Жан дос: Жандос Құсайын

Блог - abzalsariyev: Жан дос: Жандос Құсайын

Белгілі режиссер, дарынды блоггер, студенттік жылдарымда жатақханада бірге тұрған «старшагым», Құдай қосқан жарымен бірге тәрбиелеп отырған 2 ұлдың әкесі, қысқасы бәрімізге таныс Жандос Құсайынов деген жігіт осы.

Бұл блог-жазбадағы Менің миссиям: танитындар бар, оны бүгін бірінші рет көріп отырғандар бар, Жандосты -
жалпылай және жаңаша қырынан таныстыру.
!!! Бірден ескерте кетейін,
бұл таныстыруда: ақпарат - хабарлама түрінде үшінші жақтан, яғни объективтілік қалып сақтала отырып,
жиналған деректі материалдар Менің сөзіммен таратылады. Сақ болыңыз!!!

«I. Алдымен, тарих...»


1986 жылдың 4 мамырында анасының белін сырқыратып, алпыс екі тамырын идіріп, түннің үшінші бөлігінде (өзінің айтуынша) "өте қарапайым" отбасында жарық дүние есігін ашыпты.
Блог - abzalsariyev: Жан дос: Жандос ҚұсайынБұл ғажайып сәт: Алматы облысы, Балхаш ауданы, Желтораңғы ауылында болған деседі әулетінің үлкендері.
Балабақшаға 10 айында барған екен. Дәл сол кездің өзінен бастап "әнебір" істі өзі жасай беретін болған…
Басында тәрбиешілері «гаршоктың» не екенін білмейтін бұл сүтсоғарды алмаймыз деп үзілді-кесілді қарсылық танытқан. Бірақ Жандостың гаршокпен арадағы өзара «түсіністігін» байқаған соң, бұл жағдай тәрбиешілерге анау айтқандай салмақ сала қоймапты.
Сол ауылдың Дінмұхаммед Қонаев атамыздың атындағы орта мектепке 6 жасында, жаз айында «нөлебойға» барған.
Дәл сол нөлебайда Жандостың өмірінде (егер 72 айды "өмір" деуге келсе), яғни 92 жылдың жазында, ең алғашқы үлкен оқиға орын алады:
Жандос тоққа түсіп, клиникалық өлімді бастан кешкен.
Ауылдағы сыныптастарының айтуынша, Жандос атаман болған-мыс. Мектепті тоқпен қамтамасыз ететін электр бағанына қасына бір топ балдарды бастап барған. Торғай ұстау үшін қолын бір қуысқа тыққан. Болды.
Ары қарай жын ұрғындай дірілдеп сол қуысқа жабысып қалған…
ары қарай автордың өз сөзі:

Сол кезде айналайын, Қуаншөк. Алла бере салған, ауылдағы электрик Дәукеннің баласы боп туылған Қуаншөк! Сол 6 жасар ержүрек бала келіп, қолымнан ұрған кезде тоқтан ажырап, ұшып түскем. Қуаншөкті де тоқ тартқан. Мен өліп кеткем. Алақандай ауыл у-шу. «Нөлебойға» барған 6 жасар бала мұғалімдердің жауапсыздығынан тоққа түсіп өлді. Шетінен сотталады». Сол бір ғасырдан ұзақ 20 минуттың ішінде не істемеген десеңізші маған. Тоқтың уытын қайтармақ болып құмға көмген. Сілкілеген. «Тірілші, өлмеші»,- деп бүкіл мектеп, дәрігер, игі жақсылар қауымы жалынған. Поштада істейтін анама естіртуге ешкімнің батылы жетпеген. Бір кезде Асылхан деген кісі келіп, мойнымнан төмен ыстық құмға көміліп жатқан мені суырып алып, үстіме бір шелек мұздай суды құйғанда, шар етіп оянғам ғой.
Осылайша, Алла Жандосқа бұл дүниенің дәм-тұзын таттпаққа екінші рет мүмкіндік берген екен. Сынып жетекшісі, ботадай боздап тұрып, мән-жайды айтып Жандостың анасына болған жайды жеткізген. Анасы аяқ қолынан әл кетіп, көршілес тұрған мектепке жеткенше он құлап тұрып жетіп барса, тыр-жалаңаш сыныптың ішінде қабырғаны тырнап, ырылдап жүрген Жандосты көреді: көзінің қарасы үлкейіп кеткен, аузынан ақкөбік аққан, шашы тікірейген, түрі кинодағы зомбиға ұқсап тұрған картина. Кейіннен ауылындағы Гүлзира деген дәрігер «жынды»деп диагноз қойыпты: «есі ауысады», «умственный отсталый» болады деп анасының үмітін үзбек болған. Бірақ Анасы үмітін олай оңай үзе қоймапты, арқалап баққан. Табан-саусақтарынан тесіп шыққан тоқтың зардабын тартқан екен. Алайда жынды да, ақылы ауысқан есуас та болмаған: 3 айда құлан таза жазылған. Керек десеңіз мектепті "өте жақсыға" оқыған.
Неге мен 6 жасыма дейінгі өмірімді есіме түсіре алмаймын деп кейін ойлаймын ғой. Сөйтсем, жадым күйіп кеткен екен. Иә, тап солай, күйіп кеткен. Тыр-жалаңаш демекші, кейін сыныптағы Мақпал секілді қыздар ауық-ауық тәубеме түсіріп қоятын: «мақтанбашы, біз сені тыр-жалаңаш көргенбіз!»,- деп. Ех...

«II. Жандостың Жездесі»


Желтораңғы ауылындағы Қонаев атындағы мектепте 8 жыл ғана оқыпты. Кейін Қаскелең қаласына өзі «көшіп» кеткен.
Бұрыннан қалада оқығым келетін. Мені қалаға желіктірген кино. Үнді киносындағы әдемілік пен салтанаттың тек қалада болатынын сезетінмін. Ауылға сыймадым. Қоңырқай, біркелкі тұрмыстан жарылып кете жаздап жүрдім. Ақыры, үйдегілерді көндіріп, 14 жасымда Қаскелеңдегі әпке-жездеме тартып кеттім.
Ондағы Байжанов атындағы орта мектепке қабылданған. Осы кезеңді Жандос «мектеп пен үйдің арасындағы 4 шақырымға жуық жерді жаяу жүріп өту»мен есте қалған екен. Мектепке барады, келеді. Сол жылы мектеп ғимаратынан арыда жатқан еркін күрес залына өзі жеке бастап барып, жазылған. Темекі шекпепті, тығылып дискотекаларда арақ ішпепті. Бірақ өте көңілді, өте ғажайып мектеп өмірін бастан кешкен екен.
Мектепте, өзін қосқанда кеудеден жан шыққанша достықтың туын биік көтеріп жүретін төрт жігіттің бір бөлігін құраған. Қаскелең қаласын ерекше жақсы көреді, екінші туған жерім деп білетін көрінеді. Оның бір себебі: бұл қалада Жандостың Бектен жездесі өмір сүрген.
Ол нағыз жезде еді. Тіпті кейбіреудің ағасы да ол секілді жақсылық жасамаған шығар. Есімде, мектепте «дышы» деген сабақ бар. Құрығыр, соған киіп баратын спортивкам болмады. (еркін күреске не болса, соны іліп кете беретінбіз). Сонда жездем үстіндегі жалғыз киімін шешіп беретін. 14 жасар баламын, 35-тегі үлкен адамның киімін сөлбірейтіп киіп барам. Әке-шешем сонау Желтораңғыда. Анда-санда ақша салып тұрады. Онысы шәпкіге жетсе, нәскиге жетпейтін тиын еді. Бірақ оларды кәналай алмайтынмын. Біріншіден, мені Қаскелеңге ешкім қинап жіберген жоқ, өзім сұранып кеттім. Екіншіден, малдың бағасы түсіп, ұн қат боп жатқан кезең ғой. Қаскелеңде «Секонд хэнд» деген «жаңалық» аштым. Оның бір иісі бар, мүңкіп тұрады. Сыныптың ішін алады әлгі иіс. Бірақ не шара? Білем, кейбір қыздар сыртымнан саусағын шошайтып, мұрнын басып, қыстыға күліп жататын…
Жездемді ұзақ мерзімді дерт шалды. Айлап ауруханада жататынды шығарды. «Жәкейбай, бәрі дұрыс болады. Келер жылы мамаңдар көшіп келеді, сосын қатарға қосылып кетесің» деп жұбататын. Айтқанындай, келесі жылы үйдегілер бәрін тастап, менің қасыма келді. «Осы баланың болашағы үшін...». Жағдай түзелді ғой, бірақ жездеме жабысқан әлгі дерт ақыры оның ажалына айналды. Мен Қаскелеңді ерекше жақсы көрем. Жездекем жақсы еді өйткені.

Блог - abzalsariyev: Жан дос: Жандос ҚұсайынЖамбыл облысына қарасты Отар елді мекенінде әскери қызметте жүрген туған ағасы Айдостың айтуынша:
Жандос бауырым — тік мінезді әрі ақкөңіл, иманды, адамгершілігі мол, адам түгілі тіпті жәндік, жан-жануарға дейін жаны ашып тұратын «аяншақ» жігіт қой. Жігіт болғанда да нағыз жігіт. Мектепте жақсы оқыды. Үйде ерке болатын: үйді жинамайтын, ауыр жұмыстан қашатын. Бір есімде қалғаны: кітапты тым көп оқитын. Сабақтан келе сала, әңгіме айтып отырып та, шәй, тамақ ішіп отырып та: үнемі кітап оқып отыратын. ЖООна грантты да өз күшімен жеңіп алды. Мектепте ешқандай қызбен жүрмеген. Алғашқы қызы да, әйелі де — бір адам!

«III. 17 жас – неткен ғажап жас» немесе «Шымкенттіктер»


17 жасында Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ түскен (2004 жыл). Құжаттарын өзі тапсырып, мамандықты да өзі таңдаған, мыңмен алысып жүріп жатақханадан орын да алған.
Көзім алақтап, 8 жатақханаға келген күні өзімді топ қасқырдың ортасына түскен жалғыз қозыдай сезіндім. Кім қай жерден келіп тиісер екен деп, өзімнен өзім үркіп жүрдім. Ә дегеннен 3 курстың студенттерінің бөлмесіне кеп түстім. Нұрлан, Дәулет, Бекзат, Сержан деген тамаша жігіттер бар еді. Басында әбден сынады. Ыдыс та жудым, төсек те салдым, стол да жинадым. Бірақ біздің арамызда нағыз сыйластық болып еді. Бөлменің кенжесі болғандықтан, олар әлімжеттік жасап, езгіге салудың орнына, көтермелеп, демеп жүретін. Неге мен «шымкентскийлерді» жақсы көрем? Өйткені, мен кезіктірген оңтүстіктің жігіттері қонақжай, мәрт, ұйымшыл, қамқор, мейірбан болды. Менен 3 курс жоғары оқитын Шымкенттің Мақұлбек деген жігіті болды. Бірде сол қасыма келді. «Перваш екенің көрініп тұр. Бірақ әлі бала секілдісің. Қаншадасың?» деді. 17-де екенімді естіген ол жымиып, басын шайқады. «17 жас. Не деген ғажап жас, ә»,-деді.
Алматыдағы әйгілі «Панфилошілер» саябағының жанында, Уалиханов пен Қазыбек би көшелерінің қиылысында орналасқан ҚазҰПУ дың 8-ші жатақханасы Жандостың тағдырындағы негізгі бетбұрыстарға себепші болған жай. Бойына ересектік, ер достық, махаббат, шығармашылық, арман, мақсат атты құбылыстарды дәл осы жатақханада тұрған бақандай 5 жыл ішінде қалыптастырған.
Біз 8 дің (жатақхана) 313 інші бөлмесінде тұрдық. Достарым Рамазан, Азаматтар қазір әр саланың маманы боп, жан-жаққа кетті. Әлгі кіл оңтүстіктің жігіттері болған «старшактарыммен» де қазір аса байланыста емеспін. Алайда сол жатақхана көрші тұрған бір жанмен күнде байланыстамын. Тіпті ол қазір менімен бірге тұрады және екі баламның анасы болып алыпты. Басында анау айтқандай елемейтінмін. Кейін мен бітірер кезде, ол 3 курсқа көшті. Мен 5 жыл тұрған жатақханадан кетіп барам, ал ол қалып барады. Біртүрлі. «Қой, болмайды екен...».
Студенттік жылдарда талай сәтті бірге бастан кешірген, Жандостың жан досы Рамазан "өзіне көптен бері хабарласпай кеткен досы" жайлы (*сәлемдеме деп білгейсің) бүй дейді:Блог - abzalsariyev: Жан дос: Жандос Құсайын
Ол таза эгойст қой Ол! Эгойст Ол!
Әпшәгәда (жатақхана) тұрғанда не ыдыс жумайтын, не тамақ істемейтін. Әйтеуір күреске баратын, бір тынбай қолынан кішкентай камерасын тастамай зыр жүгіріп жүретін. Аз ұйықтап, көп жұмыс істейтін. Жақсы жақтары: шындықты бетке айтады, сыртыңнан сөйлемейді. Одан соң жағдайға қарай төмен еңкеймейді, үнемі басын тік ұстап жүреді. Себебі істің барысын алдын ала ашық жүргізіп, еркін алып жүреді. Батырдың мінезі бар бойында, ұнамаса — шапсаң да жүрмейді, ұнаса — түбімен түсіріп, қопарып жіберетін. Қыздарды жақсы көретін. Айтпақшы әпшәгәда бір қызбен жүрді алдын. Барады екен да «Сен әдемісің, Мен сені жақсы көрем» деп айтады екен да «жоқ» боп кетеді екен. Онысы «несеръезно» енді. Тіпті бір ретінде Өлең де жазған. Бірақ қағазға түсірмеді ау деймін. Сосын, ашулануы тез: қолындағы мен жолындағыны «шағып» жіберетін: талай сотка мен телевизорлар кетті ғой құрбандыққа...
Блог - abzalsariyev: Жан дос: Жандос ҚұсайынБлог - abzalsariyev: Жан дос: Жандос Құсайын
Қызба мінезді, өзінікін «доказать» етпей қоймайды. Ыңыранып, қыңыранып кетеді бірдеңе айтсаң. Бірге бірнеше рет «толпавой» төбелеске барғанбыз. Кез-келген істің соңына дейін барады. Қызықты кездер: Ооой, әпшәгәдан түнде шығып талай ет ұрладық қой. Ол бірақ тамаққа жұмыстан үнемі кешігіп келетін де жыланып отыратын. Сосын тағы бір айтарым: Жандостың ескі достарын танымайды екем: өзі мүлдем айтпапты да. Естуімше Жандос қайбір сыныпта, мектеп оқып жүрген жылдары, бір каникулдың өзінде кітапхананың бүкіл кітабын оқып тауысқан деседі. Онда шамамен 1200 кітап болыпты. Аңыз ба шын ба, әпшәгәда бәрі солай айтатын…
Жандос негізі өз-өзін танып, зерттеп жүретін үнемі. Ол әлі кино түсіреді, түсіргенде қандай кино түсіреді әлі. Кітап та жазады Ол! Ол гитарада ән айта алады: Антонио Бандерасқа еліктейді. Пианино тартады. «Любой» музыкаңды пианиноға сап тартып бере алады Ол! Біреудің жеткен жетістігіне, шыққан шыңына шынымен қызығатын. Ол да сондай болғысы келетін, талпынатын. Қазір ол анау айтады ғой "үлкен дауыл алдындағы тыныштық" деп, сондайда жүр Ол! Ол режиссер болмаса, мықты күресші, болмаса мықты жазба жазатын автор болар еді. Әйтеуір кез-келгенінің түбін түсірер еді.
Той құмалаққа құмар емес: үйдің адамы. Ақшасы болса үйіп «продукты» сатып алып, әпшәгәға кеп тамақ істетіп, шәй ішіп отырып әңгіме айтқанды жанынан қатты жақсы көретін. Иманжүзді, Мені алғаш ораза ұстауға шақырған. Киімге құмар емес, не болса соны киіп жүре беретін. Өзі оқыған физматтың қыздарына клип түсірді, әпшәгә жайлы кино да түсірген. Негізі оның мінезін көп адам түсіне бермесе де Мен оны түсінетінмін…
Айтып тұрмын ғой, тамақ ішкенді жақсы көретін, оның ішінде тәтті тамақтарды. Көрші «А» бөлмеде Семейский Заида деген қыз тұратын. Тамақты "өлтіретін" енді. Сол қыздың тамағын 3 жыл жеді ау деймін. Ақыры үйленіп алды соған. Жұмыс істеп жүріп Хюндай Соната алды. Оның көлік айдағаны бір қызық. Сол көліктің ақыры моторын жабыстырып тынды ғой, май құймай айдап жіберген ғой Ол! Кейін Ауди С4 алды, сосын Мерс 190 мінді...
Блог - abzalsariyev: Жан дос: Жандос Құсайын

«IV. Режиссерлік қызық мол жылдар»


Осы жатақханада жүргенде Еркін Рақышевтің әйгілі, жоқ, өте әйгілі «Жаралы сезімін» түсіріскен. Алғашқы гонорары 1800 АҚШ доллары болыпты. Ойланбастан Нұралы дейтін досының бағанағы көлігін сатып алған. Бір бөлігін анасына апарып беріпті…
Оқу бітірер жылы Құрманбек Қазанбасов (иә, Бауыржан Әбдішевтің хатшысы болған жігіт) «Хабар» арнасына ассистент керек, Сен кино түсірген тәжірибең бар ғой, бағыңды сынап көресің бе» деді. Қайбір кино түсірді дейсіз, бірақ бұл «наглостьқа» қараңызшы, бірден келісе кеттім. Ол кезде «Хабар» арнасының негізгі офисі Алматыдағы Республика алаңында орналасқан болатын. Келдім. Серік Абас шах ағама кірдім. Резюмемді қарады. Кітап оқисың ба деді. «Иә» дедім. Мына бұйрабас өтірік айтып тұрған жоқ па дегендей бетіме қарады. Үнсіздік. Бойым кішкентай. Шашым бұйра-бұйра. Өңім қара. Көзім жылтырап тұр. Білем, шешім қабылдау ол кісіге қиындау. «Бір ай сынақтан өтесің» деді ақыры. Сөйтіп… Сонымен, солай болды.
Блог - abzalsariyev: Жан дос: Жандос Құсайын
Аттас әріптесі Жандос Еспенбет — сырлас досы хақында былай деп әңгіме тарқатты:Блог - abzalsariyev: Жан дос: Жандос Құсайын
Иманды, өте алғыр, айтқан-үйреткеніңді қағып алатын, жаңа ақпараттық технологиялардан үнемі хабарда жүретін азамат. «Хабар» арнасынан үйренгені көп. Сіңірген еңбегі де ұшан теңіз. Сізге танымал «Орталық Хабар», бұрынғы «Сонымен солай дейік», «Дудар-ай» сыңды талай біртуар туындыларға қоюшы режиссер қызметінде тер төккен. Негізі, әу баста Жандос Хабар арнасына қызметке «Кеш қалмаңыз» бағдарламасына ассистент режиссер болып келген. Сырласпыз, мұңдаспыз. Кездесе қалсақ шәй ішіп отырып сол шығармашылық жайлы пікір алмасамыз, бір туындыларды талқылаймыз. Жаны жаңалыққа тіптен құмар. Оның «Давай көрейікші» деп, болмай жатқан істі қолымен сілтеп жіберіп, жаңа бағытта бастап кететін бастамашыл мінезі бар. Сондай жаңашылдықтан ешқашан қорыққан емес. Қызықты жағдай: Ол көлік жүргізуді қатырмайтын. Көлікті әжептеуір жүргізетін, тек, оны күтіп баптауды мүлдем білмейді. Жолда кетіп бара жатып көлігі сөніп қалса, жұрт қатарлы ең болмаса «капотын ашып» моторға бір көз жүгіртудің орнына, оның доңғалағын тепкілей беретін. Бұл оның көлікке қызықпайтындығы шығар. Түгелдей осы режиссерлік, кино саласына берілген адал жігіт қой. Жандос дегенде: достыққа берік, өзіне сенімді, рухани, шығармашылығы қалыптасқан тұлға еске келеді. Шетелдік әйгілі режиссерлерден асып түсетін дүние түсіре алатын мықты режиссер екенін әлі-ақ көрсетеді.

Блог - abzalsariyev: Жан дос: Жандос ҚұсайынКәсіби тұрғыда шыңдалуына, тұрақты қалыптасуына Серік Абас-Шах ағасының ықпалы зор болған. «Өзіңе сенімді бол, көп кітап оқы. Кітап оқымаған режиссер ұзаққа бармайды. Сен болашақ Бидосовсың» деген сыңды ағалық қанатты сөздері кеше ғана жатақхананың дәлізінде жүрген сотқар Жандосқа жігер беріп отырушы еді. Мұрат Бидосов кім десеңіз, ол кісі «Хабар» арнасының бас режиссері. Түрлі халықаралық шаралар, мегаконцерттер, көркем фильмдер мен инаугурация, «Нұр Отанның» жалпы республикалық съезі, ЕЫҚҰ жиыны секілді аса маңызды шараларды түсіретін тәжірибелі һәм беделді маман.
Серік аға үнемі өзінің әзілқой, адаммен араласқыш мінезінен әсте таймайды. Жас демей, кәрі демей, араласады. Еден жуатын тәтәлермен тең дәрежеде сәлемдесіп, күзетшілердің қолын алудан арланбайтын бастық еді. Қазір кім не десе, о десін, бірақ Серік Абас шах қазақ телевизиясы тарихында құбылыс болғанын, келешек ұрпақ үшін де сөйтіп жазылатынын мойындау керек. Әрине, Бақыттас Санитас, Мұрат Бидосов, Шара Дәуірханқызы, Назым Басқынбаева секілді аға-әпкелерімнің де көмегін, маған деген сенімін айта кетуім керек. Олар болмаса, солар сенбесе, үміт артып, жауапкершілік жүктемесе, мен бір айлық сынақтан өте алмай, Қаскелеңге қайтып, базарда арба итеріп жүрер ме едім, кім білсін. Рахмет!

Жандостың өз аузынан:
… Бірде ауылдағы тапшанда шәй ішіп отырғанда, анам киноның ұзақ, тіпті 1 жыл түсірілетінін айтты. Мен таң-тамаша болдым. «Сонда қалай?». «Иә»,-деді анам, — «киноның режиссері, сценарий авторы, актері деген болады. Ой, ол дегенің ауыр жұмыс».
«Бәсе, қалайша Митхун дем арасында киімін ауыстырып үлгереді десем».

… Бірақ мен әрқашан әдемі өмір сүруді, қызыл-жасыл, жалт-жұлт салтанатты жаным қалайтын. Үнді киноларындағы әдемілікті айналамнан көре алмаған соң, сондай сұлулықты кинода жасау керек екенін түсінген кезім сол 10-11 жас шығар. Бірақ уақыт өтті, құндылықтар өзгерді. Өмір кино емес екен. Кино да өмір емес секілді. Алайда, жақсы нәрсе қиындықпен жасалып, жаман нәрсенің жеңіл орын алатыны рас. Бірақ неге ұзақ әрі қиын болса да, әдемі дүние жасамасқа? Жер бетінде мысқалдай болса да жақсылық пен сұлулық жасауға себім тисе деймін. Сол ғой, «кино, кино» деп жүргенім...

… Айтып жүрмін, менің бала кезімнен бергі арманым біреу-ақ болды. Ол – кинорежиссер болу.
Блог - abzalsariyev: Жан дос: Жандос Құсайын
bk
Бөлісу:

22 пікір

MERmukhanov
Жандос Құсайынның Асқар Базарбай туралы деректі туындысын Керекке салуларыңды талап етем!!! Ана казтюб па, соған болса да!
AKY
Гаста туралв деректі фильмін көріп, әбден талантты жігіт екенін байқадым. Уобшым кинорежиссурада табыс тілеймін Жандосқа!
Zhan
Жандостың біз білмейтін қырлары көп екен. Мықтысың-әй, бала!))))))))))
AKA
Супер кейіпкер!  Жазулары жаныңда отырып әңгімелегендей әсер береді, күшті-ақ.
Aya
неге тәртіпсіз муджахидттер сияқты сұқ саусағыңызды шошайтып түскенсіз суретке?)
bizbike
Сол қыздың тамағын 3 жыл жеді ау деймін. Ақыры үйленіп алды соған.

Күшті, керемет! Осы блогерлердің көбі бір өлімнен қалғандар ма деп қалдым. Арманыңа жетуіңе тілектеспін!
Anar70
Бір емес, көбі екі өлімнен қалған ғой, бұзықтар))) Абзал, өте керемет жазғансыз!
Aldeken
Жандосты шын мәнінде таныған (өзім үшін) жазба болды, бұл… Абзал, мадес!
zholantai
Жандостың киносы күтіледі, негізі күтіп жүргенмін, енді тіпті тағатсыздана күтетін болды
Рахмет Абзал, сіңімді пост үшін
sammita
керемет жазылған!
Жандоспен тіпті араласпаймын, танымайтын да сияқтымын. Бірақ! есіме түсті 2007 жылдары (шамамен) виртуалды танысып біраз уақыт пікір алысып едік. студент кезінде. иә, осы Жандос
bizbike
Шашы бар кезде әдемірек екен.
abzalsariyev
Шашты қайтесіз, басты айтыңыз)
Arys_arlany
Алғыр жігіт. Асқар туралы түсірген видеоматериалын қарап отырып, «бәсе, бұлар кім деп» жүрсем, бүгін түнімен түсімде көріп шыққан, артымнан қалмай камерамен аңдып жүрген Хусейн осы екен ғой. (өз ісінің кәсіпқойы)
bigeldi
Ой, Әбеке, мына бір керемет жазба екен. Шынында да керемет! Бейнелеп айтсам: Абайды көтерген — Мұхтар, Мұхтарды көтерген Абайдай болды десем артық болмас. Екеуіңе де биік белес, жарқын болашақ тілеймін! Алға!
bizbike
Осындай жігіттер жалғыз жалғыздан жүрмей, бәрі бірігіп керемет дүние шығара алады ғой. Мысалы, тіпті Жандос пен Асқар екеуі ғана болса да, сосын ана атыраулық режиссер жігіт. Абай жолын сериал қылып түсіріңдерші а. Мықты болып шығар еді.
Marco
Жақсы. Маған ұнады.
ErNur
Танымайм, көрмеген адамым. Бірақ, жақсы бала екен.
ademi_alem
Жазбадағы әрбір сөйлем қызықты.  Бір деммен оқып шықтым.