Блогиада #17. Нұрлан Жанайдың Интернет-журналистикасы

Интернет-журналистика — күрделі техникалық инфроқұрылымды қажет етпейтін ақпарат таратудың жаңа әрі тиімді үлгісі. Қазір Интернеттің арқасында кез-келген белсенді қолданушы өзінің БАҚ-ын ұйымдастыруға мүмкіндігі бар. Мысалға qisyq екеуміз ұйымдастырған Киностанды алсақ болады. БАҚ ретінде тіркелмеген, бірақ одан оның ақпараттық жауапкершілігі еш төмендемейді. Әйтсе де, бүгінгі әңгіме ол туралы емес.

Қазақ жастары Интернет-журналистиканы еркін меңгеріп, дәстүрлі БАҚ-пен бақталасып келеді деу әлі ертерек шығар. Дегенмен, бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр.

Қазақтың Интернет-журналистикасы дегенде, белгілі блогер Нұрлан Жанайдың бастамасымен іске асып жатқан жобалар туралы айтпай кету күнә болар еді. Өзім Нұрланның жігіттері атқарып жүрген істер туралы көбірек білуді көптен ойлап жүр едім, бүгінгі тақырып олардың кеңселеріне сапар шегуге қосымша себеп болды.

Блог - patick: Блогиада #17. Нұрлан Жанайдың Интернет-журналистикасы
Интернет-басылымның редакциясы күрделі инфрақұрылымды қажет етпейтінін жоғарыда атап өттім. «Baikadam Media Group» компаниясының сайттарын жасап отырған жастар бірнеше бөлмелі шағын офисті уақытша мекендеп отыр екен. Мониторға үңілген жігіттерден басқа көзге түсер ерекше ештеңе жоқ.

— Интернет-журналистикада тек жалақы үшін жұмыс істеу азшылық етеді, — дейді Нұрлан, — адам өзіне ұнаған идеямен ауыруы керек. Тек ақша үшін жүретіндер болады, әдетте олардың орнын шын қызығушылығы бар, жобаны жоғары сүйрей алатын маманмен алмастыруға тырысамыз.

Нұрланның сөзінен байқағаным, қазіргі жобалармен айналысып жатқан азаматтарға өзінің көңілі толады. Бір қызығы — ешбірі кәсіби журналист емес екен. Мысалы, SportNews.kz жобасын жүргізіп отырған Мейірхан араб тілінің маманы. Бірақ болашақта өзін спорт журналисті ретінде көреді.

Мейірхан Амангелдиев, SportNews сайтының бас редакторы:
Блог - patick: Блогиада #17. Нұрлан Жанайдың Интернет-журналистикасы — Мектеп бітіргенде 10 арманым болған, қазір солардың үшеуі орындалды: араб тілі бойынша білім алу, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасына қатысу және спортқа арналған сайт жүргізу.

Сайттың ашылғанына 45 күн болды (14.08.2014 ж. — автор), енді басталып жатқан жоба. Командада 5 бала бармыз. Қазір Қазақстанның түрлі спорт федерацияларымен байланыс орнатып жатырмыз. Әлемдік және жергілікті жаңалықтарды жедел түрде жариялаудан бөлек, сайтымызда сарапшылар блог жүргізеді. Сонымен қатар, қазір жүріп жатқан футболдағы трансферлерді онлайн-режимде хабарлап отырамыз. Қыркүйектен бастап видеоматериалдар шығарып тұруды қолға аламыз. Болашақта атақты спортшылардың әлеуметтік желілердегі парақшаларын сайтымызға интеграциялап, олардың жаңартуларын трансляциялайтын боламыз.
Қысқа-нұсқа: SportNews ресурсына ақпараттар Guardian, Daily Mail секілді ірі басылымдардан, сондай-ақ түрлі спорт командаларының ресми сайттарынан аударылып алынады. Қолданушылар санының ең ірі көрсеткіші — 400 адам.
Интернет-журналистика туралы айтқанда блогинг деген туыс құбылысты назардан тыс қалдыруға тағы болмайды. Жеке тұлғаны ақпарат таратушы ретінде қарастыратын бұл ұғым азаматтық журналистика деп те аталып жүр. Бұл үрдістен қазақ блогосферасы артта қалып жатқан жоқ тәрізді. Белгілі бір блогерлер ортасын топтастырған қазақ тілді платформалар бізде жеткілікті. Осыдан алты ай бұрын солардың қатарына Blogtime.kz тұғырнамасы қосылған еді.

Негізі осы жоба іске қосылғанда маған: «Неге тағы да блог-платформа? Олар онсыз да аз емес қой», — деген ой келген еді. Сол сұрағымды орайы келгенде қойып қалу керек болды.

Данияр Жаныс, Blogtime сайтының бас редакторы:
Блог - patick: Блогиада #17. Нұрлан Жанайдың Интернет-журналистикасы — Иә, қазақ тілінде блог-тұғырлар жетерлік. Бірақ олардың бәрін сапалы деп айтпас едім. Блогтаймды ашудағы мақсатымыз да сол — блогосфераның сапалық деңгейін көтеру. Мысалы, тіс пастасы бар екен деп басқа өндірушілер қарап тұрмайды ғой, олар да өз пасталарын ұсынып, бәсекелестен асып түсуге тырысады. Біз де қатарымыздың алды болуды мақсат етеміз.

Сайтымызға қолданушыларды көптеп тарту мақсатында «Блог-марафон» деген байқау өткізіп жатырмыз. Оған кез-келген ниетті қатыса алады. Жазған постына көп «like» жинаған, көп оқылған авторлар іріктеліп, желтоқсан айында ең үздігі миллион теңге алады.
Қысқа-нұсқа: Blogtime әлеуметтік блог-тұғырына күніне 10-30 аралығында пост жарияланады. Контентке цензура бар: анайы сөздерге, үлкендерге арналған егжей-тегжейлі баяндауларға тыйым салынады. Сайтқа күніне 400-500 адам кіреді.
Цензура демекші, Нұрлан Жанайдың жобаларына қатысты өз ұстанымы бар екен: «саясат пен дін туралы жазбаймыз». Оның айтуынша, негатив пікірлер мен түңілген жазбалар өмірімізде онсыз да жетеді және сол әңгімелердің басым бөлігі дін мен саясат төңірегінде өрбиді. Нұрлан өз қарамағындағы сайттарда жарияланатын материалдардың барынша позитивті түрде берілгенін талап етеді.

BusinessNews.kz сайты да бизнеске мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі істерді насихаттауды көздейді.

Данияр Тәжімбет, BusinessNews.kz сайтының контент-менеджері:
Блог - patick: Блогиада #17. Нұрлан Жанайдың Интернет-журналистикасы — Жоба коммерциялық мақсатпен, болашақта табыс әкелетін сайт деген жоспармен ашылған. Әдетте тәуелсіз БАҚ дегенде бірден сынаушы, мемлекеттің кемшіліктерін баяндаушы деген ой пайда болады. Бізде керісінше — мемлекеттің атқарып жатқан істерін насихаттау, кәсіпкерлерді қолдауға арналған шараларын ашып көрсеткіміз келеді. Бірақ бұл бизнестің басқа салаларын назардан тыс қалдырамыз дегенді білдірмейді. Жеке компаниялармен, банкттармен де қарым-қатынас орнатып жатырмыз.

Бизнесньюстің тағы бір мақсаты бар — ол ағартушылық. Бизнес терминдермен, түсініктермен энциклопедиялық деңгейде таныстыру, солар туралы мәлімет беру және Қазақстанның белгілі кәсіпкерлерімен сұхбаттар жүргізу арқылы табысқа қол жеткізудің түрлі үлгілерін көрсету.
Қысқа-нұсқа: BusinessNews биыл наурызда ашылған, көрермендері енді қалыптаса бастаған жас сайт. Ақпараттарын Bloomberg, Times секілді ірі басылымдардан және отандық сайттардан алады. Күнделікті қолданушылар саны 100-ден асады.

Блог - patick: Блогиада #17. Нұрлан Жанайдың Интернет-журналистикасы
Интернет-журналистиканың негізгі артықшылықтары туралы сұрағыма:
— Жеделдік, аз шығын жұмсалуы, — деп жауап берді.

Сөзсіз келісемін, бірақ дәстүрлі БАҚ-пен салыстырғанда бір олқы тұсын айтып өту қажет — ол жауапкершілік. Мысалы, газет баспаханадан шығып, халыққа тараған сәттен бастап атылған оқ секілді — бүкіл грамматикалық, орфографиялық, стилистикалық, т.б. қателіктер жіберілсе, сол күйінде таралып, қайтарымсыз кете барады. Ал сайтты кез-келген уақытта түзетіп, тіпті нысанаға іліккен материалды жойып жіберуге болады. Жанай мырза бұл мәселені ақпараттық сайттарды БАҚ ретінде тіркеу арқылы шешу керек деп есептейді (оның үстіне заң «позволяет» — автор.):
— Жауапкершілік мәселесіне келгенде біз мұқятпыз. Жуырда компанияның барлық сайттарын БАҚ ретінде тіркейміз. Заңды тұлға ретінде жұмыс істеу біздің басты мүддеміз, өйткені болашақта мемлекеттік сатып алуларға қатысқымыз келеді. Бұның тағы бір тиімді тұсы — тіркелген БАҚ салмақтылық береді, халық алдында беделің болады.

Интернет журналистика пайда болысымен дәстүрлі баспасөз өкілдері тарапынан біртүрлі теріс, тіпті менсінбеушілік пиғылды байқауға болады. Осындай іштей бәсекелестік қашанға дейін жалғаса бермек? Өйткені, зерттеушілер Интернет-журналистика мен дәстүрлі БАҚ арасында текетірес болмау керек, керісінші бір-бірінің кемшіліктерін толықтыруы тиіс деген пікірде екен. Десек те, Нұрланның ойынша болашақта бәрібір онлайн-басылымдар үстемдікке ие болады:
— Болашақта баспасөз бен Интернет-басылымдар арасында бәсекелестік болмайды. Интернет-журналистиканың үлесі жыл сайын арта түспек. Ақпараттың 80%-на дейінгі үлесі Интернет арқылы таралатын болады.

Осыдан келіп, қарапайым журналистпен салыстырғанда, Интернет-журналистке қойылатын талап та күшейе түседі. Ол жай контент жасаушы ғана емес, сонымен қатар smm-менеджер, seo-менеджер, редактор, корректор, жоба менеджері, дизайнер секілді мамандықтардан қосымша хабары болуы керек. Нұрлан да өз жобаларына тартылған адамдардың барынша әмбебап болғанын қалайды.

«Baikadam Media Group» директорымен әңгімелескеннен түйгенім, Жанай мырза салалық сайттарды дамытқысы келеді. Бұл жақсы да, өйткені ''ақпараттық-танымдық сайттар" қаншама! Ал тақырыптық контентпен айналысатын менеджерлер саны әлі көңіл көншітіп отырған жоқ. Қазір оларда сән әлеміне арналған Kazfashion.kz жобасы іске қосылды. Одан бөлек келешекте театр өнері және медицина туралы ақпарат тарататын жобалар ашылмақ.
Бөлісу:

4 пікір

asaubota
Жігіттерге сәттілік! Ризамын тірліктеріне.
zholantai
BusinessNews.kz. Уот, ұнайды осы жоба.
Спортньюсты ашып не керек еді, аламанды сатқан болса, сатып алып, болмаса аламандағы жігіттермен бірлесі, ары қарай дамыта түспеді екен деп ойлаймын, өйткені, өзі қолданушысы аз кеңістікте жаңа сайт ашқанша, өзіне дейін болған танымалдығы бар салалық сайтты дамытқан дұрыс еді, ну менің ойым,
Ал, жұмыстарына сәттілік, өзіндік бір ретке түскен команда екен,
Соңғы түзету:
SaryQazaQ
Жігіттерге сәттілік