Культ көліктер хит-парады. Шайтанарбадан ұшаққа дейін

Блог - Gastarbaiter: Культ көліктер хит-парады. Шайтанарбадан ұшаққа дейін
«400 аттың күші ойыншық па саған, а?! Бір тонна артсаң да, мыңқ етпейді менің „Доджым“. Тіпті бар ғой, кранды сүйреп шығарады батпақтан». Өзінің ерекше құрмет тұтатын, көңілінде өшпес із қалдырған көлігі туралы сұрай қойып едім, Канадалық бастығым, әдетінше, көліктерінің техникалық сипаттамаларын тізе жөнелді. Карданды коленвалдан ажырата алмауым себепті, Митчтің тізіп шыққан техникалық егжей-тегжейлеріне «па, шіркін!» деп, тамсануға біраз күш жұмсадым. Оған қоса, кранды сүйреп шығарудың күнделікті қажеттілігіне де күмәндандым. Дегенмен, Митчтың әңгімесі, соншалықты зеріктірмеді: кейбірі өзімнің естеліктеріме тұздық болса, кейбірі асып түсті. Әсіресе, арқасы қозып кеткенде, өзінің 80 мың долларлық пикабын "Қызтартқыш магнитім менің" деп еркелеткен жері еріксіз жымитты. Митч және оның «Доджы» сізге қызық болса, алдағы абзацтарда тағы бір кезігерміз, ал әзірге тек мынаны біліңіз — төмендегі тізімде, көліктерді тек есіме түскен реті бойынша ғана орналастырдым. Ал қай көліктің бұл хитпарадта оза шапқанын анықтау, қадірменді оқырман, өзіңізге бұйырсын.




1. Үш аяқты «Балдырған»



Инженерлік данышпандықтың бұл кереметін теппеген қазақ баласы жоқ шығар. Ал оның шетелдік аналогтары бүкіл әлем балаларының алғашқы көлігі болды. Әу баста ересектерге арналған үш аяқты велосипед, міне еш өзгеріссіз 150 жыл 2-4 жас аралығындағы балалардың аяқтарын қатайтып, қосаяқты көліктерге дайындау қызметін атқарып келеді. Ал Қарағандыда шығарылатын өзіміздің «Балдырғанды» дүкендерден әлі де көптеп табуға болады. Мына суреттердің уақыт айырмашылығы шамамен 30 жыл. Суреттегілер маған кім боп келетінін бірінші әрекеттен таба аласыз ба?

Блог - Gastarbaiter: Культ көліктер хит-парады. Шайтанарбадан ұшаққа дейін




2. Торы құнан


Таң ағармастан тұрып алып, Сайын көкем Торыны ерттеп, жалын темір тарағымен тарап, «Балам мінеді» деп, дайындап қоятын. Торыға қамшы жұмсағаным есімде жоқ. Үш жасқа толар-толмас Торыны құлағының асты көпіргенше шауып, кейде өмірімде көрмеген, бейтаныс шалғайларға лағып кететінім бар-тын. Сәйгүлігімнің бір жақсы жері, үйге қайтарда автопилот режимі қосылатын, жүгенді бос қойып, арқасына жатып, мызғып алам дегенше, бірер шақырым аптығын басып, үйге өзі әкеліп тастайтын. Жүгенін де бұрылғанда сирек тартушы едім. Аса сезімтал, тақымымның ырғағына көнетін, аяңдаса жорғалай жөнелетін, жамбасқа жайлы пырақ еді. Ал үстінде отырғанымда, мен өзімді Керқұла атты Кендебай емес, неге екені, үндістердің Апачи тайпасының ізкесері сезінетінмін. Шамасы, Вестерн киноларын көп қөріп қойсам керек.
«Торка» деп еркелетіп, уыс-уыс қант беріп, билете алмасам да, ысқырғанымда тонадайдан ойнақтап, шауып келетін жануарым ағамның үйлену тойында құрбандық болды. «Көлік» деп атауға да қимаймын өзін.

Блог - Gastarbaiter: Культ көліктер хит-парады. Шайтанарбадан ұшаққа дейін





3. Шайтанарба


Велосипедті «шайтанарба» деп нендей қисынға жүгініп атайтынын түсінбеймін. Алты оқып жүрген кезім-ау деймін көршінің «Урал» велосипедін мықшыңдап астынан айдауды мәртебе көретінмін. Ол кезде «Уралға» секірмес бұрын балалар «Орленок» мінетін. «Орленок» велосипеді ересектерге арналған «Уралды» үстінен айдап, өзіңді нағыз еркек сезінудің алдындағы бір саты еді. Рамасы жоқ "қыздарски" велосипедтерді айдап масқара болғаннан көрі, кішкентай болса да, «Орленокты» айдау жігітшелеу көрінетін. Бір күні әкеме сол арманым жайлы қолқа салдым. Әкем велосипед емес, маған «Рига» деген мопедті қарастырып қойғанын айтты. Қуанышымда шек болмас па еді, әттең, мен көршінің түрлі-түсті катафотпен, кір қыстырғышпен картон қағаздан жасалған «пырылдағы» бар, бау-шашақпен сәнделген ескі велосипедіне ғашық болып қалыппын. Әкем, әлбетте, ескі көліктің сықпытын көріп, бұл қоқысты алып бермейтінін айтты. Дегенмен, менің қырсықтығым мен көршінің туа бітті маркетингілік таланты әкеме әлгі велосипедті өткізіп тынды. Иә, біресе бір жері, біресе екінші жері бұзылып, ақыры қирап тынғанша, екі айдай айдадым. Өмірінің басым бөлігі гаражда шашылған күйі өткен бұл темірдің кесегі велосипед емес, расында да, барып тұрған «шайтанарба» атануға лайық еді.
Блог - Gastarbaiter: Культ көліктер хит-парады. Шайтанарбадан ұшаққа дейін





4. Пикап


Әңгіме қызбен танысудың оңтайлы жолдары туралы емес, көлік жайлы екенін түсінген боларсыз. Пикаптарды Қазақстанда Мұнай компаниялары барынша кеңінен қолданады. Ұзақ жылдар Тойота Хайлюкс маркасымен тіресіп келген «мицубисилер» Қазақстанның өндірістік нарығында ақыры жеңіліп тынды. Тойотаның бүгінде дәуірлеп тұрған ақ түсті акулалары Ақтаудан бастап, Қызылордаға дейінгі кен орындарының барлығын дерлік кезіп жүр. Менің талай сағат, талай тәулік жұмыс уақытым пикаптың осы маркасында өтті.
Айтпақшы, Митчтың «Доджына» да бір ауық кезек бере кетейін.
Әлгі «400 аттың күші бар» деп мақтаған көлігі бастығыма оңай келмепті. Баспанасын, дәлірегі өзі тұратын трейлерін осы алпауытты алу үшін сатып жіберіпті. Үйсіз-күйсіз қалған Мәкең өзінің пикабының ішінде қонуға да мәжбүр болған. Бір күні бір мұнай компаниясына «жалға ала ма екен» деп сұрау сала қойса, компания да келісе кетіпті. Сөйтіп, көлігі бір жыл ішінде жұмсаған ақшасын еселеп қайтарып, жыл соңында тәп-тәуір баспана алатын жағдайға келіпті. Бірақ бәрібір, Қазақстанда «Додж» маркалы пикаптар «Хайлюксты» ығыстыра қоюы екіталай.

Блог - Gastarbaiter: Культ көліктер хит-парады. Шайтанарбадан ұшаққа дейін





5. Ту-154

Бірде әкем үш-төрт жасар мені таң атпастан тұрғызып алып, киіндіріп жолға алып шықты. Егжей-тегжейі есімде жоқ, бірақ Ақтөбенің әуежайы ғой деймін, менің алғаш Туполев туындысының 154-ші моделін көрген кезім. Ол кезде оның моделін де, тарихын да білмеймін. Тек ұшақты оған дейін мультфильмдерден ғана көрген мен үшін сол сапардың қатты әсер еткенін білемін. Ұшақтан түсерде, отырған орындығымда жарты литрлік шыны бөтелкедегі минералды суым қалып қойыпты. Есіктен шығарда дүйім жұрттың көзінше: «Бапа, арағымыз қалып қойды!» деп айқайладым. Шөлмектерінің ұқсастығы болса керек: "...әкемнің тойларда тост айтып, ішіп жүргені менің суыммен бірдей" деп ойлаппын.
1983 жылы Гурьев (қазіргі Атырау қаласы) пен Шевченко (қазіргі Ақтау қаласы) әуежайлары кеңестік Ту-154 ұшақтарын алғаш қабылдай бастады. Ту-154 Кеңес Одағында, әсіресе Қазақстанда бұған дейін Қарағанды, Алматы қалаларынан ұшатын, ең кеңінен тараған реактивті, адам тасымалдайтын ұшақ болды. Бұдан ірірек, әрі кең қолданыстағы ұшақ тек Ил-86 ғана болатын. Кейін Ту-154 ұшақтарының орнын «Боингтың» ескі модельдері алмастыра бастайды.
  • 1980 жылы шілденің 7-нен 8-не қараған түні Ту-154 ұшағы 150 метр биіктікте бір жағына қарай қисая кетті. Экипаж ұшақтың бұл кінәратын түзеткенімен, биіктіктікті ала алмады. Алапат күшпен жерге соқтығып, бидай алқабына түскен Ту-154 быт-шыты шығып қирады. Оның бөлшектері 4 үйдің тас-талқанын шығарды. Бұл қайғылы жағдайдың нәтижесінде жерден ешкім мерт болмағанымен, ұшақ экипажы мен жолаушыларды қосқанда, 166 адам көз жұмды. Ал Алматы маңында болған бұл апат әлі күнге дейін Қазақстан тарихындағы ең үлкен әуе апаты болып саналады. (~http://www.avsim.su/)

Блог - Gastarbaiter: Культ көліктер хит-парады. Шайтанарбадан ұшаққа дейін





6. Лифт


Осыдан тура 155 жыл бұрын электр тоғымен қозғалатын лифтіні Э. Г. Отис патенттеп алғанын білесіз бе? Ал ең жылдам лифт Тайванның астанасы Тайбэйде орналасқан 106 қабаттан тұратын TFC 101 Tower ғимаратында орналасқанын ше? Ол лифт сағатына 96 шақырымға дейін жылдамдық алатынын ше?
Тап солай мен де Ақтаудан Алматыға LG International корпорациясының өкілдігіне «жобалар бойынша менеджер» қызметіне ауысқанымда, міндеттіме LG және Sigma зауытының отандық құрылыс компанияларына сатқан лифтілеріне қатысты мәселелерді қадағалау кіретінін білмеген едім. Бір қабатты жер үйде өскен ауыл баласы, лифт туралы бар білгенім — ол төмен сырғығанда секіріп қалсаң, бір сәт космостағы салмақсыздық сияқты бірдеңені сезуге болатыны еді. Одан әрісі — лифт тұрып қалғанда "қоңырау" белгісін басу керектігін ғана білетінмін.

Кейін түсінгенімдей, лифт әлденені бір этаждан екінші этажға тасымалдайтын вертикалды паром ұғымынан әлдеқайда күрделірек түсінікті қамтиды екен. Заманауи лифтінің қиял жетпес үлгілері болатынын және оның техникалық сипатының өзгешелігіне қарай шексіз түрлерге бөлінетінін осы мекемеде өткен 8 ай ішінде білдім. Оны өңдеп шығаратын зауыттар мен орнататын фирмалардың табатын қыруар пайдасы өз алдына. Өзіңіз қараңыз, ешқандай артық қосымшасыз, көпшік-көрпешесіз 4 кісілік жалаңаш лифтінің ең арзаны, жуық шамамамен, 30 мың АҚШ доллары тұрады. Бұл тек сатып алуыңыз ғана. Ал орнатуға осы ақшаның жартысы кетері анық. Әгәрәки, құрылыс нысаныңызға дыбыссыз, көз ілеспес уақытта қажетті этажға жеткізетін, бір уақытта 8-10 адам тасымалдай алатын түрін алғыңыз келсе, әр лифт кабинасының бағасы 120-130 мың «бакстан» басталады.

2006 жылы шарықтау шегіне жеткен елдегі жаппай құрылыс бумының аясында, көк сомның қалың да, тәтті масағын комбайнша орған лифт нарығындағы көшбасшылар тәбетін 2007-ші жылдың аяғында келген экономикалық дағдарыс тыйды.

Пақырыңыз қырсық шалғанда тап осы кезеңде жұмысқа түскенін айтсайшы. Тап мен келген тұста, Корей фирмасының өкілдігі банкроттың балдыр батпағына бойламаудың барлық жолдарын қарастырып жатты.

Блог - Gastarbaiter: Культ көліктер хит-парады. Шайтанарбадан ұшаққа дейін"Қазақстанда сұранысқа ие болады-ау" деген технологиялар нарығына қарқынды сараптама жүргіздік. Алматы қалалық әкімдігіне бұқаралық көліктердегі төлеу жүйесін автоматтандырудан бастап, бірнеше қабатты автотұрақ карусельдерін орнатуға дейін ұсындық.
Еңбек еш кетті. Жобамыз қолдау таппай, басқа шалажансар ұсыныстармен бірге, шаң басқан архивтердің қойнауына тығылды.

Жанталасқан өкілдік, тіпті, бүгінде танымал болған электр қуатын үнемдейтін шам сияқты өнімдерді нарыққа тықпақ болды. Маркетингілік сараптамамыз бұнда да еш қуантарлық нәтиже бермеді. Ақыры басшылық жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр болды. Әлбетте, қатарға соңынан қосылған мен бірінші болып ұштым. Осылайша менің лифтілердің сиқырлы әлеміне саяхатым қыршынынан қиылды.

  • Иә, айтпақшы, Астанада орналасқан Көлік және коммуникация министрлігінің ғимаратында һәм Асыл тас кешенінде құрылған лифтілер — Sigma зауытының төл туындылары.


Блог - Gastarbaiter: Культ көліктер хит-парады. Шайтанарбадан ұшаққа дейін





7. «Урал» мотоцикл


Қапталында арбасы бар «Урал» арты қайырлы болғыр Кеңес үкіметінің мынау күнәһар жалғанға «кесарь тілігі арқылы» әкелген, артқа жүре алатын, төрт тактілі жалғыз ауыр мотоциклы ғана емес, сонымен қатар, марқұм әкемнің «кеңестің кеңшілік заманында» 400 сомға сатып алған көлігі. Қазіргі байкерлер Екінші Дүниежүзілік Соғыстан бері аса өзгеріске ұшырамаған, немістің терминатор-байкі BMW — R71 немересіне қанша жерден мұрнын шүйіріп қараса да, әкем өзінің шағын ғана жалақысын жиып-теріп, «Уралды» сатып алғанына ешқашан өкінбейтін. Алмағайып тоқсандардың халықты қысқан таршылығында, әкемнің, дәрігер басымен, «ақ саусақпын» демей, аудан сыртынан алақандай жер алып, оған көкөніс егіп, ала жаздай қатынап, бізді асырауына бірден бір көмекші болған осы тұлпарың. Кішкентай, көне пәтерде тұрып, құрылыс алаңына шапқылап, қазіргі үйіміздің іргесін қалауға әкемнің осы үш аяқты қазанатының күші қолғабыс болды. Обалына не керек, "үй бітті" дегенше «Урал» да өзінің «саналы» өмірін тоқтатып, тарихқа айналды.

Блог - Gastarbaiter: Культ көліктер хит-парады. Шайтанарбадан ұшаққа дейін





Осымен, менің үш аяқты көлікпен басталып, үш аяқты көлікпен аяқталған, көңілімде қандай да бір із қалдырған көліктердің тізімі аяқталды.
Мистер Крафт әдеттегідей, менің бұл қисынымды түсінбейді. Ал мен үшін кез келген көліктің бар аманаты, бар мақсаты мен мән-мағынасы оның бағасында, сән-салтанатында, не тіпті "қыздарды тартатын магнитінің" күшінде емес, уақытылы «А» пунктінен «Б» пунктіне тиелген жүк не адамды аман-есен жеткізуінде ғана болып қала бермек.
Бірақ, әй… мен мұны, қымбат көлікке ақшам жетпеген соң айтып жатқан жоқпын ба, осы?!

Келесі кезеңде кездескенше, қадірлі оқырман:-)
Бөлісу:

9 пікір

Adiletshu
Ес біле бастағанда ақ москвичіміз жүріп тұратын. Сексен бірнәрсесінші жылы судай жаңа алынған, еш жері ұрылмаған. Еңсесі биік, тырбыңдап жатып әрең мінетінмін. Мен мінген ең алғаш көлік сол шығар, роддомнан мамам екеумізді папам сол көлікпен әкелген шығар. Кейін бұзылды. Гараждың ішінде тұратын. Мәшіне балалардың ең жақсы көретін нәрсесі ғой, ойнағым келгенді ішіне кіріп алып отыратынмын. Моторын кранмен көтеріп алып жатқаны есімде қалыпты. Одан кейін жүрген-жүрмегені есімде жоқ. Бір күні көршінің інісі 30 мың теңгеге сатып алды. Қазір ойлап тұрсам 30 мың дегенің әжептеуір ақша екен. Сатып алған адам оны жөндеп алып біраз айдады. Ағасына келген сайын сол мәшіне қызығатынмын. Қазір де Москвич 412-лер бір түрлі ыстық боп көрінеді. Бір күні сатып алам ғой дейм
Соңғы түзету:
zholantai
Москвич АЗЛК болса ше, ат ғо, ат
zholantai
Өмірінің басым бөлігі гаражда шашылған күйі өткен бұл темірдің кесегі велосипед емес, расында да, барып тұрған «шайтанарба» атануға лайық еді.
носталджи

Гаста, неткен жазба, алқымнан алып, жетеледі де отырды ғо.
Көкем жастайынан мотоцикл айдаған адам. Соңғы мотоциклі «Урал» еді. «Днепрдің» моторы қойылған дейтін. Күші деген сұмдық болатын.8-9 қап елу келілік селитраны, оның үстіне мен, інім, рульде көкем отырып алып, шаң жолда ызғитын еді. Мыңқ етпейтін. Топырақ жолды шаңғытып, су тасыған көлшіктер болса, аңырайтып өтіп кететін. Оны қойш, заднийі бартын. Заднийне жургенде көргендер таңқалад. Кейін сатып жіберді. Балықшылардан алған. Балықшыларға кетті ғо.
Gastarbaiter
Бұдан саған жоғарыдағы тізімнен «Урал» ұнады деген қорытынды шығарсам бола ма?
zholantai
өзім мініп көрген көліктерден иә, Урал ұнады. Нағыз шаруаның көлігі. Ал, былай пикап ғо. Ұнайды. Фордтың пикаптары болса, шіркін. Ғажап. Рухы сезілед ме дейм
zholantai
опшым, мына жазба таңдаулыға кетті, носталджи сыйлайтын пост,
zholantai
менің бір жаман әдетім бар, мүмкін жақсы әдет шығар, кез-келген құрал жеке өзімдікі болмаса, өзгенікін сұрап керектенбеймін. Екі доңғалақты велосипедті 5 класс бітірген жылы алып берді. Алғаш сол жылы дарбыз ектік. Менің сол дарбызға қараған еңбегіме су жаңа велосипед алып берді. Ауылға оған дейін пленкісімен велик келмеген. Оған дейін велик айдап көрмегенмін. Ауылда балдарда бар еді, ну сұрамайтынмын. Содан бір апта жүріп әрең дегенде айдап үйрендім. Бір жылдан кейін аңы шығып бұзылды. біздің ауылдың топырақ, тас жолына арналмаған велик еді. Апта сайын бұзылатын. Бір жыл айдадым. бұзылған соң бір жыл үйде жатты. Үшінші жылы көкем екі қап селитраға ауыстырып жіберді. Өзіме АИСТ велик әперді.
сол жаңағы әдеттің кесірінен ғо, әлі күнге дейін автокөлік айдай білмеймін. Өйткені өзімнің жеке автокөлігім болмаған. Мотоцикл айдап білмеймін Өйткені жеке мотоциклім болмаған.
Жалпы көлік деген ер адам үшін өзінің қатыны сияқты жеке болғаны дұрыс па дейм. Жеке, ешкім меншіктей алмайтын, жеке көлігі болса, сол деген керемет ғо.
Осы көлік темасы берілгелі, автокөлік алғым кеп жүр. Ел аралап, жер кезіп кеткім келед. Кезбе баспана ғо, шіркін.
bizbike
Армандаған көлігі үшін үйін сатып, сол көлікті паналау тек біздің халыққа тән бе деп ойлайтынмын, қателесіппін. Мен бірақ мұндай арманды ешқашан түсінбейтін шығармын.
Gastarbaiter
Мен де түсінбеймін, бірақ ол бойдақ ғой. Бір адамда бір страсть болу керек сияқты. Біреуде ол машина, біреуде спорт т.б