Орынбасар ДӘУРЕНБЕКОВА: Қазақ футболының қарыштап дамығанын көргім келеді
Футболдың әлемдегі №1 спорт екенін бәрі мойындайды. Қазіргі кезде ерлермен қатар қыздар да доп тебуге құштар. Бразилия, Германия, Канада, Қытай, Швеция, Корея, Жапония қыздарының қарқындары керемет. Ал қазақ қыздары ала допқа 80-жылдардың орта тұсынан жақындай бастады. Сол кездегі астана – Алматы қаласында «Мерей» қыздар клубы болған. Бұл команданың 1991 жылы Италияның «Миланымен» жолдастық кездесу өткізгенін біреу білсе, біреу білмес. КСРО құлап, Қазақстан өз алдына жеке мемлекет болған тұста «Мерей» Ресей асты. Қыздарымыз өздерінің мықты екендіктерін ол жақта да мойындатты. Әрине, команда атауы ауысты. Бұрынғыдай «Мерей» емес, ВВС деп аталды. Жақында осы команданың сапында үздік ойыншылардың бірі болған Орынбасар Дәуренбекованы арнайы іздеп барып, әңгімелескен едік. Орынбасар Амангелдіқызы қазіргі кезде Астана қаласындағы №8 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олипиадалық резерв спорт мектебі әйелдер бөлімінің жаттықтырушысы. Танымал футболшы, белгілі бапкермен әңгімені қыздар футболы төңірегінде өрбіттік.
.
Қала балалары әлсіз келеді
– Өткен аптада Қазақстан халқы спортшылардың кәсіби мерекесін атап өтті. Дәл осы күні жас балаларды футболға қабылдадыңыздар. Іріктеу кезеңдері қандай критерийлер бойынша жүргізілді?
– Бұл мектеп жыл сайын әр түрлі жас дәрежелері бойынша іріктеу жүргізеді. Биылғы таңдау 1999 жылы туған және одан кіші балаларға түсті. Бірақ келген балалардың басым бөлігі көңілден шықпады. Физикалық тұрғыдан әлсіз. Тез шаршап қалады. Әйтпесе, футболға деген махаббаттары шексіз, ықыластары мықты.
– Неге онда таңнан кешке дейін қара жұмыс істеп, одан қалса доп қуалап өсетін ауыл балаларын тартпайсыздар?
– Ауыл балаларының қалада туғандарға қарағанда дене күші жағынан мықты болатынын мен де мойындаймын. Бірақ ауылдың балалары алыста, Астанаға келіп-кетулері қиын.
– Сонда балаларды жатқызатын интернат жоқ па?
– Интернат бар. Алыстан келген балаларды орналастырып жатырмыз.
Солардың арасынан бір қызды ерекше атап кеткім келіп отыр. 2002 жылы дүниеге келген. Өте талантты. Қазіргі кезде аралас топта жаттығып жүр. Дұрыстап дайындалса, болашағы зор.
– Жақында Қарағанды қаласында өткен VII Спартакиадаға қатысыпсыздар. Ол жақтағы нәтижелеріңіз қандай болды?
– Бұл жарысқа аумақтардан 7 команда қатысты. Қыздарымыз турнирді жоғары деңгейде бастаған еді. Ұпай саны бойынша алғашқы үштікте келе жатқанбыз. Бірақ соңында бесінші орынға түсіп қалдық. Негізі қыздар футболы барлық өңірде жақсы дамып келеді. Әсіресе, Қызылорда, Қарағанды, Көкшетау командаларының аяқ алыстары қуантады.
– Шәкірттеріңізге кәсіби клубтардан ұсыныс түсе ме?
– Мен дайындаған үш қыз қазіргі кезде «Шахтер-Қарағанды» командасында өнер көрсетіп жүр. Оданда басқа да шәкірттерім бар. Мені қынжылтатыны – Астанада қыздардың кәсби клубының жоқтығы. Мектепті бітіргеннен кейін кейбір қыздардың қайда барарларын білмей абдырап қалатыны сондықтан. Астана еліміздің бас қаласы болғандықтан, міндетті түрде бір кәсіби клуб керек деп ойлаймын.
– Жігіттермен қатар қыздар арасында да әлем, Еуропа чемпионаттары өткізіліп тұрады. Сол сайыстардың іріктеу кезеңдеріне қазақ қыздары да қатысатынын білеміз. Бірақ, өкінішке қарай, нәтижелеріне көңілі толмай тұр. Еліміздің қыздар командасының германиялық әріптестерінен 0:17 есебімен ұтылғаны есіңізде болар?
– Қазақстан қыздар құрамасы Шымкентте орналасқан. Ұлттық құраманың негізгі ойыншылары жергілікті БИІК командасынан жасақталған. БИІК, өздеріңізге белгілі, Чемпиондар лигасына қатысып тұрады. Сондай-ақ жастар мен жасөспірімдердің U-21, U-17 құрамаларының да базасы оңтүстікте. Жанкүйерлер тарапынан қызығушылық жоғары. Жалақы мәселесі де шешілген. Мен бұған қуанамын. Ал жаңағыдай жеңілістер уақытша құбылыс деп ойлаймын. Қазақ футболы да дамып келеді. Қыздарымыз да жарқын жеңістерімен қуантады әлі.
– Ал бапкерлердің жалақысына көңіліңіз тола ма?
– Біздің елде балалар жаттықтырушыларының жалақысы жетісіп тұрған жоқ. Өте аз. Мен өз саламды жақсы көремін. Кәсіби спортқа өмірімнің 25 жылын арнадым. Клубтық турнирлердің төресі саналатын Чемпиондар лигасына қатысу бақыты да бұйырды. Төрт рет ірі турнирлерде төрешілік еттім. Олардың арасында Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі де бар.
– Орынбасар ханым, сіздің есіміңіз аталғанда сол баяғы Алматының «Мерейі» еске түседі. Біз сол клубты неге сақтап қала алмадық?
– Қазақстанда қыздар футболы 1987 жылы пайда болды. Мен спорттық жолымды «Қарағанды-Олимп» командасында ойнаудан бастадым. Бұл клуб КСРО чемпионатының бірінші лигасында ойнады. Ал «Мерей» – жоғары лигадағы белді клубтардың бірі. «Қарағанды-Олимп» те 1992 жылы жоғары лигаға жолдама алды. Алайда КСРО құлап, аласапыран болып жатқан тұста бұл чемпионат тоқтатылды. «Мерей» Ташкенттің әскери клубының (ЦСКА) негізінде құрылған. Одақ тарағаннан кейін команданы Ресейге әкететін болды. Бұған қарсы болған ешкімді көрмедім. Ресейдің әскери-әуе күштерінің спорттық клубы негізінде жасақталды. Сондықтан команданың атауы ВВС деп аталды. Алдымен 1992 жылдың көктемінде Тольятти қаласында, кейіннен Самараға ауыстырды. Қарағандыдан Светлана Литвинова, Рәзия Нүркенова және мен Ресейге шақырту алдық. Келісімшарт талаптары ұнағандықтан сол жаққа кетуді жөн көрдік.
Мартамен бір алаңда доп тептік
– Самарадағы карьераңыз қалай жалғасты?
– Біздің команда жоғары лигаға қатысты. Алдымен күміс жүлде бұйырды. Одан соң екі жыл қатарынан (1993-1994) чемпион атандық. Жалпы, 1992 жылдан бастап, 2001 жылға дейін бірінші-екінші орыннан төмен түсіп көрмеппіз. Тек қаржылық жағдай қиындаған 2002 жылдан бастап үшінші орыннан беске дейін төмендедік.
Ол кезде футболшылар, бапкерлер құрамы өте жақсы болды. Жатын орын, жаттығу жұмыстары – барлығы көңілімізден шығатындай дәрежеде болды. Командадағы бірнеше қыз Ресей құрамасы алынды. Кейіннен Мәскеу мен Украинадан қыздар келді. Барлығы бізде ойнауға ұмтылатын. Өйткені біз сол кездегі ең үздік команда болатынбыз.
– Қандай халықаралық турнирлерге қатыстыңыздар?
– Екі рет Германияда өткені танымал халықаралық жарыстың чемпионымыз. Одан соң Бразилиядағы ашық турнирде күміс жүлдегер болдық. Ол жерде Бразилия, АҚШ құрамалары ойнады. «Алтын допты» бес рет иеленген атақты футболшы Мартаға қарсы өнер көрсеттік. Бұдан бөлек Кореядағы доп додасын айтуға болады. Чемпиондар лигасындағы ойындарды ерекше атағым келеді.
– Ресейдің төрт дүркін чемпионы деген дардай атағыңыз бар. Карьераңыз аяқтағаннан кейін ол жақта бапкер ретінде қалуға ұсыныс болмады ма?
– Мен спорттық мансабымды 2004 жылы аяқтадым. Осыдан соң төрешілік қызметке кірістім. Бірақ отбасылық жағдайларға байланысты елге қайтып оралуға тура келді. Негізі Рәзия Нүркенова екеуіміз бапкерлік қызметті Ресейде бастаған болатынбыз. Ал тағы бір қазақ қызы Роза бутсысын шегеге бір жыл бұрын іліп, бапкерлікті бастап кетті.
Ресейде бес қазақ қызы болды
– Ресейде қанша қазақ қызы доп тепті?
– Қазақстаннан Ресейге бес қыз бардық. Олар: Рәзия, Бота, Сәуле, Роза және мен.
– Шыны керек, қазақтардың доп тебе алатынына өзге елдердің күмәнмен қарайтынын білеміз. Сіздер сол жағымсыз пікірді өзгертіп, қазақ қыздарының мықты екенін дәлелдей алдыңыздар ма?
– «Мерей» командасы Ресейге кеткенде ойыншылар ғана емес, клуб басшылары, бапкерлер де сол жақта ауысты. Команданы Алматыдан Самараға ертіп барған Александр Соловьев пен Виталий Шажков болатын. Негізі екеуі де – Қазақстаннан. Бізді де шақырған осы бапкерлер еді.
Мен, негізінен, оң қапталдағы жартылай қорғаушы болдым. Бірақ алаңның бапкерлер қажет деп тапқан кез келген бұрышында ойнай беретінмін. Сөйтіп әмбебап ойыншы болдым (күліп). Үнемі негізгі құрамның ойыншысы болдық. Сондықтан қазақ қыздары өздерінің мықты екендіктерін мойындатты деп ойлаймын. Бірнеше рет маусым соңында үздік 33 футболшының қатарына қосылдым.
Негізі 90-шы жылдары ол жақта қазақ деген ұлттың бар екенін білмейтіндер де болған. Тіпті, біреулер бізді әлі күнге дейін киіз үйде тұрады деп ойлайды екен. Кейіннен барлығы дұрысталды. Ал ойынымызды көріп, ойлары мүлдем өзгерді. Мені екі рет Ресей құрамасына шақыртты. Рәзия Нүркенова, тіпті, КСРО құрамасында өнер көрсеткен.
Рәзияның сегіз шәкірті Ресей құрамасында жүр
– Сізбен бірге жанкүйерлердің көзайымына айналған Сәуле Жарболова деген суперфорвард бар еді. Ол кісі қазір қайда жүр?
– Қазақстанға Көкешова, сосын Сәуле екеуіміз қайттық. Ол қазір Алматы спорт және туризм академиясында жұмыс істейді. Сонымен қатар балалар бапкері де.
– Елге қайтып оралған қыздарды атап өттіңіз. Ал Рәзия Нүркенова неге қайтпады?
– Рәзия 2003 жылы біз ойнаған сол ВВС командасының бапкерлер штабына кірді. Кейіннен бас бапкер болып тағайындалды. Ал қазіргі кезде Ресейдің 19 жасқа дейінгі құрамасында аға бапкердің көмекшісі. Рәзияның 8 бірдей төл шәкірті бүгінгі күні Ресей құрамасында өнер көрсетіп жүр. Сондай-ақ бірінші дәрежелі төреші. Ресейдің спорт шебері. Сондықтан сол жақта қалып қойды. Дегенмен түбі туған жеріне қайтып оралады ғой. Қазақ емес пе?
– Елге шақырып жатса келер ме еді?
– Енді ол ұсынған шарттарға байланысты деп ойлаймын. Егер біздің басшылар жақсы келісімшарт ұсынса, қарсы бола қоймас.
– Өзіңіздің қандай армаңыз бар?
– Қазақ футболының қарыштап дамығанын көргім келеді. Ел футболының болашағына сенемін. Ал басты арманым – Астанада қыздардың кәсіби клубын құру.
– Соңғы сұрақ, өзіңіз қай өңірдің тумасыз? Футболға қалай келдіңіз?
– Ақмола облысының, Қорғалжын ауданында дүниеге келгенмін. Спорттық ғұмырым ауылда басталды. Спорттық жолды таңдауыма алғашқы ұстаздарым Ержан Әбдірахманов пен Болат Амантаевтың ықпалы зор. Содан соң Қарағандыға оқуға түстім. Сол жерде жүріп «Қарағанды-Олимп» командасындасына алындым. Бапкерлер бірден негізгі құрамда ойнатты. Қалғанын әлгінде айттым. Халықаралық дәрежедегі төрешімін. Ресейдің спорт шеберімін. Ресейдің әйелдер арасындағы чемпионатының төрт дүркін чемпионы әрі кубок иегерімін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен – Бек ТӨЛЕУОВ,
«Sport»

1 пікір