Журналистің ұялы байланыс қызметі
Байқамай телефоныңды үйде тастап кетсең, жаныңды бірге тастап кеткендей болатын заманда ұялы байланыстың сіз бен біздің өмірімізде қандай үлкен рөл атқаратынын ашып жаза бастасам, сәлден кейін сізді есінетіп-құшынатып, ұйықтатып аламын ба деп қорқамын. Сондықтан, жай ғана жазбаның журналистер өміріндегі ұялы байланыстың қандай маңызға ие екені, олардың қай оператор қызметін пайдаланатыны туралы екенін айта салайын.
Шыны керек, кейде өмірдің өзінен детальдары қызық болады. Осы пәлсапалық соқпаққа түсіп алып, «журналистер қай мобильді операторды таңдайды екен, қалай қолданады екен» деген сұраққа жауап іздедім. Содан шыққан шағын сауалнама-сұхбат алдарыңызда.
Чатты «чықылдатып» (білмеймін, осылай сөйлеймін, әйтеуір), мазасын алғаныма қарамастан, сұрағыма жауап берген жандарға үлкен алғыс білдіремін.
Жұлдыз Әбділда, «Ұлан» газетінің бас редакторы:
Ұялы байланыс жоқ кезде қалай өмір сүргенімізді қайдам, қазір бәріміз «тұтқынға» айналдық. Әрине, игілігін көріп отырғанымыз да рас. Өзім оншақты жылдан бері Kcell-дің абонентімін, 2-3 жыл болды қосымша Tele2-ні пайдаланам. Шынымды айтсам, телефонды тек қана сөйлесуге қолданады екенмін. Анда-санда SMS жазуым мүмкін. Негізі, дұрыс пайдалана білсе, мұның да артықшылығы, пайдасы көп екен. Бірақ, өзім тек қана байланыс үшін қолданамын. Көбінесе жұмыс барысында пайдаланатынымды да байқап жүрмін. Кейде жимейлдің чатын, көбіне Фейсбукті пайдаланатындықтан, аса бір қажеттілігі де байқалмайды. Сенбі-жексенбі күндері өте сирек қолданамын.
Гүлзат Нұрмолда, «Жас қазақ» газеті, журналист:
Мен өз қызметімде Kcell және Beeline қызметін пайдаланмын. Ұялы байланыстың тиімділігін айтпасақ та білеміз ғой. Ашық болса кез келген жерде тілдесе аламыз. Біздің журналистік қызметте тез, жылдам хабар, түсініктеме алуға өте қолайлы. Beeline қызметін пайдаланғаныма 10 жылдан асып кетті. Бірақ, соңғы кезде көңілімнен шықпай жүр. Сондықтан Tele2-ге көшуді жоспарлап қойдым. Білуімше, Tele2-нің қызметі анағұрлым арзан. Kcell-ге өкпем жоқ. Мен пайдаланатын тариф өте тиімді.
Руслан Желдібай, журналист:
Негізі көп азамат бүгінде өзін ұялы байланыссыз елестете алмайды. Оны түсіндіріп қажет жоқ деп ойлаймын. Неге екені баршаға түсінікті. Ал ақпарат саласының маманы болғандықтан мен үшін ұялы байланыс тіпті маңызды. Жұмыс бабымен маған әрдайым байланыста болуы қажет әрі қазір ұялы телефон тек сөйлесу құралы емес, интернетке шығу мүмкіншілігін береді. Бұл қай жерде болмасаң да поштаңды тексеруге, хат жазуға, әлеуметтік желілер арқылы байланысуға өте ыңғайлы. Өзім Activ компаниясының қызметін пайдаланамын. Біріншіден, бұрыннан қолданғандықтан деп ойлаймын. Менің номерімді қажет азаматтар біледі, ауыстырсам қиын болмақ. Елімізде мобильді құлдықтан босату заңы қарастырылса бәлкім компанияны басқаға ауыстырар ма едім. Activ қаражат тұрғысынан тым қымбат болып тұр. Дегенмен, бұл компания еліміздің көп аймағында байланысуға мүмкіндік береді. Яғни, байланыс өте жақсы. Басқалары кей аймақтарда байланысы тіпті нашар немесе жоқ. Сонымен қатар, компанияның сервистік қызметі де жаман емес.
Алмас Алтай, Қазақстанның бірінші арнасы, тележүргізуші:
Жалпы, адам ретінде де ұялы байланыссыз қалған күні құлаққа ұрған танадай күй кешем. Ал, халықты ақпаратпен қамтуы тиіс журналистер үшін байланыстың кез келген түрі маңызды. Ұялы байланыс тіпті өткір мәселе, онсыз елестету қиын журналистің жұмысын.
Мен Kcell деген оператордың тұтынушысымын. Ақысы қымбат. Нөмірім әдемі біріншіден, соны қимаймын. Екінші, біраз халқым осы нөмірді біледі, сол үшін де іздеген жұрт тауып алсыншы деп ұстап жүрмін. Әй, бірақ қымбааат Айтпақшы, ақтаулық бір досым билайн Beeline-дубликатын жасап берген. Оны ешкімге айтпаймын. Тек Малика біледі))
Таңдау негізінен ұялы байланыстың арзан қымбаттығына негізделгені ақылға қонымды. Менің жағдайымда қалада тұратын адаммын, жергілікті, ауылдық жерлерге барып, оператордың сапасын, қызмет ету аймағын тексеруге мұрша да, құлық та жоқ. Байланыс арзан болғаны жөн… ол әркез таңдамалы болады ғой сол кезде.
Асқар Ақтілеу, Tilshi.kz интернет-газетінің жетекшісі, журналист:
Көп жұмысты телефонның көмегімен бітіресің ғой. Әсіресе жолда жүргенде. Ал үйде болғанда қалалық телефонды пайдаланамын. Ауылдық жерлерге «Қазақтелекомның» байланысымен шығамын.
Таныстарымның көбінің операторы – Activ. Сондықтан, Activ пайдаланамын. Ал Beeline-ны4 сапасы нашар. Сонда да алғанмын. Бірақ, көп пайдаланбаймын. Beeline-ны бар таныстарым хабарласар деймін ғой. Бірақ айналып келгенде екі есе шығынданып қаламын. Басқа операторлардың қызметтерін пайдаланбаймын.
Абай Отар, «АйнаLine» сайты, редактор-журналист:
Күнделікті құлағында отырмасам да, журналистік қызметімде ұялы телефонның орны ерекше. Кей сәттері шұғыл бір ақпаратты анықтап, мәселенің мән-жайын білуге тура келетін кездер болады. Сол сәтте ұялы байланыстың қызметіне жүгінемін. Сондай-ақ, жаңалықты жазуға мүмкіндік болмаған кезде, телефон шалып редакциядағы басқа қызметкерлерге сол туралы айтып беремін. Шетелге, алыс қалаларға ойланбастан ұялы телефонмен қоңырау шала беремін. Мысалы, бірнеше рет АҚШ-қа, Германияға, Англияға, Францияға, Түркияға хабарласуға тура келді. Кей кездері жұмыс телефонды да қолданамын. Менде екі түрлі ұялы байланыс түрі бар – Pathword және Activ. Алғашқысының сапасы нашар болғандықтан, көп пайдалана бермеймін. Қазір жан-жаққа Activ-пен хабарласамын. Activ-rt таңдауым неліктен түскенін айтып беру қиын. Науқанға ілесіп алған шығармын. Қазір басқа байланыс қызметіне ауысуға кеш секілді. Біраз жерде актив нөмірім жазылып қалған. Нөмірімді өзгертсем, өмірім өзгеріп кететін секілді. Ешқандай негізсіз Activ-ті қолданып жүрмін. Байланыс құнының маңызы жоқ. Баланста жеткілікті қаражат болса кез келген бағытқа ойланбастан қоңырай шала беремін.
Медетжан Ізғұтты, «24kz» телеарнасы жаңалықтар қызметінің шығарушы редакторы:
Телеарнада жұмыс істегеннен кейін, оның үстіне тәулік бойы эфир тарататын арнаның жаңалықтар қызметінде жүрген соң ұялы телефон мен үшін №1-ші байланыс құралы. Өйткені жұмыстан тыс кезде де жеке номеріме қаншама адамдар хабарласып, ақпараттарымен бөлісіп жатады. Тілшілермен байланысып, жедел ақпарат алу үшін, төтенше оқиғалар болып жатса интернет арқылы фото-бейне кадрлар алмасу үшін қолданамыз. Ұялы байланыстың көмегі әсіресе тікелей эфирлер (тікелей қосылулар) кезінде өте қажет. Қоңырау шалсақ та, SMS жазсақ та тез арада керек сұрағымызға жауап ала аламыз. Ал, байланыс операторына келсек, ең алғаш, ұмытпасам, осыдан 12-13 жыл бұрын Activ номерін алдым. Ол кезде байланыс құны өте қымбат болатын. Одан кейін Beeline-ға көштік. Себебі көп жерде Activ ұстай бермейді. Қазір екеуі де бар. Бірақ интернетке Beeline арқылы кіремін. Тарифтерге қосылып, пайдаланамын. Енді Tele2 байланысын «игеріп» жатырмын. Ол енді жеке кәсібіме байланысты. Одан барлық бағытқа қоңырау шалу арзандау болғандықтан шығар, әсіресе бизнесте жүрген азаматтар соны қолданып жүр. Осылардан басқа байланыс операторларына қосылған да, пайдаланған да емеспін. Елді шатастырып қайтеміз))
Біздің журналистер осылай дейді. Ал сіз қай байланыс операторының қызметін пайдаланасыз?
Бас суретті Артем «аға» Лебедов түсірген.
«Мобильное рабство» деген жылымық келе жатыр, қазіргі ұялы операторынан нөмері үшін кете алмай жүрген жандар, сәл ғана шыдаңдар, операторлардың лоббистері солқылдақтық танытса, көп ұзамай-ақ жақпай қалған операторларға мұрын шүйіретін боламыз
Кселлден нөмір жасатсам ба деп жүрмін, ұнаған нөмірдің бағасы аздап бар екен, лайық па, лайық емес па деп жүрген сол
мен Актив пен Билайн қолданамын. Билайнға айда 1000 саламын, желііші тегін сөйлесемін. қалғаны күндік жиналмалы мегабайт тарифіне және басқа лох операторларға звондауға кетеді. ал Актив Активтілерден звонок қабылдау үшін
Он бес мың айына лимитімде тұр. Бірақ жартысында пайдаланбайтын сияқтымын. Телефоныма тыныштық жоқ. Мен зыбандамасам маған зыбандап қан ішеді.