.
Ағайындар, мың да бір ем деген сөз — МИФ!
Бұндай түсініктегі адамның деградациясының келесі сатысы — Малахов шоу мен Уринотерапия.
Егер аурудың бәріне бір ғана дауа болса, дәстүрлі ғылым оған баяғыда назар аударар еді.
»Мың да бір пайда!" десеңіз бір жөн. Себебі, ауырмайтын жол іздеу мен аурудың емін іздеу екі ұғым. Біріншісі әлбетте оңай. Бірақ бәрінің қойғаны бар ол фактқа.
Ә. ағамның тісі ауырады. Құрт жемеген, ішінен ауыра ма, очм сондай. Астында мотоциклі бар, екі аттаса — поликлиникадағы жеңгейге жетуге болады ғой. Жеңгей дәрігер айтпақшы! Жоқ білә. Әбден ызаланып, тісін капронмен байлап, есіктің тұтқасына жалғап қойып, бір тебеді ғой. Есікпен бірге ұшып түседі, хуле. Тіптен жынданып — кәдімгі қаззақтың қара пласкаутсымен қысып алып, тартып көреді, тісі қанап, ауырғаны басылады, бірақ беті күмпиіп ісіп кетеді.
Солайымен жұмысқа кетіп қалады. Жұмыстан келгесін, түрін көрген жеңгем ойбайлап, ауруханаға қуады. Ептібайымайдтың — сепсис боп кетіпті(((
Қатты ақылды емеспін, бірақ долбаебизмнің мен көрген бір түрі осындай.
ал, қызыл иектің іші іріңдеп, сырты домбығып ісіп жатса, мұз басып қайтарады дегенге сену қиын дегенді меңзеген едім, ақталғандай болып кеттім бе, не боп кетт өзі
«суық тиді» деген тап жоғарыдағы жағдайда далбаса деп ойлайтыным сондықтан. Жылы сыра ішсе де миға шабар еді.
Менің жағдайымда, суықтың ісікті қайтаруы, суық басқан жердің тамырлары резко кішірейіп, тарылғанына байланысты. Ісік басталып келе жатқанда суық басса, көп жағдайда қайтады. Уақытша қабыну процессі баяулайды. Тіс ауырса, мұзды басып, нервтерді қатырып, уақытша ауырғанын қойдыру рекоменделеді.стоматологқа жеткенше.
Бірақ, намаз оқы десе, басын жерге ұрып жаратындар көп. Дұрыс емге жеткенше емес, дұрыс емнің орнына қолданатындар бар. Мәселе сонда.
әдемі жазба, сөз жоқ
Тоққа түскен адамды жерге көмудің логикасы барынша қарабайыр. Тоқ ұрған адамның бойында тоқ жиналып қалады деп ойлайды. Оны жерге көмсе, жер сорып алады-мыс.
Интернет баяулап қалса, модемді жоғары көтеріп, желідегі «интернетт толқындарын» төмен ағызбақ болған біреу туралы Русланнннн деген жігіт жазып еді бұрын. :v
Осыны оқып алғанмен, сын сағатта — бәрібір мұрын қанағанда басыңды шалқайтасыңдар; соқырішекке грелка басасыңдар; тістеріңді бласкауыспен жұласыңдар. О баста құдай бермеген сананы енді қытай бере қоюы екіталай. Азапты күндерде кездескенше!
8, 6, 3 таныс жағдайлар. Кішкентайымда мұрын қанағанда басымды шалқайттым. Жақында ғана ара шақты, сумен жуып, паста жағып қойғаным бар. Сосын, әлгі арқадан қағу әдісіне жыным келеД, одан сайын шашалып қаласың.
кезекте тұрғандар жан-жақтан: «айттым ғой тамағына бірдеңе тұрып қалған, қәне» деп тамағын сипап жатыр. ужс. шетінен ем-дом айтып ана қатындар, ай жыным келгені
содан Ақалтын деген жерді іздеп, бәлен шақырымдағы ілгірге бардық, қолды арақпен шайып жіберіп, етегіне сүртті де, баланың тамағына екі саусағын тығып жіберіп, шырылдатып, алманың шіріген қабығын алып шықты. содан құсқаны, жылауы қойып, үйге жеткенше тершіп ұйықтап қалды.
Ауылда жатқан 1 айда: балгер, ілгір, түкіру процедурасының бәрін көрдім
Ондайлар түспей-ақ қойсын.