Сен бақытты болуға лайықтысың!

Бүгін мен Эльвираны бетпердесіз көрдім. Ол сіз ойлағаннан өзгерек...:x


Суреттегі ақпаратты көру үшін суретті басыңыз! :-@d

P.S. Бұл сурет Эльвира Ерғалинаға байланысты белсенді түймеден тұратын 18 ақпарат және 17 видео, 1 аудио файлды қамтиды.


Сурет ішіндегі сұхбаттың жазбаша нұсқасы: l-)

ӘКЕМ ҮЛКЕН БОЛҒАНША АРҚАЛАП ЖҮРЕТІН

Мен көп балалы отбасында дүниеге келгенмін. Төрт ұлдың арасында өскен үйдің кенжесі әрі жалғыз қызбын. Туылуыма екі ай қалғанда Индира есімді әпкем қайтыс болған екен. Сөйтіп мен дүниеге келгенде бәрі мені әлпештеп, мәпелеп, еркелетін өсірген. Ең кіші ағаммен арамыз он жас. Анам қаталдау кісі, мен әкемнің қызы болып өстім. Әкем үлкен болып кеткенімше арқалап жүретін. Әкемнің қайтқанына екі жыл болды. Анам қазір жетпіске таяп қалды, сырқаттанып жүр… Қазіргі уақытта ағаларымның барлығы өз алдына үй болып шығып, әр қайссысының өз бала-шағасы, өз істері бар. Менің тілеуімді тілеп отырған жалғыз анамшым дүниеден қайтса Шымкент жаққа баруымды сирететін шығармын…

АУЫЛЫМА АҚЫН ДЕП ТАНЫЛҒАНМЫН

Мен мектепке бармай тұрып әріп таныдым. Айналамдағы қыздар үлкен болғандықтан, олар «Сабақ-сабақ» ойнап жатқанда солардан үйреніп алып, мектепке барғанымда еш қиналғаным жоқ. Мен мектепте тентек қыз болғанмын. Бірақ әкемнің тапсырмасы бойныша сабақтарымды беске оқитынмын.
Алтыншы сыныптарда өлең жаза бастадым. Ағаларым өлеңдерімді жинақтап, кітап етіп шығарып бергені есімде. Үйде әлі күнге дейін бір-екеуі бар, бірақ жұртқа көрсетуге ұяламын (күліп). Күні кешеге дейін тығып өлеңдер жазып жүретінмін. Кейінгі жазған өлеңдерімді ешкімге көрсеткен емеспін. Негізінен сыныптас, группаластарым мені ақын деп біледі. Ақындығымның арқасында ауыл, аудан, қалалықтан өтіп Республикалық жарыстарға қатысып жүрдім, Абай оқуларына барып келгенмін. Ол кезде мектеп тарихында ондай болмағаннан соң, ауылға ақын қыз болып танылып, ауылдың бәрі «Эльвира», «Эльвира» деп шулап жүрді. Оқушы кезімде мұғалімдерімнің барлығы мені жақсы көретін…
Кішкентайымнан ерке болып, қашанда адамдардың көзайымы болып өскеннен соң қазірдің өзінде үлкейіп кетсем де, кішкентайымнан үйреніп қалған сол назарды қалап тұрамын. Әлеуметтік желілерге суреттерімді де көп салатын себептерімнің бірі сол. Ерке болып өсіп, балалық шағым балдай өткенімен, мектеп бітіргеннен кейін оның бәрі сол күйі ауылда қалып кетті.

ЖУРФАКТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕМТИХАНЫНА ҚАТЫСА АЛМАДЫМ
Мектеп кезінен жазу-сызуға жақын болғаннан соң, сол кезден бастап журналист боламын деп ойлайтынмын. Мектеп бітіргеннен соң Алматыға кеттім. Бұл жақта журналистикаға тапсыру үшін алдын ала емтихандар тапсыратындығын білмегендіктен, қалып қалған екенмін. Журналистикаға жақын ғой деп филологияға тапсырдым. Сөйтіп жатақханаға келіп орналасып, өте қызықты басталған студенттік өмірім басталды.

МІНЕЗІМ АУЫР
Менің мінезім өте ауыр. Өте қырсықпын. Мінезімнің ауыр екендігін жақсы түсінемін. Сол қырсықтығым өмірімде көп қателіктерге ұрындырды. Сол үшін достарым теріс айналып кетіп жатты… Өйткені мені ешкім түсінбейді. Кейде өз-өзімді түсінбей қалып жатамын.

ДОСТАРЫМ АЗ
Мектеп кезінен менде тұрақты дос болған емес. Мүмкін қыздар жағынан тұрақты дос болған жоқ дегенім дұрысырақ болатын шығар. Ағаларымның арасында өскеннен кейін бе екен, маған негізінен қашанда жігіттермен достық қарым-қатынас орнату оңайрақ еді. Ал қыздар қашанда жанымда көп жүргенімен, ұзаққа тұрақтамайтын. Алдында айтқанымдай мінезімді көтере алмай қалады. Өйткені мен тік адаммын.

СОЛ ҚЫЗ АУРУЫМДЫ АЛЫП КЕТТІ ДЕП ЖОРЫДЫМ
Алғашқы жұмысым дипломымды қорғағалы жүргенде «Алматы» телеарнасынан басталды. Бірақ үш ай тағылымдамада, жұмыссыз жүре алмайтындығымды түсініп ол жақтан кетуге мәжбүр болдым. Сөйтіп бір группаласымның шақыруы бойынша супермаркетке сатушы болып түнгі сменаға жұмысқа орналастым. Күндіз диплом, түнде жұмыс істеу өте қиын болып, супермаркеттегі жұмысымнан айлығымды да алмай шығып кеттім. Сөйтіп жүріп дипломымды қорғадым. Университетті бітіргеннен кейін жұмыс табылған жоқ. Үйдегілер ақша жіберіп тұратын. Жұмыссыз жүріп, не әрі емес, не бері емес болып қиналып жүргенімде күзде әкімшілік жанынан құрылып жатқан бір компанияға аудармашы болып жұмысқа тұрдым. Жұмысым да, әріптестерім де өте жақсы еді. Енді бәрі орнына түсті-ау дегенде күздің соңына таяу бүйрегім ауырып, емханада қысымым қырық градустан түспей қатты қиналып жаттым. Қыста түсімде қайтыс болған группалас қызымды түсімде көріппін. Ол меннен бір аяқ киімімді сұрап келген екен. Сөйтіп мен түсімде «Бір аяқ киімді қалай киіп жүресің екеуін де ал» деп, оған қоса аяғың қажалып кетпесін деп «капрон» колготкиімді де қосып беріп жібердім. Таңертең оянсам, ауруымнан толық айығып кеткен екенмін. Таң қалдым, сол қыз ауруымды алып кеткен екен деп жорыдым…

ҚҰДАЙ САҚТАП ҚАЛДЫ
Қыс өтіп көктем келді. Өмір өтіп жатты. Ол кезде Алматыда көп қабатты үйлердің төртінші қабатында тұратын едік. Бір күні үй жинастырып жүргенімде абайсыздан терезеден құлап кеттім. Құдайдың құдіретінің арқасында аман қалып, қазір жаныңда отырмын.
Ол уақытта менің омыртқам мен аяғым сынған екен. Есімді реанимацияда жинадым. Ол жақта өткізілген бірнеше операцилардан кейін, енді жүре алмайтындығымды айтты. Мүгедек болып қалғаннан гөрі өліп қалмадым ба деп жылаумен күндер өте берді. Сол жатқаннан сегіз ай жаттым. Сегіз айдан кейін біртіндеп отыра бастадым, ары-бері аунайтын болдым. Ең алғаш рет аяғыма тұрғанда жүруді ұмытып қалған екенмін. Аяғым жәй сүйек болып қалған, өзімді жаңа туылған сәбидей сезіндім. Біртіндеп қадамдар жасай бастадым. Дәрігерлер омыртқамды емдей беріп, аяғымды ұмытып кеткен екен. Гипсты шешкенде аяғымды қисайтып басатын болдым. Сыртқа шықсам адамдар маған біртүрлі қарайтын… Бұрын «Эльвира» деп ортасынын гүлі болып жүретін қыз бір сәтте аяғы ақсақ, қорқақ, ұяң қызға айналып шыға келді.

АЙҚАРАКӨЗДІ АШУ АРМАНЫМ БОЛДЫ
Жүре алмай төсекке таңылып жатқаннан соң, достарым, группаластарым келіп-кетіп жүретін, ол кезде агентті қолданатын уақытымыз. Құр жатпай оқып жат деп агенттен түрлі сайттардың сілтемелерін жіберіп жүретін. Ермұхамед Мәулен деген группаласым өзінің футболға арналған «Aladop.kz» деген сайт ашқалы жатқандығын айтып, сайтын көрсетіп тұратын. Сол кездерден бастап мен қыздарға арналған сайт ашқым келіп жүрді. Оның қалай болатындығын бәрін ойластырып қойған едім, бірақ жоспарымды дүниеге келген жоқпын. Сөйтіп жүріп on.kz-ке тіркеліп, блог жаза бастадым. Үйде жатқан адамға блог кәдімгідей ермек болды.
Біраз уақыт өткеннен соң ойымда жүрген сайтымды аштым. «Айқаракөзді» халық жақсы қабылдайды деп ойлағанмын. Онда қазақ қыздарын бұзу деген сынды ойлар болмады. Ол кезде орыстың қыздарға арналған сайттарындағы дүниелерді қазақшаға аударып сала берген едім. Жазба біздің менталитетке келмейтіндігін ойламаппын. Бірақ адамдар сол жазбалардан кейін бітті «Бұл бұзылған қыз» деп сыртымнан жаман атты етіп қоя берді. Енді-енді өмірге жаңа көзқараспен қарап келе жатқан маған ол қатты психологиялық соққы болды. Сол үшін көп жылайтынмын. «Аузың толған қан болса да, дұшпаныңа көрсетпе» дегенді ұстанып етіп, алдымнан кезіккен қиыншылықтарды жеңіп шықтым.
Уақыт өте келе Аршаттың айтуы бойынша Керекинфоға тіркелдім. Ол жақтағылар мені жылы қабылдады. Содан кейін алғаш рет Блогкемпке Астанаға келдім. Жаңа достар таптым, жаңа орта таптым. Кәдімгідей көңілім бөлініп, бұрыңғы күйзелістен шыға бастадым. Сөйтіп блог жазудың қызығына түсіп, блогерлер сынды қызық нәрселер жазғым келді, солар сынды көп лайк жинап, көп пікірталас туындайтын посттар жазғым келді.

КҮЙЗЕЛІС МЕНІ ХЭНДМЕЙДКЕ АЛЫП КЕЛДІ
Емделіп жүріп жұмыс істеп жүрдім. Адамдардың аяғыма қарай беретінінен мен күйзеліске көп түсетін болдым. Сол күйзеліс мені хэндмейдке алып келді. Өйткені құр отыра берсең өзіңді оймен жеп қоясың. Ал бірнәрсе жасап отырсаң кішкене жеңілдеп қаласың ғой. Солай солай хэндмейдпен айналысып жүрдім. Алғашында оны тек өзім үшін ғана жасайтын едім. Инстаграмға соңғы 1-2 жылда ғана сала бастадым. Тәжірибе уақыт өте келе жинала береді ғой, кейінінен интернеттен түрлі нәрселерді көріп, оған өз идеямды қосып жаңа хэндмейд заттарын жасай бастадым. Менің заттарымды инстаграмнан көрген оқырмандарым өздеріне де сондай әшекейлер жасап беруімді сұрап жүрді. Сөйтіп мен жасаған заттарымды сата алатын жағдайға жеткенімді түсіндім. Одан кейін оны бір бренд етіп қалыптастырсам, керемет етсем, былай істесем, былай істесем деген үлкен армандар болды. Бірақ бәрі қаржыға келіп тірелді.

ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНДІМ
Күндердің бір күнінде Аршат жаңа жоба ашылайын деп жатқандығын айтып Астанаға шақырды. Оның алдында Аида деген қыз KazTube.kz-ке шақырып жүрген болатын. Алайда өзім енді жазылып келе жатқанда Астананың суығынан ауруым асқынып кетеді ме деп қорқып жүрген едім. Аршаттың ұсынысына қызығып, содан екі жұмысымды біріктіріп Астанаға жол жүріп кеттім. Астанаға келгеніме өкінбеймін. Астана маған жаңа мүмкіндіктер сыйлады, жаңа мақсаттар қойып берді, армандарыма ұмтылыс беріп, өзіме деген сенімділігімді қалыптастырды. Астанаға келгеннен соң KazTube пен Мұнарада қатар жұмыс істеп жүрдім. Казтюбтің контентін толықтыру керек болған кездерден бастап біртіндеп өзіме қызық деген тақырыптарда видео блогтар түсіре бастадым. Біраз таныла бастағаннан соң әлеуметтік желілердегі достарымның саны да арта бастады. Олардың саны артқан сайын өзіме деген жауапкершіліктің де артқанын байқап, бұрыңғыдай кез-келген нәрсені жаза бермейтін болдым. Көбісі маған «Астанаға барып есейіп кеттің», «Қазір бұрыңғыдай ойыңа келгенді жаза салмайсың» деп жатты сол кезде. Мүмкін есейгендік те бар шығар, бірақ мен өзіме деген жауапкершіліктің көп екендігін түсіндім деп ойлаймын.

БЛОГИАДАҒА ҚАТЫСУҒА ҚОРЫҚТЫМ
Блогиада іріктеу басталғанда Нұрберген, Асқар, Димаш сынды қанша жылдық тәжірибесі бар адуынды блогерлер қатысатындығын біліп, қатты қорыққанмын. Өйткені солардың жанында ешнәрсе жаза алмай ұятты болғанша, қатыспағаным дұрыс деп шештім. Сол кезде Аршатпен бірге жұмыс істеймін. Ол «Ешнәрседен қорықпа, көр. Не боларын ешкім алдын ала білмейді. Дым болмаса тәжірибе жинайсың. Егер оналтылыққа өтіп жатсаң оның өзі жақсы» деген болатын. Сомен мен қатысушы атанғаннан соң енді көп еңбектің, ізденістің қажет екендігін түсіндім. Сөйтіп алғашқы постымды қатты ізденіп, толғанып-толғатып жүріп жазғаным есімде. Жақсы ұпай алуым мені одан сайын шабыттандыра түсіп, бір шыққан биігімнен түсіп қалмайын деп тырмысып келе жатырмын. Қиын тақырыптарға баратын себебім ол да бір азғантай болса да бонус қосатын шығар деген ой. Блогиада маған үлкен мектеп болды. Көп нәрсе үйрендім. Блогиадаға жасап жүрген жұмыстарым арқылы қазіргі уақытта журналистикаға өтіп кеттім. Бүгінгі күні менің өзіме ұнайтын эксперименттер, тәуекел ету туралы репортаждар жасайтын жобаға жұмысқа орналастым.

АЙҚАРАКӨЗ САТЫЛАДЫ
«Айқаракөз» сайты менің Айқаракөз атануыма, атымның танылуына септігін тигізді. Сайт ашылғанда мен оған қаржы көзі ретінде қараған жоқ едім. Одан кейін оқырмандар саны 5000 мыңға жеткенде табыс табуды ойлай бастадым. Сөйтіп 1-2 жарнамадан аз-маз ақша тапқанмын. Бірақ одан кейін менің қызығушылығым басқа жаққа ауып кетті. Сөйтіп сайт жаңартылмай қалды. Өзім анда-санда қолым тигенде айына 1 реттен материалдар салып отырамын. Жазғы салбырлық бар, Блогиада бар сондықтан мүмкіндік болып жатса оны сатқым келеді. Оған бірінші себеп сайтты шарықтау шегіне жеткіздім деп ойлаймын. Қазнеттің оқырмандарының қандай тақырыпқа қызығатындары анықталды деген сияқты (күліп). Мені осы дәрежеге дейін жеткізген «Айқаракөз» болса, енді менің алға жылжуыма кедергі келтіретін «Айқаракөз». Сондықтан мен қазір өзімнін алға қойған мақсаттарыма қол жеткізгім келсе, «Айқаракөзді» өзге иесіне табыстауым қажетпін деп есептеймін.

ШАШЫМДЫ ЖАСЫЛҒА БОЯП АЛАМЫН
Өзім эксперимент жасағанды жақсы көремін. Әйел адамның жан дүниесінде немесе жеке өмірінде өзгеріс болатын болса ол шашына тиісе бастайды. Бірақ менің шашымның жиі өзгеруі менің тұрақсыздығымды білдірмейді. Өйткені шашымның менің жеке өміріме қатысы жоқ. Мүмкін басымдағы «тарақандарым» сондай тәртіпсіз бе екен… (күліп) бірдеңкені өзгерту қажет болса жылдам қол жеткізетін өзгерістердің бірі ретінде шаш үлгімді өзгертемін. Шашымның түсін, үлгісін өте көп өзгертетін адам ретінде байқағаным… Халық сары, қоңыр түсті шашқа да, ұзын, қысқа, тақырбас шаш үлгілеріне де үйреніп қалған. Соңғы шаш үлгімді қазір жұмыс істеп жатқан жатқан жобамда «Қарапайым қыздан жұлдызға айналу» деген тақырып аясында репортаж жасап, эксперимент жасағанбыз. Бұндай қызғылт түске шаштарын негізінен батыстықтар мен орыстың әйелдері бояғандықтан, қасы-көзі қап-қара болып шашы қызғылт қызға халық көп назар аударды. Көшеде кетіп бара жатсаң бұрылып қарайтындар көп еді. Қазір қызғыл түс кетті, енді шашым сарғаяды. Содан кейін шашымды жасылға бояп аламын (қалжындап, күліп)

САТЫБАЛДЫ АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫҢДЫ ТАПТАТПА
Негізі «Эльвиризм» деген шаблонды маған тағып қойған Сатыбалды Кербабаев болатын. Менің жәй әзіл болсын, жұрт әлеуметтік желілер арқылы дін мен саясаттан өзгеде нәрселерді талқыласыншы деп қалжын әңгімелер жазып жүретінмін. Мысалы, өйткенде «Жайдарманның» туған күнінде «Ас атасы нан, ал апасы кім?» дегендей. Соны Сатыбалды «мақалдарды өзгертіп айтатын, жоқ жерден прикол шығарып жүретін, күлкілі болмаса да күлкің келетін жазбаларға «Эльвиризм» деген атау тағып берді. Одан кейін ол достарымның, блогерлердің арасында қалжын болып жүрді де, бірде Алмас Тоқабаев оны «лайк» жинау үшін бәріне баратын деді ме, әлде өзінің суреттеріне көп «лайк» жинағыш деді ме сөйтіп жазып шығарған болатын. Негізі оның анықтамасы қате. «Эльвиризмнің» авторы Сатыбалды болғандықтан Сатыбалдыға авторлық құқығының тапталуына жол бермесііің дегім келеді.
Шындығында оның бәріне әзілмен қараймын. Өйткені менің қылықтарыма күлетін, әзіл ететін тұстары бар болса, демек менің жалпы сары массадан ерекшелігім бар деген сөз.
Бөлісу:

29 пікір

aikarakoz
Құдай-ау, мен соооондай күшті адам екем ғой, жыладым
P.S. Пікір жазуға рұқсат бергенің дұрыс болды
MamaAya
Не деген жұмыс мынау?!
Не деген керемет қорғап шыққансың, Айнұр?!
Эльвира не деген жан-жақты едің?! Тіл-көзім тасқа, кереметсіңдер!!!  Алға!
MERmukhanov
Форма сұмдық енді
Daniar-Alan
Уа ча! 10 қоймай көріңдер ал  жұмыс +10
MERmukhanov
Жандос пен Айнұрдікі осы турда семіз ондықтар ғо
Korkem
Мәссаған, кітап оқып отырмын мен…
madlen
Элямен танысканыма, талай кызыктарды бирге коргениме и жаксы курбым болып кеткенине куанамын сондай)

Ешкимге уксамайды, тез ренжип, онысынан тез туседи. Сондай аума токпе)

Эля, сен куштисин! Денсаулыгына карашы тек.
aikarakoz
И жаным сол! Рахмет!
asaubota
rakisheva ның арқасында сайтқа thinglink.com қызметі де қосылды
AKY
Ифон жайлы бәрін білемін ғой десем де қыруар еңбек, тамаша кейіпкер. Бірінші рет танып тұрғандаймын
ofnur
Жылядым. Аман бол, қалқа!
Zhan
Өзің айтқандай, расында рухың мықты, ішіңде өжет Эльвира бар екен. Аяғыңның сынғаны ваще білінбейді. Маладец, тек қана алға!!!
aikarakoz
Рахмет, жан! Аяғым қазір жазылды ғой, шүкір
edige
Жынды деген анықтамаң жоқ па? /Әзіл/
Мынауың «Жындыыыыыыыыы» гой
sammita
ерекше форма
Эльвира жаным, тек алға
aikarakoz
Иии, рахмет, көкесі
zholantai
авторға да кейіпкерге де респект,
тәнтімін
AidaKali
 гүчт қыздар керемет ұснылым болды
Эля, Жеті өнер де аз қыздарымыздың бірі ғой қазнеттің
Эльвирачканың жауаптары сабырлы салмақты қыздың жауабы, тіпті еркелігіде, суреттеріде(жиі салып тұршы) жарасымды. Тәтті қыз
aikarakoz
Күніне 5-6 сурет салып жатырмын ғой, жаным-ау  Рахмет  Жақс көрем
abzalsariyev
Ерен еңбек, мықты кейіпкер, ұтымды, жаңаша дизайн!
Маддес!
aikarakoz
Жан-жақтан шапалақ ұрып, гүл лақтырып, ысқырып жатыр. Жарықтар жарқ-жұрқ. «Эльвира, жарайсың, мадис, күшті, мықты» деп жатыр. Иә, шынымен осы турда өзімді қызыл кілем үстімен жүріп өткендей сезіндім
MamaAya
Қызыл кілемде жүресің! Бұл-кіріспесі ғой  
Соңғы түзету:
Abilakim
Қайта-қайта оқығың келетін жазба екен. Кейіпкерді түрлі қырынан танып, сүйсініп отырмын
ademi_alem
Төртінші қабаттан құлап, Құдай сақтаған екен. Тәні саудың жаны сау, ендеше ендң ешөашан денсаулығыңыз сыр бермесін! Жазба авторы, жарайсыз!
SaryQazaQ
Өмірі тылсымға толы екен) Аман болш
Айнұр, брауо